ЖҰМЫСТЫҢ ЖАҢА РЕЖИМІ

SONY DSC

Нұрлан Темірбеков,
физика-математика ғылымының докторы,
ҚР ҰИА вице-президенті

Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының (ҚР ҰИА) мүшелері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты Үндеуін ықыласпен қабылдады.  Коронавирус пандемиясы бүкіл ғаламшарды қамтыған қобалжуға толы күндерде біз мықты, ұйымшыл ұлт ретінде басқа түскен ауыртпалықты көтеру үшін шыдамдылық пен ерік-жігер танытуға тиіспіз.

Қойылған міндеттердің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, сондай-ақ бірлескен іс-қимылдарды барынша үйлестіру мақсатында, ҚР ҰИА президенті академик Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен қашықтықтан Төралқа отырысы өткізілді. Осы бағытпен айналысатын ғалымдар мен инженерлерге нақты нұсқаулар берілді. Академияның мүшелері пандемияға қарсы күреске бағытталған зерттеулермен айналысуды өзінің парызы деп санайды және ғылыми әрекет ету тобын құрды.
Проблемаларды терең талдау және жүйелі шешімдерді әзірлеу мүмкіндіктерінің алдыңғы шебінде өзінің ұшан-теңіз мүмкіндіктерімен ғылым жүреді. Әлбетте, адамдар пандемия аяқталғаннан кейін ғалымдар мен медиктердің пікіріне баса назар аударатын болады, өйткені олар жаһандық қауіп-қатерлерді алдын ала болжай алады.
Коронавирус әзірге берілер емес. Алайда еңсені түсірмеген жөн, рухымыз мықты болсын. Осы орайда жастарды ментальды-ағартушылық бағытта тәрбиелеумен айналысатын оңтүстік кореялық ғалымның дәрісінен жасампаз мысал келтіру орынды.
Samsung компаниясының негізін қалаушылардың бірі жас кезінде портта жүк тасушы болып жұмыс істепті. Оның тұрғын үй жағдайы қолайсыз еді. Қандалалар түнде шағып, ұйқысын бұзып, оның мазасын алатын. Олардан қорғану мақсатында, темір төсектің аяқтарына төрт шелек су қойды. Екі күн бойы қандалалар оны мазаламады. Үшінші күні олар қайтадан жандана түсті. Белгілі болғандай, олар төбеге көтеріліп, сол жерден ұйықтап жатқан құрбанның үстіне құлайды екен. Демек, тактиканы өзгертті. Бұл жағдай Samsung басшысының есінде өмір бойы сақталып қалды және оны «қандала эффектісі» деп атады. Кейін кәсіпкерлік қызметтің қиын сәттерінде ол «қандала эффектісін» есіне түсіріп, қиын жағдайлардан шығудың жолын тауып отырды.
Елбасының көреген саясатының арқасында елімізде жан-жақты мамандандырылған зертханалар, заманауи құрылғылармен жабдықталған қуатты ғылыми орталықтар, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылды, олар әлемдік деңгейдегі толыққанды білім беріп, зерттеулер жүргізеді. Заман талабына сай ғылыми-медициналық мекемелер құрылды.
1993 жылы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы құрылды. Жақында орталықтың ғалымдары қысқа мерзім ішінде коронавирусты анықтайтын тиімді диагностикалық тест-жүйесін жасап, өз шеберліктерін көрсетті, ол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғыс айтты. ҚР ҰИА академиктерінің бастамашыл тобы және жас ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарының штаттық режимін жеделдетілген режимге ауыстырды.
Беделді ғалым, ҚР ҰИА академигі Г.А.Мунның бастамасымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік Академиясының мүшелерінен, жоғарыда айтылғандай, коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты туындаған барлық қауіп-қатерлерге жан-жақты жауап беруге бағытталған жедел ғылыми топ жасақталды. Топтың жұмысына еліміздің жетекші университеттерінің жас ғалымдары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысуда. Бас­тамашыл топ вирустық инфекциялардың таралуы­на және карантиндік шаралардың экономикаға әсерін төмендетуге арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуде. Атап айтқанда, өте жоғары толқынды электромагниттік өрістерді қолдануға негізделген жаңа тәсіл ұсынылды. Ол поляризацияланбаған бөлшектерге біркелкі емес электр өрісінде әрекет ететін нөлдік емес күш пайда болуына байланысты, ауа ағынынын кез-келген поляризацияланатын қоспалардан, оның ішінде вирустардан тазартуды қамтамасыз етеді.
Ұсынылған тәсілді жүзеге асыратын құрылғы, мысалы, ауа пердесін құру қағидаты негізінде әр түрлі бактериологиялық қорғау жүйелерін жасауға арналған, дезинфекцияланатын ауаны соратын ашық резонаторлық жүйе болуы мүмкін. Бұл қағиданың артықшылығы – тазалау контурының минималды аэродинамикалық кедергісі, сонымен қатар шығын материалдарын, ауыстырылатын сүзгілерді және т.б. пайдалану қажеттілігінің болмауы. 2020 жылдың басындағы оқиғалар көрсетіп отырғандай, індет/пандемия қаупімен байланысты дүрбелең жағдайында дәстүрлі бактериологиялық қорғаныс құралдарымен халықты қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындауда.
Белсенді топ мүшелері қысқа мерзімде вирусқа қарсы профилактиканың жаңа тиімді құралдарын жасауға бағытталған маңызды жаңалықтарды ойдағыдай жасады, олар гигиеналық өнімдер құрудың және халықтың жаппай жұқпалы ауруларының алдын алудың түбегейлі жаңа тәсілдерін ұсынды.
Мынандай өнертабыстарға ұсыныстар берілді және тіркелді:
– жеке қолдануға арналған ауаны залалсыздан-дырғыш,
– қос қажеттілікті медиаэкран,
– терезеге арналған ауа дезинфекторы,
– азық-түлікті қауіпсіз жеткізуге арналған шлюзді дезинфектор.
Жоғарыда аталған өнертабыстар құрылғысы жағынан қарапайым және қысқа мерзімде өндіріске енгізілуі мүмкін.
Еліміздің басқа аймақтарында да ғалымдар вирусқа қарсы профилактикалық маңызды жұмыстар жүргізуде. Мысалы, ҚР ҰИА Қызылорда филиалының мүшесі Н.О.Аппазов коронавирустық пандемияға қарсы антисептикалық сұйықтық ойлап тапты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта жүргізілетін ғылыми жұмыстарға үлкен мән беріп, ғылымға тиісті қолдау көрсетуде. Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академия­сы жас ғалымдарды – еліміз бен халқымыздың денсаулығы үшін жұмыс істеуге дайын еріктілерді жұмылдыруды жалғастырып жүр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.