ҒАЛЫМДЫҚ ПЕН ҰСТАЗДЫҚТЫҢ ЕГІЗ ӨРІМІ

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында Тәңірден Тәуелсіздік атты ғажайып сый бұйырған Қазақ еліне тарихтың жаңа парақшасы ашылғаны белгілі. Қазақ елі қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани-мәдени ұлттық болмыс бітімі тұрғысынан да жас түлектей түлей түсті. Тәуелсіздіктің асқақ рухы қазақтың тілі мен әдебиетінің, тарихы мен мәдениетінің күретамырына қан жүгіртті.
Осы тұста алдыңғы буын ағалар мен өкшелес інілердің рухани сабақтастығына мұрындық болып, азаматтық ұстанымы мен қаламының қарымын өзінің зерттеушілік түйсігіне бойлатқан, тіл қазынасының кеңістік өрісіне бағыт алған ғалым профессор-ұстазымыз Гүлдархан Нұрғазықызы да бар еді.

Жер жәннаты Жетісудың аспантаулар аясындағы ғажайып табиғат құшағында қоныс тепкен, қазақ руханиятына Мұқағали, Бердібек, Сағат, Алтынбек сияқты біртуар таланттар сыйлаған, баһадүр Райымбек бабамыздың топырағында кіндік қаны тамған Гүлдархан апайымыздың ғұмырлық соқпағы да осы бір қасиетті ұғымдар мәйегінен бастау алатын іспетті. Өйткені аспантаулар аясының кербез сұлу табиғаты өз түлектерінің қиялына қанат бітіріп, биіктікке ұмтылдырады. Олардың ойы еркіндікке құштар, жаны ізгілікке іңкәр, болмысы тазалыққа бейім. Сол табиғаттан дарыған таза да арманшыл сезім жас өркеннің ойына ұшқырлық дарытып, білім әлеміне деген қызығушылығын арттырып арман қала Алматыға жол сілтеді.
Балауса қыздың арманы орындалып, 1968 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны 1973 жылы үздік дипломмен аяқтады.
Апайымыз ұстаздық-ағартушылық жолын пионер-вожатый, сырттай бөлім әдіскері, ассистент болып бастапты. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған тұстан «тіл тағдыры — ел тағдыры» атты ұлы көштің тұрақты жолсерігіне айналды. Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып, туған тілдің тағдырына қатысты қордаланған мәселелерді әрдайым баспасөз беттеріне жариялап, тіл үйретуге қатысты өзекті проблемаларды үнемі қоғам назарына тыс қалдырмай талқыға салып отырды.
Ал ғылым жолындағы өзіндік сара жолдық іргетасының қалануы қазақ тіл білімінің абызы, академик Әбдуәли Қайдардың қазақ фразеологиясы деген «алтын көмбені қазуға» ұсыныс жасауымен тікелей байланысты басталған екен.
Гүлдархан апай ғылымның бекзаттықты, тазалықты сүйетін және кез келген адамға ашыла бермейтін тылсым дүние екенін, ондағы басты шарт бақталастық пен бәсекелестік емес, пайымдылық пен парасаттылық екенін жадына ерте тоқуына осы аяулы абыз ұстаздың үлгі өнегесі сеп болғанын үнемі тілге тиек етіп отырады.
90-жылдары ҚазҰУ-дың проректоры болған Лениншіл Рүстемов университетте Қазақ тілі қоғамын құру үшін ақылдасып, жөн сұрап келуге қалалық деңгейдегі осындай ұйымнан тәжірибе жинап келген Гүлекеңді академик Әбдуәли Қайдарға жұмсаған екен. Ол кезде академик – Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтының директоры. Апайымыз ғұлама академикпен алғашқы жүздесуді «тағдыр сыйы» деп санайды. Әбдуәли ағай сөйлесе келе: «Доцентсің бе?» деп сұрапты. «Жоға, ағай, ассистенттікке қолымыз енді жетті, бағымызға қазақ тілі мәртебесін алуы әсер етті» дейді Гүл апамыз. «Онда мен саған тақырып берейін, тұрақты тіркестердің варианттылығын зерттеу керек, әлі сөз болмай жүрген тың тақырып» деп табан астында бекітіп береді.
Осыдан бастап профессор Гүлдархан Нұрғазықызы ұлт мәдениетінің көне мифологиялық санасы мен наным-сенімінен бастау алып, бүгінгі қоғамдық инновациялық өзгерістерге дейінгі кезеңдегі халықтың қарабайыр және дәстүрлі дүниетанымынан мол ақпарат беретін фразеологиялық тіркестерді зерттеуге ден қояды. Бұл ретте айналамызды қоршаған шындық болмысты қабылдаудың нышаны болып табылатын, ғаламның тілдік бейнесі мен ұлттық ғалам бейнесін танытатын фразеологизмдер екенін жан-жақты түсініп, іргелі ізденіс соқпағын салуды үлкен мақсат етіп қойды.
Профессор Гүлдархан Нұрғазықызы қазақ фразеологиясының негізін қалаған І.Кеңесбаевтың кезінде айтып, жазып кеткен ғылыми ұсыныс, идея, мақсаттарын одан әрі жаңа ғылыми ізденістермен жаңғыртуға аса бір жауаптылықпен іргелі зерттеулерінің алғашқы беттерін бастады. Сол кездегі ізденіс негізі – «Бір тіл – бір ұлт». Олай дейтін себебіміз: бірінші шыққан «Фразеологизмдердің варианттылығы» ғылыми еңбегінің алғысөзі осылай сөздермен басталған. Шынында, фразеологизмдер, оның мағынасы тек сол ұлтқа ғана түсінікті, сол ұлттың тілінде ғана сақталады. Мысалы, түйе үстінен сирақ үйткен, құлағының етін жеу, мұрнына су жетпеу, бес биенің сабасындай (тырнақшаларды алып тастадым), т.б. тіркестерді тек қазақ қана түсіне алады. «Бір ұлтта бір тіл ғана бар, екі тіл болуы мүмкін емес» деген ойды сол кезде-ақ аксиомаға айналдырған.
Апайымыздың Тіл білімі институтында кандидаттық диссертациясы сәтті қорғалды. Ресми оппоненті атақты тіл зергері, қазақ лексикасының білгірі, академик Рабиға Сыздық: «Міне, ғылымға осындай қарымды мамандар зәру» деп ерекше қуанған екен.
Тіпті апта өтпей-ақ, қазақ тіл білімінің абызы, академик Ә.Қайдар: «Енді ары қарай мағыналас фразеологизмдердің күрделі табиғатын індете зерттеуің керек» деп шұғыл тапсырма беріпті.
«Қос дәрежелі», әрі кандидат, әрі доктор шәкірттерімнің бірі – Гүлдархан Смағұлова. Гүлдархан – көпке дейін ғылым да да, жұмыста да жолы болмай келген, бірақ оның есесіне «кандидаттық» пен «докторлықты» бас-аяғы 5-6 жыл ішінде еңсеріп, екі жеп биге шыққан өжет те алғыр шәкірт қыздарымның бірі. Фразеология проблемасын тек практикалық емес, теориялық тұрғыдан да тереңірек зерттей түскенін қалар едім» деп жазған екен «Ғылымдағы ғұмыр» (2000) кітабында.
Ғылым жолындағы қиындық пен күрделілікті табанды еңбек, таусылмас төзім арқылы жеңе білген ғалым фразеологияның тутұғырына осылай орнықты. Ұлтының тілін, ділін, болмысын шын жүрегімен сүйгендіктен қазақ фразеологиясының даму тенденциясын әлемдік жаңа ғылыми парадигмамен сабақтастыра зерделеуді өзіне негізгі меже етіп қоя білді.
Қазақтың тілдік санасындағы фразеологиялық қорды – фразеологизмдердің варианттылығы, мағыналас фразеологизмдер, қарсы мәнді фразеологизмдер, омонимдік фразеологизмдер, көпмағыналы фразеологизмдер ретінде семантикалық тұрғыдан жіліктей отырып, олардың парадигматикалық қатынастарын дәйектеп көрсетуі профессордың ғылымдағы негізгі жаңалығы.
Тілдің даму динамикасында осы лингвистикалық аталымдардың дені – өзі бағыт-бағдар берген шәкірттерінің диссертациялық тақырыптарына өзек болды.
Жалпы профессор Гүлдархан Нұрғазықызының фразеологизмді сөз еткен қай еңбегін алып қарасақ та, ондағы ұлттық этномәдени негіздері, оның тіл арқылы көрінісі, қазақ дүниетанымы мен мәдениаралық коммуникациядағы рөлі толыққанды ғылыми сараптамаларға ие екендігіне шынайы көз жеткізе аламыз. Өйткені фразеологизмдердің когнитивті, лингвомәдени, парадигмалық, синтагмалық қатынастарын теориялық және практикалық негізде ұштастыра отырып ғылыми айналымға қосуы осының айқын дәлелі болса керек.
Саналы ғұмырын фразеология ғылымына арнаған білікті ғалымның «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері», «Қазақ фразеологиясы лингвистикалық ғылыми парадигмаларда», «Фразеологизмдердің семантикалық категориялары», «Фразеологизмдердің вариант-тылығы», «Мағыналас фразеологизмдер сөздігі», «Фразеологиялық калькалар» сияқты іргелі монографиялары мен оқулықтары, оқу құралдары мен сөздіктері қазақ тіл білімі ғылымының алтын қорынан орын алатыны сөзсіз.
Ғұлама Әбекеңнің жол картасындағы сүбелі саланың тізгініне қол тигізген Гүлдархан апайымыз осындай ұзақ жылғы ізденіс пен қажырлы еңбек нәтижесінде бұл санаттың шынайы диагнозын дәл табатын қазақ фразеологиясының бәйгеторысына айналды.
Ғылым кеңістігінде жаңа бағытқа алғаш болып түрен салудың абыройы қаншалықты асқақ болса, оның қиындығы мен тауқыметі де соншалық салмақты болатыны белгілі. Тіл – дүниетаным құралы, ойлау мен пайымдаудың, ұғым мен түсініктің обьективтенуі деп тұжырымдалатын бүгінгі антропоөзектік жаңа бағыттардың зерттеу парадигмалары да профессор Гүлдархан Нұрғазықызының зерттеу нысанынан тыс қалған дүниелер емес. Өйткені зерделі ғалым тіл біліміндегі когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, мәтін лингвистикасы, дискурстық тіл білімі сияқты іргелі бағыттардың тылсымға толы қадау-қадау жаңалықтары мен ізденістерін қазақ тіл білімінің бүгінгі даму тенденциясына сыналап болса да енгізіп келеді.
Елжандылық пен ұлттық құндылық үшін тер төгіп келе жатқан аяулы апайымыз өзінің зиялы ғұмырында ұстаздық пен ғалымдықты құстың қос қанатындай қатар алып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда студенттерге білім беру реформасының талабы күшейіп, жаңа технологиялар мен инновациялық ізденістерді тиімді пайдалануға басымдық берілген уақыт екені белгілі. Осыған орай оқу үдерісіне де тіл білімінің жаңа бағыттарын мамандыққа сай, жұмыс берушілердің талабына сәйкес үйлестіре енгізуді дөп басып болжаған профессор Гүлдархан Нұрғазықызы заманауи қажеттілікке ие тың элективті курстарды ұсына білді. Яғни ғалымның теориялық ғылыми ізденістерінің қолданбалы жақтары білім беру саласында да өз ұстанымын тапты. Мәселен, «Фразеологизмдердің лингвомәдени ерекшеліктері», «Мәтін лингвистикасы», «Шешендік сөздердің дискурсы», «Жарнама түрлері мен прагматикасы», «Фразеологизмдердің семантикалық категориялары», «Қазақ метафорасының қызметі», «Тіл және дискурс» атты элективті пәндер қалыптасып, дәрісхана сынамасының нәтижелері негізінде оқулықтар мен оқу құралдары дүниеге келді. Бұл – зиялы апайымыздың жас мамандарға үнемі бағыт-бағдар болып, жол сілтей отырып, ғылым мен ұстаздықты сабақтастырудың озық үлгісі бола білуінің дәлелі. Сондай-ақ студенттер таңдауына берілетін өзінің авторлық курстарының оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз етілуін басты қағидаға айналдырған. Әр электив курсына орай автордың баспадан шыққан еңбегі дайын.
Бұл өз кезегінде біз сияқты орта буын мен жас мамандардың осы сала бойынша ізденіп мамандануына және бүгінгі ғылымтанудың жаңа бағыттарындағы терең иірімдерді танып-білуіне ықпалын тигізетін ұлағатты ұстаз даналығы мен ғылым жолындағы аналық қамқорлықтың кесек келбеті еді. Өйткені кейде сағат бөлінісіне сай педагогикалық жүктемеміздің жетіңкіремеген тұстарында апайдың дайындаған пәндік курстары есебінен бүкіл оқу кешенімен қаруланып, «менікі» деп дәрісханаға батыл кіре береміз.
Ұстаз. Аяулы да, ардақты есім. Хакім Абай: «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп күллі адамзаттың білімі мен тәрбиесінің шамшырағы ұстаз екенін дөп басып көрсеткен ғой. Лириканың қас шебері Мағжан да: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп ұстаз мәртебесінің биік те, қасиетті екенін дәл дөп басады. Өз орнын, жөнін, ретін білетін мерейтой иесі Гүлдархан апайымыз да осындай аяулы ұстаздар қатарынан.
Иә, ғылымдағы шәкірт – ұстаз еңбегін жалғастырушы. Ұстаздың ұстасы академик Әбдуәли Қайдар «Ғылымдағы ғұмыр» еңбегінде: «Ұстаз-шәкірт» дәстүрлі ғылымның, білімінің, өнердің қай саласы болмасын бірден қалыптаспайды. Ол туралы ЖАК-тың «Ережелерінде» де көрсетілген үлгі-өнеге жоқ. Бұл – біле білсек, әрбір ғылымның өз саласында, әр ұлттың өз салт-санасы мен әдет-ғұрпына, дүниетанымы мен көзқарасына, моральдық-этикалық жөн-жоралғысына байланыс­ты қалыптасатын дәстүр» деген тұжырымын астары терең, әр сөзі ойланып оқуға тұрарлық анықтама деуге болады. Осы еңбекте Ұстаз-шәкірт қарым-қатынасы туралы абыз академик атамыздың 10 түрлі баптан тұратын ақыл-өсиеті бар. Біздіңше, осы мазмұнды өмірлік кредо етіп, межеден еш ауытқымаған профессор Гүлдархан Нұрғазықызы десем, артық айтпағаным.
Ғылым әлеміне бет алған жастарға туған анасындай қамқор болу, қандай сұрақ туындаса да, шәкіртінің қасынан табылу, жол көрсету, ақыл-кеңес беру – бұл кісінің кісілік кесек парасат пайымының кредосы. «Ғылым жолында маған олардың тағдыры байланған сәті ғой, ізденуші диссертанттар жұмыстарын аяқтап, сәтті қорғап шыққанға дейін, мен де жайбарақат жүре алмаймын» деген сөздерін талай мәрте естігеміз.
Магистранттар мен жас ғалымдардың ғылымдағы ізденіс мақсаттарына қарай міндеттерінің айқындығы мен жан-жақтылығын түсіндіріп, тақырыпты зерттеуге қызыға кірісу оңай шаруа еместігі «ғылым жолы – қиын жол» екенін ұғындырады. Ғылым әліппесінің таяқшасын қолдарына ұстатып зерттеу тәсілдерін игерту, ғылыми көзқарастарын қалыптастыру, сапа сараптамасының мәйегіне жеткізе отырып, қорғауға тас түйін етіп дайындап әкелу – профессор Гүлдархан Нұрғазықызының ұстазға тән биіктігі мен кәсіби іскерлігінің шеберлігінің айғағы.
Бірде өзінен кеңес алуға келген шәкіртінен «қалай, тақырыбың ұнады ма, ғашық бола бастасаң тіпті жақсы» деп көтермелеп, қолпаштап отырғанын құлағым шалды. Бұл ұлағатты іс пен қажырлы еңбек өз кезегінде кез келгенге бұйыра бермейтін үлкен Бақтың бірі – шын мәнінде соқпағы дара ғылыми мектебін қалыптастырумен ұласып отыр. Қазіргі таңда ұстаз жетекшілігімен қорғаған 25 ғылым кандидаты мен 2 ғылым докторы, 3 РһD философия докторы бар. Ұстаз жаққан алаудың алтын шамшырағын Темірқазықтай жарқыратып, ұлттық ділдің алтын өзегі саналатын ана тілінің өркендеп дамуына қалтқысыз еңбек етуде. Ғалымның ғылыми мектебінің партасына енді отырған, көңілдері күпті, ғылыми жұмыстарын қорғау кезегін күтіп жүрген шәкірттері де біршама.
Профессор Гүлдархан Нұрғазықызы – әрі ұстаз, әрі ғалым. Егер бір адамның бойында осы екі ғажап қабілет, осы екі тұғырлы қасиет өзара үйлесімін тауып, сабақтасып жатса, оның кісілік келбеті мен тұлғалық мерейі қашанда биік, қашанда заңғар.
Ең ғажабы, өмір өрімдерінің соқпағы мен даралығына қарақты көзбен қараған жанға Гүлдархан апайдың заңғар бағы: отбасылық бақ, ғалымдық бақ, ұстаздық бақ, шәкірттік бақ сияқты төрткүл дүниенің шартарабымен үйлесіп жатқанына көз жеткізесіз.
Жалпы қазақтың отбасылық ғұрыпында Әйел баласы үшін үйдегі бүтін Бақыт – ата-ананың мейірімінен нәр алған Перзент бақыты, өзі қалап қосылған адамның сүйіспеншілігімен нұрланған Жар бақыты, тұлымды ұл, бұрымды қыз тәрбиелеп, олардың құрметіне бөленген Ана бақыты, балдан тәтті немере көріп, олардың қызығынан қуат алған Әже бақыты сияқты киелі ұғымдардан тұратыны белгілі. Аллаға шүкір, бұл ғажайып отбасылық бақыт әлемі біздің Гүлдархан апайымызда да үйлесімін тапқан.
Отағасы Әділбек Смағұлұлы да ғылымның сара жолында өз орнын биіктен сайлаған үлкен ғалым. Экономика ғылымының докторы, профессор. Қазақстанда ол кісіге «лизинг» саласының атасы деп баға бергенін білеміз. Дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие берген екі баланың жеткен жетістіктеріне әке-шеше дән риза. Қызы Жәния экономика ғылымының кандидаты, шетелдік фирманың белді жетекшісі болса, ұлы Айдос бизнес саласында жүр. Олардан өрбіген «жаман» немере мен жиендердің тілеуін тілеп отырған әже мен атаның тілегі қабыл болғай!
Шәкірттеріне ұлағатты ұстаздық қақпаның кілтін ашып өмірлік рухани бағыт-бағдар берген, ұлттық тамыр-танымы терең фразеология ғылымының тұңғиығына барлау жасап, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған профессор Гүлдархан Нұрғазықызы Смағұлова өзінің кемел шақ мерейтойына осылай келіп отыр.

К.Күркебаев,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.