МҰҢАЙМА, ҚҰРБЫМ (Бибігүл Иманғазинаға хат)

«Ана тілі» газетінің 23 сәуір күнгі санында Жанарбекке жазған «Жерде бір бала қуанса…» деген мақалаңды бейжай оқып, тастай салу мүмкін емес екен.
Он сегіз жасыңнан қыз намысын қорғаймын деп қолыңа таяқ ұстап қалғаннан бергі ғұмырың, алыстау жүрсем де, маған қатты әсерін тигізген қазақтың бір аяулы қызы едің сен.

Мен Алматыда жүрген жылдары Шымкент сапарынан оралған жазушылар сенің есіміңді атап, атақты «Қаламгер» кафесінде әңгіме айтып отырушы еді. Талай зиялыға құрмет көрсетіп, дастарқаннан дәм ұсынатын қолында таяғы бар ақжарқын, мейірбан келіншектің арыстай азаматты жар етіп ұстап, қос бесік тербеп, ұл мен қыз сүйіп отырған қайратын жырдай әңгімелеуші еді бәрі де. Мен болсам, жолым түссе, бір жолығармын деп ойлайтынмын. Бірақ менің үш бесік пен есебі жоқ туыс-таныстың балаларын оқытудан, қазан-аяқтан қолым босамаған болатын. Дегенмен, өзіңмен жолығысу сәті туды. Жазушылар Одағында ұзақ жыл қызмет еткен Ибада – ибалы қыз жаятын дастарқанда жолықтық. Иә, «бастары қосылмайтын» қаламгер қыздарды шайға шақырып, бәйек боп жүретін сол бір үлкен жүректі құрбым кеткелі мен де Алматыдан жалғызсырап қайтатын болдым. Сен де, мен де қол тимейтін қарбалас кезең кештік. Ертеңнен үміт күтіп, зулаған күндерді өткіздік.
Мен елге келдім. Колледж, университеттерде тәрбие-поэзия сағаттарын өткізген сан тақырып арасында «Қобыланды батыр» дастанындағы қыз Құртқа, Мүсіреповтің «Ұлпаны», сенің «Тауқымет» романыңдағы өз бейнеңді айтамын. Қыздардың жіңішке жолында кездесетін қатер мен қиындықтан сақтар деген үміт қой. Бәлкім, сенің «Тауқыметің» талай бойжеткенді сақтыққа үйреткен де шығар. «Тауқыметтің» талайға қажет болғанына да куәмін мен.
Бір күні алыс ағайынның қызы келді. Бір нәрсе сұрауға келгенін жүзінен ұқтым. Ол ұялшақ қалпында мән-жайды түсіндірді. Дос қызы ұзатылғалы жатыр екен, оның тілегін орындағысы келген. «Менің жасауыма «Тауқымет» романын қос, маған жасаған сыйың сол болсын» депті қалыңдық. Дүкендерден таппаған қыз жасауына қосылатын қымбат бұйым менің кітапханамда тұрған болатын. Аттай қалап, қиыла сұрап алып кетті. Ол сенің «Тауқыметің» болатын.
Мақалаңда «Мүгедекпін» деген жазуды оқып, селк ете түстім. Мен сені білгелі олай ойламаппын. Сен таяққа жәй әншейін тайып кетпеу үшін сәнге сүйеніп жүретіндей көрінесің маған. Бәрін білсем де, сені кемтар деп ойлау басыма кірген емес. Өйткені жиында отырған кезде сенің жүзіңде өжеттік пен ана мейірімі, өмірге құштарлық пен ештеңеге мойымайтын қайрат, жарқын күлкі тұрады ғой. Сырттай сыпсыңды білмейсің, сол жерде тіке айтып тастап, тез ұмытып жүре берер өзіндік мінезің де өзіңе жарасатын сияқты. Сол ашық та әділ өмір сүруді өзің үлгі етіп өсірген ұлың мен қызыңның саналы болып өскені ең басты Аналық бақытың емес пе, Бибігүл? Сені сүйеп келе жатқан да сол Аналық бақыт!
Бұл күнде өзіңді әлпештеп отырған ұлың Аспан, Абай атындағы опера және балет театрының бас режиссері Ләйлімнің өзі не тұрады? Сауатты, білімді, әділетті сүйетін ұл-қыз тәрбиелегенің, Мүгедектер қоғамын басқарып жүргенің, «Тауқымет» романын жазғанда әкеңнің аты мен рухын мәңгілік еткенің – түсінген адамға Ерлік!
Он сегіз жастан таяқ ұстаған ер мінезді, өжет жүректі құрбым-ау, сен жеті мүшесі саулардан биік тұрғаныңды ұмытпа! Менің ұққаным: әділет жолындағы күрес – мәңгілік күрес. Бір ғұмыр жетпейді.
Бибігүл, біз замандастармыз. Сен дүркіреген прокурор қызы болсаң, мен соғыстан оралған мүгедек солдаттың тірі оралып, армандап сүйген қызы едім. Балалық шағымыз қиындыққа толы болғанымен, мейірімді жандар көп болды. Ұлы Дала тәрбиесін жете меңгерген дана қариялар бүгінгі оқымыстылардан биік болғанына мысал менде де жеткілікті. Осындай бір кезеңге тап болдық. Ең бастысы, еркіндік алдық.
Қоғамдағы әділет жолын іздеуге енді екеуміздің ғұмырымыз бен денсаулығымыз жетпейтінін сезем. Сондықтан бейбіт күн, ашық аспан тілейік. Үмітпен үкілеп отырған немерелерге сенейік. Күш-қайраты мен қаламы бар Жанарбек сияқты ақын жастарға әділдік жолындағы күресті жалғауды аманаттайық. Екеуміздің кеудеміздегі шаршаған Ана жүрегі ақ тілек тілеуге жараса, соған риза болайық дегім келеді. Сен оған келісетін шығарсың, Бибі-Ана?

Сәлеммен, Ақ Жайықтан ақын құрбың
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
25 сәуір, 2020 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.