ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ПАЛЕОНТОЛОГ ҚЫЗЫ

Алматы қаласының орталығында орналасқан «Ғылым ордасының» табиғат музейіне келген жанның көзіне ерекше түсетін экспонат – мамонт қаңқасы. Оны 1957 жылы зоология институтының 3 курс аспираты, кейіннен белгілі палентологқа айналған ғалым Қожамқұлова Балдырған Сералықызының қазып алып келген еді. Иә, студент кезінен бастап оның бүкіл шығармашылық өмірі ғылыми зерттеулермен байланысты болды.

Биыл қазақ ғалымы, палеозоология ғылымының алғашқы көшбасшыларының бірі Балдырған Сералықызы Қожамқұлова 90 жасқа толар еді.
Б.Қожамқұлова 1930 жылы 30 наурызда Алматы қаласында, КСРО мен Қазақстанның танымал халық артисі Сералы Қожамқұловтың отбасында дүниеге келді. Анасы Хадиша да қазақ театр өнерінің жарық жұлдыздарының бірі. Балдырған Сералықызы отбасындағы жеті баланың үлкені. Балаларының маман музыкант болуын қалаған әке барлығын қосымша музыка мектебіне бергендіктен, Балдырған Сералықызы пианино сабағына қатысқан екен.
Балдырғанның музыкалық дарынына ата-ана үміт артқанымен, табиғатқа деген сүйіспеншілік бала кезден ерекше баураған Б.Сералықызы өнер жолын емес, биологияны таңдап, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология факультетінде білім алды. 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтының аспиранты болған ол ұстазы, Қазақстанда палеозоология ғылымын зерттеушілердің бірі В.С.Бажановтын жетекшілігімен ежелгі заманда тіршілік еткен, қазір тасқа айналған жануарлардың сүйегін зерттеу ісіне біржолата кіріседі.
Балдырған Сералықызы ежелгі жануарлардың сүйектерін зерттеуге маманданған кезде, әкесі Сералы академик Қаныш Сәтпаевтан бұл қандай мамандық екенін сұрап, қазақтар мұндай жұмысты ешқашан таңдамағанын айтып, кеңеседі. Қаныш Имантайұлы «Балдырған – ерекше тұлға, бұл өте қажет мамандық және оны мақтан тұту керек» деп, Сералы Қожамқұловты қызының дұрыс таңдау жасағанына сендіреді. Шынында да, Қаныш Имантайұлының айтқаны келді.
Балдырған Сералықызы жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде 1964 жылы «Қазақстанның антропогендік қазба териофаунасына шолу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
1964-1986 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында палеобиология зертханасын басқарды. Жалпы, оның басшылығымен Қазақстанның палеонтологиялық ғылымы үшін 60-шы және 90-шы жылдар палеонтологиялық зерттеулердің қалыптасуы мен дамуы, зертханалық жетістіктердің геологиялық қызмет тәжірибесінде кеңінен қолдану кезеңіне айналды. 1966-1986 жылдары Б.Қожамқұлова зертхананың бесжылдық іргелі ғылыми жобаларының ғылыми жетекшісі болды. Ол республикалық және одақтық деңгейде, сондай-ақ халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық туралы келісімдер бойынша кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындауға қомақты үлесін қосты.
Балдырған Сералықызы Қазақстанның соңғы кайнозой дәуіріндегі омыртқалылардың таксономиялық биоалуантүрлілігін, палеофауна, палеозогеография салаларындағы зерттеулерімен қазіргі омыртқалы жануарлар дүниесінің қалыптасу тарихына және Қазақстанның плейстоцендік шөгінділерінің биостратиграфиясына анықтауда ғылыми жұмыстарын жүргізді, Қазақстандағы ғылымның осы саласының дамуына орасан зор ықпал етті.
Балдырған Сералықызының 170-тен аса ғылыми еңбектері жарық көрді, олардың ішінде: «Қазақстанның антропогендік қазба териофаунасы», «Қазақстанның соңғы кайнозой тұяқтылары», «Қазақстанның қазып алынған жануарлары», «Қазақстан динозаврлары: құрлық, ұшатын және теңіз», «Ақмола облысының мамонт фаунасы», «Қазақстан фенерозойының қазба омыртқалыларының табылған орындары», т.б. еңбектердің, «Қазақстанның кайнозой сүтқоректілері каталогының» бірлескен авторы. Оның редакция­сымен «Қазақстанның фаунасы мен флорасы тарихы» сериясынан V-X томдық зертханалық жұмыстары, «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы неогендік фауна» монографиясы және «Қазақстан палеоботаникасының жаңалықтары» жинағы жарық көрді. Балдырған Сералықызының қазақстандық палеозоологтардың ғылыми еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштерінің үш нөмірін шығарды. В.С.Бажановпен бірлесіп жарияланған «Геологиялық жұмыстар кезінде қазбалы омыртқалылар мен жоғары өсімдіктердің қалдықтарын жинауға арналған нұсқаулығын» да айырықша мысал етуге болады.
Оның Қазақстандағы палеонтологиялық зерттеулерді танымал етудегі еңбегін жеке атап өтуге болады, оған дәлел газеттер мен журналдарда жарық көрген 45-тен аса мақалалары.
Қазақстанда Балдырған Сералықызының қосқан үлесінің арқасында үш палеонтология-лық қорық бекітілді: Павлодар маңындағы Ертіс өзені жағасындағы гиппарион фаунасының қалдықтары бар «Қаздар өткелі», Ақсу-Жабағылы қорығы аумағындағы Қаратау тауларындағы Юра фаунасы мен флорасының қалдықтары бар «Әулие», Түркістан облысындағы Ерте плейстоцен ірі сүтқоректілердің фауна кешені «Қошқорған». Бұл үш қорықтың да әлемдік және қазақстандық ғылым мен палеонтология үшін маңызы аса зор.
Балдырған Сералықызы бірқатар палеонтологиялық қазба орындарын ашқан еңбегі де осы ғылым саласында ерекше атап өтуге тұрарлық. Солардың бірі – Батыс Сібірде мамонттардың қаңқа қалдықтары бар Қасқыр жалы (Вольчая грива) қазба орны. Осы орайда Қасқыр жалы қазба орнының ашылуына қатысты деректі алға тартқым келеді:
1957 жылы, мамырда Мәскеуден Қазақстанның Зоология институтына Новосібір облысы Қасқыр жалы аулына палеонтолог-ғалымдарды жіберуді өтінген жеделхат келеді. Қасқыр жалы аулында жергілікті құрылысшылар шұңқыр қазып, бір жарым метр тереңдіктен ежелгі жануардың сүйектерін тапқан. Олар қазбаларды геолог-мамандарға көрсеткен. Мамандар өз кезегінде ежелгі құстардың сүйектері деген шешімге келіп, Мәскеуге хабар жіберген. Бірақ палеонтологтардың бәрі экспедицияға кеткендіктен Қазақстанға жүгінуге шешім қабылданған. Бұл кезде біздің барлық палеонтологтар да қазба орнында жұмыс істеп жүрген еді. Сондықтан үшінші курс аспиранты Балдырған Сералықызын іссапарға жібереді. Қасқыр жалы аулына келіп, ол жер қыртысын зерттеп, бұл құстың сүйектері емес, мамонт тістерінің тамыры екенін түсінеді. Қазба жұмысын жалғыз өзі жүргізу қиындық тудыратын болғандықтан жақын маңдағы ауылдық кеңестен көмекшілер беруін өтінеді. Көмекшілер ретінде тоғызыншы сыныптың екі баласын қасына алып, олар бір айда үш тонна сүйек материалдарын жер бетіне шығарады. Жұмыс барысында бұл қазбалар мамонттардың аталығы, аналығы және екі мамонт төлінің сүйек қалдықтары екені анықталған. Олардың ішінде ересек мамонттың қаңқасы толық болып шықан. Бұл сүйек қалдықтарын Алматыға жеткізу Балдырған Сералықызына оңайға соқпады. Пойызға жүктелген кезде темір жол қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық станциядан анықтама талап ете бастайды. Бұл кезде Балдырған Сералықызы сүйектердің топырақта мыңдаған жыл бойында жерде жатқанын дәлелдеуге тырысады, жерден шығарылғаннан кейін оларды спиртпен тазалағанын, өйткені бұл технологияға сәйкес болуы керегін, бір сөзбен айтқанда, сүйектерде инфекция аз екенін айтып көндірген. Нәтижесінде ересек мамонттың толық қаңқасы Алматы музейіне қойылды.
1959-1996 жылдары Бүкілодақтық палеонтологиялық қоғамның толық мүшесі болған Балдырған Сералықызы халықаралық конгрестерде, коллоквиумдарда, симпозиумдарда, республикалық және одақтық конференцияларда (Брно, Хельсинки, Рим, Мәскеу, Ленинград, Тбилиси, Киев, Кишинев, Одесса, Душанбе, Красноярск, Алматы, Түркістан және т.б.) сөз сөйлеп, қазақстандық палеонтология ғылымы бойынша іргелі зерттеулерін ғылыми қауымдастық назарына ұсынған.
1990-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің палеонтология секторының ғылыми кеңесшісі болған Балдырған Сералықызы Қазақстандағы барлық музейлерге қордағы және экспозициядағы ежелгі жануарлардың қазба қалдықтарын қалпына келтіруге, анықтауға және палеозоологиялық зерттеулердің әдістемесін меңгеруде үлкен көмек көрсетті.
Балдырған Сералықызы «Ғылым ордасы» РМК табиғат музейінің экспозицияларының құрылуына үлкен үлес қосты. Атап айтсақ, өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы алғашқы далалық зерттеулерінің нәтижесінде Батыс Қазақстаннан алып келген юралық плиозаврдың қаңқалары, сонымен қатар музейдің айрықша белгісі болған Батыс Сібірдің оңтүстік-батыс бөлігінен табылған мамонттың толық қаңқасы, ежелгі мүйізтұмсық эласмотерийі, жылқы, бизон, түйе қазба қалдықтары. Оған қоса Балдырған Сералықызының ғылыми зерттеу материалдары болған ежелгі омыртқалылар түрлерінің сүйектері де «Ғылым ордағы» табиғат музейінде тұр.
Балдырған Сералықызы палеонтология мен еліміздің тарихын дамытуға орасан зор үлес қосты. Оның жұмыстары бұрынғы КСРО республикаларында да, одан тысқары жерлерде де кеңінен танымал, Еуразияның соңғы кайнозойының аймақтық және аймақаралық стратиграфиялық сызбаларын құруға негіз болды. Ғалымның еңбектері Қазақстанның палеонтология мен стратиграфия ғылымында үлкен сұранысқа ие. Қазіргі күнге дейін ғалымның ізбасарлары Балдырған Сералықызының ғылымыи зерттеулерін өз жұмыстарында пайдаланады.
Ғылым саласындағы табысты, жемісті жұмысы үшін ол Қазақстан Ғылым академиясының Президиумының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Зоология институтының марапаттарымен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына арналған медалімен наградталған.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін ол ғылымен қоштасқан жоқ, Зоология институтына, табиғат музейіне келіп, ақыл-кеңес беретін, шәкірттерге жөн сілтейтін.
Біз Балдырған Сералықызынан үлгі-өнеге алдық, ақыл-кеңесін тыңдадық. Балдырған Сералықызы ғалым, білікті палеонтолог есебінде ғана емес, адал, ақкөңіл, мейірімді жан ретінде де құрметтеуге лайық жан. Ол өмірді, табиғатты, отбасын сүйетін абзал адам қалпынан айныған емес.

Гүлжан НАЗЫМБЕТОВА,
ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК
Табиғат музейінің меңгерушісі,
PhD доктор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.