Бірлік бар жерде қиындықты еңсереміз

Күллі дүниені шарпыған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Абырой болғанда елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың сенімін иеленген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған шұғыл шешімдері нәтижесінде жан-жақты қам-қарекет жасалды. Қауіпті кеселдің алдын алу, сақтандыру, медициналық қызметтің озық технологияларын игеру шаруаларының пайдасы орасан зор болды. Үлкен-кішілікке қарамай үйден шықпай отыруға дағдыландық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемдегі, өз еліміздегі күнделікті жағдай туралы нақты мәліметтер алып келеміз. Үкіметтік комиссия отырыстары, министрлер мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдерінің есептері жұртшылықтың келер күнге сенімін нығайта түсті. Қарапайым халыққа қолдау көрсету жолында бюджеттік, Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінді. Қ.Тоқаевтың «Халықсыз ешқандай экономика болмайды» деген тұжырымы елді бірлікке шақыра түсті.
Бізді қуантқан жай – қалың бұқара алдында теледидар арқылы түрлі жоғары лауазым иелерінің өз пікірлерін мемлекеттік тілде жеткізу болды. Сондай-ақ қазақ тілінде түсіріліп, бізге беймәлім себептермен көп көрінбеген «Қазақ хандығы» сияқты телесериалдардың, «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Жерұйық», «Талан», «Оралман», «Шырақшы» және басқа фильмдердің телеэкранға шығарылуы талайлар көңілінде ана тілімізге ынтызарлық сезімін оятты.
Ақтөбе облысында көптеген ықпалды шаралар қолға алынды. Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінде, «QAZAQSTAN-AKTOBE» телеарнасында ақпараттық материалдар жүйелі жарияланып келеді. Кәсіпкерлер, еріктілер, жергілікті мәслихаттар депутаттары, мемлекеттік қызметшілер жалғызбасты және аз қамтылған, сондай-ақ табысы аз отбасыларға материалдық қолдау көрсетті. Індетке қарсы күрестің алғы шебінде жүрген медициналық қызметшілер мен полицейлерді ынталандыру шаралары кең көлемде жүргізілді. Осындай ауқымды жұмыстардан облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында он сегіз этномәдени бірлестіктер тысқары қалған жоқ. Атап айтқанда, Анастасия Подольянова (болгарлардың этномәдени бірлестігі), Арутюн Микаэльян (армяндар бірлестігі), Валентина Дынник (белорустар бірлестігі) саяси-қоғамдық шараларда белсенділік көрсетіп келеді.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген дана пікірінің ақиқаттығы тағы да нақтылана түсті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі
АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.