ЕМЛЕ МЕН ӘЛІПБИ

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері,
филология ғылымының докторы, профессор

Әліпбидің әлегі бітетін емес, қазіргі ары-тарт, бері-тарттың арқасында бітімнен гөрі арпалысқа айналып барады. Көпшілік «әліпбишілер» неге бір тоқтамға келе алмай жатыр» деп, әліпби мәселесінің оң шешімінен күдер үзе бастады. Шындығында, «әліпбишілер» арасында неге ортақ пікір жоқ, байыбына барып көрейік. Негізгі бітіспес екі ұстаным төмендегідей.
Бірінші топ «әліпбишілердің» пікірінше, әліпби мен еміле жазу оқуға жеңіл, басқаша айтқанда сөздің жазылымы (орфографиясы) «үнемді» және «ықшам» болу керек. Сондықтан кейбір дыбыс тіркестерін бір таңбамен (әріппен) белгілеу керек деп, кирилл ұстанымын басшылыққа алады. Сонда әріп тізбегі ықшамдалады. Мысалы, сұу [suw], қый [qɪy] сөзіндегі үш дыбыстың орнына үнемдеп су [su], қи [qi] деп екі әріппен жазған ұтымды болмақ. Осы жолмен суу (сұуұу), қиылу (қыйылұу) дегендегі соңғы буынды ықшамдап бір у әрібімен жазған дұрыс, сөз қысқарады. Буынға су-у, қи-ы-лу болып бөлінеді, дауысты/дауыссыз, морфем, тасымал реті де осылай реттелмек. Теориялық ұстанымдары, біріншіден әріп үнемдейміз, екіншіден шұбалаңқылықтан құтыламыз. Үнем мен ықшамның төте амалы – дыбыс тіркестерін кирилл үлгісімен «и/у»[i:/u:] таңбаларына алмастыру.
Екінші топ «әліпбишілердің» пікірінше әліпби мен еміле ең алдымен сөздің (тілдің) фонетика-морфологиялық (дыбыс, буын, морфем, тасымал) табиғи құрылымын бұзбай, керісінше, тиянақты және тұрақты түрде сақтап отыруы керек. Сөз құрамындағы дауысты/дауыссыз дыбыстар, буын түрлері, морфем үлгілері өз таңбаларымен өз орнында тұру керек. Мысалы, сұу [suw], қый [qɪy], сұуұу [suwuw], қыйылұу [qɪyɪluw], сонда буынға табиғи жолмен бөлінеді [su-wuw], [qɪ-yɪ-luw], осы ретпен тасымал жүреді. Теориялық ұстанымдары, біріншіден, тіліміз үндесім әуезді тіл, үндесімді сақтау үшін әрбір дыбыс (әріп) жұтылып кетпей өз орнында көрініп тұру керек, екіншіден, тіліміздің басты типологиялық белгісі – жалғамалық (агглютинация) – жоғалмауға тиіс, ешбір қазақ көпбуынды сөзді айта алмай тұншығып, оқи алмай көзі тұнып жатқан жоқ. Үндесім әуез бен жалғамалылық жойылса тіл де жойылады.
Сөйтіп таңба таласы еміле дауына ұласып, әліпби әлегі ушығып тұр.
Қара күшке көнбейтін, ғылыми дәйекпен, қаламның ұшымен, жеке ғұлама ғана бітіре алатын іс болады, соның бірі – әліпби.
А.Байтұрсынұлы қазақ ұлттық әліпбиін бір өзі құрастырды.
Ә.Қайдари қазақ ұлттық латын әліпбиін бір өзі құрастырды.
Мұны айтып отырған себебіміз – соңғы кезде әліпби мәселесі аламан дауға айналып барады, қол жинап, дауысқа салып шешуге дейін жеттік. Жоғары жаққа «көпшілік» дауыс шешті деп жеткізіп отыратынды шығардық. Бұған дейін «көпшілік» шешкен үш жобаның жолы болмағаны белгілі, соған қарамай, енді «жетілдірілген» деген төртінші жоба дайын болып қалды.
Сөзіміздің басын сол «жетілдірілген» умлаут әліпбиді талдаудан бастағалы отырмыз.
«Умлаут» әліпбидің негізгі 99 пайызы кезінде:
– академик Ә.Қайдари алғаш үлгісін салған (1991);
– академиялық «Қазақ грамматикасында» (2002), «Қазақ фонетикасында» (2009) ғылыми тиянақталған;
– академиялық кешенді зерттеу нәтижесінің есебінде жарияланған (2016);
– Халықаралық түркі академиясының зерттеу талданымынан өткен (1913).
– А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған (2000-2020) жылдардағы «Ұлттық әліпбиді» түгелдей қайталап, бірге-бір сай келіп отыр. Сондықтан әліпбидің бұл тұсына тоқталып жатпаймыз.
Қазақ тілінің дауыстылар құрамында қазақ тілін – қазақ тілі етіп тұрған, орны бөлек, төрт дыбыс бар: ы, і, ұ, ү. Бұл төрт дыбыстың орны бөлек болып тұрған себебі – тіліміздің іргелі заңдылығы сингармонизмді сақтап тұрған үндесім әуезді төрт жүйеқұрауыш дауыстылар осылар. Егер осы төрт дыбыстың біреуі жоғалса, онда қазақ сөзінің үндесім жүйесі бұзылады. Еміле құрамында өзінің меншікті таңбасы жоқ дыбыс ұрпақ ауыса келе жоғалатынын қырғыз, түрік тілдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр.

Бұған қоса қазақ әліпбиінің құрамына дербес ене алмай, көшірінді еміленің құрсауынан құтыла алмай, қазақ жазуының тарихында жолы болмай келе жатқан екі ақиқат дауыссыз дыбыс тағы бар, олар кириллше айтсақ – й мен у.

Орыс зерттеушілерінің «полугласные» деген атауы бізге «шала дауысты» делініп мұраға қалды. Қазақ тілінде ол екеуінің жасалым ерекшелігі бар: бірінші, ауыз қуысында ақиқат жасалым кедергі жоқ, бұл жағынан олар дауыстыға ұқсайды; екінші, ол екеуі буын құрай алмайды, бұл жағынан олар дауыссызға ұқсайды. Ендеше, қазақ тілі үшін «шала дауысты» деген атауды пайдаланудың қажеті де, керегі де жоқ, фонетикалық (тілдік) мәні жоқ атаудан аулақ болу керек. Қазақ тілінде «созылыңқы/қысқа» деген дыбыстар да жоқ, ендеше, дағдыға айналып кеткен «қысқа й» деген атаудан да түбегейлі арылуымыз керек, оны өзге дауыссыздарымызбен қатар «дауыссыз й» дейміз.
Су, бу, ту дегенде үндесім әуезді көрсететін бағдар белгі (маркер) жоқ, сонда не болғаны, шамасы «жасырын» дыбыс деген жаңа әдістемелік ереже ойлап табуға мәжбүр болатын шығармыз. Мұндай жағдай көп қой, жи, ми, ти, би деген сөздердің үндесім маркері жұмбақ болып «жасырын» қала бере ме? Осы сөздердің жазылымындағы «жасырын» қалып отырған жоғарыдағы төрт дауысты мен екі дауыссыз дыбыстар. Осындай бейрет жазылым үлгілерін реттеу үшін қазақ тілінің анықтағыштарында ондаған басы артық ескертпе-ережелер беріліп келеді. Қолдан «жасырып-бұзып» жазып, жоқ жерден басы артық еміле құрастырып жататындай басымызға не күн туды?! Мысалы, бір ғана су, жүру, т.б. дегенде үш дыбысымызды [u, ü, w] «жұтып» жіберіп отырмыз: сУ [sUW], жүрУ [jürÜW], ал «й» дауыссызының жайы да оңып тұрған жоқ, жи, би, т.б. дегенде тағы да үш дыбысымызды [ɪ, i, y] «жымқырып» қалып отырмыз: жИ [jΙY], бИ [bİY]. Жалған жасырынбақтың арқасында сөздің жазылым тұрқында (орфографиясында) [u], [ü], [w], [ɪ], [i], [y] дыбыстарының таңбасы жоқ, жоқтың салдарынан сөздің үндесім әуезі бұзылып, сингармонизмнен қоса айрылғалы отырмыз. Өйткені су дегендегі жуан еріндік әуезді, жүру дегендегі жіңішке еріндік әуезді көрсетіп тұрған [u] мен [ü], жи дегендегі жуан езулік әуезді, би дегендегі жіңішке езулік әуезді көрсетіп тұрған [ɪ] мен [i] дауыстыларының өзі де, орны да жоқ. Тілдегі ақиқат дыбыстың ақиқат таңбасы сөздегі өз орнында тұру керек. Тіліміздің фонетика-грамматикалық табиғатына зер салсақ, қазақ тіліндегі ый/ій [ɪy/iy], ұу/үу [uw/üw] дегендер дербес-дербес екі дыбыстың тіркесі, олардың арасынан морфем жігі өтеді, буын жігі өтеді, тасымал жігі өтеді. Ендеше, басы бірікпейтін қос дыбыстың тіркестерін қалайша кирилдің «у/и» таңбаларымен белгілей саламыз. Меншікті таңбасы жоқ дыбыс бірте-бірте жойылып кетеді. Нақты айтсақ, қазақтың жуан әуезді [uw], жіңішке әуезді [üw] ЕКІ төл дыбыс тіркесі орыс тілінің бейәуез БІР «у» дауыстысына, ал жуан әуезді [ɪy], жіңішке әуезді [iy] ЕКІ тіркесі орыстың тілінің тағы бейәуез БІР «и» дауысты дыбысына айналып кетері сөзсіз. Осы емілемен сауат ашқан жас ұрпақтың тіліне қараңыз.
Талдауды ең үйреншікті Ыы[Iı] дауысты дыбысынан бастайық. Дыбыстың жасалым (артикуляциялық) моделінен оның ақиқат анықтамасы шығады: тіл арты, езулік, қысаң (жуан әуезді). Дыбыстың жасалымына сөйлеу мүшелерінің түгел және нақты қатысып отырғанын көреміз. Ендеше бұл дауысты – қазақ тілінің дауыстылар құрамында өз орны бар, жіктелім кестесінде өз ұясы бар толық дыбыс.
Әрі қарай жасалым талданымды айтылым (акустикалық) талданым нәтижесімен толықтырайық. Дыбыстың акустикалық сапасы бедер таңба (спектрогамма) арқылы көрінеді. Қазақ тілінде дауысты дыбыстар сингармонизмнің арқасында жуан әуезді сапасын өзінің өн бойында бұзбай сақтайды, бір деңгейде тұрған қою бедер белдеу соны көрсетеді. Дауысты дыбыс көп буынды сөздің қай буынында тұрса да сапалық белгісін (спектрін) жоғалтпайды. Сондықтан дауысты дыбыстың айтылым созылымдылығы, ырғақ жиілігі мен қарқыны толық сақталып тұр. Ал дауыстының естілімі (перцепциясы) оңай аңғарылады – жуан әуезді.
Сонымен Ыы[Ιɪ] дауысты дыбысының жасалым, айтылым және естілім талданымы оның толық дауысты екенін көрсетеді, дауысты дыбыстардың жіктелім кестесінде өзінің орны бар ақиқат дыбыс.

Өрнек. Ыы [Ιɪ] дауысты дыбысының
жасалым (артикуляциялық), айтылым (акустикалық) өрнегі
Қалған дауыстылардың жасалым-айтылым өрнегін келтіріп жатпаймыз, тек кешенді анықтамаларын ғана тізімдеп өтейік:
Дауысты – Ыы[Iı] қысаң, езулік, тіл арты, жуан әуезді;
Дауысты – İі[İi] қысаң, езулік, тіл ортасы, жіңішке әуезді;
Дауысты – Ұұ[Uu] қысаң, еріндік, тіл арты, жуан әуезді;
Дауысты – Үү[Üü] қысаң, еріндік,тіл ортасы, жіңішке әуезді.
Жоғарыда «жетілдірілген» әліпбидің «жетілмеген» тұстары барын айттық. Сонымен,
– 9 нөмір: біріншіден, дауысты дыбыстың «і» таңбасымен дауыссыз «й» дыбысын белгілеуге болмайды, бұл – «саудаласуға» жатпайтын ақиқат; екіншіден, орыстың «и» дауысты дыбысымен қазақтың «й» дауыссыз дыбысын бір таңбамен белгілеуге тағы болмайды, бұл – талассыз ақиқат.
Қазақ тілінің «й» дауыссыз дыбысының артикуляциялық пішіндемесі (моделі) дауыссыздың «шала да» емес, «жартылай да» емес, «қысқа да» емес, өзге дауыссыздармен мәртебесі тең жасалым (артикуляциялық) бірлік екенін көрсетеді.
Академиялық талданым нәтижесі:
– анықтамасы – тілшік//тіл ортасы, жуысыңқы, үнді;
– мәртебесі – жүйеқұрауыш;
– морфо қызыметі – көсемше көрсеткіші;
– таралымы – сөз басында тұрмайды;
– тіркесімі – тек дауысты дыбыстан кейін;
– просодик қызыметі – буын құрай алмайды;
– жиілігі – жиі кездеседі;
– ұқсастығы – орыс, ағылшын т.б. тілдерде бар;
– ХФӘ бойынша таңбасы – Yy.
– 10 нөмір: қазақтың жіңішке әуезіне атам заманнан тән «і» дауысты дыбысы «ɪ» болып таңбаланыпты. Сонда «кɪм», «тɪс» деп жазып, қалайша «кім», «тіс» деп оқыта аламыз? Әліп таяқша үстіндегі нүкте жіңішке әуездің ғылыми-әдістемелік белгісі ретінде Ахаңның (А.Байтұрсынұлының) дәйекшісінің қызыметін атқарып тұр ғой.
Қазақтың «і» дауысты дыбысы жиі кездеседі екен, оқығанда таңба үстіндегі нүкте көзді шаршатады-мыс деген де ұшқары пікір айтылып қалыпты, бұған дейін кирилде қалай оқып, қалай көзден айрылып қалмағанымыз-ай десеңізші.
– 23 нөмір: тағы да орыстың «у» дауысты дыбысы мен қазақтың ауа, тау, сұу, бұу дегендегі дауыссыз «у» дыбысын бір «u» таңбасымен белгіленіпті. Дауысты [u] таңбасымен дауыссыз [w] дыбысын, сондай-ақ орыстың «у[u:]» дауысты дыбысымен қазақтың «у[w]» дауыссыз дыбысын бір таңбамен белгілеу фонетикалық сауатсыздық.
Өз алдына меншікті таңбасы жоқ дыбыс ұрпақ ауыса келе өзінен-өзі жойылады. Қазақтың «й[y]», «у[w]» дауыссыз дыбыстарының басына төніп тұрған қауып осы. Дауыссыз «й[y]» орыстың «и[i:]» дауыстысының, дауыссыз «у[w]» орыстың «у[u:]» дауыстысының қанжығасында кетіп жоқ болады. Қырғыз ағайындар «қ» дауыссызынан айрылып, түрік ағайындар «қ», «ң», «ә» дыбыстарынан айырылып, бармаған тістеп отыр ғой.
– 24 нөмір: орыстың «у» дауысты дыбысын «u» деп сақтап қалудың амалы болу керек, қазақтың «ұ» дауысты дыбысының таңбасы бүлініпті. Дауысты «ұ» дыбысының таңбасын орысқа берген «u» таңбасынан ажыратып алу үшін сызықша дәйекшімен «ū» деп беріліпті. Кириллдегі «ұ» таңбасының бағдар белбеуінен айрылмаған дұрыс деп, кирилдегі «ұ» дыбысының белбеуі «u» таңбасының төбесіне шығып, дауыстының «ұ» екенін көрсетіп, мен мұндалап тұрады-мыс. Солай-ақ болсын, бірақ әліпби құрамында басы артық құранды таңба болмау керек.
– 25 нөмір: тәңір жарылқап, әзірге «ү» дыбысының латын таңбасы қос нүкте дәйекшісімен аман қалыпты. Бірақ әдістемелік тұрғыдан әліпби құрамында тұрқы бірдей үш әріптің болуы – u ū ü – тиімсіз екенін кез-келген ұстаз біледі. Әрі қарай әдіскер мамандар ойлана жатар, тек «ū» таңбасы жасанды ендіріліп отыр, ал жасанды таңбаның болашағы болмайды.
Енді «жетілдірілген» әліпби құрамының «жетілмеген» тұстарын «жетілдірудің» амалына көшейік. Сонымен,
– жоғарыда «й» дауыссызын дауысты дыбыстың таңбасымен белгілеуге болмайды. Ендеше, оның дауыссыз екенін көрсететін артикуляциялық анықтамасына (тіл ортасы/тілшік, жуысыңқы, үнді) лайық өз таңбасын табу керек. Халықаралық фонетикалық әліпби құрамындағы оның өз таңбасы [Уу] бар. Қазақтың көше бойындағы кейбір сөздерінің құрамындағы «ы» дауысты дыбысының ағылшын емілесімен «у» деп жазылып жүргені жаңсақ.
– қазақ тілі – өздеріңіз жақсы білесіздер, жуанды-жіңішкелі үндесім әуезді тіл, сондықтан оның дыбыстарының таңбалары жұптасып келеді. Жіңішке әуезді төл «і» дауысты дыбысымыздың дәстүрлі нүктелі әліп [İi] таңбасына тиіскеніміз қиянат болады. Ал оның жуан әуезді сыңары «ы» дауысты дыбысы үшін тұрқы [İi] таңбасына ұқсас нүктесіз әліп [Ιɪ] сұранып тұр. Сонда жуанды-жіңішкелі «ы-і» дыбыстарының таңбалары [Aa-Ää], [Oo-Öö], [Uu-Üū], [Ιɪ-İi] болып, жүйені бұзбай жұптаса кетеді.
– қазақ жазуының әліпбиі мен емілесінде жолы болмай жүрген екі дыбыс бар, олар кирилше айтқанда – «й» мен «у». Осы екі дыбыстың дауыссыз екенін өзгелер түгілі, тіл иесі қазақтардың өзі түсінбей келеді: бірде дауысты, бірде дауыссыз деп өзімізді өзіміз алдап келеміз. Көпшілікке кінә тағудан аулақпын. Егер бірінші сыныптан бастап «су», «ту», «бу» дегендегі «у» дауысты дыбыс деп үйретіп келсек (маған сенбесеңіз ӘЛІППЕНІ бір ақтарып шығыңыз), олар үшін дауысты болмағанда не болады.
Ғылымға жүгінейік. Қазақ тілінің «у[w]» дауыссыз дыбысының кешенді академиялық анықтамасы «й[y]» дауыссызына ұқсас:
– анықтамасы: ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді;
– мәртебесі: жүйеқұрауыш;
– морфо қызыметі: тұйық рай көрсеткіші;
– тіркесімі: тек дауыстының соңынан тіркеседі;
– шеп орналасымы: сөз басында кездеспейді;
– просодик қызыметі – буын құрай алмайды;
Жиілігі: жиі кездеседі;
Ұқсастығы: орыс тілінде жоқ, ағылшын тілінде бар;
ХФӘ бойынша таңбасы – Ww.
Орыс әліпбиінде у[u:] дауысты дыбысының «у» деген таңбасы бар. Осы әріп оп-оңай қазақ әліпбиіне көшіп, [w] дауыссызының таңбасына айналып кетті. Егер [w] дауыссыз дыбысының жазылым еміле-ережесі дұрыс құрастырылса, онда сөздің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлем ырғағы бұзылмайды. Бұлар – қазақ жазуына қойылатын ең басты талаптар. Осы талаптардың бірі бұзылса, онда әліпбиіміз бен емілеміз жалған деген сөз.
Ендеше, латын әліпбиіне қазіргі кирилл орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кириллдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз (кестені қараңыз).

Өкінішке қарай, осы екі дыбыстың ақиқат [w], [y] таңбасына «жетілдірілген» әліпбиден орын да табылмады, қайтадан сол орыс тілінің созылыңқы у[u:] дыбысының u деген, созылыңқы и[i:] дыбысының і таңбаларының кебін киіп қалды.
Дауыссыз [Ww] дыбысының емілесі бұрмаланып, tw, sw, bw деп жазып, оны қалай оқимыз деп көпшілікті үркітіп немесе өзі үркіп жатқандар бар. Бұл – [w] дауыссызының академиялық анықтамасынан (тіркесімі тек дауысты дыбыстан кейін) хабарсыздық немесе қасақана шатастыру амалы. Ендеше жоғарыдағы сөздердің дұрыс емілесі tuw, suw, buw болу керек. Ол ол ма, суу, жуу, туу дегендерді енді tuwuw, suwuw, buwuw деп жазып, көпшілікті қинаймыз деп те уәж айтады. Шынын айту керек, кириллге жаттыққан адамға көз үйреніп, қол дағдыланғанша қиындау болады. Одан әрі күнделікті мәтінде «Ww» тіркесі [suwuw] болып тізіліп тұрмайды.
Сонан соң бұған дейінгі акут әліпбиде сөз бен буын жазылымында дауысты әріп жоғалып кетіп еді: jýý үш дауыссыз дыбыстың тіркесі. Енді умлаут әліпби бойынша сөз және буынның жазылымынан дауыссыз дыбыс жоғалып кетті: a-UA, ä-UE, a-UU, ja-UU, sa-UU. Осы сөздердің буын құрамынан дауыссыз дыбыс табыла қояр ма екен. Бұл сөздердің дұрыс емілесі a-wa, a-wuw, ja-wuw, sa-wuw болу керек, дауысты-дауыссыздың бәрі буын тұрқын бұзбай өз орындарында тұр.
Әліпбидің оқу-әдістемелік тұрғыдан қисынсыз тұстары мұнымен бітпейді. Оқу бағдарламасы бойынша фонетика-морфологиялық талдау басталды делік:
– фонетикалық талдауға ауу [аuu], жуу [juu] сөзі келді, дауысты/дауыссызға қалай талданбақшы, мүмкін емес (а-дауысты, u-дауысты, u-дауысты) жаппай дауысты, дауыссызы жоқ, өйткені әліпби дұрыс «жетілдірілмеген»;
– морфем талдау – қазақ сөзінің құрамында екі дауысты қатар тұрмайды (түбір дауыстыға бітіп, қосымша дауыстыға басталып тұр);
– буын талдау – сөз ішінде буын дауысты дыбыстан басталмайды (бітеу буын да, тұйық буын да ашық буынға айналып кетіп тұр).
Дегенмен, күрмеуі шешілуі қиын бір мәселе бар. Ол – «і», «u» таңбаларының төл және кірме сөздердің құрамындағы оқылымы. Әзірге төл сөздердің құрамында «і», «ұ» деп, кірме сөздердің құрамында «и», «у» деп оқылады дегеннен басқа амал жоқ. Сонда әліпбиге қатысты екі ғана ЕСКЕРТПЕ болады.
Түрік (түркі емес) жазуына қатысты 1991-1993 жылдары әртүрлі деңгейде өткен жиындардың нәтижесінде тәуелсіз түрік мемлекеттерінің ғалымдары (Қазақстан тарапынан акад. Әдуали Қайдари, акад. Өмірзақ Айтбайұлы, проф. Көбей Құсайын, проф. Ерден Қажібек қатысты) түрік дыбыстарын түгел қамтитын 34 таңбадан тұратын ОРТАҚ ӘЛІПБИ үлгісін ұсынды. Мақсат – түрік мемлекеттері латын графикасын қабылдаса, қажет әріптерді осы 34 таңбаның ішінен алғаны жөн. Сонда түрік халықтарының жазуы бірегейленеді. Ортақ жазу түрік халықтарының басын біріктеретін ұтымды амалдардың бірі.
Сонымен, қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 19 дауыссыз дыбыс бар. Бар болғаны 28 төл дыбыс. Қазақ тілінің төл дыбыстарының таңбалары ортақ түрік әліпбиінің ішінен толық табылып тұр. ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ құрамынан алынған қазақ әліпбиін «Ұлттық әліпби» деп атадық.

Қазақ ұлттық латын әліпбиі
Aa, Ää/Әә, Bb, Dd, Ğğ, Gg, Ee,
Jj, Zz, Yy, Qq, Kk, Ll, Mm, Nn, Ŋŋ,
Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Tt, Uu, Üü,
Ww, Iı, İi, Şş.

Осы әліпбимен жазылған мәтін үзінділеріне көз жүгірітіп көріңіз, көз сүрінер бірнәрсе табасыз ба? Сөздің фонетика-грамматикалық тұрқын – сөздің үндесім әуезін, буын-морфем тұрқын, тасымал ретін (бұл – жазуға қойылатын бұлжымас талап) – бұзып тұрған тұсы бар ма екен? Өзім-ақ жауап берейін жоқ, таппайсыз. Ендеше, әліпбидің несі кем?
Мәтін ішіндегі үнемдеп-ықшамдауға ұрынып қалатын дыбыс тіркестерін қою түспен бөлектедік, оқушы қауым өздері байыптап көрсін, үнемдеп-ықшамдап әлек болатындай қаптап тұр ма екен.

ABAY JOLΙ (üzіndі).
Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋğɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪğa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barğan ağayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turğɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrğan. Key-keyde özine tanɪs Kök-üyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪğɪp, astɪndağɪ jaraw qula bestisin ağɪzɪp-ağɪzɪp ta aladɪ…
– Mɪna balanɪŋ awɪlğa asɪğuwɪn-ay!
Nursultan Nazarbayev (üzіndі)
…Asqaq Alatawdɪŋ bawrayɪ alma men qɪzǧaldaqtɪŋ «tarɪyqɪy otanɪ» ekeni ǧɪlɪmɪy turǧɪdan dәleldengen. Qarapayɪm, biraq bükil әlem üşin özindik mәn-maŋɪzɪ zor bul ösimdikter osɪ jerde bür jarɪp, jer jüzine taralğan. Qazaqstan qazir de әlemdegi alma atawlɪnɪŋ arğɪ atasɪ — Sibers almasɪnɪŋ otanɪ sanaladɪ. Dәl osɪ tuqɪm eŋ köp taralğan jemisti әlemge tartuw etti. Bәrimiz biletin alma – bizdegi almanɪŋ genetikalɪq bir türi…
Q-J. Toqaev (üzіndі)
Qazaq tiliniŋ memlekettik til retindegi röli küşeyip, ultaralɪq qatɪnas tiline aynalatɪn kezeŋi keledi dep esepteymin. Biraq munday dәrejege jetüw üşin bәrimiz daŋğaza jasamay, jumɪla jumɪs jürgizüwimiz kerek. Sonday-aq, til ülken sayasattɪŋ quralɪ ekenin umɪtpağan jön. Keler jɪlɪ atalɪp ötetin mereytoylar men elewli oqɪyğalarğa dayɪndɪq jumɪstarɪ bastaladɪ. El ömirindegi osɪnday elewli oqɪyğalar jas urpaqtɪ nağɪz otanşɪldɪqqa tәrbiyelewge jol aşadɪ dep senemin.
Дыбысты жасырып-жұмбақтап қалғаннан сөздің үндесім әуезі, қымқырып-қиып тастағаннан сөздің ұзын желісі бұзылады. Ал, тағы қайталайын, қазақ тілін қазақ тілі етіп тұрған осы екі белгі. Осы екі белгіден айырылғанымыз – қазақ тілінен айырылғанымыз.
Марқұм академик Ә.Қайдари дайындап беріп кеткен әліпби жобасы мен Тіл білімі институты ұсынып отырған «Ұлттық әліпби» дайын тұр. Тек соны бұзып-жармай пайдалана білсек екен. Еміле қамын бұрын ойлап әліпби құрастыруға болмайды, әліпбиге қарап еміле құрастыру керек, өйткені әліпби – бірінші, еміле екінші. Алдымен әліпби дайын болу керек, сонан соң барып еміле қолға алынады (еміле, қызымет сөздерін әдейі дауыстыны түсірмей жазып отырмын).

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

14 Пікір

  1. Asqar

    Қолдаймыз! Осы әліпби қабылдансын.

  2. Til janaşırı

    Әлімхан аға жарайсыз. Ұлттық жоба қабылданады. Сенеміз

  3. Елнұр

    Кісі есімдерін жазғанда, өз ұлтымыз бен шетелдіктердікін жазғанда қалай болады? Хуан, Уильям, Луиза өзіміздің Диана, Элеонора, Дияс ( Диас та бар), Данияр, Дамир, Альбина қалай таңбаланбақ? Сөздегі әріп санының көптігі қалыптасып қалған аға буын мен кейінгі ұрпақ сабақтастығын жоғалтуға әкелмей ме?

  4. Шынар

    Бүкіл әріпті оқып үйренген қазақтар су дегенді suw десе, түгел “сув” деп оқып жүрсе ше?…

  5. Рашид

    Кірме сөзде басқа төл сөзде басқаша дегенді қалай түсінеміз?

  6. Елнұрға жауап

    Huan, William, Luiza, Eleonora,Diana, Diyas, Diaz, Daniyar, Damir, Albina
    Қазақи аксентпен оқимыз: Хұан, Уіліәм, Лұіза, Діана. Одан ұяалудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

  7. Адам баласы

    Халықты адастырып бітті, жазуды құрту үшін жүрген қу бас, осы кісі бәрін бүлдіріп жүрген. Мықты болса, ана диграф пен апострофқа қарсы шықпады ма, енді, өздеріңе бердік деп еді, батыр бола қап, елді адастырып жүр.

  8. Болат

    Ұлт тілінің болашағын ойласақ, Әлімхан Жүнісбек ағамыздың әліпби жобасын қолдау керек. Ал шеттілдік сөздерді әлем тілдерінің тәжірибесімен қазақ тілі заңдылықтарына сәйкестендіріп жазамыз.

  9. QAZAQ

    Ұсынып отырған әліпбиіндегі Ää, Ğğ, Ŋŋ, Öö, Üü, Iı және Şş таңбаларын компьютер «танып, оқи алатын болса, келісуге болады. Ал, егер қазіргі кирил жазуындағы Әә, Іі, Ңң, Ғғ, Үү, Ұұ, Ыы, Ққ және Өө әріптерін компьютер «түсінбей» құрт-құмырсқа етсе ондай «көркемделген» әріптерден пайда жоқ.

  10. Dahwlet xariba

    Серык ерғали ағамызды қолдаимз26 қарып : ә-ah, ғ-f, ш-c, і-h дәиекше , ң-ng, қ-х, ұ-v, ү-w, й-i, ы-у, ө-Q, a, b, d, e, j, k, l, m, n, o, p, r, s, t, z.

  11. QAZAQ

    Ә-іа, Ө-іо жазған оқуға ыңғайлы болмай ма

  12. Daniyar

    Бірінші топ ғалымдарды түсінбеймін, и мен й ді қалай ажырататын боламыз? Абаи ма әлде Абай ма? Баи ма бай ма? Әліпби осындай онай сұрақтарға жауап бермесе ол дұрыс әліпби ма? Ұлттық Жоба нұсқасы қабылдап, кірме сөздерді қазақшалап жіберуіміз керек.

  13. Аноним

    Өте дұрыс әліпби , қабылдау керек.

  14. Аноним

    Тіл бұзар әліпбій мен өтірік ережеден құтылатын кез болды. Қазақ сөзін бұзбай, табыйғый қалпын сақтап жеткізетін осы әліпбійге тоқтау керек. Мый, қый, кій, тұу, (түу (одағай)) сұу, деген сөздерді ми, қи, ки, ту, су деп үнемдеп жазғаннан қазақтар байып кетті ме, әлді үнемдеп жазғанның арқасында ғылымы дамып, әлемге танылды ма? Дауласа бермей, жөні дұрыс, қазақ тілінің төл ерекшелігін бұзбайтын әліпбійді қабылдаған дұрыс, бірақ орыс мектептері кійрійлде қала берсе, олар қазақ тілін үйренүуді мүлде қойады. Латынмен Қазағыстанның түкпіріндегі бір орысы жоқ ауылдың балалары ғана оқыйтын болады. Түбінде осы күнгі қазақшамызға зар болып қалұуымыз әбден мүмкін. Қазақ тілі шын мәнінде мемілекеттік тіл болмай тұрып, латынға көшүу деген бос әуре. Міністірлік пен парламент қазақша сөйлемей тұрып латын әліпбійімен қазақ тілін табыйғый қалпына келтіре алмаймыз. «Шала қазақтар» бійлік құрып тұрған кезде, қазақ тілі жөнделеді дегенге сенүу қыйын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.