«КЕТІП ҚАЛҒЫМ КЕЛІП ЖҮР КЕРДАЛАҒА…»

Аманхан ағамен жақынырақ таныс болғаным – Мәскеу кезеңі. 1991 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтының 3 курсына келген күзде біздің елден институт қасындағы Жоғары әдеби курсқа Аманхан аға түскен екен. ВЛК (Высшие литературные курсы) деп аталатын екі жылдық курста жан-жақтан келетін Жазушылар одағының мүшелері жолдамамен оқитын. Оның алдында үш адам –Тұрсынай Оразбаева, Қуандық Түменбай, Бигелді Ғабдуллин оқып кеткен еді. ВЛК ғимараты институт ауласында қиғаш тұрған бөлек корпус. Тверь бульварында орналасқан үш қабатты Әдебиет институтында семинар жүргізетін Совет одағына белгілі ақын-жазушыларды ауладан жиі көреміз. Юрий Кузнецов, Фазиль Искандер, Юрий Бондарев, Анатолий Ким, т.б. қолына портфель ұстап келе жатады. Алдыңғы оқу бітіріп кеткен курстарда Роллан Сейсенбаев семинар жүргізген.

Добролюбов және ­Руставели көшесінің қиылысында тұрған жеті қабатты ескілеу студенттік жатақхананың таңдаулы саналатын ең жоғарғы қабатын Жоғары әдеби ­курста оқитын қауым иемденетін. Ескілеу болғанымен жатақхананың барша бөлмелерінің едені текше-текше тәуір паркетпен жасалған, бір бөлмеге екі адам қоныстанған, шығармашылыққа өз халінше жағдай жасалған болатын. ВЛК-ның стипендиясы үлкен әрі бір бөлмеде бір адам тұратын. Әдеби біліктілігін жетілдіруге келген ақын-жазушылар мейрам ­сайын елге самолетпен ұшып баратын. Олар күндізгі бөлімдегі қарапайым студенттермен салыстырғанда әр республикалардағы Жазушылар одағы тарапынан қамтамасыз етілген топ екені біліне-тін. Біз жетінші қабатқа беталды бара бермейтін едік. Онда көбінесе, жас деңгейі әртүрлі ақын-жазушылар тұратын.
Сөйтіп, 3-4 курста оқып ­жүргенде Аманхан ағаны көрген ­сайын әңгімелесіп жүретін едім. Бір жолы мәз-мәйрам, ұлды болдым деп қуанышы қойнына сыймай шапқылап бара жатыр, құтты болсын айттым. Екі қызымнан кейін аңсаған балам туды деп жолдастарына «жуып» жүрді. Аманхан ағаны байсалды кейіпте жиі кездестіремін. Мәскеудің архивіне, ең үлкен кітапханасына, музейлеріне бара жатады, яки жұмыс істеп келе жатады. Онысын маған хабарлап айтуды ұмытпайды. Ондай кезде өңі өте салмақты, терең ойға батып келе жатады.
Аманхан аға Мәскеуге өзінің қазақы аңқылдақ мінезін, таза ­жаратылысын ала келді. 4 курсқа келген тамыздың аяғында сырғып кеп тоқтай қалған троллейбустан түссем, анадайда кетіп бара жатқан бір кісі көзіме жылыұшырап, оттай басыла кетті. Аманхан ағам бүкірейіңкіреп қап арқалап алыпты, тез-тез адымдап жүріп бара жатыр. Троллейбустан түскен сайын оның алдында тұрған шыны қабырғалы кітап дүкеніне бас сұқпай әсте кетпейтін едік. Аманхан ағаның артынан жүгіре жөнелдім. Дауыстап атын айтқанда тоқтап, дәу қабын жерге қойды. Амандасып, жөн сұрап жатырмын, «Неге ауыр қап көтеріп келе жатырсыз?» деймін. «Курстастарыма оңтүстіктің дәмі балдай сары қауынын алып келемін, елдің дәмін татқызамын деп жазда уәде беріп кеткенмін. Мынау сол» деді: «Ертең Әселді ертіп, бәрің келіңдер, қарақалпақ қарындастарым бар, қауын жеңдер». Домодедово әуежайынан түскен соң метромен, одан троллейбусқа отырып, жүк ­тасудан біраз қиналғаны көрініп тұр. Поезд емес, ұшақпен тасып жүргенін көрмейсіз бе, басқалар үшін жанын қинап! Өйтпесе, қазақ бола ма! Ертеңінде құр қаламыз ба, дәмі тіл үйіретін қауын жедік. Қасында Мәскеуде тұратын қазақ, Саратовтың тумасы, ересек жігіт отырды.
Аманхан аға семинар жүргізетін ұстазы, орыстың үлкен ақыны Юрий Поликарпович Кузнецов туралы құрметпен жиі айтатын. «Семинарда Аманхан, қай жүзсің?» деп сұрады менен Юрий Кузнецов. Білсең, бұл кісі қазіргі заманғы орыстың ұлы ақыны, тамаша адам. Әйелі қазақ, есімі Бәтима, Семей жақтың қызы. Мен оған: «Юрий Поликарпович, мен жүзге жатпаймын» десем, көзі бақырайып кетті. «Қазақ болсаң қалай жүзге кірмейсің?!» деп сұрайды таңданып. «Мен қожамын» дедім. Аманхан аға ұстазын таңғалдырғанға балаша мақтанып, қожа екеніне де мәз болып айтып қояды. Жаны таза, кейде балаша елпілдеп кететін. ­Аманхан ағаның бір қулығын, әлдеқандай боп кекірейгенін ешқашан көрмеппін.
Аманхан аға Юрий Кузнецовтың үйіне қонаққа бардым деді ме, ол жағы анық есімде жоқ, барды-ау деймін. Юрий Кузнецовты көргенде әрқашан амандасып өтуші едім, өйткені ол кісі маған көз тоқтатып қарап өтетін, енді ойласам, қазақ екенімді танитын болды. Қазір әрине, Аманхан ағаның семинарына барып, орыстың үлкен ақыны Юрий Кузнецовтың лекциясын бір мәрте болсын тыңдамағаныма, тілдеспегеніме, сұхбат алмағаныма өкінемін.
Аманхан аға 5.03.1992 жылы жазылған «Мәскеуде жазылған жыр» атты өлеңін «Ұстазым Көроғлыға» депті.
Құраннан да дәрісті берген, Аға,
Кетіп қалғым келіп жүр кердалаға.
Көзді жеген кермектеу түтінді
аңсап,
Бойымды алған бертіңгі
шер-нала ма?!
…Көрсететін болымсыз
бойды ғана,
Шемен тасқа шегелеп қойды қала.
Енді-енді игеріп келе жатыр,
Көк бөрісі оянған ойды бала.
(Аманхан Әлімұлы. «Ай нұры алақанымда», 40 бет).
Түркітанушы, парсытанушы, дінтанушы ірі ғалым, профессор Халық Гусеинович Көроғлы Максим Горький атындағы Әдебиет институтында аудармашылар бөлімінің қарақалпақ тобына дәріс оқитын. Мен поэзия, проза, әдеби сын жанрлары кіретін негізгі бөлімде оқыдым. Біздің бөлім мен аудармашыларға ортақ лекция көп емес еді. Профессор Көроғлының лекцияларына жиі барып, еркін тыңдаушы болдым. Менің өз еркіммен келіп отырғаныма ол кісі қатты риза болды, қазақтардың өткен тарихынан тарихи, ғылыми деректер айтатын. Ол ұлты әзірбайжан, энциклопедиялық білім иесі, оғыз-қыпшақты бөліп-жармай сүйетін, түркпен мен қазақты өте жақсы көретін. «Қазаққа ең жақын, туыс халықтар – ноғай, башқұрт, қарақалпақ» дегені жадымда тұр.
Мен 5 курсқа көшкен 1993 жылы теңге шықты, елден поштамен келген ақшаларды студенттерге бергізбей қойған бір түсініксіз ахуал қалыптасты. Алдыңғы төрт жыл мамамнан ақша жиі келетін, стипендия және бар. 4 курстың қысында апайым ұшақ арқылы жіберген жылқы еті, бірнеше кг тартылған сиыр еті, сары май, тосап, т.б. тамақ келді. Курстас қарақалпақ қыздарын қонақ қылуды ойлап, 1 ­курста арнайы іздеп жүріп сатып алған манты пісіретін ыдыс бар, тартылған етке түк қоспай, бір қазан манты пісірдік. Қыздар мантіге картоп немесе асқабақ қосайық деп еді, мол ет тұрғанда, қазақ шөп-шалам қосып, үнемдеп қайтеді деп қоямын. Шақырылған мезгілде Аманхан аға келмеді. Ас піскен соң жүгіріп 7-ші қабатқа бардым, есігін қақтым, орнында жоқ. Қонаққа шақырғанды неге ұмытып кетті деп таңғалдым, біраз уақыттан соң қайта бардым. Қыздар мантіге тойды, асүйге кіріп-шағып жүрген көрші студенттер дәметті, оларға да салып бердік. Жұрттың қарасы азаяр емес. «Жоқ, Аманхан аға дәм татсын дегенмін, үш табақ жетеді, мына табаққа тиісуші болмаңдар!» деп ескертіп, тұтас бір табағын алып қалып, суыңқыраған соң тоңазытқышқа салып қойдым. Ертесінде ­Аманхан ағаның бөлмесіне қайта бардым. Есікті ашты, қасында курстас ақын отыр. «Кеше неге келмедіңіз, біз әбден күттік. Мен екі рет келіп, есік қақтым, қайда болдыңыз?» деп сұрасам, Аманхан аға мұғалімге кінәлі болған балаша қипақтап, тура қарамайды. Шыншылдығы ғой, жасырмай шынын айтты. «Ана қарындастарымнан ұят болды-ау, бәрің маған бауырсың, өзім кейін қонаққа шақырамын, ренжімеңдер» деп жатыр. «Аманхан аға, Гүлшаттың бөлмесінде тоңазытқыш бар, кеше мантыдан сізге деп алып қойдым. Қазір соны әкеп берейін, үйде бар-жоғыңызды анықтауға келдім» дедім. Аманхан ағам қуанып кетті, балаша мәз, «Ой, айналайын, рақмет! Жақсы болды ғой!» деді. Мен жүгіріп барып, суық мантыны табағымен алып келіп, ­«Жылыту керек, ал табағын сосын алармын» деп тастап кеттім.
Аманхан аға бауырмалдық сезімге риза болған шығар, шетте жүргенде қазақтар бірін-бірі туыс ­санамаса несі жақсы. Баспасөзге берген сұхбаттарынан оқыдым, Алматыға келгенде пәтерсіз, тұрақты тіркеусіз жүргенде бір қазақтай қиындық көрген Аманхан ағаның кісілік қасиеті, жүрегі қараймаған, озбырлық пен екіжүзділікке иек артпаған тектілігі, жан сарайы, ниет тазалығы жарқырап көрініп тұрады. Бауырмал, эстет, азамат, адамзатты сүйетіні, ұлтшылдығы кіршіксіз саф таза қалам иесі.
Ауылдың қоңыртөбел тірлігі, жүдеулік меңдеген қазақ тұрмысы қинап, құлазыған сәтте Аманхан ақын:
Жатаған там жасытты жас
жанымды,
Көк нөсер көңілді аулар селдетер ме ең, – деп жырға қосты.
Ауылдан шыққан бәрімізге таныс
мұң емес пе?!
Қарияны аядым тірлік қуған,
Қыңсылаған аядым күшікті де, – базардың бұрышында күшік сатып тұрған байғұс шал бейнесі әлеуметтің бір кейпін көрсетпей ме?
Сусыған сылаң Сырдың күйді
өңірі,
Көңілге көбең тартқан түй де мұны.
Ішімнен аяп тұрдым ен тоғайда,
Жылаған үні адасып шибөріні, – деп жазу үшін нағыз ақындық асыл жүрек керек. Ақынның мейірімді, елп ете қалатын, жақсылыққа жарқ етіп қуана білетін мінезі бар, жамандыққа жаны жылап тұрады. «Біздің қоғамды қазір өтірік жайлады. Менің ­жанымды ауыртатын басты мәселе – қоғамды жайлаған өтірік. Өтірік бар ­жерде парақорлық, жалақорлық, адам өлтіру жайлап алады» деп сұхбат берді (Аманхан Әлімұлы. «Өткірдің жүзі», 479 бет). Қоғам қайраткері, қазақтың рухы үшін үстем, жат идео­логиямен аянбай күрескен ақын, журналист Аманхан Әлімұлы екенін бәріміз білеміз. Оның мылтықсыз майданда, баспасөз бетінде ұлттық мүддені қорғап айтысып-тартысқан публицистикалық еңбектері кесек бір томға жүк болды. Атауы – «Өткірдің жүзі» («Қазығұрт» баспасы, 2011 ж.).
16.03.2001 жылы «Қазақ әдебие-тіне» жариялаған мақаласында: «…жете үңілмесең көзге көрініп, қолға ұстауға келмейтін, тіпті дәмін де сезбейтін микроб-идеологиялар мен идеялар соғысы…» (Осы кітапта, 158 бет); «Бұл жолда бізге ешқандай да III дүниежүзілік соғысты күтудің керегі жоқ. Ол елімізде тәуелсіздік алғаннан бері жүріп жатыр. Онда атом немесе сутегі бомбасы жарылып, аспан мен жерден оқ жаумаса да, одан да қатерлі қару-жарақ қолданылуда. Ол – өзіндік идеологиялық нейтрон, атом, химиялық және бактерилогиялық қаруы бар соғыс. Оның аты – ғаламдастыру терісін жамылған идеологиялық және идеялық майдан. Қазақ сана-сезімінің қайта қалғып кетуі мен еңсесінің езілуінің сыры сонда. …Оның қаншаға созылатынын әуелі Құдай, содан соң өзін ұлт зиялылары санайтын азаматтар біледі» («Өткірдің жүзі», 458 бет) деп жазады.
«Тағы да Мәскеу саздары» атты өлеңінде елдік намыс пен ұлттық тағдырды ойлаған қам көңілі айқын:
Қанымнан қарайғанда
қасқырдаймын,
Кеудемді зіл жалаға
бастырмаймын.
Көрініп қалмасын деп қапылыста,
Көзімнен көңіліме жасты
ұрлаймын…
Тектілік қаннан берілмек.
Көңілдің кетпей ұшып хошы
желге,
Жырымды ырзық еткен қосып елге, – деген өлеңдерінде Аманхан Әлімұлы лирик ақын, елсүйгіштігі рухынан сезіліп тұрады. Ол әке өсиетіне адал өткен арлы азамат. «Менің әкем марқұм: «Балам, байлық қума, барлық қу. Байлықты қусаң, қор боласың. Өйткені байлық сені қорғамайды. Байлықты өзің қорғауыңа тура келеді. Оны қорғаймын деп жүргенде ауруға шалдығасың. Парақор, жемқор атанасың. Одан да қанағатпен барлыққа ұмтыл» деп отырушы еді. Жемқорлықты азайту үшін жастарымызды қанағатшыл барлыққа ­баулуымыз керек». (А.Әлімұлы. «Өткірдің жүзі», 479 бет).
2019 жылы 14 наурызда Елорданың «Хан-Шатыр» ғимаратында «Шабыт» университетінде 5 курста оқитын қызым Назеркенің жеке сурет көрмесі өтті. Интернет хабардан біле сала, Аманхан аға қоңырау шалды. «Айгүл, қуанышың құтты болсын, балаң ­талантты екен, журналдың кетіп бара жатқан сәуір айының нөміріне салып жіберейін, жылдам мақала жаз, суреттерін қоса жібер» деді. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» демекші, айтқанын бұлжытпай орындадым. «Ақиқат» журналының №4.2019 жылғы санына «Бояу тұнған бар әлемнің бейнесі» атты мақалам жарық көрді. Аманхан аға журналдың бас редакторы болған соң жазғандарымды өзі талай сұрап алып, жариялап жүрді. 28.01.2020 күні телефонмен хабарластым. Журналға бір материал жібергенімді айттым. Бұл Аманхан ағамен соңғы тілдесуім екен. Сол елгезек, дауысында зіл болмайтын бауырмал күй. Жақсы адамдар екі дүниеде бақытты, мына жалғанда ­дегдар кескіндеріне сызат түспейді екен.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.