«ҰСТАЗ БОЛУ – УАҚЫТЫҢДЫ АЯМАУ»

Еуразия гуманитарлық институты Нұр-Сұлтан қаласындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Бұл оқу орны педагогикалық мамандықтарға да ерекше көңіл бөліп келеді. Еуразия гуманитарлық институтының қазақ және орыс ­филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент ­Лаура Ноғайбекқызымен және оқу орнының студенттерімен шағын-сұхбатымызда «Қазақ тiлi мен әдебиетi» мамандығының жай-жапсары туралы әңгімелейміз.

– «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімдерін ­дайындауда қиындықтар бар ма?

Лаура НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ:

– Оңай дүние бола ма? Педагогикалық мамандықтағы студенттерге білім беретін оқытушылардың алдында үлкен екі жауапкершілік бар. Бірі – көз алдында отырған студент, яғни ертең мектепке баратын мұғалім, екіншісі, көңіл түкпірінде студентіңнің алдында білім алатын оқушы тұр. Оқытушы көкейінде «студентті қалай бағыттаймын, оқушы оны қалай қабылдайды» деген сауал тұрады. Ең бастысы, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың түрлі инновациялық әдістерін үйрете отырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, пәнге деген қызығушылығын оятуға, жалпы қазақ тілі мен әдебиетінің беделін арттыруға ықпал ету.

– Мақсатқа жету үшін  орта білім ұйымдарымен байланыс керек шығар. Сіздер не оқытып жүрсіздер? Олар не оқытып жүр?

Лаура НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ:

– «Бағдарламаларыңыз сәйкес келе ме» дегеніңіз ғой. Әрине,  бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда бірінші кезекте бағдарлама тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда Нұр-Сұлтан қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі, №68 мектеп-гимназиясында құрылған филиалдарымыздың көмегі зор. Мақсатымыз – пән мұғалімдерімен бірлесе отырып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы жаңалықтармен бөлісу, пікір алысу, сабақ өту. Сондай-ақ студенттерімізді педагогикалық тәжірибелерін мектепте өткізу арқылы болашақ мамандығына баулу. Студенттеріміз екі мектеп қана емес, қаладағы бірнеше орта білім беретін мектеп, лицей, гимназиялармен келісім-шарт негізінде тәжірибеден өтіп жүр. Студенттердің қалауы бойынша да ауыл-аймақтардағы мектептерден де  өндірістік тәжірибеден өтуге рұқсат береміз. Тіпті 4 курс студенттері оқуларын аяқтағаннан кейін тәжірибеден өткен білім ордаларының  сұранысы бойынша мұғалімдік қызметке қалдырылып жатады.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін қызықтырып жүргізу үшін қандай тәсілдер қолданылады?

Ақмарал ҚОСЫЛБЕКОВА:

– Оқушылардың тіл, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер өте көп. Мен қолданған тәсіл «шаттық шеңбері» әдісі. Бұл әдіс оқушыларды көркем әдебиетті оқыта отырып, татулыққа, қамқорлыққа, сүйіспеншілікке баулиды. Сондықтан мен бұл әдісті әр сабақта қолдануды дұрыс деп санадым. Қазір балалардың әдебиетті оқуға ынталарының төмен екені белгілі. Оқуға жазушылардың шығармасын берсең, бірден бетін санайды. Сосын, суреттеулерін тастап кетіп, диалогтарын ғана оқып шығады. Мұғалімнің көкейінде «қандай тәсіл арқылы, қайтсем шығарманы толық оқытуға болады» ­деген ­сауал тұрады екен. Яғни баланы мәтінге тереңірек ендірту үшін түрлі әдістерді меңгеруге тура келеді. Тәжірибеден өту барысында көптеген жаңа мәліметтерге қанықтым. Ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасауды үйрендім. Мектепішілік іс-шараларға қатысып, шығармашылық деңгейімді арттырдым. Институтта теориялық тұрғыда үйренген жаңа инновациялық технологияларды тәжірибе жүзінде қолдандым. Жалпы мектеп мұғаліміне қажетті педагогикалық ұстанымдарды меңгердім. Әсіресе, 9-сыныпқа өткізген А.Құнанбайұлы туралы ашық сабағымда, оқушылардың ақын өлеңдерін жаттап қана қоймай, әр сөзіне терең талдаулар жасатып, мәтінтануға жетелеп отырдым.

Атабай ҚУАНЫШЕВ:

– Қызылорда облысы Арал ауданы №220 орта мектебінен тәжірибеден өттім. 5-сынып оқушыларына ана тілімізді сүюге, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстау жөнінде өткізген тәрбие сағатым, балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға пайдалы болды. Әсіресе, тіл туралы мақал-мәтелдерді жатқа айтатыны, сондай-ақ «ғажайып алаң» әдісін қолданғанымда өлең шығаруға ықыластары бар екенін байқадым.

– Мұғалім мәртебесін қалай көтеруге болады?

Атабай ҚУАНЫШЕВ:

– Ең бірінші, «Ұлттық бірыңғай тесттен төмен балл алып қалғандар немесе ақылы оқудың ең арзаны» деп мамандыққа бара салатындарды ұстаздық жолдан шектеу керек. Мамандықтың ішінде педагогикалық мамандықтың тұғыры биік болғаны дұрыс. Бұл мамандыққа қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы арқылы ғана емес, емтихан еркін тақырыпта ауызша да жүргізілгені дұрыс. Себебі талапкермен сөйлесу кезінде оның мамандыққа деген махаббаты сезілер еді. ­Сонда ғана француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» ­керек екенін түсінетін, мамандықтың мәртебесін көтеретін болашақ ұстаздар жиналар еді.

– Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін «ұстаздық жолды» таңдайсыздар ма?

Ақмарал ҚОСЫЛБЕКОВА:

– Мен бұл мамандыққа «мұғалім болсам» деп келдім. Әсіресе, жаныма жақын қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың ұлттық брендін қалыптастырсам деген арманым бар.

Атабай ҚУАНЫШЕВ:

– «Дипломмен ауылға» деген бағдарламамен туған ауылыма барсам деймін. Мектептен педагогикалық тәжірибеден өту барысында оқушыларыма бауыр басып та қалдым. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп, Абай атамыз айтқандай, жақсы ұстаз алдынан өткен адам, болашақта жақсылығын көрсетері анық. Сондықтан ұстаздыққа тек жұмыс ретінде қарамай, жақсы ұстаз болуға, ұстаз есіміне сай болуға тырысуымыз керек.

– Әңгімелеріңізге рақмет!

 Әңгімелескен Қ.Серікқызы

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.