ОРАЛУ

Ұлы Отан соғысының жауынгері, нағашы атам Махмут Надировтың жарқын рухына арналады.

Желтоқсан айының шыңылтыр ­аязды бір таңы атып келе жатты. Пойыз да екпінін баяулатып қалаға кіре берді. Әр тұстан шамның себезгіленген жарығы көзге ­шалынды.
«Міне, Алматыға да келдік-ау, Алла бұйыртса, енді бір-екі күнде ауылға да жетермін. Тек Жаңа жылға дейін үлгерсем болды» деп ойлады Махмут.
Белоруссияның оппа батпағында жан алып, жан беріскен бір қырғын ұрыста, 1944 жылы маусым айында ауыр жараланған Махмут Саратов қаласындағы госпитальда табандатқан алты ай жатып емделген. Әскери дәрігердің енді сапқа тұруға жарамайды деген үкімінен кейін еліне қайтарылды. Иә, соғыстың зардабы оны тіпті тұралатып тастаған еді. Жуырда ғана қырыққа толса да, түріне қараған адам бейне бір алпысты алқымдаған шығар деп ойлайтын. Аса сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт болатын ол бір кезде. Қазір ғой әбден арыған, шашы да аппақ қудай бір тірі аруақ дерсің.
Немістер бомбаны нөсерлете жаудырған сол шайқаста ауыр контузияға ұшыраған жауынгер есін әзер жинағанда өзінің кім екенін, қайдан келгенін ұмытып, терең контузия алған еді. Тек екі айдан соң Саратовтағы госпитальда жатқанында жады там-тұмдап ояна бастады. Соғыста жүрген күндерін жақсы білгенімен, балалық шағын, жасөспірім кезіндегі сәттерді әрең-әрең есіне түсірді Махмут. Дегенмен, өмір жылжып жатты. Келе-келе сонау алыста қалған күндердің елесі де оның есіне қайта түсті, әйтеуір.
«Туған ауылым Кіші Ақсуды, балаларымды, сүйікті жарым Хевизямды… тезірек көрсем-ау» деді бір ойы. «Үйге барған соң денсаулығым да түзелер, бәрі қайтадан есіме түсер, оңалармын» деген үміт жанын тіпті жылыта бастады. Оны тек бір нәрсе: басының сол бұрынғысынша сынып бара жатқандай ауыратыны, оқтын-оқтын лоқситыны, көз алдында үнемі дүние көшіп бара жатқандай болатыны қатты алаңдататын.
Пойыздағы жолсерік мұңлы көздері қатты қалжырағанын сездіріп тұратын орыстың егделеу әйелі еді, міне, ­дауысын кенеп: «Пойыз соңғы стансаға жақындап қалды, заттарыңызды жинастыра беріңіздер. Енді бір жиырма минуттан соң діттеген ­жерге келіп жетеміз» деп ­хабарлады. Иығына асқан солдат дорбасынан басқа қандай заты бар дейсіз мұның, оның ішінде де сүртінетін орамалы мен бір кішкене кесек сабын… Болды.
Саратовтан бергі сапарда Махмут өзімен бір полкте болған досы Тұрсынбай екеуі келе жатқан. Әлгі алапат бомбалаудан кейін бір взводтан тек екеуі ғана тірі қалған еді. Госпитальда да екеуі бірге ұзақ уақыт жатып емделді. Тұрсынбай да контузияға ұшыраған, алайда Махмут сияқты есін жоғалтпады. Қайта досының мүшкіл жағдайы оны қатты алаңдатты, мұның жады әупірімдеп қалыпқа келіп, өткен өмірін есіне түсіре бастағанына да қатты қуанды ол.
– Махмут, сендердің ауданға машинаның қай жерден жүретіні есіңде ме? – деп сұрады Тұрсынбай.
– Көк базардың тұсынан сияқты еді ғой. Соғысқа дейін бізге қарай жүретін машиналар сол жерден шығатын, – деп ол әрең жауап қайтарды.
– Онда мен сені шығарып салып, машинаға отырғызып жіберейін. Өзім ауылға содан кейін де жетермін, – деп күрсінді Тұрсынбай.
Махмут досына мейірлене қарады. Екеуі өздері сияқты соғыстан қайтып келе жатқан сапарлас солдаттармен қимай қоштасты. Жол үстінде өткен біраз уақыт бұларды тіпті жақындастырып жібергені анық сезілді осы сәтте.
Вагоннан шыққан Махмут пен Тұрсынбай Алматының аязды таза ауасын кеуде кере рахаттанып бір сімірді-ай дерсіз. Пойызда иінтірескен адамнан ба, вагон жылы еді, бұлар енді түсе салысымен қыстың қытымыр суығына ұрынғанын білді. Қар да үдете жауып тұр екен, жапалақтаған аппақ түйіршіктер лезде жерге жетіп, қалыңдап барады. Махмут мұндай қыстың бұл өлкеде қай жылы болғанын есіне түсіре алмады. Аяз тура бір отыз градустан кем емес сияқты. Оның үстінде госпитальда берген ескі солдат шинелі, өңіріне «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен «Ерлігі үшін» дейтін медалі ілінген солдаттың жұқа гимнастеркасы ғана.
Достар базар маңына тез-ақ жетті. Тұрсынбай Алматыға жақын ­Жамбыл ауданының жігіті еді, соғысқа дейін Қарғалы шұға комбинатында жұмысшы болған. Өзі Махмутпен құрдас, орта ­бойлы, төртпақ денелі, әзілге ұста, достыққа адал жігіт. Ол да Махмут тәрізді Қызыл ­Армия сапынан денсаулығына байланысты қайтарылғандардың бірі.
Алматыдағы көк базардың тұсында Қарғалы шұға комбинатының өз дүкені бар еді. Екеуі жол-жөнекей соған бұрылды. Сатушы жерлесі Тұрсынбайды бірден ­танып, үшеуі осы арада мәре-сәре болды да қалды. Шай қойылып, шағын дастарқанға нан туралды. Тұрсынбай әйелі Сараның, балаларының амандығын білді. Сара ­фабрикада бұрынғысынша жіп иіруші ­болып істейді екен. Соғыс кезінде көрші ауылдарды тіміскілеп өткен аштықтан олардың отбасын Сараның осы жұмысы аман алып қалған көрінеді.
– Махмут, менімен бірге біздің ауылға жүр, біраз күн жатып тынығасың. Мен сені балаларыммен, Сарамен таныстырайын. Содан кейін қалаға өзім әкеліп, жолға саламын, – деді Тұрсынбай.
– Рақмет, достым. Мен де туған ауылымды, үй орманымды қатты сағындым. Кейін сені өзім қалайда іздеп табамын, – деді Махмут.
Аяз күшіне мінді. Қалада қар қалыңдай түсіп, боран ұйытқыды.
Базарға жақын жерде Махмутқа туыс бір әйел тұратын. Аты – Майымхан. Күйеуі соғысқа дейін осы базарда қарауыл болып істеген. Ауылдастары бұл үйге үнемі келіп-кетіп жүретін, Ұйғыр ауданына да көбіне осы жерден аттанатын.
Майымхан Махмутты ә дегенде тіпті танымай қалып, артынан аңырай жылап келіп бас салды. Енді өзі басынан кешкен ауыр тағдырын әңгімелеп отырып, қартайып кеткен туысына қайта-қайта таңдана қарай береді. Күйеуі 1942 жылы Сталинград түбіндегі сұрапыл соғыста мерт болыпты, үш баласымен өзі жесір қалыпты, қайран Майымхан.
– Сіздің Хевизям маған қарағанда әлдеқайда бақытты, Махмут! Міне, аман-есен арамызға оралдыңыз, – деп, ол тағы да қыстыға жылап жіберді.
– Елде не жаңалық? – деп сұрады ­Махмут туысы солығын біраз басқан соң.
– Тұрмыс ауыр. Біздің ауылды аштық жайлаған деп естідім, бірен-саран шығын да бар көрінеді. Ал соғысқа кеткен жүз он азаматтың көбісі мерт болды, біразы мүлдем хабарсыз. Сіздің бауырыңыз Апиз де қаза тапты.
– Білемін, соғыста жүрген кезімде ол туралы маған хабар келген, көз жасымды сол кезде тауысқанмын. Менің үй-ішім ­туралы не білесіз? – деді енді қорқасоқтаған Махмут.
– Сіздің үй-ішінің бәрі аман деп естідім. Үлкен қызыңыз Ризванам МТС-та тракторшы болып жұмыс істеп жүрген көрінеді, – деді Майымхан.
Махмут госпитальда жатқан кезінде үйіне екі рет хат жазған, алайда жауап ала алмап еді. Ол хаттары жақындарына жетті ме, жетпеді ме, оны да білмейді.
– Ауылға жақын арада жүріп кететін жағдай бар ма? Қатынас қалай өзі? – деді ол әйелге қарап.
– Иә, жолыңыз болады екен, ертең таң азанда Шонжыға жүк машинасы жүреді. Олар кеше қойдың жүні мен терілер әкелген, – деді Майымхан.
Ертеңінде Майымхан мен Тұрсынбай сәбізді шай ішкен соң, Махмутпен жылы қоштасып, оны жолға шығарып салды.

***

Жүк машинасы оның туған ауылына қарай тартып келеді. Солдаттың жадына таныс бейнелер мен әрнәрсе там-тұмдап орала бастағандай ма, дәл қазір ол өзінің анасын анық есіне түсірді. Сонау азамат соғысы кезінде осы Махмуттың әкесінен айырылған соң құсадан қайтыс болған. Жас еді. Құдай қосқан қосағын шексіз сүйетін. Бірте-бірте бәсеңдеп барып елеусіз ғана сөнген шырақтай бір күнде кете барған.
Мұның әкесі халық арасында Нәдір қазы атанған дәулетті кісі еді. Мінезі де шалт, ерекше жігерлі, шебер ұйымдастырушы, ауылдастары арасында аса сыйлы ­болатын. 1918 жылы бандит Мураевтың ­жазалаушы отряды көршілес ауылдағы бейбіт тұрғындарды жаппай ата бастағанда Нәдір өз ауылдастарын тауға алып кетіп, тіке келген ажалдан көпшілікті аман алып қалған.
Махмут пен оның екі қарындасы әке-шешеден қалған соң панасыз тұлдыр жетімдіктің ауыр тауқыметін тартудай-ақ тартты. Бірақ уақыт тоқтамайды екен, ілгерілей берді. Оның емші екені де рас болып шықты, Махмут есін ерте жиып есейді, 1926 жылы өзі ұнатқан он алты жасар Хевизямға үйленді. Бір жылдан кейін тұңғышы Ризванам келді дүниеге. Одан кейін де екеуі бес перзент сүйді. Бұл колхозда мұрап болып таудан егістікке су жетеледі. Алқаптарды суару маусымында суы мұздай арықты толассыз кешіп жүріп ревматизмге шалдықты. Хевизям болса мектептің еденін жуды, қыста отынын ­жарып, пешін жақты. Тұрмыстың мұншама ауырлығына қарамастан екеуі сондай тату-тәтті тұрды, балаларына да жан шуағы мен бар махаббатын аямай төкті. Құдай-ай, десеңізші, осының бәрі соншама алыста қалған соғысқа дейінгі өмірі еді ғой… Тіпті кеше ғана сияқты еді ғой, айтпақшы…
Әйтеуір үшінші күн дегенде бұлар мінген жүк машинасы аудан орталығына да жетті-ау, ақыры. Шонжыда Махмуттың бірқатар туыстары бар еді, бірақ ол жаяу болса да түнделетіп, туған ауылына жеткенше асықты. Өз шаңырағынан енді оны небәрі жиырма шақырым қашықтық бөліп тұрды.

***

«Бүгін 1944 жылдың ең соңғы күні. Соғыстың тағы бір жылы өтіп барады. Бәлкім, бұл біздің отбасы үшін ең ауыр, ең үрейлі жыл болған шығар» деп ойлады ­Хевизям. Жуырда, өткен қараша айында кенже қызы Светаны жерлеген. Ол 1940 жылы, соғыстың алдында туып еді. ­Тырыли арық, өте аурушаң болды. Қара күзде оңбай суық тиіп, қызуы күрт көтерілді де, денесі күйіп-жанып, үш күн жатып демі үзілді. Оның өлімінен соң өзге балалары кенже қыздың тіпті ересек адамдарша нығарлап айтатын «Құдай бұйыртса, бүгін тоқ болатын шығармыз» дейтін сөзін жылап отырып жиі еске алатын. Бірақ, дастарқаннан бәрі әдеттегідей ашқұрсақ күйінде тұрып, бет-бетіне жөнелетін.
Әбден қажып, қартая бастаған, тіпті жасы отыз төртте дегенге ешкім сенбейтін Хевизям үлкен қызы Ризванамға мейірлене қарап: «Осы болмаса мен не істер едім?!» деп ойлады ішінен.
Он төрт жасқа тола салысымен, 1941 жылы күзде Ризванам МТС-қа кіріп, трактор тізгінін ұстаған. Сөйтіп, оған бір еңбек күні үшін берілетін үш жүз грамм бидай бүкіл отбасын аштықтан құтқарып қалды. Хевизямның өзі де, ержетіп қалған екі ұлы Нодар мен Мұхтар да әрине, қарап отырған жоқ, жалпы елмен бірге тірлікке тынбай араласты.
Ауылдағы жұрттың аштықтан біртіндеп азая бастағанын көз көргелі де, міне, екі жыл болып барады. Кешке бәрі ұйқыға түгел кіріскен сияқты болады, ал таңертең біреудің сол түні келмес сапарға аттанып кеткенін естіп жатасыз. Ел арасында бірен-саран мүгедектер мен кілең жасөспірім балалар қалғандықтан оларға топырақ та көбінесе әйелдерден бұйыратын, өйткені ер азаматтардың бәрі дерлік майданда.
Бойы сұңғақ, күш-қайраты мол, өзі өте еңбекқор болып өскен Ризванам ерте есейді. Соғыс жылдары қатарлас құрбыларымен бірге тракторға тайсалмай отырды. Есімі көпке мәлім атасының көзін көрген жерлестері оның сол кісіге тартқан жігерлі болмысын жіті аңдайтын. Қайран қыз соңғы төрт жыл бойы сабаққа да бара алмады, мәжбүрлік не істетпейді, еріксізден ертелі-кеш жұмысқа тынымсыз араласты ғой. Бірақ арманы оқу екенін шешесінің есіне жиі салып: «Соғыс аяқталып, әкем майданнан аман-есен оралған соң мен мектепті міндетті түрде бітіремін» деп айтып отыратын.

***

Таң атып келе жатыр екен. Аспан ашылыпты, қар толастапты. Тек оңтүстіктегі таудан ескен жайлы бір леп жан сергітетін сияқты. Бүгін суық та райынан қайтып, арты жылымыққа ұласатыны белгілі болып тұрғандай.
Анасының:
– Ризванам, сен бүгін жұмысқа барасың ба? – деген даусы естілді.
– Иә, апа, тракторды жөндеп жатыр емеспін бе. Бүгін соны бітірсем деймін. Ауылда не жаңалық бар өзі? – деп қайыра сұрады Ризванам.
– Якуп әканың кенже ұлы Құрбанға қара қағаз келіпті, Польшада қаза тапса керек. Бүгін Илиевтердің ұлы өлді дейді, аштықтан шығар, – деп баяу күбірлеп, шешесі бір терең күрсініп алды.
– Апа, біздің әкеміз қайда жүр осы?
– Мүмкін Саратовта шығар, әлі емделіп жатқан болар…
– Үйге қашан жетер екен ол кісі, – деді әкесін әбден сағынған Ризванам. Күрт мұңайғанын жасыра алмай қалып, даусы да біртүрлі құмыға шықты.
Хевизям үндемеді.

***

Бір кесе сәбізді шайды жылдам сораптай сімірді де жұмысына жиналған Ризванам үйден шықты. Олардың үйі ауылдың ең шетінде еді. Сәл төменіректе Шонжыға апаратын жол жататын. Жол үстінде келе жатып Ризванамның көзіне сонау алыстағы кішкентай бір ноқат кенет шалына кеткені. Қозғалатындай ма, қалай өзі? Қыз оның адам екенін анық түсінді. «Таң атпастан суыт шыққан бұл кім болды екен?» деп ойлады ішінен. Ноқат үлкейе берді. Енді міне, қыз әкесінің сұлбасын тани сала:
– Дада! Дада! – деп бар даусымен қуана атойлап, әлгі ноқатқа қарай тұра жүгірді. Оның соншалықты қатты шыққан даусынан қорыққан Хевизям мен өзге балалар да үйден атып-атып шыққан. Ағыл-тегіл жылаған, үстіне бірі киім ілсе, бірі іліп те үлгермеген олардың бәрі Ризванамның соңынан әкелеріне қарай құстай ұшқан.
Ал Махмут болса да бұларға қарай екпіндете басып келе жатқан. Иә, ол ­Ризванамды әуелі танымай да қалды. Өткен жылдар ішінде қызы мүлдем есейіп кетіпті. Майданға аттанып бара жатқанында тұлымшағы желбіреген еліктің лағындай ғана кішкентай жасөспірім сияқты еді, ал енді мына өзіне қарай елдің алдымен ағып келе жатқан тұлғасы әсем бір бойжеткен ғой, құдай-ау! Бұл өмірдегі ең жақыны – жан жары мен ең қымбаты – балаларымен жылап-еңіреп қауышқан Махмуттың құшағына ең алдымен кірген Ризванам болды. Одан кейін қалғандары. Біресе жылап, біресе күліп, өзге дүниенің бәрін ұмытқан осы бір ең бақытты сәті енді мәңгі есінен кетер ме, сірә!
Алдымен Хевизям бойын жинады.
– Махмут, кенжеміз Светадан айрылып қалдық, ол өткен қарашада қайтыс болды, – деді де, қайтадан аңырай жылап, күйеуінің өңіріне жығыла берді.
Сағыныш аңсарын баса алмай топтаса құшақтасып, біресе соғыс жылдары көрген азабын айтып тауыса алмай аңыраған, енді бір сәт баяғы тәтті естеліктерді айтып күліскен бұл отбасы әлгі жерде ұзақ тұрып қалғанын көршілері де көрді. Жарадар болса да майданнан елге аман-есен жеткен жеңімпаз солдатпен көрісуге олар да жүгіріп-жүгіріп жетті бір кезде.
Махмуттың майданнан оралғаны ­туралы хабар сол күні бүкіл ауылға тез тарады. Шағын ауылдың барлық ­естияр үлкендері мен бала-шағасы түгелдей сол күні солдаттың үйіне кіріп-шықты десе де болады. Бауыры Апиздің, қызы Светаның, майданда ерлікпен қаза тапқан, ауылда о дүниелік болған барлық жерлес азаматтардың рухына арналған Құран сүресін Махмуттың өзі оқыды.

***

Келесі күні, 1945 жылы қаңтардың 1-де Махмут колхоздың жұмысына шықты.

Исмаилжан ИМИНОВ.
(Орыс тілінен тәржімалаған
Рәтбек САҒИД-УАҺАС).

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Қалдыгүл

    Сағыныш, күту, кездесу, қауышу, қуаныш-бәрі әсерлі жазылған.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.