ЕР ҮРМӘШ

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ana tili»

Гитлершілдер бейбіт елге соғыс ашқанда Үрмәш ауылда егіс бригадирі болып еңбек ететін. Негізі бригадирлік әркім атқарып кете беретін жеңіл жұмыс емес. Қайратты, жігерлі, ұйымдастырушылық қабілеті бар адамның қолынан келетін іс. Бұл талаптардың бәрі Үрмәштің бойынан табылатын. Жүзі әрдайым да жарқын. Қиындық кездессе әлдекімдер секілді сарыуайымға салынбайды. Ұзаққа ­созбай, тезірек еңсеріп кетудің қамын жасайды. Бұл да жетекшіге қажет қасиет.
Бригадирді жетекші деп айтуға толық негіз бар. Оған бригададағы ­сушылар, барлық техника қарайды. Колхоз төрағасының да ең алдымен сөйлесетіні, іздейтіні бригадир. Өйткені егін орағының жай-жапсарын одан артық ешкім де білмейді.
Жұмыстың жағдайымен қырман ­басына келген. Анадай жерде өзіне қарай екпіндей басып келе жатқан пошташы Мырзалы қартты көрді.
– Аман ба, ақсақал. Жүрісіңіз суыт қой…
– Үрмәшжан, жаңа ғана ауданнан ­жаманат хабар жетті. Германия бізге соғыс ашыпты…
Мына жайсыз хабарды естіген Үрмәш бір сәт үнсіз қалды. Сенерін де, сенбесін де білмеді. Күнделікті келетін газет-журналдарды үзбей оқиды. Радионы да тыңдап отырады. Сонда елге төніп тұрған қауіп байқала қоймайтын.
– Мынауыңыз жаңсақ естілген хабар емес пе?
– Қайдағы жаңсақ? Өз құлағыммен естідім. Мұндай хабар жайдан-жай ­айтылмайды ғой.
Үрмәш іштей қарттың сөзін қостады. «Иә, расында да бұл жай емес. Негіз ­болып тұр ғой. Жел тұрмаса шөптің басы қозғалар ма…».
Қырманнан шығып жедел кеңсеге беттегенде пошташы қарттың жеткізген хабарының анық-қанығына толық көзі жетті. Соғыстың басталғаны рас екен.
Үрмәштің бәрінен бұрын уайымдағаны анасы болды. Қанша ­дегенмен ана ғой. Ертең майданға аттанып жатса әрбір күнді оймен, толғаныспен өткізетіні анық. Ағасы Қалманды қалдырса жақсы. Ал екеуі бірдей соғысқа кетіп жатса ана байғұсқа оңай тимейтіні анық. Қасында серік болатын қосағы да жоқ. Сүйген жарынан жастай айрылып, жесірліктің қамытын киді. Әкесі Түктібай жөніндегі көптің пікірі көңіл семіртеді. Нағыз қажырлы еңбектің иесі болыпты. ­Отбасы жадап-жүдемеуі үшін байдың малын бағып, жатпай-тұрмай еңбек еткен. ­Алайда ерте жабысқан ауру меңдеп, Үрмәш бір жасқа толғанда өмірден өткен. Содан да тіршіліктің тауқыметі анасына түсіп, бар ауыртпалықты көтеруіне тура келді.
Үрмәш әскерге шақыру қағазы әне-міне келер деп күтіп жүрген. Неге екені белгісіз, кешіге берді. Шыдамы таусылғаннан кейін аудан орталығына жол тартты. Әскери комиссариатқа келіп, майданға барғысы келетінін айтты. Дереу өтінішін қағазға түсірді.
Бір жеті өтер-өтпестен майданға шақырылғаны туралы ауылға хабар жетті. Жалғыз емес екен. Қатарластары Сұрқаш, Ібірайым, Қалилар да бірге шақырылыпты. Осы төртеуі армияда үш жыл қызмет етіп, биыл ғана әскери борыштарын өтеп келген. Міне, енді тағы да жұптары жазылмай, ел қорғауға аттанбақшы. Бұл жолғы міндеттің жүгі тіптен ауыр.
«Ауылда қала беріңіз» дегеніне қарамай аудан орталығындағы вокзалға ағасы Қалманмен бірге анасы да келді. Құшақтары әрең ажырасты. «Құлыным, аман бол. Хат жазып тұр» деп Наурызбике ана көзі жасаурап, вокзал басында қала берді.
Поезд Мәскеуге жеткенде Сұрқаш пен Қалиды бөліп алып кетті. Ібірайым екеуі ғана қалды. Үрмәш осыған да шүкіршілік етті. Қалай дегенмен де жалғыз емес.
Алда – майдан жолдары.
…Рота командирі тапсырманы қысқа әрі нақпа-нақ түсіндірді.
«Жақын жердегі деревнядан «тіл» әкелу керек. Жай «тіл» емес, жауға қатысты деректер бере алатын «тіл» ­болуы тиіс».
Кеш бата деревняға жетті. Шеткі үйлердің бірінен немістердің даурыққан дауыстары естілді. Көңіл күйлері көтеріңкі. Ішімдік ішіп, тойлап отырған секілді.
Бұлар жақындағанда аула ішінде иығында қаруы бар, арлы-берлі жүрген неміс солдатын байқады. Сірә, күзетші болуы тиіс.
Топтың жетекшісі, кіші ­лейтенант Иванов кезекті іс барысымен ­таныстырды.
– Көріп тұрсыңдар. Мыналар бас қосып, алаңсыз отыр екен. Былай істейміз. Алдымен үнін шығармай күзетшіні жайғаруымыз керек. Ол үшін біреуіміз арғы бұрыштан барып, оны алаңдататындай дыбыс шығаруға тиістіміз. Бұл өте жауапты. Кәне, бұл міндетті қайсың орындайсың?
Төрт жігіттің ішіндегі ересектеуі Үрмәш еді. Үнсіз қала алмады.
– Мен орындаймын.
– Жарайсың, Түктібаев! Біз саған сенеміз. Ана күзетші Түктібаев жаққа бұрылған кезде оның сол мезетте үні өшуі тиіс. Мұны орындайтын қатардағы жауынгер Степанов. Сенің үздік ­спортшы екенің бәрімізге жақсы белгілі. ­Содан кейін қалғанымыз үйдің ішіне лап береміз.
Үрмәш үйді айналып, қораның бұрышына келді. Жайлап, адам жүріп бара жатқандай дыбыс шығарды. Мұны естіген әлгі күзетші бермен қарай бұрылып, құлағын түргендей болды. Осы уақытта Степанов та шаруасына кірісіп кеткен-ді.
Алдын ала келіскендей Үрмәш терезе жанында тұрған. Бір кезде іштен терезенің күл-талқаның шығарып, ­серейген біреу шыға келді. Ойлануға уақыт жоқ. Бұл сасқанынан сыртқа ұмтылған жаудың бірі еді. Автоматтың дүнбісімен қарақұстан бір қойды. Анау үн-түн жоқ, тыраң ете қалды. Жалма жан аузына шүберек тығып, қол-аяғын мықтап байлап тастады.
Терезеден ішке көз салғанда екі немістің қолы байлаулы екенін, тағы екеуінің қанға бөгіп, жерде сұлап жатқанын көрді.
Кейін белгілі болғандай, Үрмәштің ұрып жыққаны жай жау солдаттарының бірі емес екен. Обер лейтенант ­деген атағы бар неміс офицері болып шықты. Қалтасынан майданның карта-­жоспарлары да табылды.
Рота командирі жауынгерлердің ­алдына шығарып, Үрмәшқа алғыс жария­лады. Әскери атағын да өсірді: Енді ол эфрейтор Түктібаев.
…Солтүстік – Батыс майданы. ­Демянск қаласының маңы.
Жау зеңбіректері дамыл табар емес. Снарядтардың бірінен кейін бірі жалғасады. Айнала қою қара түтін. Не нәрсені де ажырату мүмкін емес. Бірақ, сонда да атыстың тоқтайтын түрі жоқ. Жау күшіне мінген. Бұл жердің қожасы өздері секілді. «Бізден құтылып кете алмайсыңдар» дегендей бас көтертер емес.
Мұнысы аздай әуеден жау ұшақтары көрінді. Жарылыстан құлақ тұнады. Бомбаны аямай тастап жатыр. «Тышқанға да жан керек». Ұшақтар биікте жүр. Төмендеуден қорқатындай. Содан да ­болар, бомбалар нысанаға дөп тиіп жатқан жоқ. Жобалап тастайтын секілді.
Біздікілер де қарап жатқан жоқ. Жаудың бетін қайтару үшін түрлі айла-шарғыларды жасап бағуда. Ара-арасында зениттердің орны ауыстырылады. Мақсат – ретін тауып жауды қыспаққа алу.
Жау жағы зеңбіректен атуын баяулатып, енді алаңға танкілерін шығарды. Ірку, сескену жоқ, қара жыландай жер бауырлап келеді. Бұдан әрі төзуге болмайтын еді. Алдарынан өлім күтіп тұрса да рота жауынгерлері танкілерге қарсы ұмтылды. Гранаттың бірінен соң бірін лақтырды.
Үрмәш бір кезде кіші лейтенант ­Ивановты зембілге салып, алып келе жатқан екі жауынгерді байқап ­калды. ­Жанынан өтіп бара жатып басын көтерген взвод командирінің «Түктібаев, ­взводты саған тапсырдым. Қош бол…» деген ­дауысы үзіліп кете берді.
Бұрылуға уақыт жоқ. Қандай азамат еді. Жауынгерлердің қамқоршысы болатын. Соғыстың кесірі. Мұндай жүрегі таза жандарды өлімге қиярмысың.
Үрмәш пулемет тұтқасын нығырлай ұстап, оқты үсті-үстіне жаудырды. Жауға деген кек, кіші лейтенанттың қазасы ­бойына тың күш қосып, дұшпанның оғынан да сескендірер емес.
Оғы бітіп қалыпты. Оң қапталында серігі Тайыров бар еді. Траншея ішімен солай қарай беттеді. Шошып кетті. ­Тайыров еш қимылсыз, шалқасынан жатыр. Жау оғы маңдайдан тиіпті. Жанындағы пулеметін алып, қарсыдағы дұшпанның бірінен соң бірін сұлатты.
Қайдан шыққаны белгісіз, аспанда өзіміздің истребительдер шаң берді. Жау жағы мұны күтпеген болу керек. Окоптарын тастап, тым-тырақай қаша жөнелді.
Ет қызуымен байқамапты, Үрмәштың оң аяғына снаряд жарқыншағы тиіпті. Атыс тоқтағанда бір-ақ білді. Аяғы қозғалтпайды. ­Жанын көзіне көрсетіп, тыныш ­таптырмады. ­Госпитальге барғанда сезді, етінің бүлінгені болмаса, сүйегі аман.
Госпитальде бір айдай жатуына тура келді. Созылып кете ме деген, бір жақсысы аурудың беті қайтты. Демек, алдыңғы шепке аттануға, жаумен қайта шайқасуға болады. Үрмәш бәрінен бұрын осыған қуанды.
…Тағы да кезекті тапсырма. Жаудың қалай орналасқанын, қару-жарақтарының жайын білу.
Бес жауынгерден құралған топты басқару Үрмәшке жүктелді.
Межелі жерге жақындағанда жауынгерлерді екі топқа бөлу ұйғарылды. Үрмәш пен Петро бірге болмақ. Бұл Петроның ұсынысы. Екінші топты Павел басқарды.
Жазық алаңқайдан шыққанда қарағайлы орман басталды. Бұл жау шебінің жақын екенін аңғартады. Алдыңғы жақтан зеңбіректер көрінді. Бергі бетте мылтық асынған күзетші. Қараңғы түнде кім келетін еді деп ­ойлайтын болса керек. Жайбарақаттық байқалады. Ұзақтау жүреді де, асықпай кейін оралады.
Күзетшінің әр қимылын көзден таса қылмаған бұлар сәтін тауып жау жаққа кіріп үлгірді. Зеңбіректердің, танкілердің, басқа да дүниелердің саны қанша екендігі шамамен байқалып тұр. Демек, қазірдің өзінде тапсырма орындалды деуге ­болады.
Көп аялдамай кейін жылжыған жөн. Қырсыққанда осы кезде күзетшілердің қарасы көбейді.
Сақтықпен ілгері қадам басты. Бәрі де ойдағыдай. Соңғы күзетші тұсынан өте берген кезде сылдырды сезіп қалды. Алайда дыбыстың нақты қай ­жерден шыққанын байқамады. Бас-көзге қарамай төтелеп оқ жаудырды. Кенет жанындағы Петроның аузынан: «Ой» деген дауыс естілді. Оқ тиіпті. Петроны арқасына салып, қалың орманды бетке алды. Жолдасының жарасы ауыр екен. «Мені осы жерге қалдыра бер. Әйтеуір бір өлім ғой. Ажалым жеткен болар. Сен тоқтамай, штабқа тарт. Олар бізді күтіп отыр. Көрген жайды жеткіз… » дейді ­Петро даусы әрең шығып.
Үрмәш оны тыңдаған жоқ. Петроның денесін ауырсынса да мұнысын білдіртпеуге тырысып, алған бетінен қайтпады. Рас, қатты шаршады. Әл-дәрмені құрып әрең жылжып келеді. «Мына түріммен жете алсам болар еді» дейді ішінен.
Орманның шетіне іліне бергенде біреулердің сөйлеген үні естілгендей болды. Сенерін де, сенбесін де білмейді. Қараңдаған үш адам көрінді. «Бағанағы үшеуі ғой. Біздің жігіттер ғой».
Расында да Үрмәш қателеспеді. Бұлар Павел бастаған үш жігіт болатын.
Павел Петроны арқасына салып алды. Ана екеуі әбден қалжырап, демі құруға шақ қалған Үрмәшты сүйемелдеді.
Жаратқанның, қала берді госпитальдегі дәрігерлердің көмегі ­болар, Петро екі-үш айдан кейін сауығып, қатарға қосылды. Оның Үрмәшқа деген ризашылығы шексіз. «Рақмет саған. Сенің арқаңда аман қалдым. Сен маған екінші өмір сыйладың. Бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын» дейді кездескен сайын ағынан жарылып. Ондайда Үрмәш: «Бұлай істеу әрқайсымыздың міндетіміз. Сондықтан таңданатын ешнәрсе жоқ. Ең бастысы біз біргеміз» дейді қашанғы қарапайымдылығына салып.
Үрмәштің бұл адамгершілігі көпке дейін жауынгерлер қауымынына үлгі-өнеге ретінде айтылып жүрді. Үрмәш ­болса мұндай мадақты ыңғайсыз сезінетін. «Менің орнымда басқа біреу болса да осылай істемей ме…» дейді ішінен болған жайтқа соншама мән беріп жатқандарға таңырқап.
…Үрмәш жоғарыда тілге тиек етілген оқиғалардың талайын бастан кешірді. Соғыс дегенің өліммен арпалыс. Ажал сені келіп қашан бас салады – мұны білу қиын. Мақсат кеудеңде жанын барда жауға есеңді жібермеу. Тек алға ұмтылу. Кейін шегіну өліммен тең. Өйткенше дұшпаныңмен арпалысып, көз жұмған әлдеқайда жақсы.

Үрмәш майданға аттанарда анасына да, ауылда қалған сүйген қызы Қаракөзге де: «Ешқандай алаңдамаңдар. Жауды жеңіп аман-есен ораламын» ­деген. Қандай өкінішті! Бұл уәдені орындау мүмкін болмады. Оған әрине Үрмәш кінәлі емес. Ол өзіне өлім тілеген жоқ. Фашистермен болған қанды шайқас, Отанға, туан елге деген сүйіспеншілік, бойдағы қайрат пен намыс оны жеңіске, жетістікке ұмтылдырды, сол үшін де ­жанын аяған жоқ. «Ер бір туып, бір өледі» деген қағиданы берік ұстанды. Дұшпанның басынуына жол бермеді. ­Жауды жеңіп барып, өзі де жарық дүниемен қоштаса берді. Бұл өзі қалай болып еді?..
1944 жылдың 18 шілдесі. Латвия жері
Немістер Грейдани деревнясына бекініп жатты. Тапсырма – жауға соққы беріп, кейін шегіндіру.
Тапсырманы орындау оңай болмады. Өйткені жаудың саны да, техникасы да мол еді.
Шайқас үш күнге созылды. Екі жақ та беріспеді. Бір деревня шамалы уақытта фашистердің қолына түссе, біраз уақыттан соң біздің жауынгерлер иеленіп отырды.
Жаудың Грейданиден айрылғысы келмейтіні – бұл жерде қалың орман бар. Бекінуге қолайлы. Ыңғайлы жерден қол үзіп қалса – шаруалары бітті. Алдыңғы жақ жазық. Бұларға тиімсіз болғанымен қарсыластарына пайдалы. Жан беріп, жан алысудың сыры осында жатыр.
Деревнядан шеткері сай бар болатын. Бұл біздің әскердің шегінуіне жақсы. Өйтпесе болмайтын еді. Күш жинап алу керек. Сосын барып қарсы шабуылды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Міне, әлгі сайға жауды өткізбеу Үрмәштың бөлімшесіне жүктелді. Жау жағы да бұлардың ой-жоспарын сезгендей. Бөлімше жауынгерлерін нысанаға алып, оқпен төпелеп жатыр.
Бір сәт төңірегіне көз тастаған Үрмәш төбе басында жалғыз қалғанын білді. Жанындағы көмекшісі Павел де оққа ұшыпты. Арғы жақтағы екі автоматшы да көз жұмған.
Фашистер Үрмәшты тірідей қолға түсіргісі келетін секілді. Таса-тасамен жылжып келеді. Үрмәш болса пулеметін тастамай, атысты тоқтатқан емес. Бір уақытта оқтың да таусылғаны байқалды. Автоматтың оғы болса бағана біткен. Ендігісі – қолма-қол ұрыс. Жендеттерді автоматтың дүмбісімен ұрып, бірінен соң бірін құлатуда. Осы кезде әуеден кеңестік ұшақтардың гүрілдеген даусы естілді. Жау жағы шегінуге мәжбүр болды. Үрмәштың тірідей қолға түспесін білді ме, бір сағат бойы берілмей, табандылық танытқан ержүрек жауынгерді нөсерлеткен оқтың астына алды. Қазақтың қайсар ұлы екі қолын екі жаққа жайып құлай берді…
Үрмәштың денесі латыштың ­Перели деревнясында жерленді. Оны ­жерлеуге бүкіл полк қатысты деуге ­болады. Осы жиында оның мемлекеттің ең жоғары марапаты – Кеңес Одағының ­Батыры атағына ұсынылғаны ­айтылды. Бұл ұсыныс жоғары жақтан кейін қабылданды. Үрмәшқа қаза болғаннан кейін Батыр атағы берілді.
Ел басына ауыр күн туған сол сұрапыл жылдары Сыр өңіріндегі Қазалы топырағынан он екі мыңнан астам адам майданға аттанды. Олардың жартысы туған жерге оралмады.
Еліміздің басқа азаматтары секілді соғысқа шақырылған қазалылықтар да гитлершілдермен аянбай шайқасты. Олардың көбісі естен кетпес ерліктері үшін түрлі марапаттарға ие болды. Бес жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Солардың бірі болашақ бейбіт өмір үшін жанын пида еткен Үрмәш Түктібаев болатын.
Үрмәш жау қолынан қаза тапқанда оның өлімін бәрінен бұрын анасы ­Наурызбикеге естірту оңай болмады. Қайран ана Үрмәшты қаза табады деп еш ойлаған емес. Аман-сау оралатынына сенімді еді. Ал жағдай басқаша өзгерді.
Аудан және ауыл басшылары ақылдаса келе көпке танымал жергілікті ақын Нұрсұлтан Жұбатұлына сенім артқанды жөн көрді. Сөзді бастау соған жүктелді.
Нұрсұлтан Жұбатұлы Қазалы ­ауданына қарасты Қожабақы ауылының Құланбай деген жерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таниды. Он бес – он алты жасында өлең шығарып, ақын жігіт атанады. Қазалы қаласындағы бір жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітіреді. Мектептерде мұғалім болып қызмет атқарады. Кейін Ташкенттегі мұғалімдердің білімін жетілдіретін курста оқиды. Мектеп меңгерушісі, колхоз партия ұйымының хатшысы болады.
Ақынның шығармашылығындағы негізгі тақырып – Екінші дүниежүзілік соғыс болды. Майдан мен тыл адамдарын жаумен белсене шайқасуға, жеңіс үшін білек түре еңбек етуге шақырды.
1943 жылы Қызылорда қаласында өткен облыс ақындарының жиынына қатысқан Нұрсұлтан «Майданнан хат», «Майданға хат» деген өлеңдерін оқиды. Жиынды өткізуге келген Жазушылар одағының өкілі, ақын Әбділда Тәжібаев пен қазылар алқасының төрағасы, ақын Асқар Тоқмағамбетов бірауыздан әлгі өлеңдерге бірінші орын береді. Аталған туындылар ертеңіне облыстық газетке басылып, бүкіл елге тарайды.
«Алға» ауылындағы Наурызбике ананың шаңырағына төрт адам келді. Олардың бірі аупарткомның бірінші хатшысы, екіншісі колхоз төрағасы, үшіншісі облыстық кеңес атқару комитетінің қызметкері, төртіншісі ауыл ақыны.
Сөзді Нұрсұлтан ақын бастады. Өйткені ол Үрмәшты бала кезінен білетін. Сосын кезекті өзі шығарған өлеңге берді:
Ардақты Наурызбике, қадірлі ана,
Ер болды емшегіңді емген бала.
Туад деп «алып анадан, ат биеден»
Айтылған сөз бар бұрын қарияда.
Қалады жақсыдан – ат,
қаламнан –хат,
Шығады бойдан – қайрат,
ойдан – сана.
Ұл болсаң елің үшін ер бол дедің,
Тоғыз ай, он күн сақтап құрсағыңа.
Бал беріп, су сұраса сүт емізіп,
Ағыздың ақ төсіңнен екі сала.
Ақ жүзің балдырғанның балбыратып,
Мойнына маржан байлап,
тақтың жыға.
Дүниеге тұр кіргізіп, гүл көгертіп,
Үрмашты елден бөлек тудың дара.
Көп болды апа Сізді көрмегелі!
Әдейі көрейін деп келдім жаңа.
Сіз бе еді Ер Үрмашты туған ана,
Ақылың қатарынан етіп дана.
Өсірдің алдыңа алып әуелдетіп,
Ешқандай жүрегіңе салмай жара.
Алыпты біздің Үрмаш батыр атын,
Біз соны айта келдік анасына.
Тарихта батыр да өткен, шешен де
өткен,
Кім келіп, кім кеткен жоқ,
бұл дүнияға.
Майданда біздің Үрмаш жауды
қырған,
Ол неге ер болмасын өзің туған.
Арғы атаң Кішкененің Жанқожасы,
Бергі атаң Бекарыстан ел қорғаған.
Өз әкең Матығұлдың Түктібайы,
Ер еді, егес жерде төгетін қан.
Олардың жүрегі май көзі қанды,
Бөрідей жауға шабар аңсыраған.
Тас түлек бидайықтың балапаны,
Айнымай атасына туған ұлан.
Кешегі қанды соғыс қырғын жерде,
Үрмашқа қарсы неміс қаңсыраған.
Ақырған айбатына жау шыдамай,
Тау толқын қаһарына қалтыраған.
Қамалға қасарысқан қарсы шауып,
Ел үшін, ерлікпенен беріпті жан…
Өлеңнің осы тұсына келгеннен-ақ ана көкірегі қарс айрылып, көз жасына ерік берді. «Көптен хат келмеп еді. Осындай жағдай болған екен ғой. Байғұс балам-ай, алаңдама, аман-есен оралам деп едің ғой. Бұл неғылғаның? Балапаным-ай, қарғам-ай, енді не істеймін? Ажалдың сені алғанша мені алғаны дұрыс еді ғой…» деп аңырағанда дауыс ауыл ішіне жайылып жатты.
Көп ұзамай-ақ Үрмәштың ерлігі төңірекке тез тарап кетті. «Ол өзі ерлік ­жасау үшін туған жан еді» деді оны білетіндер. Бір жағынан ауылдастарының бойын мақтаныш кернеді. Сыр жерінде өздерін таныстырса «Батыр Үрмәштың ауылынанбыз», «Ер Үрмәштың жақындарымыз» дейтін болды олар.
Батыр аты бара-бара аңызға айналды. Осы ретте бір азаматтың еңбегін бөле-жара айта кетуге болады. Ол – елінің ардақтысы, талантты жазушы Әлмәмбет Әлішев ағамыз. Қазалы жерінде туып, Латвия республикасында теңдесі жоқ ерлік ­жасап, мерт болған Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтың өмірі мен жауынгерлік ­жолын көз майын тауыса, ұзақ жыл зерттеп, кейбір құжаттарда «Ормаш Түйтебаев», «Орман Тоқтыбаев» болып қате жазылған аты-жөнін қалпына келтірді. Латвияға өзінің жеке қаржысы есебінен алты рет барып, батырдың бұрын қолда болмаған суретін және қабірін тапты. Сөйтіп, сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібаевты тірілтіп, туған халқына қайта қауыштырды. Әлмәмбет Әлішевтің қаһарман жауынгер туралы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Совет Одағының Батырлары» сериясымен «Үрмәш Түктібаев» атты кітабы, 1970 жылы сол баспадан «Батыр болып тумайды» повесі жарық көрді. «Батыр болып тумайды» повесін аудармашылық талантын атақты жазушы Шыңғыс Айтматов жоғары бағалаған Лина Қосмұхамедова орыс тіліне тәржімалады. Бұл повесть 1972 жылы латыш тіліне аударылып, Рига қаласындағы «Лиесма» баспасы арқылы оқырман қолына тиді.Осы кітап туралы кезінде республикадағы газеттер мен журналдар, одақтық «Правда» газеті мен «Литературная газета» жақсы лебіздер ­жариялады.
Жамбыл Жабаевтың Алматыда өткен 125 жылдық тойында Латвия ­компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы А.Э.Восстың сөйлеген сөзінде Үрмәштің ерлігін қазақ пен латыш халқының достығының белгісі ретінде айтқан пікірі сол уақытта еліміздегі «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған еді.
«Ерлік – елге мұра» дейміз. Қазалы жұрты Үрмәш атын ұмытпастай, есте қалдыру жолында бірқатар игі шараларды жүзеге асырды. Батырдың туып-өскен ­ауылы қазірде Үрмәш Түктібаев ауылы атанады. Оның есімін иеленген орта мектеп те бар. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында жиындар, басқосулар өтіп, міндетті түрде батыр есімі еске алынады, өмірі мен ерлік жолдары сөз болады. Үрмәштың туғанына жүз жыл ­толуына байланысты батыр ­ауылында оның ескерткіші бой көтерді.
Айтпақшы, соғысқа аттанған Үрмәштың ағасы Қалман қанды қырғыннан аман-сау елге оралды. Бұл да болса Наурызбике анаға сүйініш еді. «Алла Тағала, мұныңа да шүкіршілік» деп көз жасын тыйғандай болды. Дегенмен орны бөлек Үрмәшін көзі жұмылғанша естен еш шығарған емес.
Латыш жеріндегі Нерза поселкесінде бауырластар зираты орын тепкен. Сондағы көп қабірлердің бірінен «Кеңес Одағының Батыры, кіші сержант Үрмәш Түктібаев. 1917-20.VII .1944» деген ­жазуды оқуға ­болады. Денесі шет жерде қалғанымен батыр есімі өзі сүйіп, ­ерекше қастер тұтқан туған елінің мәңгілік ­жадында.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.