ШЫҒЫНМЕН ЖЕТКЕН ЖЕҢІС

Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымының докторы,
Ауған соғысының ардагері

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Бұл  соғыс миллиондаған адамды құрбан етіп, халық шаруашылығы мен экономикаға да ауыр зардап әкелді. Қазақстан Республикасынан майданға аттанғандар мен соғыста қаза тапқандар да аз емес.

Еске алу күндері мінбелерден жиі айтылатын «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген ұранға қарамастан, бұл соғыстағы құрбандар санын анықтау ұзақ жылдарға созылғаны анық. Бірнеше жыл бойы соғыста қайтыс болған Кеңес Одағы халқының санының анықталмауы қоғамда болжамдар мен жорамалдарды, қисынсыз салыстырулар мен саясаттандырылған аңыздарды туындатты.
Кеңес Одағындағы адам шығынының шынайы ауқымын анықтау барысын ­шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Біріншісі – Сталиннің жеке басына табынған жылдар. Соғыстан кейінгі 15 жыл бойы Кеңес Одағы халқының шығыны 7 млн адам деп бағаланды. Алғаш рет бұл сан 1946 жылдың ақпанында жарияланды, бірақ сол кездің өзінде соғыста қайтыс болғандар саны 15 млн деген деректер де белгілі болатын. Соғыстағы адам шығынын анықтаудың екінші кезеңі «Хрущев жылымығы» мен «Брежневтің тоқырау кезеңіне» келеді. Н.С.Хрущев билігі тұсында соғыс «жиырма миллион Кеңес адамының өмірін қиды» делінсе, Л.И.Брежнев тұсында бұл майданда мемлекет «20 миллионнан аса адамынан айырылып қалды» деп көрсетті. Көп жылдар бойы осы цифрлар нақты деректер көзіне айналып келді. Үшінші кезең М.С.Горбачевтың қайта құру уақытымен байланысты. 1990 жылы 8 мамырда КСРО Президенті М.С.Горбачев Жеңістің 45 жылдығына арналған баяндамасында соғыстың 27 млн-ға жуық Кеңес халқының өмірін қиғанын атап өтті.
КСРО Қарулы күштерінде қолына қару ұстап соғысқа қатысқан әскердің ­жалпы шығыны – 11 млн 944,1 мың адамды құрайды. Оның ішінде 5 млн 226,8 мың адам – шайқаста қаза тапқандар мен санитарлық эвакуация кезінде жарақаттан қайтыс болғандар; 1 млн 102,8 мың адам – госпитальдарда көз жұмғандар; 5 млн 59 мың адам – тұтқынға түскен немесе хабарсыз кеткен әскерилер. Ал аурудан қайтыс болғандар, түрлі оқиғалар кезінде қайтыс болғандар, әскери трибуналдың үкімімен атылғандар саны – 555,5 мың адам.
Қаза болған жауынгерлердің жасы ­туралы айтсақ, жас әрі қайратты адамдар көп көз жұмды. Мәселен, жарақат пен аурудан қайтыс болғандардың және тұтқыннан оралмағандардың 74%-ы – 19-35 жас аралығындағы әскерилер, қалған 2 253 800 адам 36-51 жасқа дейінгілер және одан да егде адамдар. Жараланған, контузия алған және әртүрлі дәрежеде күйік шалғандардың саны – 15 205 592 адам, олардың 2 576 мыңы мүгедек болып қалды. Соғыс жылдары ­ресми статистика 3 млн 48 мың ауыр науқасты және 91 мың үсіп қалған адамдарды тіркеген. Дәрігерлердің жан аямай жұмыс істеуінің арқасында жарақаттанған адамдардың 73%-ы қайта сапқа оралған.
Соғыстың әртүрлі кезеңінде Кеңес-Герман майданында екі жақтан бір уақытта шамамен 13 млн адам, 84 мыңнан 163 мыңға дейін зеңбірек пен миномет, 20 мыңға дейін танк және артиллериялық қондырғылар мен зеңбіректер, 6,5 мыңнан 18,8 мыңға дейін ұшақ шоғырланды.
Кеңес армиясы мен оның Әскери-теңіз флоты немістердің басты күшін құраған 607 дивизиясын талқандады. Германия адам шығынының 72%-ы Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес-Герман майданына келетіні кездейсоқтық емес. Кеңес-Герман ­майданында вермахтың әскери техникасының негізгі бөлігі де жойылды: 75%-ға дейін танк пен шабуылдау қаруы, 75%-дан аса авиация, 74% артиллерия қаруы. Немістер орташа алғанда күн сайын 55 ұшақтан, 118 артиллериялық ату қондырғыларынан, 34 танк пен шабуылдау қаруынан айырылды.
Кеңес-Герман соғысындағы қиян-кескі шайқастар Қызыл Армияның 10 ­миллион тоннадан аса оқ-дәрілер, 13,4 ­миллион тонна отын, шамамен 40 миллион ­тонна азық-түлік пен жем-шөп жұмсағанын көрсетеді. Осы соғыстағы ірі шайқастар барысында Қызыл Армияның әскери техникасы мен қару-жарағы да көптеп жойылды. 1941 және 1942 жылдары Кеңес әскері кері шегінгенде атыс қаруы – 62%, танк пен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы – 36,8%-ке кеміді. 1943-1944 жылдары бронды танк техникасының шығыны ­артты. Соғыстың бірінші кезеңінде қару мен минометтың шығыны көп болды – 65,7%. Соғыс қимылының алғашқы күндері ең үлкен шығынға авиация ұшырады, бірақ оның ең көп мөлшері 1943-1944 жылдарға сәйкес келеді – 48,5%, бұл кезде әуеде үстемдік ету үшін қиянкескі күрес басталған еді.
Орташа есеппен Кеңес әскері атыс қаруының 11 мыңы, 68 танк, 224 қару мен миномет, 30 ұшақ тәулігіне істен шығып отырған. Соғыс жылдары неміс әскері кеңес әскерінің 1014 кеме мен түрлі ­санатты қайығын, оның ішінде 314 жер үсті кемесі мен суасты қайығын, 139 торпеда катерін, 128 теңіз сүңгуір қайығын, 77 ­бронды транспортерді, минометшілердің 168 қайығын, 188 патрульдік қайықты және басқа да қайықтарды жойған.
КСРО-ның соғыстағы адам шығыны – ұрыста өлгендер мен госпитальдарда жарақаттан қайтыс болғандар, із-түзсіз жоғалғандар, тұтқыннан оралмаған әскери қызметкерлер, партизандар мен сарбаздар ғана емес. Осы қаралы тізімде аштық пен аурудан қайтыс болған, бомбалау мен зеңбірек оғын жаудырған кезде жан тапсырған, басқыншының жазалау акциялары барысында құрбан болған, лагерьлерде қиналған, сондай-ақ Германияға айдалған және ол жақтан оралмаған бейбіт азаматтардың да есімдері бар. Неміс концлагерлеріндегі өлім статистикасына үңілсек, 5 млн 700 мың Кеңес әскери тұтқынының аштық пен аурудан қайтыс болғаны – 3 млн 300 мыңға жуық адам, яғни лагерь тұтқындарының 57% опат болған немесе атылған.
Майдан маңы аудандарындағы тұрғылықты халық арасындағы шығын ерекше көп болды. Көптеген ірі елді ­мекендер ұрыс алаңына айналды. Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-ның 7,4 млн-нан аса бейбіт тұрғыны көз жұмды. ­Германияда түрлі жұмысқа жегіліп қайтыс болғандарды қосқанда КСРО-дағы бейбіт халық құрбандарының қорытынды саны 13 млн 684 мыңнан аса адамды құрайды. Демек, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Кеңес Одағы азаматтарының жартысынан астамы – бейбіт тұрғындар.
1941-1945 жылдардағы соғысқа Қазақстан халқының төрттен бірі аттанды. Қазақстанда соғыс жылдарында 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта полк пен батальондар жасақталды. Қазақстандық құрамалардың жауынгерлік жолы 1941 жылы Мәскеу түбінен басталып, 1945 жылы көктемде Берлинде аяқталды. Олар Ленинградты қорғады, Сталинградтың түбінде, Курск иінінде шайқасты, ­Украинаны, Белоруссияны, Молдованы, Балтық елдерін азат етті, Еуропа халықтарын да фашистік езгіден құтқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанда 6,2 млн адам мекендесе, соғыс жылдары 1,9 млн адам майданға ­аттанды. ­Шамамен 200 мыңдай қазақстандық ­жауынгер тұтқынға түсіп, олардың басым бөлігі концлагерлердегі азаптау мен қорлаудан көз жұмды. Соғыс даласында қаза болып, майданнан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000 шамасында, оның 350 мыңнан астамы қазақтар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.