ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН МЕРГЕН

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
журналист, жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Ыбырайым, Мырзаби,
Жау қыруға тоймаған.
Кезенгенге боп қырғи,
Көрінгенді қоймаған.
Кеңес етіп соны ылғи,
Күндіз-түні ойланам.
Сол батырлық болып күй,
Өлеңімді қозғаған.

(Жыр алыбы Жамбылдың 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері мен командирлерінің хатына жауап өлеңінен).

Неміс фашистерінің 239 әскерін жер жастандырса да Ыбырайым Сүлейменовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді. Сол әділетсіздікті тәуелсіз еліміздің Халық Қаһарманы атағымен өтесек, өткен өкініштен арылар едік…

Ғасырдан-ғасырға жалғасқан ата-баба дәстүрі бойынша ен даланы емін-еркін жайлаған ағаш уықты, киіз туырлықты жұртты күштеп ұжымдастырып, қырғынға ұшырату Сарыарқа қазақтарын да айналып өткен жоқ. Міне, сол кезде селеуі желбіреген Сарысу өзенінің бойынан алты мыңдай отбасы оңтүстікті бетке алып, Қаратау ­бойына қарай үдере көшті. Көнекөз қариялар сол алты мыңның екі мыңдайы ғана Қаратау бойына аман-есен табан тіреген дейді. Міне, сол үркіншілікке ұшыраған ағайындар арасындағы Сүлеймен деген кісінің шаңырағында Ыбырайым да бар еді. Өмірге 1911 жылы келген ол бұл кезде мұрты тебіндеген бозбала жігіт болатын.
Әрине, қазір кейбір деректерде Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары қазақ халқының атын шығарған осы мергенді Жамбыл облысы ­Сарысу ауданы Ұйым ауылында 1908 жылы туды деп көрсетіп жүр.
Бұл, әрине, қате. Өйткені Сарысу ауданының өзі беріде, 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылғаны белгілі. Тіпті осы қаулыға сәйкес ­Сарысу ауданы ол кезде Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округіне қарапты. Сондықтан батырдың еңбекке алғаш араласқан шағын ­Сарысу ауданы Ұйым ауылында өтті десек нағыз тарихи ақиқатқа жақындай түсер едік. Сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов арып-ашып келген халықты қамқорлыққа алып, өтініштеріне түсіністікпен қарап, атажұрттары Сарысу атауын сақтап қалғанын да жергілікті халық ерекше бір жылылықпен әңгімелейді.


Сонымен, Ыбырайым – Сарысу ауданының «Қызыл Күншығыс» кеңшарында алғаш рет еңбекке араласты. Ал 1939 жылы осы шалғайдағы ауданнан Жамбыл қаласы маңындағы Жамбыл ауданына көшіп келіп, осы ауданға қарасты Жамбыл МТС-інде тракторшы болды. Ал 1941 жылы 30 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылды. Наградаға ұсынған қағазында мерген Ы.Сүлейменовтің ­мекенжайы «Жамбыл облысы, Жамбыл қаласы, Билікөл көшесі, 80/10» деп, ал әскерге шақырылған жері «Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл аудандық әскери комиссариаты» деп жазылған.
Ыбырайым майданға орда бұзар отыз жасында аттанды. Бұл кезде ол жары Базаркүл екеуі отбасын құрып, тұңғышы Алмагүлдің апыл-тапыл басып жүрген үш жарым жасар кезі болатын. Сәби иісін емірене иіскеп, мауқын басқанымен қыз артынан ілесер қара домалақты да күтіп жүрген. Бірақ сұм соғыс оған қаратты ма? Әскерге шақырылған бозымдармен бірге ол да қан кешу, қасап майданға аттанып кете барды.
Анасы Тынышбала қайсар жан еді:
– Балам, анаңның ақ сүтін ақтаймын десең ата жауыңнан кек алып, абыроймен орал! – деген, ­баласын соғысқа шығарып сап тұрып.
Қашан да жайдары, көңілді жүретін Ыбырайым сонда анасын жас балаша еркелей құшақтап:
– Апашым, апатайым! Аманатың ақталады, – деп сыбырлаған екен құлағына.
Бойында Сарыарқа сал-серілерінің, ақындары мен жырауларының қаны бар емес пе, Ыбырайым майданнан жазған бір хатында анасына:
Қабырғалы қалың ел,
Алыста жатқан қазағым.
Елдігің үшін болашақ.
Соғыстың көрдік азабын.
Өлімге де бас тіктік,
Көрмеуге фашист мазағын.
Отан үшін қидық біз,
Жігіттіктің базарын! –
деп өлеңдетіп, жан сырын ақтарыпты. ­Ыбырайым бастаған жігіттерді ұрысқа бірден алып кеткен жоқ. Олар әуелі Алматыда жасақталған қазақтың 100-атқыштар бригадасы сапында дайындықтан өтті. Бұл – 1941 жылдың қазан-қараша айлары болатын. Ыбырайым, міне, осы бригадаға қарасты екінші батальондағы мергендер сапында болды. Сол 100-атқыштар бригадасының танкіге қарсы ұрыс салатын дивизионының комсоргі, кейін 1-Брест дивизиясының батальон порторгі болған, Ыбырайымның қанды көйлек жолдастарының бірі Ахметқазы Болатовтың:
– Командиріміз Ушаков жаттығу өткізген ­сайын: «Мерген болсаңдар, Ыбырайым Сүлейменовтей болыңдар деп айтатын» деген естелігі болашақ батырдың бейнесінен сыр шерткендей. ­Ыбырайым туралы көптеген естеліктердің біріндегі «Кім ­мерген болғысы келеді?» деген командирдің ­сауалына ­Ыбырайым «Мен!» деп, бір қадам алға шықты. «Аңшысың ба?» деді командир. «Иә, бұрын даладағы жабайы аңдарды бір атқаннан құлататынмын. Ал, енді бейбіт елдің тыныштығын бұзған мына фашистерді де жабайы аңдар сияқты жер жастандырғым келеді» деген сөзі, бәлкім, осы кезде айтылған болар. Әлде, 1943 жылы армия ­генералы А.Еременкомен болған әңгімеде тарады ма екен жұртқа? Бірақ, қай жерде, қай уақытта айтылса да, гәп – осы сөздің тарихи шындығында.
1943 жылдың ақпан айында 100-ші атқыштар бригадасы бағыттарын Невель қаласына түзеп, алға жылжыды. Маусым айы туғанда Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-ші тегеурінді армияның басшылығына К.Н.Галицкий келді.
Әскери дағды бойынша ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізіледі. Міне, осындай жаттығулардың бірінде қолбасшы А.Еременконың өзі Ыбырайымның құралайды көзге атқан мерген екендігіне тәнті болады. Тіпті риза болғаны сонша, дәл сол жерде Ыбырайымның гимнастеркасының өңіріне «Қызыл Жұлдыз» орденін қадап, мергенге өзінің қол сағатын сыйлайды. Содан соң қазақ жауынгерін қапсыра құшақтап:
– Жауынгерлік есеп кітапшаңдағы «239 фашисті жер жастандырды» деген жазудың растығына көзімді жеткіздің. Нағыз батыр екенсің! Сен Отаныңа, халқыңа керексің! Аман бол! – дейді.
3-ші тегеурінді армияның ­генералы К.Н.Галицкий де «1941-1945 қаһарлы ­жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін:
– Жеке құраммен таныстырып жүріп, маған екі мергенді көрсетті. Бірі – аға сержант, «Қызыл Жұлдыз» орденді Ыбырайым Сүлейменов, ал екіншісі – Ахмет Жұмағұлов. Біріншісі – 239 фашистің көзін жойса, екіншісінің есебінде 101 жендет бар екен, – деп сүйсіне суреттейді.
Бұл кезде армия генералдарының қолынан орден алып, мақтауға ие болған қарапайым қазақ жауынгерлері некен-саяқ болатын.
Ыбырайым өзіне сеніп тапсырылған №470000 мергендер винтовкасымен Калинин майданының сапындағы алғашқы шайқастардың өзінде 79 фашистің көзін жойса, Великие Луки қаласы үшін болған қанды қырғында 60 жау әскері оққа ұшырады.
Маусым айындағы жаттығуда армия ­генералы А.Еременконың қолынан «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болып, қол сағат таққан Ыбырайымды шілде айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. 239 жауды жер жастандырған мергеннің атына бұл атақ өте лайықты еді. Бірақ 3-ші тегеурінді армия әскері кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары қолдамай, тек қана Ленин орденіне лайық деп мергеннің жауынгерлік ерліктері жазылған құжатты Мәскеуге жіберді. Сол құжат ­бойынша Ыбырайым Сүлейменовке 1944 жылдың ­4 маусымында КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Ленин ордені берілді.
Ал Батыр атағы неге берілмеді? Қазақ жауынгеріне Батыр атағын алу үшін 239 фашистің көзін жою аздық етті ме, әлде? Мүмкін Бас штабтың ішіне бүккен басқа да себептері мен салдарлары болған шығар? Бұл сауалдарға осы күнге дейін жауап жоқ.
Құралайды көзге атқан Ыбырайым Сүлейменов, өкінішке қарай, осы Ленин орденін де қолына ұстап, кеудесіне тағып үлгермеді. Ол 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден азат ету жолындағы шайқаста асқан ерлікпен қаза тапты. Ыбырайым Отанын, елін сүйетін, адамдарды ұлтына, нәсіліне қарап бөлмейтін, аузын ашса, жүрегі көрінетін нағыз ақкөңіл батырдың өзі болатын.
– Жолдас, аға сержант (ол кезде әлі старшина дәрежесін алмаған – К.С.) Ыбырайым Сүлейменов! Сіз қалай мерген болдыңыз? – деген сауалға:
– Қалай мерген болдың дейсің бе? Соғысты Мәскеу түбінде бастадым. Сол жерде жүріп ­фашистер атып өлтірген колхозшылар мен олардың әйелдерін, балаларын көрдім. Колхозшылардың үйлеріне кіріп, жағдайын сұрағанымда, олар өздерін гитлершіл жендеттердің қалай азаптап, қорлағанын жылап отырып айтып берді. Әр үйдің қайғысы мен қасіретін көру маған оңай тиген жоқ. Сондықтан өзімді түк болмағандай, ештеңе көрмегендей сезіне алмаймын. Өйткені Мәскеу түбіндегі колхозшы әйелдің еңірегенде етегі толған көз жасы әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Оны көру маған өте ауыр болды. Міне, сол күндері мен өзіме мерген болуға, колхозшы орыс әйелінің кегін қайтаруға ант бердім, – дейді.
Онымен де тоқтамай:
– Ал Мәскеуді неге қорғағанымды айтсам… Мен қазақпын, менің Қазақстаным Мәскеуден алыс. Бірақ Мәскеу – барлық Кеңес Одағы адамдарының астанасы. Ол менің де астанам. Міне, Мәскеуді не үшін қорғадым деген сұраққа жауап. Бірақ мұны жауаптың бәрі деуге болмайды. Өйткені Мәскеу түбіндегі колхозшылар мен олардың әйелдерін, бала-шағасын гитлершіл хайуандардың қалай қорлағанын естіген кезімде «егер бұл жауыздарды тоқтатпаса, олардың әрқайсысының көзін бір-бірлеп жоймаса, олардың аяқтары менің туған жерім – Қазақстанға да жетеді» деп ойладым. Тіпті бар болғаны бір гитлершіл-фашистің аяғы менің қасиетті жерімді былғайтын болса, онда мен соның өзіне де шыдап отыра алмаймын. Мен 239 фашистің көзін жойдым. Бәріңді басқыншыларға қарсы осындай аяусыз соғысқа шақырамын, – депті. («Мәскеу үшін шайқас». Ф.Я.Лисицына).
Бірақ қазақ батырының бұл жүрекжарды сөзі сол кездегі қызыл Кремльдің тас қабырғасының ар жағында отырған таскерең генералдардың құлағына жетпеді. Жетсе де, жүректерін жылыта алмады. Өйткені ұлтқа, ұлысқа, тілге, дінге бөлу деген адамдар ғана ойлап тапқан кесапаттың кесірі ел басына күн туған соғыс кезінде де тоқтамады. Соның салдарынан атқан оғы далаға кетпейтін Ыбырайым Сүлейменов Кеңес Одағының Батыры атағына көзінің тірісінде де, ерлікпен қаза тапқаннан кейін де ие бола алмады.
Мергеннің артында қалған қызы Алмагүл әкесінің Батыр атағына ұсынылып, бірақ неге берілмей қалған себебін сұраған хатына КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас кадрлар басқармасының полковнигі Колесников деген 1958 жылдың 5 сәуірінде:
«Сіздің КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа жолдаған хатыңыз мұқият тексерілді.
Армияның Әскери Кеңесі старшина Сүлейменов Ыбырайымды 1943 жылдың шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғаны анықталды. Бірақ ол Калинин майданының Әскери Кеңесі ­тарапынан қолдау таппай, мергенді Ленин орденімен марапаттауға ұйғарған. Сол бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 4 маусымдағы жарлығымен старшина Сүлейменов Ыбырайымға Ленин ордені берілген. Сондықтан бұрынғы шешімді қайта қарауға мүмкіндік жоқ. Мұнымен қатар Сүлейменов Ыбырайым ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін бұдан бұрын «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған» деп жауап берген болыпты. Осындай салқын жауаптың астарында старшина Ыбырайым Сүлейменовтің 239 фашисті жер жастандырған ерлігі Калинин майданының Әскери Кеңесі тарапынан неге қолдау таппағаны туралы бір сыр жұмбақ күйінде қала береді.
Бірақ мергенге Батыр атағы берілмесе де бүкіл майдан жауынгерлері арасында оның атағы мен даңқы сол кездің өзінде жайылып кете барды. Әскери «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында «Мерген Сүлейменов Ыбырайым жолдастай бол!» деген жалпы тақырыппен мергеннің шеберлігі мен тәжірибесі барша жауынгерлерге үлгі ретінде ұсынылды. Мергенге арналған арнайы плакат-листовканың төменгі жағына: «Орденді мерген ­Ыбырайым Сүлейменов 239 немісті жер ­жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен ­жазылды. Ал осы листовканы соғыстан кейін ­жиырма жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценко оны Жамбыл облыстық өлкетану мұражайына жолдапты. Онда халқымыздың ­мерген перзенті жайлы: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым. Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-тегеурінді Армияның саяси бөлімі шығарған. ­Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосқан…» деген жүрекжарды жылы сөздер жазылыпты.Әрине, жау мергендері де айлакер болатын және олардың да атқан оқтары мүлт кетпейтін. Оны мойындамаса тағы болмайды. Бірақ екі мықты арбасқан шайқаста әдіс-тәсілі мол, Ыбырайым сияқты шын шебер ғана жеңіске жететіні белгілі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.