Табылған дерек – көңілге медет

Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл өтсе де, оның көңілдегі сызы, беймәлім сыры әлі де аз емес. Ашылмаған ақтаңдақтары да жетіп артылады. Күні бүгінге дейін Қазақстаннан майданға аттанғандардың толық тізімін, олар жөніндегі бүкіл деректі түгендей алмай келеміз. Отан үшін от кешіп, сол жолда құрбан болған жандардың есімдерін ұлықтау, жат жерде қалғандарының басын қарайту, жоғының бір дерегін тауып, рухына құран бағыштау кейінгі ұрпақ алдындағы парыз екендігі сөзсіз.
Қазақ даласынан майданға аттанған қандастарымыздың жартысынан көбі елге оралмады. Майдан ­даласында опат болып, туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде қалды. Бауырластар зиратында жерленгені, тіпті беті жабылмай, сүйегі шашылып қалғаны қаншама. Оның ­сыртында тұтқынға түсіп, дүниенің тозағын бір тартса, соғыс аяқталғаннан кейін советтік-сталиндік қудалаудан көз ашпай, тағдыр азабына душар болған мұңдықтарды кім санапты. Майданда жоғалып, аласапыран заманда хабарсыз кеткен жауынгерлердің дерегі де осы күнге дейін түбегейлі індетіліп болмады. Ұрпақтарының әлі де олардан күдер үзбей, осы тарапта жылт еткен жаңалыққа құлақ түріп жүретіні белгілі. Ұзаққа бармай-ақ, біздің әулеттен майданға аттанған атамның туған ағасы Асқаров Айдархан Асқарұлы да сол із-түзсіз жоғалғандар санатында. Жиырма жасында соғысқа кетіп, содан ұшты-күйлі жоғалған. Өлі-тірі екені белгісіз. Содан бері ешқандай дерегі табылмады.
Сондықтан да аракідік бір жерден дерегі ұшырасып қалмас па екен деген үмітпен соғыс туралы жарияланымдарға, архив деректері қамтылған жинақтарға көз жүгіртіп жүретінмін. Ол туралы аз-кем ақпарат бертінде майдангерлерді түгендейтін ресейлік «Мемориал» сайтында ұшырасты. Онда Асхаров Айдарханның 1919 жылы туғаны, Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанғаны, 1942 жылы хабарсыз жоғалғаны туралы мәлімет берілген. Бары осы.
Осылай жүргенде «Ана тілі» газетінің биылғы 30 сәуірдегі санында белгілі алаштанушы, баспагер профессор Ғарифолла Әнестің «Екі күймек бір жанға әділет пе?» атты майдан тақырыбына арналған көлемді мақаласы жарық көріп, оны бір деммен бас алмай оқып шықтым. Онда соғыста жау қолына тұтқынға түскен жауынгерлеріміздің тағдыры, әйгілі «Түркістан легионы» жайлы мәліметтер, оларға байланысты көзқарасты қайта қарау секілді өзекті мәселелер арқау болған екен. Сонымен бірге «Арыс» қорының (баспасының) ыждағатымен жарық көрген белгілі тарихшы ғалым Көшім Есмағамбетовтің «Түркістанық әскери тұтқындар: Құжаттар мен материалдар жинағы» кітабы туралы да жан-жақты мәлімет беріліпті. Дереу тауып алып, осы кітаппен танысып шықтым. Онда әйгілі Мұстафа Шоқайдың неміс лагерлерінде тұтқынға түскен қазақтар туралы архив деректері, олардың тізімдері қамтылған екен.
Кітапты парақтап отырып, оның 201-бетіндегі тізімнен Асқаров Қайдархан деген фамилия көзіме оттай басылды. Онда оның Шымкенттен шыққаны, 1919 жылы туғаны, 4 кластық білімі бар екені, Германияның Польша аумағындағы Tschenstochan «Nordkazerne» лагерінде отырғаны көрсетіліпті. «Қайдархан» деген есімі болмаса, қалған деректері біздің атамызға келіп-ақ тұр. Бәлкім ­Айдархан есімі қателесіп, Қайдархан болып жазылып кетті ме екен? Қалай болғанда да, бұл кітаптағы деректер жоғалтқанымызды тауып, өшкенімізді жаққандай мол үміт сәулесін сыйлап отыр. Жіптің бір ұштығы қолымызға тиді. Осы үшін Ғарифолла Әнес мырзаға айтар алғысымыз шексіз. Аталған деректің соңына түсу, оны нақтылау, басқа деректермен ­салыстыру, сөйтіп ақиқатын айқындау – алдағы күннің еншісінде.

Нұрлан АСҚАР,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.