Әкем тіріліп келгендей қуандым

Редакциядан: «Ана тілі» газетінің №16-17 номеріне ғалым Ғарифолла Әнестің «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деген мақаласы жарияланған еді. Газет сайтына «Түркістан легио­нында» тұтқында болғандардың тізімін берген едік. Бүгін сол тізімнен өз туыстарын тапқан оқырмандардың үшбу хаты келіп жетті. Болашақта майдан даласында хабарсыз кеткен туыстарын іздегендерге арнап осы тізімді толықтырып ­салатынымызды, оған қоса бұл тізім Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан сайттарында да ­жарияланатынын хабарлағымыз келеді. 

Жасым сексенге келген ақсақалмын. «Елбасы курстастары» деген қоғамдық қор бар, соны басқарамын. Қазір сол бір кезде жалындап жанып, тай-құлындай тебісіп өскен, Днепродзержинскіде бірге оқыған курстастардан үш-ақ адам қалдық. Мақаш Тәтімов, Мақсұт Нәрікбаев және басқа атпал азаматтар, ел мақтаныштары бақилық болды, жатқан жерлері жарық, имандары жолдас болсын!..
Жарық дүниеде адамның арманы таусылмайды ғой. Ғұмыр бойы көкейден шықпайтын бір арман, өшпес өкінішті сағынышым бар. Ол – өзім көрмеген әкем туралы бір дерек білсем, қабірін тауып, тағзым етсем деген арман еді… Әкем Бакийев Имамдун 1939 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданынан фин соғысына аттанады. 1940 жылы 10 ­мамырда дүниеге мен келіппін. Үй іші әкемнен сүйінші сұрап, ­телеграмма соғады. Ол жақтан менің атымды ­«Замандун» қойыңдар деген ақжолтай жауап келеді. Әкемнен хат келіп тұрады, мына әскери киіммен түскен фотосын жолдайды. Соғыс ­басталады, әкемнен келген соңғы үшкіл хатта Смоленск түбіндеміз деген хабар болады. Сонан соң – тым-тырыс. Не бір хат, «қара қағаз» да келмейді. Анамның да, менің де көңілім күпті… Өмір бойы көзіміз төрт болып бір дерек, бір хабарды күтіп келеміз…


Әкемнің жасы үлкен ­Бакийев ­Низамдун деген ағасы болады. Ол енді хабарсыз кеткен Имамдунды іздеп таппақшы болып өз еркімен әскерге сұранады. Бірақ аузында бір тіс қалмаған оны майданға алмайды. Сонсоң ол қоймай жүріп, тіс салғызып, протез киіп соғысқа аттанады. Қолымызда жалғыз фотосы (суреттегі мұртты кісі) ғана қалады. Өкінішке қарай, одан да не өлді, не «хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз келмейді…
Өткен жылдың соңында бір ­жиын-тойда Ғарифолла деген азаматпен ­таныстым. Сөз арасында «Музей аштық», «Алты миллион қазақтың аты-жөнін, дерегін іздестірудеміз…» дегенін естіп қалдым. Мен басымдағы мұңымды айтып едім, «Соғысқа қатысқандардың қай-қайсысының да бір дерегі шығады. Ол Репрессия құрбандары, болмаса аштан қырылғандар емес… Әскери архивтерге жазып іздеу керек» деді. Мен қаншама жылдардан бері ізденумен келе жатқанымызды, ешбір деректің ұштығын таба алмағанымды айттым. Ол таяуда «Түркістандық әскери тұтқындар» ­деген кітап шығарғанын, онда мыңдаған қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ, тәжіктердің тізімі барлығын айтты. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Алматыдағы «Баспалар үйіне» (Абай даңғылы, 143) барып, «Арыс» баспасынан аталмыш кітапты сатып алдым. Сол кітаптағы тізімнен әкемнің де, ағатайымның да аты-жөнін тапқанымда тілім байланып қалды… Әкем тіріліп келгендей қуандым…

Замандун Имамдунов,
дербес зейнеткер.

НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.