Тыңнан түрен салған жазушы

Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы

Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Слово об отце. Әке туралы ой-толғау» атты кітабында былай депті: «Кемел Тоқаевқа ойша орала отырып, оның өте күрделі, қат-қабат, көбінесе қайғылы оқиғаларға толы өмір сүргенін тағы бір айтып өтпекпін. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол не көрмеді десеңші! Қабырғасы қатпаған қаршадай кезінде ата-анадан айырылып, тұл жетім қалған ағайынды екі баланың басынан кешкен тарихы бірнеше кітапқа жүк боларлық. Жұрт жаппай аштан қырылып, ел арасын тұтас дерт жайлаған сол бір қиын-қыстау кезде олар бірін-бірі жетектеп жүріп аман қалған. Балалар үйіне тап болып, ­содан жан сақтаған. Ондай мекемелерде өмірдің қандай екені белгілі ғой. Кім күшті, мақсатшыл болса, солар ел қатарына қосылды. Әр кезде айтып отыратын әңгімелеріне қарағанда, әкей қаршадай кезінде-ақ қайырымы кем қатал ортада жасымай, өмірден өз орнын алу үшін күрескен».

Расында да, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған қабырғалы қаламгер, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, көсемсөзші, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет Грамоталарының және екі дүркін «Ерлігі үшін» медалінің иегері Кемел Тоқаевты өмір шыңдады, ширатты, өсірді, қаймықпай қан майданға да бел шеше қатысқан ол жастайынан жанды азаптар қиындық көріп өссе де жасыған емес, керісінше жігерленді, қайраттанды, кейін мұның бәрі: жиған-тергені, көрген-түйгені, мұрағаттар ақтарғаны, бағалы деректер жиғаны көркем туындыларында толықтай көрініс тапқаны талассыз. Мәселенки, «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Солдат соғысқа кетті», «Таңбалы алтын», «Көмескі із», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құсты» айрықша атап өтуге тиіспіз.
Әдебиеттегі өзіндік орны бар, кезінде сыншылар тарапынан лайықты бағасын алған, революциядан кейінгі дауылды кезең қамтылған «Соңғы соққы» – қым-қиғаш тағдырлар, шым-шытырық уақиғалар, қазақтың қасіретті күйі ойлы оқырманды бейжай қалдырмайтын детективтік сарындағы, тарихи негіздегі кеңтынысты әм сүйекті роман. «Тарихи» сөзін ­бекерден-бекер қолданып отырғанымыз жоқ. Мұнда атаман ­Александр Дутов, атаман Борис Анненков, Ораз Жандосов, ­Багаутдин Шагабутдинов, чекистер Чанышев пен Худжамьяровтардың көркем образы нанымды сомдалған-ды. Алдыменен, шығармадағы динамика көзге анық ұрады. К.Тоқаев сақшылардың қиын еңбек ­жолын көрсете отыра, олардың жоғарыдан – Партиядан келген нұсқауды емес, өз ісін адал атқарғаны турасында кеңінен баяндайды, роман алуан-алуан уақиғаларға бай, сол тұстағы саяси-әлеуметтік ахуал, ел-жұрттың трагизмге толы тұрмыс-тіршілігі бейнеленген, демек бір жағынан «Соңғы соққының» мазмұнды шығуын осымен де түсіндіруге болар. Өткен мен бүгінгіні әдеби шығармада жымдастыру, тарихи шындық пен көркем шындықты астастыра қиыстыру, түрлі фактты бұрмаламай, шашпай-төкпей, арғымақтай арындаған қиялды да тізгіндеп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жүріп өту қиынның қиыны деп білеміз. Ол үшін автордың жазу техникасы, шеберлігі жоғары деңгейде болуы қажет. Автор аталған кітабында ­патша генералы ­Анненков пен жанындағы жандайшаптарының қазақ топырағындағы әрқилы қатыгездігі, қылмыстары хақында да жазғысы келіпті, дегенмен қырандай қырағы цензорлар «бұл ұлтаралық қарым-қатынастың бұзылуына әкеп соғады» деген уәжбен рұқсат етпеген екен. Содан болса керек, МҚК мен ІІМ құпия материал­дар, құнды құжаттармен танысып, архив аршып, тірнектеп жинастырған біршама дерек романға енбей қалған-ды. Бұған қарамастан, қаламгер «Соңғы соққыны» шыншылдықпен жазып шыққанын, социалистік реализмнен бойын аулақ ұстағанын аңғару аса қиын емес. Жанрды сәтті таңдау, күрделі тақырыпты жан-жақты аша білу, композиция құру, сюжет түзу, негізгі делінген ­сегменттерге мән беру де – маңызды шаруа. Әр ­жазушы өз заманын суреттейді. Басқасын айтпағанда, автор шығармалары – құқық қорғау қызметкерлері мен чекистердің көркем бейнесімен қымбат.
Әдебиеттің сан-салалы қызметі бар. Оқырман бір туындыны оқып ­отырып, бейсаналы түрде өзі үшін ой түйеді, үйренеді яки жиренеді. ­Кейде аз-маз сынаққа төтеп бере алмай жарық дүниеден түңілетін жанға – осындай қалам иелерінің бастан кешкен ауыр тұрмысы, шеккен дәурені нұсқа. ­Эдгар Аллан По, Уилки Коллинз, Артур ­Конан Дойл, Агата Кристи, Гилберт Кит ­Честертон, Дафна Дюморье, Рэй Брэдбери, Жорж Сименон секілді детектив жанрының классиктерін қайыра оқып тұратынымыз бар. Комиссар ­Мегрэ, ­Шерлок Холмс пен доктор Ватсон, ­Эркюль Пуародай ғажап образдар – эрудиция, қиял, ізденіс, тынымсыз еңбектен бөлек, тастай логика және математикалық дәлдіктің жемісі. Қорыта келе айтарым, Кемел Тоқаев өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа аз мұра қалдырған жоқ, ұлт алдындағы миссиясын орындады, ендігі кезек есті оқушыда… Бас-аяғы шап-шағын жазбамды «Слово об отце. Әке туралы ой-толғаудағы» мына бір ерекше естелікпенен түйіндегім кеп тұр: «Әкей қиын немесе ыңғайсыз жағдайға тап болған басқалар үшін әрдайым мазасызданатын. Бірде мен оның белгілі жазушымен шахмат партиясына куә болдым. Басында ап-анық жеңіп отырған, бірақ партияның соңына қарай шахмат фигураларын теңестіріп, ойынды тең аяқтауға жеткізді. Менің таңырқаған сұрағыма әкем былай деді: «Адамды, оның үстіне осындай белгілі де құрметті кісіні ыңғайсыз жағдайға қалдыру орынсыз, әрі сенің алдыңда олай еткенім жөн болмас еді». Мен үшін бұл сөздер үлкен өмірлік сабақ болды».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.