ҚОШ БОЛ, ҚАРУ!

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Адамзат баласы ықылым ­заманалардан бері жүріп өткен ­жолында түрлі-түрлі соғысты ­бастан өткеріпті. Әр алапат қырғын ­сайын жоғын түгендеп, барынан ­айырылып қалғанын түсінді ме, әлде өзгеден озық болудың тоқтаусыз бәсекесіне кірісті ме, ғасырдан-ғасырға қарудың түрін жаңартып, жаулаудың әдісін ұштапты.
Әлемдік тәртіп өзгерген ­заманда жаһандық соғыстардың да құбылатынын болжаған жауырыншылар көп. Солардың бірі дүниені бір тарының қауызына сыйдырған алапат індетті де соғыстың жаңа бір кезеңіне балауға бейіл. Жеңілгендері көп, жеңгендері аздау келетін бұл қырғында қарудың түрі де өзгеретінін меңзейді көпшілігі. Адамзат жүріп өткен жолда адам баласы татпаған у қалып па еді? Әйтеуір, «Күллі дүниенің дүрбелеңін көр, көр де тыныштық пен бейбіт өмірдің қадірін сезін» деп, Жоғарыдан бұйрық келіп тұрғандай. Өңірі әбден кірлеген, тоз-тозы шыққан Табиғат-ана да адамзат атты перзентінің тәкаппарлығы мен тойымсыздығынан, ашкөздігінен шаршаған болар? Әйтеуір, жаһан жұрты өз үйіне тығылып, адам мен адамның, ел мен елдің қадірі арта түскен осы бір шақта ­шынымен де тыныш өмір мен бейбіт тіршілікке ештеңе де жетпейтінін көп жұрт амалсыз мойындады. Мойындағанымыз сол ғой, тәртіпті айтып, тазалықтың ­алдында бас шұлғи қалдық…
Тыныштық пен бейбітшіліктің қадірі дегенде, осы күндерді ұлықтайтын атаулы дата еске түседі. Біздің елде мамыр айының басында Отан қорғаушылар және Жеңіс күнінің қатар келуінде де бір мән бардай көрінеді. Қанқұйлы соғыстың өкініші мен өксігін сезінгендер мен сол өкініш пен өксікті ендігілер сезінбеуі үшін Отан күзетінде тұрғандардың мерейі арта беруі бәріміздің де жүрекжарды тілегіміз. Олар ұстаған қару мен жүріп өткен жолдың бәрі жеңіс үшін, бейбітшілік үшін, тыныштық үшін екеніне бек сенімдіміз. Оқ пен оттан аман келгендердің қатары сирей түскен ­заманда, майдангер ­буынды құрметке бөлеп, олар аңсаған тыныштықтың құнын арттыра білсек, біз үшін жеңіс сол емес пе?!
Иә, бұрынғының бары мен жоғына бір ауыз сөзбен баға ­беруге ­болмайды. Алайда алапат қырғындарда бір шөкім жер үшін ­жанын қиған сол батыр бабалар ерлігі мен төгілген қанының өтеуі не еді? Арғы тарихты қазбаламаған күннің өзінде, күллі әлемнің қанын ­судай сапырған екінші жаһан соғысының барлық әттеген-айы мен даңқты сәттері түгел тасқа ­басылып, қағазға түсті ме? Екінші дүниежүзілік соғыс татырған у мен заһардың дәмі әлі күнге таңдайын күйдіріп, жүрегін жаншитын ұрпақ барын ешкім жоққа шығара алмайды. ­Ендеше, сол бір сұрапыл күндердің өкініші мен күйінішін жоқтау кімнің еншісінде?
Әр ұлт үшін, әр ұрпақ үшін ­Отаннан ­аяулы, Отаннан қадірлі не бар? Екінші жаһан соғысы басталып, әлемнің әр пұшпағы отқа оранған тұста қазақ жерінен аттанған ұландар да өз жерін, өз елін қорғаймын деп майдан даласында қару кезенді. Ұрпақтың бас амандығы үшін оққа кеудесін тосты. Иә, қаншама ­жауынгер қан сасыған сол далада мәңгіге тыныстап қалды. Олардың белінде кеткен, жарық дүниеге келуді тағдыр жазбаған сансыз ұрпақ мына бейбіт күннің қадірін кетіріп алғанымызды көрсе не дейді?
Бүгінгі тәуелсіз елдің Отан қорғаушылары да біз үшін айрықша орынға ие. Олардың да белгілі-белгісіз ерлігі кейінгіге үлгі ­болып, отандық тарихымызда қаттала түсетіні анық. Олардың да бүгінгі тыныштық пен бейбіт өмір үшін төккен тері мен аққан қаны баршамыздың жадымызда болуға тиіс.
Осы екі мереке қарсаңында бұрынғының да, ендігінің де мақсаты мен арманы бір екенін ұға түсесің. Ол ұрпақ пен бұл ұрпақ та ел мен жердің тыныштығы үшін, мамыражай тіршілігі үшін Отан күзетіне барды! Ел мен жердің болашағы үшін кірпік қақпай тыныштықты күзетті. Күзете де бермек.
Иә, Отан қорғаушылар және Жеңіс күнінің қарсаңында тыныштық пен ­мамыражай тіршілік туралы әлдене жазғың келеді. Себебі от пен оқ жүрегін қатайтқан сол жауынгерлер мына әлемнің сұлулығы мен ізгілігі үшін қан кешкен жоқ па? Әлемді құтқаратын қару мен оқ емес екенін, мейірім мен көркемдіктің талай жүрекке от беретінін солардың қару қатайтқан жүзі дәлелдейтіндей.
Ендеше, «Адамзат бұдан былай бір-бірінің қанын судай ағызбайды, бейбітшілік, жарқын болашақ ­жолында бірге алға жылжиды» деп тілек тілеп, дүниежүзінің көптеген мемлекеттері Екінші жаһан соғысына нүкте қойған осы бір мерейлі күні біздің әлем қарумен қош айтысып қойса, шіркін дегің келеді.
Иә, қош бол, қару!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.