САРДОБА: ТАБИҒИ АПАТ ПА, ТЕХНОГЕНДІК ПЕ?

Диханның маңдайынан тамшы­лап төгілген тердің дәмін еңбек адамы жақсырақ біледі. Таң ­бозынан алақанындағы дәнді Жер-Ананың жып-жылы топырағына аялап төккен диханның арманы мен мұңы да еңбек адамына етене таныс. Егінші еңбегінің қиындығы мен көк дүр етіп көтерілгеніне шүкір айтқан қуанышына да ортақтаспай кеткен кезіміз көп қой, несін жасырайық? Оқшаулантып келген көктемнің қиындығына қарамастан момақан ғана тіршілігін ойлап, егіс басына кетіп бара жатқан еңбек адамының жүрегіне үңілеміз деп жүргенде…

Бірінші мамырда Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасынан ақтарылған су Қазақстан тарапына жетіп, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Екі ел Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат ­Мирзиеев телефон арқылы сөйлесіп, жағдайға орай туындаған барлық мәселені шұғыл шешу үшін екі елдің Үкіметтері деңгейіндегі үйлесімді жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Үкімет басшысы Асқар Маминнің өкімімен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы топ Өзбекстанға аттанып, Өзбекстанның Су министрімен және Өзбекстанның Сырдария өңірі басшыларымен келіссөздер өткізді.
Түркістан облысының ­басшысы Өмірзақ Шөкеев Үкімет сағатында Мақтааралдағы төтенше жағдайға қатысты баяндама жасап, қызыл су астында қалған елдің жағдайын сөз етіп, келтірілген шығын мен атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «Алдын ала жинақталған мәліметтер ­бойынша, көлемі 7639 гектар егістік жерді су басқан. ­Сонымен қатар мал шығыны нақтылануда. Нақты шығын көлемі анықталып болған соң, қосымша баяндалады» дейді өңір басшысы.
Өңір басшысының келтірген дерегіне сәйкес, жалпы саны 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланыпты. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылған. Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келген. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылып, Алматы қаласынан ҚР Ұлттық Ұланының құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер мен 26 дана техника жеткен.
«Қабылдау эвакуациялық пункттері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 ­медицина қызметкері медициналық көмек көрсетуде. Жетісай қаласында да 3 эвакуациялық-қабылдау пункті әзірленген» дейді Ө.Шөкеев.
Иә, қызыл су басқан елдің еңсесін тіктеу үшін шығынды есептеу дұрыс-ақ. Туған ошағының – қара шаңырағының су астында қалғанын көру қазақ үшін ауыр қасірет екенін бәріміз бір кісідей сезіп, біліп отырмыз. Шаңырағының еңсесі биік болуы үшін талмай-тынбай еңбек еткені, «өмірге еңбектеп кірген» әрбірінің аяулы естеліктері сол қараша үйге ­байлаулы тұрғаны да рас. Жауапты лауазымды тұлғалардың аузынан ол шығындар өтелетіні айтылды. Көктемгі егіні жайқалып-ақ қалған, мал-жаны көкке ауыз іліктіріп қоңдана бастаған, індеттің беті қайтса егіні мен мал-жайын реттеуге кірісіп кетуге даяр отырған сәтте гүрілдеп келген қызыл су әп-сәтте айналаны айдын көлге айналдырып жібергені ең алдымен ауыл халқының еңсесін түсіргенін ешкім жоққа шығармайды. Өңір басшылығы, ең алдымен, адам шығыны болмауын қатты назарға алса керек. Алайда бұл шаруа адамының маңдай тері өтеусіз қалады деген сөз емес. «Су елді мекендерден кеткеннен кейін үйлерді аралап, былтырғы Арыстағы тәжірибеміз сияқты әр үйге келген зардапты, шығынды есептеп шығуымыз керек. Ары қарай комиссиямен бірігіп отырып, бүлінген үйлерді қайта қалпына келтіру жолдарын қарастыруымыз ­керек деп ойлаймын» дейді Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев. Өңір басшысы су басқан үйлерде қалған мүліктерге қандай зардап келгенін есептеу қиын болатынын да атап өтті: «Су басқан ауылдың эвакуацияланған әр тұрғынына өтемақы белгілеу дұрыс ­болар деп есептеймін. Мұнан бөлек, 7 мыңнан астам егістік алқабына біраз шығын келді. Егілген егістік, пленка ­астында жатқан әртүрлі егістік алқабы бар. Соның бәрін қайта есептеп, оны да өтеуге көмектесуіміз қажет. ­Жалпы, эвакуацияланған азаматтардың бәріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп ­жатыр. Былтырғы Арыстағыдай көп адамды жинап, үлкен жиын жасамаймыз. ­Жеке-жеке әр мектепке барып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, халық түсіністікпен қарайды. Шыдамдылықпен, төзімділікпен бұл жағдайды өткізіп ­жатыр. Біз комиссияны күтіп отырмыз, солармен бірге бәрін аралап шығамыз».
Иә, көмек қолын созған ағайынның қарасы көп. Оны да айту парыз. Мәселен, су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданына «Біз біргеміз» қорынан 40 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. «Nur Otan» ­партиясы әрқашанда халықпен, елмен бірге екенін танытып, Нұр-Сұлтан қаласынан 40 тонна азық-түлікті 1500 ­отбасына жеткізіп беруді қолға алып ­жатыр» дейді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев. 40 тонналық гуманитарлық көмектің барлығы азық-түлік. Әр отбасыға 30 келіден берілетінін де сол ақпараттардан естіп-білдік.
Су басқан елдің қараусыз қалған дүние-мүлкін де қарап-қорғау назардан тыс қалмаған екен. Мақтаарал ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін елді мекендерде 8 блок бекет орнатылып, ­полиция департаментінің жеке құрамынан жалпы 335 қызметкері мен 57 арнайы автокөлігі жұмылдырылған. Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, ­Мырзакент кенті бағытында Фердауси елді мекенінің аумағында 3 коллектор орнатылыпты. Мұны да өңір басшысының сөзінен білдік.
Судың беті тез қайтуы үшін Мақтаарал ауданы аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Респуб­ликасы тарапынан Жетісай ауданы, Қоғалы елді мекенінің маңынан «орталық бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылып жатқаны да көңілге медеу.
Иә, түрлі әлеуметтік желілерде кең таралған, «мал ашуы – жан ашуын» сыртқа шығарып даусы ащы естілген, өкпесін айтқан ағайынның жан-жарасын түсіну – бәріміздің азаматтық борышымыз. Жер-дүние тәжтажалдың құрсауынан тезірек босанудың қамына кіріскен сәтте оқшауланған ел-жұрттың бір-бірінің жай-күйіне алыстан отырып алаңдайтыны да осындайда жанға ­батады. Қазір қазақтың жаны Мақтаарал деп ауырып тұр.
Бір нәрсе анық. Жер-дүниені көшіріп әкеткен сол судың астында қалған әр арман, әр мақсат, әр еңбектің де өтеуі болуға тиіс. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туиттердегі парақшасына: «Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдарымыздың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету тапсырылды. Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайды» деп жазды. Біздің де түйін сөз осы. Қызыл судан зардап шеккен әр ағайынның еңбегі өтелетініне, әр ауылдың иіні тіктелеріне, әр шаңырақтың ошағынан шыққан түтіні түзелеріне сенейік.

Қ.СЕРІҚҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.