Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «БОЛАШАҚ БІЛІМДІ ӘРІ БІЛІКТІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Жиын ­барысында ­Президент тек мемлекеттік тілде сөз сөйлегенін де ­ерекше атап өткіміз келеді. ­Жиында Президенттің ұсынысы ­бойынша сенаторлар ­жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Сенат төрағасы етіп сайлады.

– Біздің ұзақмерзімді стратегиялық даму жолымыз бар. Қандай қиындық болса да Елбасы стратегиясын жүзеге асырамыз. Бұл – саяси сабақтастықты сақтау деген сөз. Тұңғыш Президентіміз – мемлекетіміздің негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа түсіндіргеніміз жөн, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қиын-қыстау сәтте кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар екенін, ендігі кезек елдің әл-ауқатын арттыру жайына тоқталды.
– Мен 27 сәуірде арнайы мәлімдеме жасадым. Үкімет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойдым. Осыған орай, кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп күмәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қосымша мәлімдемелермен толықтырмай жүзеге асырған жөн! Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. 11 мамырға дейін арнайы жоспар дайындалады. Экономикада түбегейлі реформа жүргіземіз. Бұл – аса күрделі міндет. Экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет, – деді Президент өз сөзінде.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемді дүрліктірген індеттен сақтанып, пандемиядан сабақ алудың маңызын да атап өтті. Алда тұрған міндеттерді де таныс­тырды.
– Кейбір салада кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты. Сондықтан алда тұрған бірқатар міндеттерге назар аударғым келеді. Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл ­саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұдан ­былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай ­жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал, – ­деген Мемлекет басшысы елдегі білім мен ғылым саласына да кеңінен тоқталып өтті. Ендігіде озық технологияларды кеңінен қолдануға, цифрландыруға мән берілетінін айтып, «басты міндеттердің бірі» деп атап көрсетті.
– Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында. Мемлекет төтенше жағдай кезеңінде мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алды. Мұндай іс-шаралар тіпті дамыған мемлекеттерде де болған жоқ. Тағы бір маңызды мақсат – шағын және орта бизнесті өркендету. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек. Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет, – деді Президент.
Қазақстанда саяси реформалар жалғасын табатынын да атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Дариға Назарбаеваның палата төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді.
Ел басына сынақ болып түскен күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін сенаторларды жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев ­Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
– Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерді, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқарарына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Жасырын дауыс беру қорытындысы депутаттар Қазақстан Президентінің ұсынысын бірауыздан қолдағанын көрсетті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.