ӘН ӘЛЕМІНІҢ БАТЫРЫ

Шуақ, сәуле ешкімнен рұқсат сұрамай, өміріңе енеді, көз алдыңда ойнақ ­салады, тамсантудан жалықтырмайды. ­Батырхан Шүкенов салған әндер де дәл солай сұлулығын паш етіп, жаныңызды тербеп, жүрегіңізде тербеліп жүреді екен. Оны мен кейінгі уақытта жақсырақ сезіп жүрмін. Қазір арнайы Батырдың әндерін тыңдағанда, бала күнімде-ақ жадымда жүргенін байқаймын. Бір мен емес, бұл сезім көптеген замандас­тарымда бар екен.

Батырхан Қамалұлы 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда өңірінде дүниеге келді. ­12 ­жасында КСРО балаларының ең таңдаулысы ғана баратын «Артек» лагеріне баруға мүмкіндік алды. Дәл осы сапар Батырдың өмірін түбегейлі өзгертті. Футбол деп, доп қуып, одан қалса, велосипедке мініп алып, жүйткігенді жақсы көретін бала сол «Артекте» ән салды. Не нәрсені де жан-тәнімен сүйіп істеу – оның бала күнінен бойына сіңген әдет еді. Әнді де беріліп, тамылжытып айтқаны сондай, бірінші орын иеленді. Балалығы, тазалығы ғой: «Бір аптадан соң жеңімпаздарды есту үшін жиналдық. Мен арт жақта басқа балалармен ­алысып ойнап отырғам. Бір кезде бүкіл отряд маған қарап: «Барсаңшы, сені шақырып жатыр» дейді. Қайда баруым керек? Не үшін ­барам? Түсінбедім. Сөйтсем, мен жеңімпаз екенмін. Маған ағаш медаль табыстады. Бәрі осы сәттен ­басталды ғой» деп күліп еске алады әнші «limon.kg» сайтына берген соңғы сұхбатында. Солай, 5-сыныптың баласы лагерьден қайтқанда жақсы әнші бола алатынына сеніп, болашағы музыкамен байланысты екенін түсінді.
Ол 1979 жылы Ленинградтағы Н.Крупская атындағы Мемлекеттік Мәдениет ­институтына түседі. 1981 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясының дәл сол жылы ашылған саксофон класына ­ауысады. Ал, 1982 жылы Болат Сыздықов, Владимир ­Миклошич, Байғали Серкебаевтармен танысып, олар студент Батырды атағы дүркіреп тұрған «Арай» ансамблінің құрамында өнер көрсетуге шақырады.
Бес жылдан соң, Батырхандар Роза ­Рымбаеваны сүйемелдеп өнер көрсетуді тоқтатып, өздері «Алма-Ата» тобын құрып (кейіннен «А-Студио» аталды), түрлі әнімен, соның ішінде «Джулиямен» ерекше танымал болады.
1989-1994 жылдар аралығында Алла Пугачеваның сынынан өтіп, әйгілі Ән театрының құрамында өнер көрсетті, солай Мәскеуде шығармашылықтарын шыңдап, танымалдықтары арта түсті.
2000 жылы Батырхан өзі бас солист болған «А-Студио» тобымен қоштасып, жеке әншілік жолды таңдады.
Батырдың өнердегі жолы әу бастан-ақ ашық болды. Бірнеше аспапта еркін ойнайтын, кәсіби деңгейі жоғары әншінің беделі әріптестері ­арасында да, тыңдармандары үшін де зор еді.
Иә, ол әр кезеңді бағындырған ­сайын айы оңынан туды. Бірақ оның нәзік жанына бір шығармашылық топтан екіншіге өту оңай тимеді. Әсіресе, «А-Студио» тобынан кету – өнерде біте қайнасқан достарынан айырды. Асығы алшысынан түсіп, әлемнің таңдаулы сахналарында өнер көрсетіп, әр елдегі тыңдармандар қошеметіне кенеліп жүргенде, Батырханның кілт тоқтап, ­тосын шешім қабылдауын «А-студиолықтар» түсіне алмады, оны айыптады, ренжіді. Әнші де оларға ашылып, сырын, себебін айта қоймады.
Ән деп, өнер деп біраз бойдақ жүрген ­Батыр тұңғышы дүниеге келгенде, қатты қуанады. Кішкентай ғана нәрестені бауырына басқанда, бақыттан басы ­айналып, көкте қалықтап ұшқандай күй кешеді. Әке боп, баласына елжіреді. Бірақ таудай қуаныш сыйлаған бөпесі жан дүниесін құлазытып, қаусатып, шетінеп кетеді. Азаматтық некедегі жары Екатерина Шелякова екеуіне бұл сынақ өте қиын тиеді. Балаларын жерлейтін жер де болмайды. Бұндай қысылтаяң күндерде Валерий Меладзе көп көмектесіп, мәселесін шешіп береді.
Осы жағдай атақ пен абыройға бөлеген «А-Студиодан» алыстатып, мұң үстіне мұң жамады. Бір кездері ол Роза ­Рымбаевадан да, «Батыр – менің бір балам» деген Алла Пугачевадан да қол үзді. Бірақ олар бұның ­жанын жаралап, кінә артпады. «Алла Борисқызымен әдемі достық қарым-қатынасты сақтап қалдық. Оның театрынан кеткенімде: «Таңдау жасадың, енді тек алға!» деп, өзі бірінші келіп, дем берген еді» деп еске алады Батыр.
«Маған «А-Студиодан» кету оңай тиген жоқ… Қайғы адамды оятады. Сол кезде адам әуелі: «Неге менің басыма бұлт үйіріліп, қайғыға орандым?» дейді. 1-2, бәлкім 5 жылдан кейін барып: «Бұдан мен нені ұғуым керек?» дейді. Өмір соққысынан дұрыс сабақ алғанда ғана қайғы соңы қуанышқа алмасады».
Батыр бұл ойды өз өмір тәжірибесінен түйіп айтты. 2000 жылы дүниеге екінші ұлы Мақсұт келіп, өшкені қайта жанады. Баласы мен жары Ресейде қалса да, ол шығармашылығын елде жалғастырады. Солай ету керек екенін жанымен сезді. Жары бөпесін бауырына қысып, еміренген сайын, шығармашылық адамы да Ұлы Анасын – Отан Анасын сағынғанын, сол Ананың мейіріміне шөлдеп, аңсап жүргенін ұқты. Сүйіспеншілікке толы бұл көрініс оған шабыт сыйлады.
Солай әйгілі «Отан-Ана» клипі түсірілді. Қазақтың өмірін, құпияға толы жанын, азаппен келген бақытын, жүрегіндегі ғажайып махаббатын шағын бір отбасы, ата мен ене, ана мен бала арқылы айшықтаған бұл клип кішігірім фильм сияқты. «Айқын» газетіне берген сұхбатында ­Батырхан Шүкенов Маңғыстауға барып, әуелі құрбан шалғандарын еске алады. Сонда аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп құйыпты. Аңызақ жел апшысын қуырған құла дала бусанып, ел кең тыныс алады. Шығармалық топ бұны жақсылыққа жориды. Тік ұшақпен екі сағат ұшып барып, әулиелі мекенде түсірілім жасағанда, бірде-бірі шаршап, не істің кері кеткен кезі болмағанын айтады.
Батырхан да бұл клипті өте жоғары бағалағанын әр сұхбатынан байқаймыз:
«Сезімде ойнау үшін клипті бейнепленкаға емес, кинопленкаға түсіру қажет еді. Біз діттеген мақсатымызға жеттік. Біз үшін бұл – үлкен жеңіс. Мен бұл әнімді концерттерде орындағанда немесе клип көрсетіле бастағанда, тіпті Мәскеу сахналарында айтқанымда, көрерменнің жан дүниесінде әйтеуір бір буырқанған, бұлқынған, өзіне де белгісіз, жанын беймазалыққа салған сезімдердің ойнай бастағанын байқаймын. Сөзін түсінбесе де, олар асқақ бір сезім туралы ән екенін түйсігімен біледі».
«Қуат Шілдебаев деген досымның «Отан-Ана» деген әні бар. Сөзі – Тұманбай Молдағалиевтікі. Мен «А-Студио» тобынан кеткен соң, осы альбомды жаздым. Музыкатанушылар бұндай әндер 50 жылда бір келеді деп бағалады. Неге? Өйткені ол әнде түсіндіріп айтуға келмейтін алапат қуат бар. Бұл әнді Мәскеуде, басқа қала, басқа елдерде тыңдайды. Менің түрлі психологиялық тренинг өткізетін ­достарым бар. Олар менен: «Осы әнді тренингте қолдансақ бола ма ?» деп сұрады. Рұқсат бердім. Қазақша бір ауыз сөз білмейтін, тіпті түсінбейтін жандарға осы әнді қойып: «Енді осы әнді тыңдағанда кешкен сезімдеріңізді ­жазып берсеңіздер?» дегенде, олар не жазғанын білесіз бе? «Дала. Еркіндік. Ана. Отан» деп жазған. Бұл құдіретті қалай түсіндіруге болады? ­Музыкада ­арнайы бір тіл болмайды» дейді тағы бір сұхбатында.
Батырдың әнші ретінде де, адам ретінде де асқақ мақсаттары болғанын сұхбаттарынан көреміз. Қоғамдағы түрлі келеңсіздікке, қатыгездікке, адамдардың жүрегі селт етпейтін боп бара жатқаны жанына батты. «Қайтсем күңгірт өмірге сәуле шашам?» деді. Жеке әнші ретінде өзін қалыптастырған соң барып, ашылып сұхбат бере бастады. Әр сөзінде, әр сұхбатында адамдарды жақсылыққа шақырған ой жатты:
«Мен айналамдағы сәулелі, жағымды нәрселерге ғана зер салуға тырысам. Өзгелер ­жаныма жара салған я өзім ­шалыс басқан қадамдарымды есіме алғым келмейді. Әр пенде қателеседі, мінсіз адам жоқ. Мәселе – сол жайттардан дұрыс ой түйіп, кешірім сұрап, кешіре білу. Жүрекке жүк байламай өмір сүру»;
«Жас ұрпаққа аға буын тиянақты ісімен, өмірімен, әдемі қарым-қатынасымен нағыз өмір, нағыз өнер, нағыз музыканы көрсетуі керек»;
«Жаңа дәуір дейміз, қазіргі сәтте бір оқиғадан кейін бір оқиға ­ерекше қарқынмен өтіп жатыр. Тіпті жантүршігерлік оқиғаларға да адамдардың еті өліп кетті. Жаны ашу, аяу деген аяулы қасиеттер жоғалып ­барады. Сондықтан әр адам жүрегіндегі мейірім, рахым сынды абзал қасиеттерін аялап, өлтіріп алмай көркейту керек. Осыны түсінетін уақыт жетті».
Батырхан бұл ойларын әндері арқылы да айтты. Оның ең соңғы әні «Нас исцеляет любовь» болды. Бүгінгі бар дерттің шипасы – биік таудың басындағы алтын су, терең мұхит түбіндегі тірі су сияқты қол жетпес нәрселер емес, кеудемізде соғып тұрған жұдырықтай жүректе өндірілетін махаббат атты құдыретті сезім деді. «Жай ғана жақсы көріңізші, үлкенді аялап, кішіні ардақтай біліңізші? Бәрі өз арнасына түсе қалады. Өнер ақша үшін құрбан болмасын, саф өнер өмірге әр береді, өмірге әр берейік?» деген сансыз сұлу сезім, сұлу ойды ­Батырханнан сезіну қиын емес.
«Мақсұтым қандай маман иесі болғысы келеді – өзі біледі. Мен үшін оның мейірімді, жақсы Адам боп өскені керек» дейді ұлына ардақты әке, жарына қамқор жан.
Батыр әндерінің жүрекке жақын болу себебін мен осы қасиетімен байланыстырам.
«Limon.kg» тілшісі: «Бүгінгі өміріңіз жайлы айтып беріңізші? – десе, ­Батырхан: – Бұрын қандай болса, дәл сондай: жұмыс, жаңа ән іздеу, толассыз сапар, концерттер, музыка» деп жауап береді.
«Литер» газетінде: «Қол қусырып, қарап ­отыру қолымнан келмейді. Тіпті демалып ­жатып та, ойланам» дейді. ­Батырхан Шүкенов жұлдызының ­ерекше жарқырауының тағы бір себебі осында деп білем.
Оның көзі тірісінде-ақ әндері хитке айналды, бірақ Айгүл Аханбайқызына берген сұхбатында: «Мен ешқашан да хит-парадтар кестесіне көз салып, әлдебір әріптестеріммен жарысып, бәсекелескен емеспін. Ешқашан да! Сеніңіз, мен оны мақсат еткен емеспін. Маған оның түкке де қажеті жоқ. Маған ең бастысы – айтатын әнімнің кәсіби деңгейі жоғары болуы» дейді.
Жаны сұлу әнші сырын ән арқылы ғана ашатын. «Басқа адамдардың менің ішкі әлеміме кіргенін, олардың мен ­туралы бәрін білгенін қаламаймын» дейді. Жүзге тарта ән жаздырыпты. Енді Батыр жайлы білгісі, зерттегісі келген адам сол әндерден іздейтіні хақ.
Батырхан өмірінің соңында жаңа қырынан ­таныла бастады. Ресейлік «Один в один» ­жобасында Стив Уандер, Луи Армстронг, ­Лучано ­Паваротти сынды әлемдік дәрежедегі мықтыларды дәл сомдап, финалға жақындап қалған.
Онда да «Мені сол түсірілім алаңындағылар да танымай қалған кездер бар. Образға ену деген осындай болса керек! Жеңіс үшін емес, өзімнің жаңа қырларымды ашу үшін қатысып жатырмын» деп еді. Жеңіске бір-ақ қадам қалғанда «жүрегі тоқтап қалды» деген суыт хабар желіні, желі арқылы ел-елді кезіп кетті… Оған күмәнмен қарайтындар көп. Әрине, қазағын сүйіп, ­адамзатты бауырындай қастерлей алған, саф өнері мен жанын кірлетпеуге барын салған абзал ұлын кім ажалға қисын? Жүрек әлі сенбейді, сенбегеннен бұрын, қимайды!
Сол қимастықтан шығар, ­Батырхан Шүкеновтің туған күні 18-інші ­мамырды емес, қайтқан күні 28-інші сәуірді көбірек еске алып, түрлі шаралар өткіземіз. Азалы күн – ауыр күн ғой. Сол шараларды 18-інші мамырға ауыстырсақ қайтеді? Өйткені бізге ­«Батырдай азаматымыздан айырылдық деп емес, Батырдай азаматымыз болған, оның ізбасарлары да шығады» деген ізгі оймен өмір сүру әлдеқайда маңыздырақ.

Кәмшат ӘБІЛҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.