БОЯМАСЫЗ ӨМІР

«Constant» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «тұрақты» дегенді білдіреді екен. «Тұрақтылық» деген түсініктің ­жанында «жалығу» ұғымы да қатар жүрері хақ. Хакім Абай жиырмасыншы қара сөзінде: «Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен?» депті. Махаббатта ғана емес, достық, жұмыс, көзқарас, тіпті өмірлік ұстанымдарыңда да тұрақтылықты сақтап қалу қаншалықты оңай? Кешегі дұрыс деп тапқан ісің, бүгін қарасаң қате сияқтанады да тұрады. Уақытпен бірге жүрек түкпіріңде сақтаған сезімдерің, ой-санаң, сенімің мен ішкі құндылықтарың да өзгергенін байқайсың. Әуелгі тазалықты сақтау қандай қиын екенін шығарманы оқи отырып аңғарасың.

Жаңадан шыққан туындылардың ішінде жас қаламгер Әлішер Рахаттың «Махаббатым – constant» атты романы қазіргі көпшілік жастардың боямасыз бейнесімен таныстырады.
Роман көлемі жағынан да, ­айтар ойы мен көркемдік тұрғысынан да салмағы басым жанр екені белгілі. ­Автор шығармашылығымен «Үздіксіз әуез» атты әңгімесін оқығаннан соң танысқанбыз. Аталмыш әңгімеде бүгінгі күннің бейнесі, қазіргі адам образы нанымды суреттелгені ­жайлы жас әдебиетшілер арасында біршама ­талқыланды. «Махаббатым – constant» ­романы да бір деммен оқылады. Замандас болғандықтан, оның ішіндегі кейіпкерлер де көзге соншалықты таныс. ­Туындыда, негізінен, бас кейіпкерлер Ерасыл мен Элинаның махаббаты баяндалған. ­Роман Қытайдан тауар ­тасымалдаушы компанияның қызметкері Ерасыл мен сонда жаңадан жұмысқа орналасқан Элина атты арудың бір-біріне ­деген сезімі жайлы ғана деуге болар еді. Бірақ кітапты оқып болған соң, шығарма жүгін мұқабада жазылған махаббат қана көтеріп тұрмағанын аңғарасың. Мұнда жас адамның қатып қалған қағидаларға ішкі қарсылығы, жалғыздық, көптен оңашалану мен еңсені басқан ауыр ойдан құтылу үшін әлдебір үмітке деген сенім бардай көрінді.
Ерасылдың өз қателігінен тапқан әуелгі тағдыры мен оның жүрегін жайлаған мұң роман соңына қарай оқырманды да ойландыра түседі. Ал Элинаның әкесіз өскен тұл жетімдігі ендігі тағдырына да әсер етпей қоймайды. Сыртқа күліп жүргенімен, оны іштей кеміріп жатқан қайғының бар екені жанындағылардың ойына кіріп-шықпауы мүмкін. Ерасыл ғана соңғы сәтте Элинаның әкесіне деген өкпесін білгеннен кейін бар шындығын жайып-салады. Сүйіктісін жоғалтып алудан емес, шынайы сезімі өтіріктен басталмауын ойлап, солай жасайды. Элинаға баласы бар екенін айтады.
Өмірде қателікке ұрынбау үшін не істеу керек? Бұл сұрақ қарапайым көрінгенмен, оның нақты бір жауабы жоқ шығар. Қателік жасағаннан кейін оны істеген адамды кінәлаудан бұрын, неге ондай қадамға барды ­деген сауалға жауап іздеп көру де оңайға соқпасы анық. Ерасыл алғашқы ­махаббаты Кәмилаға үйленбек болған. Бірақ соңғы сәтте ойынан айниды. Кәмиланың аяғы ауыр екенін білсе де онымен отбасын құруға батылы бармайды. Бұл оның алғашқы махаббатына деген тұрақсыздығы ма, әлде балалық шақта басталған әуелгі пәк сезіміне ме, не болмаса Кәмиланың жеңіл мінезі мен тұрақсыздығын ұққаннан кейінгі байламы ма – түсіну қиын.
Ерасыл ылғи да томаға-тұйық жүретінінің бір себебі төртінші ­курста бастан кешкен осы оқиға ­болса, екінші себеп – асырап баққан сүйікті атасының өмірден озуы. Осы жағдайдан соң, бұрын ашық-жарқын жүрген Ерасыл қабағы ашылмайтын мұңды Ерасылға айналады. Күнделікті қайталанатын жұмысынан, жанындағы адамдардан, тіпті өмірдің өзінен де жалыға бастайды. Содан құтылмақ боп, ешнәрсені ойламайды, ешкіммен араласпайды, бәрін ұмыту үшін жұмыстан босаған сәттерінде тек қана компьютермен ойын ойнап, уақыт өлтіріп, өзімен-өзі жүретін халге жетеді. Басынан өткен оқиғалармен бірге өзін де ұмытқысы келетін оның қалыпты өмірі Элина келгеннен кейін өзгереді. Екеуі де ата-ана мейірімін толық алмаған олар бірін-бірі жақсы түсінеді. Роман соңын автор Элина Ерасылды кешіріп, екеуі зырлаған көлік ішінде болашақтың белгісіз сапарына аттанып бара жатқан сәтімен аяқтаған. Кино сюжетіндей әсер қалдырады.
Жастар қазір не ойлайды, немен айналысып жүр деген сауал алдыңғы толқынды да ойландырса керек. ­Романда кейінгі толқынның бүкіл ­болмысы тұрмаса да, оларға мейлінше ­таныс жағдайлар баяндалған. Өмірде өз ­орнын табу, дүниенің мән-мағынасын түсіну, әлдебір бақытқа деген ішкі ұмтылыс туындының өне бойынан аңғарылады. Автордың ойды жеткізу сәттері, әсіресе кейіпкерлердің ішкі күйзелісін түсіну, сезіну жағы қуантады. Күнделікті күйбең тірліктен өмірімізде орын алып жатқан оқиғаларға кейде бейжай қарайтын кездер болады. Бұл жерде ата-ананың қателігінен балалар зардап шегетіні де жақсы келтірілген. Бірақ роман асығыс жазылғандай көрінді. Шығармаға қойылатын негізгі талаптың бірі көркемдік екені белгілі. Бұл жағынан да қара жаяу емес. Бір айта кетерлігі, уақытпен бірге құндылықтар да өзгереді ­дегенмен де адамзат өмірінің айнымас рухани ұстындарын қайта бір ойлану керек сыңайлы.

Нұрлайым БАТЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.