ҚИЫНДЫҚТАРДЫ БІРЛЕСІП ЖЕҢЕМІЗ

Президент осы аптадағы мәлімдемесінде қолжетімді тұрғын үй салу экономиканы дамытудың, жұмыспен қамтудың өсуінің және әлеуметтік қолдаудың қуатты ынталандыру факторы болуға тиіс екендігіне тоқталды. Кезекте тұрғандардың мәселелерін шешу үшін үкіметке несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша «5-10-20» жаңа жобасын іске қосу тапсырылғанын айтты. Осы мақсаттарға дағдарысқа қарсы қаражат аясында 390 млрд теңге бағытталмақ. Биыл елімізде 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үй құрылысының рекордтық көлемі жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев апта ­басында Ал­матыға жұмыс сапарымен келді. Президент Алматыдағы бірқатар нысандарды аралап, қаладағы эпидемиологиялық және басқа да жағдайлармен танысты. ­Президент алдымен халықаралық әуе­жайда болып, ондағы қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Нысанды сатып алған түркия­лық компания өкілдері жаңа терминалдың құрылысы жайлы ­баяндады. Олардың айтуынша, 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны 150 миллион еуроны құрайды. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған ны­сан­ның құрылысы 2022 жылдың екінші тоқсанында аяқталатыны жоспарланған.
Бұдан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусты жылдам анық­тауға арналған алғашқы жылжымалы тест орталығына барды. Әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан мобильді пункттің Оңтүстік Кореяның технологиясы бойынша жұмыс істейтіні көрсетілді. Орталықтың ерекшелігі сол – келген адам көліктен түспей-ақ ПТР тестін тапсырады. Ал нәтижесі келесі күні сынама тапсырған адамның электронды поштасына жолданады. Бұл коронавирусты анықтаудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы екенін айтты мамандар.
«Мобильді зертхана болған­дықтан кезек күтпейді. Дәрігер мен келушілер арасында қарым-қатынас азаяды. Сондықтан қауіпсіз. Осындай әдіс Америка, Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Наурыз ­айынан бастап реагенттің 20 мыңы қолданды. Екі аптадан соң тағы 50 мыңдай тест әкелінеді. Біздің зертхана қазіргі таңда күніне бір жарым мыңға дейін тест жасай алады. Келесі аптадан ­бастап қуаттылығымызды арттырып, 3000 сараптаманы жасай аламыз» деді Мобильді тестілеу орталығының жетекшісі Мин Хи СУК.
Ал Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ­Мем­лекет ­басшысына қаладағы эпидемио­логиялық ахуал жайында есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесіп, оларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент оларды Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтады.
«Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс ­жариялады. Француздарда «Соғыстың аты – соғыс» деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз» деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Президент Бас ботани­калық бақты аралап көрді. Қайта жөндеу жұмыстары жасалып жатқан бақ пен жалпы қаланың экологиялық жағдайы жайлы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Экология, геология және табиғи ­ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама ­жасады. Құрылыс жұмыстарын жасауды ­мойнына алған қор баққа 175 мыңға жуық жаңа өсімдік түрін әкелген. Тамшылай және автоматтандырылған суару жүйесін іске қосқан. Жобаның жалпы құны 15 миллион доллар екені баяндалды.
Алматыдағы Ботаникалық бақ сирек кездесетін, түрі жоғалып бара жатқан өсімдіктерді өсіріп, ­жасыл қорды сақтаумен айналысады. Табиғатты қорғап, ғылыми зерттеумен айналысатын бақта ерекше коллекция жасалған. Онда жоғалудың аз алдында тұрған, Қызыл кітапқа енген 200-ден астам өсімдіктің түрі бар. Бар жағдай жасалған Ботаникалық бақ өзге елдерден келетін өсімдіктерді жерсіндірумен айналысуды жалғастырады. Оған қоса, елдегі жасыл желек қорын дамытумен әрі қарай айналыса бермек.
Бұдан соң, ел президенті келесі жылы ашылатын әлеуметтік қызмет көрсету үйіне барды. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тіршілік жағдайымен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты ­бойынша әртүрлі салада қызмет көрсетпек.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ
«Ana tili»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.