«ҚЫР-СЫРЫН ЗЕРТТЕП ЗАМАННЫҢ…»

Әлемдік пандемия жарияланып, жер-дүниені шырмап алған осынау бір індеттің кезінде бірқатар мамандық иелерінің қадірі арта түсті. Оның ішінде ұстаз аты да ерекше ­аталады. Қашықтан оқу жүйесіне көшкелі ұстаз бен мектептің де құрметі жоғарылап, бүгін мен ертеңнің арасын жалғайтын мәртебелі мамандық қатарында мұғалімдіктің де бары айқын аңғарылды. 

Біздің бүгінгі кейіпкер Сейсекүл Айтжанқызы ғұмырын ұстаздыққа байлаған маман. Оқу орнын тамамдай сала ол Жамбыл ауданындағы Жеңістің 30 жылдығы ауылындағы орта мектепте жиырма жыл бойы мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Мектептегі жиырма жылдық тәжірибесі Сейсекүл Айтжанқызы үшін өмір университеті болды. Тәжірибелі ұстаздармен бірлесе жұмыс істеу жас ұстаздың есеюіне, қалыптасуына көп септігін тигізді. Осы жылдары мектепте білім мен тәрбие беру барысында үлкен тәжірибе жинақтады. Ата-ана мен шәкірттің алғысына бөленді. Еңбегі де еленіп, республика, облыс деңгейінде лайықты мақтау-марапаттар алды. Соның бірқатарын мысалға алсақ, 1997 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді.
Ұстаздықтың практикасын ғылыми салада тереңдетуді қолға алып, оқуын одан әрі жалғастыру мақсатында Абай атындағы Алматы мемлекеттік Ұлттық университетінде білімін жетілдіреді. 2004 жылы «жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша педагогика ғылымының кандитаты дәрежесіне ие болды. «Оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдаланудың педагогикалық ­шарттары» тақырыбында қорғаған ғылыми жұмысы негізінде ұстаздық іс-тәжірибесін республика көлемінде кеңінен насихаттады. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен педагогика мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды.
С.Көшімбетова осы күні Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Білім берудегі ­менеджмент» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, доцент. 75-тен аса ғылыми еңбек жазған автор.
Ғылымдағы, оқу-әдістемелік жұмыстардағы, қоғамдық өмірдегі жетістіктері бағаланып, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мерекелік төсбелгіcімен, Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Көпжылдық жемісті еңбегі және облыстың қоғамдық өміріне белсенді атсалысқаны үшін Жамбыл облысының сол кездегі әкімі А.Мырзахметовтың қолынан Құрмет грамотасын алды.
«Қазақ тілін оқыту», «Инновациялық технологияны пайдаланудың мұғалім шығармашылығын арттырудағы маңызы» атты оқу құралдары, «Оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдалану жолдары», «Жаңа мектеп ізденістері» оқу-әдістемелік құралдары, «Халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің атасы» электрондық оқулығы ұстаздыққа бет бұрған талай маманның көмекші құралы. Мектептегі білім мен тәрбие беру ісінде жас маманға аса қажет дағды-тәжірибелерді тұжырымдап, тәптіштеп түсінідіріп берген бірқатар ғылыми материалдары да ұстаздардың игілігіне жарап, мектептегі жұмыс үдерісінде кеңінен қолдау тапты. Оған қоса халықаралық және республикалық түрлі басылымдарға мақалалар және оқу-әдістемелік құрал­дарын, тест жинақ­тарын жариялап, жас­тарға заманауи білім берудегі жаһандық іс-тәжірибелер мен әдістемелерді мең­герту ­барысында жаңа­шыл ұстаз ­ре­тінде бә­се­ке­лестікке қабілетті жаңаша тұр­паттағы кәсіби ­мамандар даярлауға атсалысып жүр.
Заман көшінен қалмай, жаңа технологиялар мен жаңашыл оқу-білім беру әдіс-тәсілдерін де меңгеріп жүрген ұстаз-маман болашақта да шәкірттері мен ғылым жолындағы ізбасарларына үлгі-өнеге бола береріне сеніміміз мол.

И.СӘТІМ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.