ТҮЛЕГЕН ТҮРКІСТАН

Тарихи шешім Түркістанды түркі әлемінің ордасы ретінде нығайтуға жол ашты

Түркістан облысын дамыту бойынша ел алдында жүрген саясаткерлер, ғалымдар, спортшылардың әрқайсысының пікірі әр алуан. Сондықтан солардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз. ­Сонымен қатар өскелең ұрпақ төл тарихымызды, оның ішінде қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласының атауы қайдан шыққанын да білу маңызды. Осы ретте тарихшы ғалымның бұл жөніндегі ақпараты да бар.

Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ,
ҚР Парламент Мәжілісінің
депутаты

Түркістанның инвестиция тартуда әлеуеті зор

Түркістан түркі әлеміне ортақ қала. Алдағы уақытта облыс орталығындағы халық саны 500 мыңға жетеді деген болжам бар. Негізгі оңтүстік үшін халық санының көбеюі үлкен проблема емес қой. Енді тартылатын инвестициялар артуы тиіс. Өйткені адами ресурс көп. Туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Себебі Түркістан – ежелгі Жібек жолының ­бойында орналасқан қала. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы өтеді. Теміржолы тағы бар. Жаңадан әуежай салынып жатыр. Инвестиция өзі екі жерге келеді. Оның бірі адами капитал бар болса, екіншісі логистикаға байланысты. Бұл жағынан Түркістанның әлеуеті зор. Міне, биыл маусым айында Елбасының жарлығының шыққанына екі жыл толады. Меніңше, Түркістанның дамуына бес-алты жыл жеткілікті. Облыс халқы кәсіпке жақын. Мұның өзі облыс пен қаланың дамуына әсерін тигізері анық, – дейді Уәлихан Қайназаров.
Ол кезінде 1,5 жыл Түркістан қаласының әкімі болғанын да еске түсірді.
– Мен өзім Түркістан қаласының әкімі де болғанмын. Сондықтан өңірдің проблемасы мен мүмкіндігін жақсы білемін. Бір қызық айтайын, қаланы 1998 жылы басқардым. Ол кезде қаланың бюджеті 360 миллион теңге болған, ал қазір 32 миллиард теңге. Қарап тұрсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Былайша айтқанда, 100 есеге көп. Осы 20 жылдан астам уақыт ішінде қала даму процесінде жүрді. Жаңа ғимараттар салынды, жолдар жөңделді.
Осы күні кейбір азаматтар қаланың атауын «Түркістан» емес, «Ясы» деп өзгертсе деген ұсыныс айтып жүр. Оған да пікірімді білдіре кетсем…
Түркістан 1500 жылдан аса тарихы бар қала. Түркістан тек Ясы болған жоқ, алғашында қала Шавғар деп аталған. Бұл туралы ­деректер араб жазбаларында кездеседі. «Түркістан» атауы жазба ­дерек мәліметтерінде VІІІ-ІХ ғасырлардан бастап кездесе бастайды, «Түркілер елі» деген мағынаны береді. Ал мен «Ясы» сөзі қай елдің атауы екенін айта алмаймын. Біздің елдің территориясында бұрын Иран тілінде сөйлеген тайпалар болған. Сондықтан «Ясы» деген ұсынысты өзім қолдамаймын. «Түркістан» деген мақтанатын атау. Осылайша, түркі халықтарының талбесігі қай жерден екенін белгілеп отырмыз.

Берекет КӘРІБАЕВ,
тарих ғылымының
докторы, профессор

Қарт Каспийден Қытайға дейін…

«Түркістан» деген терминнің алғаш пайда ­болуы, шекаралық аумағы қай жерлерді қамтығаны туралы нақты деректер жеткілікті. Жалпы бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ елінің әрбір аймағы ерекше. Ол дегеніміз көп жағдайда тарихи, рухани, шаруашылық және т.б ерекшеліктерімен көрінеді. Қарап отырсақ, Маңғыстау, Еділ-Жайық, Сарыарқа, Шу-Талас өңірі деген сияқты еліміздің тарихи аймақтары бар. Әрқайсысының орны бөлек. Олар қазақ халқының тарихын байытып отырады. Дәл осындай белгілі бір аймаққа Сыр өңірі немесе орта ғасырларда Түркістан деген қала жатқан. «Түркістан» деген терминнің алғаш пайда болуы IX ғасырға сәйкес келеді. Бұл атауды VIII-IX ғасырларда араб-парсы тарихшылары қолданған екен. IX ғасырда өмір сүрген араб географы Ибн Хордадбех «Китаб ал-масалик уа ал-мам-лик» атты еңбегінде: «Мервтен екі жол шығады, бірі – Шашқа және түркі еліне, келесісі – Балх пен Тохаристанға апарады» деп жазған. Ал оның замандасы, тарихшы әрі географ Әл-Якуби «Китаб әл-бұлдан» атты еңбегінің бір тарауын «Түркістан» деп атаған. Сол еңбегінде: «Барлық түркі елдері Хорасан және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше халықтар мен мемлекеттерге бөлінеді» дей келе, түркі тайпаларының атауын жазып қалдырады. Сөйтіп, алғаш рет «Түркістан» ұғымын түркі тайпалары қоныстанған аймаққа қатысты қолданған.
«Түркістан» – екі сөзден құралған. Парсы тілінде «астан», «Эстон» ­деген зат есімге жалғанып, «Мекен» деген мағынаны білдіреді. Яғни қазіргі ұғым бойынша «Түркілердің Отаны» деген сөз. Ал оның ­шекарасы етіп, Каспийден Қытайға дейінгі жерді көрсетіп береді. Осындай зор аймаққа ие болып жатқан жер Түркістан деп аталды. Бұл «Түркістан» сөзiнің алғашқы мәні. Ал екінші мәні XIII ғасырдан бастап өзгертіледі. ХIII-XVI ғасыр аралығында Солтүстікте Дешті Қыпшақтан, оңтүстікте Мәуереннахрға дейін созылған. Кейіннен Түркістанның аумағы қысқарған. Ташкенттен Қызылордаға дейін Сырдың оң жағалауы мен сол жағалауындағы қалалар мен жазиралы далалар, яғни өңірлер жатады екен. 1598 жылы қазақ халқының этникалық тобы толығымен қалыптасып болды. Сол кезде Түркістан қалаларының арасындағы бұрынғы Ясы қаласы Қазақ хандығының астанасы атанады. Сөйтіп, Ясы Түркістан болып өзгерді.

Азат ПЕРУАШЕВ,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі

Түркістанның өз ерекшелігі сақталуға тиіс

Елбасының Түркістан облысын құру туралы тарихи шешімі Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайта нығайтуға жол ашты.
Түркістан – қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі әлемінің ­рухани астанасы және мәдени ортасы. Тарихымыздың бастауында тұрған қала. Сондықтан Түркістан қаласы жаңадан құрылған облыстың орталығы болғанда қатты қуанғандардың бірімін. Түркістанның өркендейтініне шек келтірмеймін. Дегенмен, қалада құрылыс қарқын алған тұста көне шаһардың өз ерекшелігі, рухы, ­тарихы сақталуы тиіс деп санаймын. Тіпті басқа қалаларға ұқсамағаны жөн болады. Ал инфрақұрылым, өндіріс, туризм, тағы да басқа салаларды дамыту үшін уақыт, қаражат және білікті ­мамандар қажет. Осы күні Түркістан ­облысы мен Түркістан қаласы дамудың дұрыс жолына түскені байқалады. Бірнеше рет іссапармен өзім де сонда болдым. Тұрғындар да мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын жақсы біледі және сезінеді.
Тарихи қалалар өз деңгейлеріне сәйкес мәртебеге ие болу керек.
Биыл премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық ­сауал жолдап, Семей қаласына ерекше мәртебе беруді сұрадым. Сол кезде: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен түрік елдерінің алтын бесігі – ежелгі Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаһарына республикалық дәреже берілді. Бұл тарихи шешім оңтүстіктегі Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайта нығайтуға жол ашты. Ал, Шымкент үшінші мегаполис ретінде өз мәртебесін түсірмей, еліміздің бетке ұстар қалаларының бірі ретінде ары қарай өз жолымен дамуда» дедім. Яғни Түркістанды өзгелерге үлгі етуге тұралық. Мен жалпы ­тарихи шаһарларымыздың өзіне тән мәртебесі болғанын қалаймын. Семей қаласы туралы да ұсыныс жасауымның себебі сондықтан.

Талғат ҚАЛИЕВ,
ҚР Президенті жанындағы
«Орталық коммуникациялар қызметінің» директоры,
саясаттанушы

Қазақстан экономикасына тың серпін

Түркістан облысының құрылуы жеке аймақтың ғана емес, бүкіл Қазақстан экономикасының дамуына жаңа серпін беріп отыр.
Біріншіден, Түркістан облысының құрылуы ­туралы жаңалықты қолдағандардың қатарында мен де бармын. Айта кету керек, бұл аймақтың халқы ең тығыз орналасқан. Сондықтан Шымкент секілді ірі мегаполистің облыстан бөлініп шығуы дұрыс шешім болды.Менің ойымша, бұл Түркістанның облыс орталығы ретінде дамуына оң әсер етіп жатыр. Оның үстіне, Шымкенттің де белгілі бір мәселелерін шешуге көмектеседі, дамуына алғышарт болары сөзсіз.
Миллионнан астам халқы бар Қазақстан қалаларының қатарына Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бөлек, Шымкент қаласының қосылуы және Түркістан облысының құрылғандығы шенеуніктердің әр тұрғынның мәселесіне жеке назар аударуына ықпал етті. Бұл шешім шенеуніктердің ­назарын әрбір адамның қажеттіліктерін орындауға мүмкіндік беретінін ескеру қажет. Былайша айтқанда, мәселен бір әкім аппараты бұрын осы аймақта тұратын өңір халқының төрттен бірінің мәселесімен айналысса, олар қазір бұл ауыртпалықты бөлісіп отыр. Сол себепті кейбір мәселелерді шешуге көбірек мүмкіндіктер болады. Түркістан қаласы дамудың жаңа ­жолына түсті. Тіпті қазіргі карантин кезінде де құрлыстар тоқтап жатқан жоқ. Барлығы жоспарға сай жүріп жатыр. Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде өзінің бюджетін жеке алып отыр. Мұның бәрі Қазақстан экономикасының жалпы өсуіне үлкен қосымша күш деп атауға болады.
Түркістан қаласының облыс орталығы болуын Талдықор­ғанмен салыстыруға болады. Бұрын Талдықорған облысы тарағанда оның қалай құлдырай бастағаны есімде. Кейіннен Алматы облысының орталығы Талдықорғана көшірілген соң, қала құлпырып шыға келді. Осы күні гүлденген қалаға айналды, жақсы инфрақұрылымы, қонақүйлері бар. Түркістан да солай болады деп ойлаймын. Осы бағытта қарқын ала бастады. Оның үстіне өңірдің мәдени туризм нысандары мен өте бай тарихын ескерсек, сеніміміз ақталатыны сөзсіз.

Бек НҰРМАҒАНБЕТ,
Бокстан Азия чемпионы,
жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Түркістан мен Бекзат егіз ұғым

Түркістан – туған жерім. Түркістан қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы мектепті бітірдім, одан кейін Халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт факультетінде оқыдым. Былтыр ­диплом алдым. Біз ес білгелі Бекзат Саттархановтың есімімен қанығып өстік. Түркістан өңірі спорты дегенде марқұм ­Бекзат Саттархановтың есімі қоса аталады. Түркістанда соңғы 20 жылда қолына бокс қолғабын кигендердің арасында Бекзатқа еліктемегені жоқ шығар. Шыны керек, бәрі де Саттарханов секілді Олимпиада чемпионы болғысы келеді. Көзімізді ашқалы естігеніміз – Бекзат туралы аңызға бергісіз әңгімелер. Марқұм ағамызға бокс әліппесін үйрткен бапкерлердің кейбірі бізге де тәлім берді.
Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың мектеп -интернатында тәлім алдым. Бекзат ағамызға еліктеп жүріп, сол кісінің есімі берілген мектепте оқыдым. Ол жерде біз марқұм бұрынғы директорым Ерғанат Тәңірберген мен бапкеріміз Ахметжан Керімжановтың жақсылығын көп көрдік. Ал қазір ұлттық құраманы ұзақ жыл жаттықтырған Мырзағали Айтжановтың қарамағындамын. 2016 жылы 18 ­жасымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алдым. Саттарханов та 18 жасында Аргентинада өткен жастар арасында əлем чемпионатының күміс жүлдесін алған. Ағамның жетістігін қайталағанымды іштей жақсы ырымға балап қоямын. Ал былтыр Таиланд астанасы Бангкокте ересектер арасында Азия ­чемпионы атандым. Менің спорттағы карьерам енді басталып келеді. ­Жалпы біздің өңірден талай мықты спортшылар шықты ғой. Бірақ Бекзат Саттархановтың орны бөлек. Түркістан спорты дегенде Бекзаттың есімі қоса аталады.
Қасиетті Түркістанымыз күн сайын өсіп, түлеп келе жатыр. Түркістанда дүниеге келдім, оқыдым. Ата-анам, жақындарым, бәрі осында. Былтыр отбасын құрдым. Жан жарым да ­боксшы. Елімізде тағы бір спортшылар отбасы шаңырақ көтерді. Жаңа отбасымның іргетасы Түркістан облыс болып құрылғанда қаланғанына қуаныштымын. Күннен күнге қалада жаңа нысандар, мәдени мекемелер, сауда орындары көбейіп жатыр. Сыртқа жарыстарға барсақ, Түркістанды сағынып, жеткенше асығып тұрамыз.

Жазып алған: Бек ЕРКЕБҰЛАН

P.S. Сарапшыларымыздың айтқанынан түсінгеніміз – Түркістан ­инвестиция тартуға әлеуетті, 1500 жылдық тарихы бар, көлік логистикасы жақсы дамыған. Ұлы Жібек жолында бойында орналасқан. Туризм кластерін дамытуға, агарарлық секторы көшбасшысы болуға қолайлы. Адам ­капиталы жеткілікті, креативті жастары бар.Бекзат Саттарханов секілді дарынды спортшыларды да дүниеге әкелген өңір. Мұның бәрі бүгін істелініп жатқан жұмыс – болашақта өз жемісін беруге септігін тигізері анық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Глеб

    После коронации Жанна убеждала Карла начать наступление на Париж, пользуясь благоприятной ситуацией и смятением в стане англичан, однако тот снова начал колебаться. Атака на столицу была предпринята только в сентябре, однако наступление было быстро прекращено. Король отдал приказ отводить армию к Луаре, и 21 сентября армия была распущена.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.