Ұрпақтар ұлықтайтын Ұлы Жеңіс

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз, қазақстандықтар, Ұлы Жеңіс жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін әрдайым есте сақтаймыз» деген еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қан майданда оққа ұшып, отқа түскен жаужүрек батырларымыздың есімі ел есінен кетпесі анық. Сұрапыл соғыста қаза тапқан, ерлік көрсеткен қаһармандарымызды еске алып, рухына тағзым етіп, жыл сайын Ұлы Жеңіс күніне үлкен іс-шаралар өткізілетін.
СOVID–19 індетінің кең таралып, әлемдік пандемия ­жариялануына байланысты барлық аймақтарда оқу орындары карантинге уақытша жабылды. Осыған қарамастан «Жаңа Ғасыр» № 175 гимназия педагогтары мен білім алушылары «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы» құрметіне онлайн режимінде іс-шаралар ұйымдастырды. Ең алдымен педагогтар білім алушыларға патриоттық тәрбие беру негізінде «Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында» тақырыбында эссе жазудан, «Жеңіс күні – ұлы мереке» тақырыбында патриоттық ән айтудан байқаулар және «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» тақырыбында мәнерлеп оқудан челлендж өткізілді. Мектебіміздегі білім алушылардың соғысқа қатысқан аталары жайлы әңгімелеп, естелік суреттерін көрсетіп, ерліктерін мақтан тұтып, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» тақырыбында видеороликтер түсірді. Гимназиямызда карантинге дейін де, ақпан айынан бастап Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты іс-шаралар өткізіліп жүрді. Жас мамандардан құрылған еріктілер тобы «Жас Сарбаз» кадет сыныбымен бірігіп, Әуезов ауданында орналасқан қарттар үйінде болып, тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтап қайтқан еді. Сондай-ақ бастауыш және орта буын білім алушылары арасында патриоттық әндер байқауы өткізілді. Бұл іс-шаралар қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылатын, ерліктері ешқашан ұмытылмайтын батырларымызды келешек ұрпағына үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.

А.Тұрсынова,
«Жаңа Ғасыр» № 175 гимназия
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.