ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ

Менің Құтмағамбетті білетініме отыз жылдан асыпты. Сонау сексенінші жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы ­балалар мен жасөспірімдер ­театрында жұмыс істедім. Жаз келсе болды, бүкіл театр ел-елді, ауыл-ауылды ­аралап гастрольдік  сапарға шығатын. ­Сондай сапарымыздың бірінде  көршілес Өзбекстандағы Қарақалпақ ­автономиялы республикасының астанасы – Нөкіс қаласына жолымыз түсті. Құтмағамбет Қонысбаевты сол жолы алғаш рет көрдім. Жүріс-тұрысы жылдам, сөзі мірдің оғындай, қазақтың әдемі тілімен екпіндете сөйлейді. Алматыдағы Қазақ университетінің, сол кездегі жалпақ тілмен айтқанда КазГУ-дың  журналистика факультетін бітіріп, осындағы қарақалпақ тілінде шығатын «Совет Қарақалпақстаны» газетінде  жұмыс істейді екен. 

Жоғарыда айтқанымдай, мен Қарақалпақстанға сонау сексенінші жылдарда алғаш рет барғаннан бұл елмен шығармашылық салада тұрақты байланыс жасап тұрдым. Сол кездегі тек Қарақалпақстанға ғана емес, бүкіл Өзбекстанға белгілі режиссерлар Қуатбай Әбдірейімов пен Нәжімәддин Аңсатбаев Нөкістегі қазіргі Бердақ атындағы қарақалпақ мемлекеттік театры мен жастар театрында менің төрт-бес пьесамды бірінен кейін бірін қатар сахналады. Соған байланысты Қарақалпақстанға жиі барып, реті келгенде қазақ ағайындарды да жиі аралап тұрдым. Сондай сапарларымның бірінен кейін 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Еншіміз бөлінбеген ел едік…» деген проблемалық үлкен мақала жарияладым. Мақалада Қарақалпақстан қазақтарының сол кездегі мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі жөніндегі өзекті мәселелері жан-жақты сөз болды. Қазір мұндай мақалаға осы Қазақстанның өзінде ешкім елең ете қоймайды. Ол кездегі ­заман басқа, Алматыдағы қазақ газетінде жарияланған мақала ­Ташкентке де жетіп, Өзбекстан Орталық партия комитетінде кәдімгідей сөз ­болыпты. Содан көп ұзамай Алматыға осы мақаладағы мәселені талқылау үшін Қарақалпақстан партия комитетінің хатшысы Шарап ­Уснатдинов бастаған арнайы делегация келді. Бұл ­хабарды алғаш естігенде Қазақстан Орталық партия комитетіндегі басшы қызметкерлердің бірі мені шақырып алып: «Неге тыныш жүрмейсің! Қарақалпақстандағы қазақтарда не шаруаң бар?» деп кәдімгідей ренжігені де есімде. Бірақ кейін бәрі жақсы аяқталды. Қарақалпақстаннан келген делегация Қазақстанның Орталық партия комитетіндегі өз әріптестерімен кездесті. Одан кейін Қазақстан ­Жазушылар одағында дөңгелек үстел өткізіп, бұл басқосуда талқыланған мәселелер «Достық көпірі ­салынуда» деген тақырыппен тағы да «Қазақ әдебиетінде» жарияланды. Міне, осы кезеңнен бастап Қарақалпақстандағы қа­зақтардың мәдени-рухани, оқу-білім және Қазақстанмен байланыс жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады. Мұ­ның алғашқы жақсы көрінісі – 1990 жылы желтоқсан ­айында Қара­қалпақстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылуы болды. Құтмағамбет Қонысбаев осы Орталық төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Құтмағамбет осы қызметте жүріп, Қарақалпақстан тарихындағы қазақ тіліндегі тұңғыш газет – «Достық үнін» ұйымдастырып, 1992 жылдан 2002 жылға дейін бас редактор міндетін қоса атқарды. 1998 жылдан бастап «Өркен» журналын шығарды. Онда тек жергілікті ғана емес, тіпті Қазақстандағы қаламгерлер мен ғалымдардың ғылыми ма­қалалары жарияланып тұрды. Сондай-ақ «Достық үні» газетінің кітапханасы» сериясымен осы өңірдегі қазақ ақын-жырауларының шығармаларын кітап етіп шығаруды жолға қойды. Ақындар айтысын, әнші-күйші, жырау-жыршылар сайыстарын ұйымдастырып, қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени талаптарының қанағаттандырылуы мәселесін Қарақалпақстан, Өзбекстан Республикалары басшы­ларының ­алдына мәселе етіп қойып, олардың басым көпшілігінің ұнамды шешілуіне үлкен үлес қосты.
Құтмағамбет 1990 жылы 1 желтоқсанда Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті Ислам Каримовпен ­кездесуде Қа­рақалпақстан қазақтарының жағ­дайынан хабардар етті. Ал 1993 жылы тамыз айында Өзбекстан ­Республикасы тәуелсіздігінің 2 жылдығына орай ­Президент Ислам Каримовтың атына «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек…» деген тақырыпта «Достық үні» газетінің үш бетін алған Ашық хат жазып, онда Қарақалпақстан қазақтарының мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелерінің бәрін жан-жақты талдап, талқылап, заңдық және кәсіби журналистік тұрғыдан дәл көрсетіп берді. Бұл республикада үлкен резонанс туғызды.
Құтмағамбет журналист, қоғам белсендісі ретінде Қа­ра­қал­­пақстандағы қазақ ұлты өкіл­дерінің рухани-мәдени сұ­ра­ныстарын Дүниежүзі қазақ­та­рының құрылтайларына, басқа да іс-шараларына үздіксіз қатыса жүріп, Қазақстан басшылығына жеткізуде де көп еңбек сіңірді. 1993 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласын­да Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қаты­суымен Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының тұсаукесер кеші өтті. Жиынға келген халықтың қарасы қалың болды. Олардың арасында сонау Нөкістен арнайы келген Құтмағамбет Қонысбаев та бар еді. Жиында Елбасы алыс-жақындағы ағайындармен байланыс жасау, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу турасында мазмұнды да маңызды сөз сөйледі. Алыс-жақын шетелдерден келген 7-8 қандасымызға сөз берілді. Солардың арасында Құтмағамбет те бар еді.
Президенттің алдында ортаға суырылып шығып, бірден мәселе көтеріп, ұсыныс айту оңай емес. Ал Құтмағамбет өзін таныстырып болып: «Жұрттың бәрі сыйлық тапсырып жатса, маған сыйлық сұрауға тура кеп тұр» деп сөз бастағанда жиылған жұрт бір сәт жым-жырт, тып-тыныш бола қалды. Ол ешқандай қысылып, қымтырылмастан Қарақалпақстандағы қазақтар ­жайында қысқаша айта келіп, «екі ел арасындағы барыс-келіс жақсарса, соған орай, ­Алматыдан Нөкіске тікелей қатынайтын жолаушылар пойызы жүрсе» деген өтініш білдірді. Бұл – Қазақстанның енді ғана тәуелсіздік алған, соған байланысты экономикасы қиын жағдайда тұрған кезең еді. Екі мемлекеттің арасына жаңадан жолау­шылар пойызын жүргізу оңай емес, сондықтан да залда отырғандардың көпшілігі Құтмағамбеттің бұл өтінішін жүзеге аспайтын әңгіме сияқты қабылдағаны анық байқалды. Бірақ мәселені әріден ойлайтын Елбасы бұл ұсынысты бірден қолдап, жақын ­арада нақты шешіледі деп атап айтты. ­Содан көп ұзамай Елбасының бұл сөзі шындыққа айналды. Арадан қырық күн өтпей жатып, ­Алматы мен Нөкіс қалаларының арасында жолаушылар пойызы тұрақты қатынай бастады. Жол бойы Шымкент пен Ташкент қалаларына да соғып өтететін бұл ­пойыз тек Қарақалпақстанның ғана емес, Өзбекстанның басқа облыстарында тұратын қазақтардың да Қазақстанмен тұрақты байланыс жасап, керек кезінде біржолата көшіп келуіне үлкен септігін тигізді.
Міне, осындай жемісті жұмыстар Құтмағамбеттің Қарақалпақстан қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасау жұмыстарын ұйымдастыруға бар күш-жігерін салып, айрықша ынта-жігермен кіріскенін анық көрсетеді. Осыған орай, Қазақ ұлттық мәдени орталығы мен «Достық үні» газеті Қарақалпақстандағы бүкіл қазақтың ана тіліне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпына деген құрметі мен сүйіспеншілігі дүр сілкінтіп, қайта жаңғыртты, атажұртқа деген ынта-ықыласы мен аңсар-сағынышын ­барынша арттырды. Сөйтіп, Қазақстанға тұрақты қоныс аударып, тәуелсіз қазақ мемлекетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға бекінгендердің қатары күн санап қалыңдай түсті. Оның нәтижесін қазір көзбен көріп отырмыз: бүгінге дейін атажұртқа 1 миллионнан аса қандастар келді десек, олардың 62,5 пайызынан астамы, яғни 625 мыңнан артық бөлігін өзбекстандық қандастар құрайды. Ал соның көпшілігі қарақалпақстан­дық ағайындар екендігі даусыз. Яғни Қарақалпақстан қазақтары Қазақстанның батыстағы Маң­­ғыстау, Ақтөбе, Атырау ­облыс­тарынан ­бастап, оңтүстіктегі Түркістан, Жамбыл, ­Алматы өңірлеріне дейінгі ұлан-ғайыр кең жеріне сан мыңдап келіп, ­орналасты. Тіпті арқадағы Қарағанды, Ақмола ­облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанғандары да аз емес. Жаңадан келген қандастар­дың орналасу барысында біраз қиыншылықтар туындап, у-шу әңгімелердің көтеріліп жататыны да белгілі. Бірақ қарақалпақстандық қандастар арасында мұндай жағдай мүлдем байқалған емес. Олар қай жерге табан тіресе де тып-тыныш, үлкенді-кішілі қиындықтар кездессе, жергілікті халықпен бірлесе жеңіп, жаңа ортаға тез бейімделіп, Қазақстан азаматтарының қатарына оңай қосылып кетті.
Бұл да – ең алдымен Қарақалпақ-станнан келген көшті ұйымдастырған Құтмағамбет бастаған азаматтардың еңбегі. Олар атажұртқа қоныс аударатын ағайындарға ең алдымен Қазақстанның жағдайы мен ондағы көші-қонға қатысты барлық заң-ережелер мен тұрақты орналасудың барлық жолдары мен мүмкіндіктерін алдын ала түсіндіріп, тұрақты тіркелу мен азаматтық алуға керекті құжаттарды реттеп, барғаннан кейін қайда орналасады, қандай шаруа­мен айналысады дегенді де нақтылап, көшу жұмыстарын содан кейін ғана қолға алды. Әрине, бұл жұмыстар оңайға түсті деп айта алмаймыз. Кез келген шаруаны абыройлы да нәтижелі жүзеге асыру үшін қажырлы қайрат, оған қоса баяғының батырларынша шешуші сәтте ортаға шығатын асау мінез керек. Жиналған жұртқа өз ойыңды, алға қойған мақсат-міндетіңді жүйелі сөзбен нақтылап дұрыс жеткізе білетін шешендік өнер қажет. Айтқан сөзіңе жұрт сонда ғана сенеді, алға қойған жоспар-мақсатыңа сонда ғана қолдау көрсетіп, соңыңа ереді. Мұндай батырлық мінез, шешендік қабілет Құтмағамбеттің болмыс-бітімінде о бастан бар еді. Шешуші сәт туса, ешкімнен қаймықпай бірден жұлқынып ортаға шығатын. Сөзге келгенде де ешкімге есесін жібермейтін, қазақ тілінің ежелгі сұлулығы мен терең иірімдері қаз-қалпында сақталып қалған алыс ауылда туып-өскен Құтмағамбет кез келген ортада өзінің көкейіндегісін жеріне жеткізіп әдемілеп, тебірентіп айта білетін. Әсіресе, қазақтың ұлттық болашағы мен атажұртта бас қосуы туралы мәселе көтерілгенде тіптен құлпырып, жайнап кететін. Бұл жөніндегі түрлі ­жиындар мен басқосулардың соңын өзі жақсы көретін «Қайт, қазақ, еліңе!..» ­деген әнмен бітіретін. Құтмағамбеттің мұндай әңгімелерін тыңдаған әрбір қазақтың көкірегінде атажұртқа деген керемет сағыныш оянып, бүгін болмаса ертең Қазақстанға барсам деген ынта-ықылас бой көтеретін.
Сөз реті келгенде, этностық көші-қон мемлекетаралық мәселе екендігін де айта кеткен жөн. Соған орай, бұл жұмыспен айналысатын кез келген адам қазақтар бұрыннан тұрып жатқан мемлекеттер мен Қазақстанның өзінің көші-қон жөніндегі заң-ережелері мен ұстанатын саясатын, басқа да жағдайларын жақсы білуге тиіс. Құтмағамбет бұл мәселелерді де айтарлықтай жетік меңгерген еді. Осыған орай, ол қандастар туралы қай елдің тиісті орындарына мәселе қойса, сол елдің саясатына, қолданыстағы заң-ережелеріне сүйенетін. Ара-арасында Қазақстанға арнайы келіп, болашақта қандастар орналасатын облыстарды аралап, жергілікті басшылықпен сөйлесіп, келісім жүргізіп тұруды да дәстүрге айналдырды.
Құтмағамбет Қонысбаев Қарақал­пақстан қазақтарына осылай он жылдан астам уақыт қайтпас қажыр-жігерімен қызмет етті. Содан кейін 2002 жылы өзі де атажұртқа біржолата қоныс аударып, Алматы облысының Талғар қаласына орналасты. 2008 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, кейін республикалық «Жас қазақ үні», «Заң», «Экономика», «Айқын» газеттерінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан республикалық «Жеті жұрт» газеті бас редакторының орынбасары. Ел алдындағы журналистік еңбегі еленіп, 2011 жылы «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды. Биылғы жылдан бастап еларалық «Алтын бесік» журналын шығаруды қолға алып отыр.
Бір қызығы, журналист, қоғам белсендісі, ұлтжанды азамат ретінде Құтмағамбет Қонысбайдың пешенесіне бұрын – Қарақалпақстандағы қандастарымыздың дауын ­даулап, жырын жырлау, жетістіктері мен кемшіліктерін сәулелендіру ­жазылса, атажұртқа қоныс аударған соң, енді алыс-жақыннан оралған бүкіл қандастардың мәселесін көтеру бұйырғандай. Соған орай көптеген проблемалық мақалалар жазып, ­жариялады.
Алпыс жас дейтін белеске көтерілген Құтмағамбет Қонысбаев туралы әңгімемізді осымен аяқтасақ та болар еді. Бірақ сөз соңында бір мәселені міндетті түрде айта кетуге тиістіміз. Біз бұл әңгімеде Құтмағамбеттің сырт жердегі ағайындарға қалтқысыз қызмет етіп, олардың атажұртқа көптеп қоныс аударуын ұйымдастыруда жемісті жұмыс жүргізгенін мүмкіндігінше жан-жақты айттық. Бірақ мұның бәрі – оның мерейін асырып, атағын шығару үшін емес. Мұндай мақтауға Құтмағамбеттің онша зәру еместігі де бізге жақсы мәлім. Сондықтан да негізгі айтар ойымыз мүлдем басқа.
Соңғы екі-үш жылда Қазақстанға келетін қандастар көші барынша ­азайып, тоқтауға жақындап тұр. Оның себептерінің бәрін бір әңгімеде ­айтып тауысу мүмкін емес. Дегенмен, ең басты себептердің бірі – қазіргі таңда шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, олардың атажұртқа келетін көшін ұйымдастыруда Құтмағамбет Қонысбаев сынды сөзі мен ісі қатар жүретін қайраткерлердің өте аз екендігінде. Бірақ бүгін болмаса ертең қандастар көшіне деген көзқарас қазіргіден әлдеқайда түзеліп, алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыруға белсене кірісетін жаңа толқын – жастар көптеп бой көрсете бастайды деп сенеміз. Осындай жастар өздерінің көші-қонға қатысты жұмыстарында бір кездегі ең қиын, ең шешуші сәттерде бұл мәселенің басы-қасында жүрген Құтмағамбет сынды қажымас қайраткерлердің тәжірибелерінен үйреніп, олардың жолын жалғастыра білсе – көп мәселе өз шешімін тауып, қандастар көші қайта қарқын алар еді.
Ал Құтмағамбет Қонысбаевтың өзі болса, жаңа толқынмен тәжірибе бөлісіп, бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын екеніне еш күмәнім жоқ.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.