Өнегелі өмір

Меруерт Жолдықайырқызы ­Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен ұстаз. Биылғы көктемді аяулы апайымыз мерейлі 95 жасымен қарсы алды.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында еңбек жолын 1941 жылы қыркүйекте Жымпиты орта мектебінде және ­бастауыш комсомол комитетінің хатшысы ­болып бастаған. 1942 жылы шілде айында Тасқұдық совхозындағы парткомның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Еңбекке етене араласқан ол соғыстың отты жылдарында жоғары білім алады. Дәлірек айтсақ, 1942 жылғы қазан айынан бастап А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқып, оны 1946 жылы бітіреді. 1943 жылдың мамыр айынан облыстық радио комитетінің қазақ тілінде гі хабардың дикторы, кейін редакторы болады.
Меруерт Жолдықайырқызы 1945 жылы Ұлы Жеңісті радио арқылы хабарлау бақыты бұйырған жандардың бірі. Әр жыл сайын Жеңіс мерекесі тойланғанда сол кездегі дауыс ырғағына салып, осы қуанышты хабарды қалай жеткізгенін еске алып отырады.
Өзі білім алған институтта қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушы болған ол сан мыңдаған студентке әдістемелік кеңес беріп, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын үйреткен ұстаз, «Әкем – университет, ­шешем – кафедра» деген әдемі сөзді соңына қалдырған жан.
Ол қазақ тілін оқыту әдістемесінің білгір маманы ретінде студенттермен ­етене жақын жұмыс істей білген жандардың бірі. Кәсіби бағдар жұмысымен ауыл-аудандарды аралап, тіл мен әдебиетке жақын оқушыларды тауып, оларды оқуға әкелгендердің бірі.
Сан жыл өтсе де маңызды шаралардың бәрі, тіпті әр студенттің қай жылғы түлек екені есінде, маңызды даталарды жылы мен айы емес, күнімен әңгімелеп ­отырады. Өзі оқыған, табан аудармай қызмет атқарған университетінің тарихын жатқа айтатын жан есте сақтау жадысының мықтылығымен де ерекшеленеді.
Мерует Жолдықайырқызы университеттегі қызметімен шектелмей, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Ол 1959-1963 жылдары Орал қалалық кеңесіне депутат болып сайланады. Қалалық партия комитетінің пленум мүшесі, А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың бақылау комитетінің төрайымы, филология факультеті партия ұйымының хатшысы болды.1976-1982 жылдары институттың партия комитетінің бюро мүшесі болады.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен тыс қалмай, Батыс Қазақстан облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің пленум мүшесі, университеттің ардагерлер кеңесінің төрайымы болады. Қазақстан, Ресей жоғарғы оқу орындары оқытушыларының арасында өткізілген дойбы, шахмат ойындары спартакиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Меруерт Жолдықайырқызының еңбегі өз кезінде бағаланды. Оған алған марапаттары айқын дәлел. Олар – «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері» және Ы.Алтынсарин медалі.

Рита Сұлтанғалиева,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.