САҢЛАҚТАРДЫҢ САРҚЫТЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Махамбет» атындағы сыйлықтың және Президент сыйлы­ғының иегері, ғұмырының 60 ­жылын қазақ ­театр өнеріне жұм­саған, саңлақтардың сарқытындай сұңғыла сахнагер, сырлы суреткер-режиссер – Шапай Зұлқашев туралы әңгімелегіміз келеді. 

1938 жылы Гурьев облысының Новобогат, қазіргі Атыраудың Исатай ауданында дүниеге келіп, Нарын құмында ержеткен балаң жігіт 1956 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлық бөліміне, А.Тоқпановтың шеберлік класына қабылданып, зерек те дарынды жас оқу орнын ойдағыдай тамамдайды. 1961 жылы құрылғанына енді ғана 15 жыл болған балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1946 жылы шымылдығын ашқан, кіл талантты жігерлі жастар мен аға-апалары істейтін артистер құрамына, бүгінде, Қазақстанның халық артисі, театрымыздың жасы үлкені болып отырған Роза Әшірбекова екеуі бірге қабылданады. Оның актерлық еңбек жолы сол Роза апаймен және Қазақстанның халық артистері Б.Қалтаев, М.Бақтыгереев, Ж.Бектасовалармен; ҚР-ның еңбек сіңірген артистері А.Мәмбетова, М.Құланбаев, А.Ысмайылов, т.б. өнер саңлақтарымен қатар басталды.
1965 жылы балалар мен жасөспірімдер театрында Ш.Айтматов­тың «Арманым, Әселім» туындысы сахнада алғаш қойылып, басты рөлдерде Шапай Зұлқашев пен Роза Әшірбекова ойнап, қосалқы образдарды Байділдә Қалтаев пен Мұхтар Бақтыгереевтер сомдап шығарады. Қойылым Мәскеуде өткен бүкілодақтық театрлар фестиваліне шақырту алып, айтулы жүлдеге ие болады.
Шапай Зұлқашевтің балалар мен жасөспірімдер ­театрында басталған актерлық жолы қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында елеулі жетістіктерге толы болған. Сол жылдары сахналанған қойылымдардың көбінде актер рөлдерге тартылып, С.Мұқановтың «Мөлдір ­махаббатында» – Бүркіт, Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани» драмасында – Саржан, «Күншуақта» спектаклінде – Шуақ, т.б. секілді басты кейіпкерлер образдарын сәтті сомдап, көрнекті рөлдерді бейнелеуде шеберлік танытып жүрді. Бұл театрдағы актерлық жолы 1971 жылға дейін жалғасты. Актердің суреткерлік қырын байқаған әйгілі режиссер Ә.Мәмбетов оған ендігі кәсіби білімін режиссерлықпен толықтыруға кеңес береді. Ш.Зұлқашевтің режиссер ретіндегі алғашқы қойылымы 1975 жылы Атырау театрында Б.Аманшиннің ­«Жылама, Дәмеш» атты туындысын дипломдық жұмыс ретінде сахналаудан ­бастау алады. Содан ол туған еліне ­барып, елдегі театр қалыбын өркендетуге атсалысуға кіріседі. 1989 жылға дейін сол театрда режиссер, бас режиссер қызметтерін атқарады. Мәскеуде «Е.Вахтангов атындағы театр» жанындағы П.Фоменконың шеберлік класында оқып, режиссерлық білімін шыңдап келіп, еңбек жолын ары қарай жалғастырады. М.Әуезов атындағы драма театрында, өзге де облыстық театр­лар сахналарында арнайы шақыртумен барып спектакльдер қояды.
1991 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Абай атындағы Семей театрының режиссері әрі көркемдік жетекшісі қызметіне кірісті. Аталған театрда көрнекті қойылымдар сахналанып, өнер ұжымы республикалық додаларда айтулы жетістіктерге жетеді. 1997 жылы Атырауға оралып, М.Өтемісұлы атындағы театрда режиссерлық қызметін жалғастырып, өмірінің соңына дейін қызмет етеді.
Қай жерде қызмет атқарса да еңбек жолын бастаған, жастық өмірінің куәсі болған Жастар театрына деген аяулы сезімі жүрегінде сақталған актер, режиссер Шапай Зұлқашев өмірден өтті деген хабарды естігенде алматылық әріптестері аяулы маманның өмір жолына қайта бір үңіліп шыққымыз келді…

Ақ-Зия Жайлы,
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік
академиялық балалар мен жасөспірімдер
театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.