АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙТІН МАМАНДЫҚ

Әуелі тақырыпқа өзек болған сөйлемді түсіндіре кетсек. «Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз ХХ ғасыр ­басында Орта Азияда ветеринар дәрігер болып қызмет еткен ғалым, КСРО ҒА академигі Константин ­Скрябинге тиесілі. Адамзаттың саулығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді екенін осы күнгі әлемдік пандемия дәлелдеп отыр. Күллі дүниені бір тарының қауызына сыйдырған вирустың адамзатқа қайдан жұққаны нақты белгісіз немесе түрлі нұсқалар бар. ­Алайда тереңдеп зерттеп ­келгенде індеттің тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтейді. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге боларлық нүктенің маңызын, әсіресе осы бір қатерлі сәттері адам баласы анық сезінді. Иә, бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығы ветеринар-маманның да біліктілігіне байланысты болып тұр…  

Біздің кейіпкер де осы саланың қазақстандық өкілі. Ғылым жолындағы ­саналы ғұмырын биология мен ­ве­теринарияға арнаған ғалым. 1993 жылы ҚР ҒА Адам және жануарлар физиологиясы институтының диссертациялық кеңесінде ғылыми жұмысын қорғап, биология ғылымының кандидаты атанған. 2007 жылы ветеринария ғылымының докторы, 2009 жылы профессор ғылыми дәрежесін иеленген. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ветеринария факультеті, «Клиникалық ветеринарлық медицина» кафедрасының меңгерушісі.
Нұртілеу Ақжолтайұлы Заманбеков ­Алматы зооветеринарлық институтын үздік бағамен тамамдап қана қоймай, студент кезінде болашағынан үміт күтетін ғалым екенін көрсете білді. Оның бір дәлелі, өзі оқыған институттың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін академик К.И.Скрябин атындағы стипендияның иегері атануы еді. Ол кезде әр оқу орнының өз студентіне беретін мәртебелі ­стипендиясы болғаны белгілі. Зооветеринария институты үшін К.И.Скрябин атындағы стипендия да ең үздік әрі ең белсенді, болашағы жарқын шәкіртке берілетін шәкіртақы болатын.
Одан әрі еңбек жолы ­басталады. Өзі оқыған институттағы Ғылыми кеңестің шешімімен оқытушы қыз­метіне кіріседі.1987-1990 жылдары «Пато­логия­лық физиология және фармакология» кафедрасының ассистенті болады. 1993-1997 жылдары кафедра доценті, 2001-2002 жылдары «Биохимия және фармакология» кафедрасының меңгерушісі. 2000-2003 жылдары Ветеринария факультетінің ­деканы, деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. 2003-2006 жылдары институттағы оқу бөлімінің басшысы, 2006 жылдан бері қарай Қазақ ұлттық аграрлық университеті Ветеринария факультеті «Клиникалық вете­ринарлық медицина» кафедрасының меңгерушісі.
Қай қызметті атқарса да Нұртілеу Ақжолтайұлы өз заманының алдыңғы қатарлы технологияларын ғылыми зерттеулеріне енгізуді мақсат тұтты. ­Сонымен қатар академиялық қатаң әрі ауыр жолдан абыроймен жүріп өтті. ­Факультет деканы, оқу бөлімінің ­басшысы ретінде инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге атсалысты. Студенттердің білім көкжиегін кеңітіп, ­шетелдерде тағылымдамадан өтіп, Қазақстан ғылымына жаңа леп әкелуіне үлес қосты. Әрине, мұндай жұмысқа Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басшылығы үлкен қолдау білдіріп отырғанын да айта кету парыз. Білікті басшының демеуімен отандық ветеринария саласының тармақтарына ғылыми жаңалық әкелген Нұртілеу Ақжолтайұлының негізгі саласы ветеринариялық медицина.
Осы күні өзі жетекшілік ететін ­ка­федраның тарихы тереңде. Қазіргі сәтте ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды қолдана отырып, эпизоотологиялық мониторинг және инфекция қауіп-қатерін бағалайтын, ветеринарлық салауаттылық пен азық-түлік қауіпсіздігін ғылыми қамтамасыз ететін кафедра ғалымдары мына бағыттар бойынша студенттердің білімін ұштайды: мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ­сапасы мен қауіпсіздігін бағалау тәсілдерін әзірлеу, ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды әзірлеу, ресурс үнемдейтін азық қоспаларын өндіруді ұйымдастыру; ауруларды диагностикалау үшін түрлі тест-жүйелерді әзірлеу және т.б.
Осы сәтте Н.Заманбеков басқаратын кафедраның тарихына аз-кем тоқталып өткен де дұрыс шығар. Себебі ғылыми ортаның әлеуеті ғалымның құжаты іспетті. Сонымен, бұл кафедра Қазақстанның ветеринария саласына қатысты іргелі зерттеулер жүргізетін орталық. ­Кафедра ­тарихында, атап айтар болсақ, ауылшаруашылық малының аурулары зерттеліп, оларды сақтандыру әдістері ұсынылды. Эксперимент жүзінде үй жануарларының табиғи емес төзімділігін арттыру жолдары, олардың бронхо­пневмониясы ауруы кезіндегі зат алмасу үрдісі зерттелді. Білікті ғалымдар Балқаш-Алакөл аймағындағы ауылшаруашы­лық малдың табиғи азықтардан улану жағдайын да үлкен ғылыми тексерістен өткізген. Зерттеу жүргізу нәтижесінде улы өсімдіктен алколоид бөлініп ­алынып, мал организміне улы заттардың әсері анықталған. Қазақстан аумағында өсетін жиырмадан аса дәрілік және улы өсім­діктердің фармакологиялық және токсикологиялық қасиеттерін зерттеу үшін арнайы зерттеулер жүргізілді, хризофон қышқылының туындылары синтезделді. Мұның барлығын не үшін санамалап отырмыз? Кафедра ғалымдары осы күні де іргелі зерттеулер жүргізіп, студенттер мен жас маман-ғалымдарды ветеринария ғылымының «соқтықпалы-соқпалы ­жолынан» адасып кетпеуі үшін бағыт сілтеп, жөн көрсетіп келеді.
Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Клиникалық вете­рина­риялық медицина» кафедра­сының ғылыми-зерттеу жұмысы екі бағытта жүргізіледі:
Бірінші бағыт: профессор ­Н.Заман­беков­тің жетекшілігімен гипериммунды цитотоксикалық қан сарысуларының мал мен құстардың иммунды статусына, өнімділігіне және репродуктивті қызметіне әсерін зерттеу. Осы тақырып төңірегінде бірталай ғылыми зерттеулер жүргізіліп, авторлық патенттер алынып, ғылыми жаңалықтар ашылды.
Екінші бағыт: ауылшаруашылық малының ас қорыту және тыныстау ағзалары аурулары себептері, оларды диагностикалау және емдеу әдістерін іздестіру.
Міне, осы қос бірдей бағыт ­бойынша зерттеу жұмысының нәтижесі ­мынандай: жеті докторлық, жиырмадан аса канди­даттық және отыздан аса магистрлік диссертация қорғалды.
Бүгінгі күні кафедра ұжымы оқу-әдістемік тұрғыдан да қомақты жұмыстар жүргізіп, жаңа оқулықтар жазып, оқу үдерісіне бағдарламалар енгізіп келеді. Нұртілеу Ақжолтайұлының жетек­ші­лігімен және ғылыми басқаруымен кафедрадағы оқытушы-профессорлық ұжым 16 оқу құралын, 24 типтік оқу бағдарламалары және 70-тен астам оқу-әдістемелік нұсқауларын дайын­дады.Мәселен, қазақ тілінде тұңғыш рет «Фармакология» ­(Б.Айт­жанов, Н.Заманбеков), ­«Жануар аурула­рының клиникалық диагностикасы» (С.Сиябеков, Н.Заманбеков, Ө.Есқожаев), «Токсикология» (Е.Қора­баев, Н.Заманбеков), т.б. оқу­лық­тар жарық көрді. Айта кететін жайт, бұл әдебиеттерді Қазақстандағы ветеринария мамандығы бойынша білім алатын барлық жоғары оқу орындары мен колледж студенттері пайдаланады.

Қай қызметті атқарса да Нұртілеу Ақжолтайұлы өз заманының алдыңғы қатарлы технологияларын ғылыми зерттеулеріне енгізуді мақсат тұтты. Сонымен қатар академиялық қатаң әрі ауыр жолдан абыроймен жүріп өтті. Факультет деканы, оқу бөлімінің басшысы ретінде инновациялық технология­ларды оқу үдерісіне енгізуге атсалысты. Студенттердің білім көкжиегін кеңітіп, шетелдерде тағылымдамадан өтіп, Қазақстан ғылымына жаңа леп әкелуіне үлес қосты. Әрине, мұндай жұмысқа Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басшылығы үлкен қолдау білдіріп отырғанын да айта кету парыз. Білікті басшының демеуімен отандық ветеринария саласының тармақтарына ғылыми жаңалық әкелген Нұртілеу Ақжолтайұлының негізгі саласы ветеринариялық ­медицина.

Н.Заманбеков студенттердің оқу үдерісінде өндірістік тәжірибенің орны өте маңызды деп санайтын маман. «Тәжірибе – оқу үдерісінің мызғымас бір түрі, ол болашақ ветеринария мамандарын дайындаудағы жауапты кезең» деп есептейді ол. Яғни студенттердің дайындалу бағыты бойынша оқу және өндірістік тәжірибеге баруына да жауапты маманның бірі. Мәселен, университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполовтың басшылығымен, Ветеринария факультетінің деканымен бірлесе отырып, Нұртілеу Ақжолтайұлының тікелей қадағалауымен кафедра сту­денттері келісім-шарт негізінде Алматы қаласындағы ­Жануарлар саябағының Ветеринария мен ауылшаруашылық бөлімінде, ҚР ІІМ Кинологиялық орталығында, Ботаника және фитоинтродукция институтында, Ветеринария бойынша ұлттық реферативті орталығында және өзге де ірі мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Олардың бұл тәжірибесі болашақта мықты маман болып қалыптасуға көмектесетіні, ғылым жолында жас ғалымға айқын бағдар көрсететіні анық.


Нұртілеу Ақжолтайұлының ғылыми жұмысының негізгі бағыты жануарлар ағзасына биопрепараттарды қолдану арқылы емдеуге арналған. Осы тақырыпта ғылыми зерттеулер жүргізіп, 230-дан аса ғылыми мақаласы мен оқу-әдістемелік құралы жарық көрген. Оның ішінде 3 авторлық куәлік, 9 өнертабысына инновациялық патент, 5 оқулық, 18 оқу құралы, 12 мемлекеттік жалпы білім беру стандарты, 10-нан аса типтік оқу бағдарламасы, 20-дан аса оқу-әдістемелік нұсқаулық та бар. Бұл еңбектерінің барлығы лайықты бағаланып, ректор мен министрлік тарапынан бірқатар марапаттарға да ие болды. Алайда марапат үшін емес, қиындығы мен сыны көп жолды қоғамға жақындату үшін ғылыми бағытты таңдап алған ұстаз-ғалым үлкен белестерді бағындырып келеді.
Ол ғылыми қызметі аясында жақын және алыс шетелдермен тығыз ғылыми қарым-қатынас орнатып, Голландия, Чехия, Швейцария, Ресей, Украина, ҚХР және т.б. елдерге барып, олардың заманауи техникаларын ғылым мен оқу үдерісіне белсенді түрде енгізіп жүрген ғалымдар қатарында. 2016 жылы Польшаның Вармин-Мазурс университетінен ғылыми тағылымдамадан өтіп, олардағы ғылыми жаңалықтарды бүгінгі қазақстандық ғылыми ортаға әкелуге үлес қосты. Ресейдің Воронеж қаласындағы Ветеринария ғылыми-зерттеу институтында жасаған баяндамасы негізінде тың ұсыныстар айтып, ресейлік ғалымдармен бірлесе жобалар жасауды қолға алды. Көрші Қырғыз Республикасы маман-сарапшыларымен бірлесіп ветеринария саласы ­бойынша бірқатар іргелі зерттеулер жасады.
Нұртілеу Ақжолтайұлы осы күні университет пен факультеттің қоғамдық өміріне де белсенді түрде араласып жүрген ұстаз маман. Ол университет пен факультеттегі ғылыми кеңестің және докторлық диссертацияны қор­ғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі. Республикалық ветеринар­лық мамандықтардың бірлескен оқу-әдістемелік орталығының да құрамында бар ғалым. Ұстаздық ғұмырында да бірнеше толқын ­маман тәрбиелеп, қазақстандық ветеринария саласының өсіп-өркендеуіне үлес қосты.
Сөз басындағы әңгімеге оралсақ… Адамның денсаулығы бізге қаншалықты маңызды болса, адамзаттың саулығы да сондай қажет. Ал ол саулықтың қыр-сыры ветеринария деп аталатын мамандыққа келіп тірелетінін адам баласы жүріп өткен тарих жолы сан мәрте дәлелдеп берді. Ендеше осы бір ғылым саласында аянбай тер төгіп жүрген, алайда, негізінен, жалпы көпшіліктің тасасында қалып қоятын қиын да күрделі жолдың сүрлеуінде тұрған ғалым жолын оқырманға таныстырудың реті ­осылай болып тұр.

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Туребеков Орынбасар

    Нуртлеу Акжолтайулы университетимиздин белгили галым- педагогы озинин енбеккорлыгымен жогары адамт касиеттеримен ужым арасында беделди
    Осындай галым устпз енбектерин копшликке усынудын тарбиелик мани бар деп есептеймин
    Туребеков О.Т. КазУАУ профессоры б.г.к.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.