ӨРЕЛІ ОЙДЫҢ ЕРЕНІ

… Сәулеті сәнді қаланың әдемі бір аясында тұрған бұл ғимарат – баспасөз үйі, «Ақтөбе Медиа» орталығы. Сөз рухының қазаны қайнап жатқан, өмірдің күнбе-күнгі толассыз әрекетін әркез қағаз бетіне түсіріп, рухани тіршіліктің тынысын толғап жатқан ордалы ойдың орамы осы жерден өзінің ­бастауын алады. Осы жерден беттеліп, қатталып шығатын  газеттер, әдеби журналдар  қалың кітаптар, тіпті жұқанақтай кітапшалар арқылы да айтылар сөздің іргелі ізденістері мен терең толғанысын тудыру тірлігі маңдай терді тынбай төгетін тындырымдылықты тілейді. Мұндай мән-мағынасы маңызды шаруаға жетекшілік етудің биік міндеті өзіне жүктелген «Ақтөбе Медианың» бас директоры, ойы алымды да арынды, қаламы қарымды жорналшы Раукен Отыншин туралы әңгімені баспасөз үйінен бастауымыздың бір гәбі, міне, осында  жатыр…

…Интернет парақшаларын аударып отырып өткен мыңжылдықтың кеңестік идеологияның дәурені жүріп тұрған кезеңінде облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен, ұлтшыл жастардың «Алдаспан» бірлестігінің бастамасымен Ақтөбеде тұңғыш рет «Тілтағдыр» деген газеттің шыққаны ­туралы дерекке көзім түсіп кетті. Ұлттық тіліміздің тағдырын ұрандатқан қоғамдық негіздегі осы басылымның шығуына ­белсене атсалысқан ақтөбелік екі-үш жорналшы жігіттің бірі әріптес інім ­Раукен Отыншин екен! Облыс идеологиясының шовинистік саясатын жүргізіп отырған сол кездегі ­Золотарев, ­Котунов сияқты орыс басшылармен текетіресіп, ана тілін мүшкіл халден арылтуды көздеп, жастық ­жалыны өршіл рухпен алаулаған жас өрендер алға қойған мақсатын орындатқанша тыным таппаған. Халықтың ұлттық санасын ояту – «Тілтағдырдың» басты ұраны ­болыпты. Қаладағы аралас мектептерді біржола қазақ тіліне көшіруге, балабақшалардың ашылуына байланысты және ұлт мүддесін көздеген тағы да басқа біраз шаруалардың атқарылуына алақандай газетте де шамасы жеткенше ықпалын тигізіп бағады. Мұның бәрі – еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізетін тоқсаныншы жылдардың таяу қарсаңындағы тарихтың алғашқы қадамдары еді. Содан бері де талай жылдардың парағы ­аударылды, ұлттық санамыздың біртіндеп өрлеп, салтанат құра бастаған жаңа мыңжылдықтың, міне, алғашқы онжылдықтары да басталды. Баспасөз, бұқаралық ақпарат саласындағы сан қырлы қызметте жүріп, алпыс жастың бел-белесіне өрлеген Раукен өзінің сол ­рухани ұстанымынан – елдің тағдырлы да өзекті мәселелерінің белсенді жаршысы болудан, ұлттық тіл мен ділдің, салт-дәстүрдің өнегесін, бай тарихымызды қастерлей білуден, өнер мен мәдени тіршілігіміздің жанашыр қолдаушысы, дәріптеушісі болудан айнымаған бекем қалпында келеді. Ақтөбе өңірінде жыл сайын рухани жаңғыру аясында өтіп жататын барлық шаралардың басы-қасында кезінде өзі басқарған «Ақтөбе-Қазақстан» телеарнасы мен қазіргі Медиа-Баспасөз орталығының тікелей атсалысып жүруінің өзі де осының бір айғағындай ғой.
Ал өткен күндері ойға оралған кейбір мезеттерде оның жадына өзінің кіндік қаны тамған шалғайдағы Жем-Сағыз өңіріндегі Ноғайты ауылы, әкесі мен анасының өмірдің ошақ-шырағын маздатқан қасиетті шаңырағы оралар еді алдымен. Бір заманалардағы ­ордалы Ноғайлы елінің атауын алып, соны бүгінге естеліктей жеткізген сол туған мекенінде әкесі, халқы қадірлеген абзал азамат Сағызбай Отыншин өмір кешті. Сонау бір қан майданда Сталинград шайқасының от кешуінен өтті. Соғыстан оралғасын, омыртқасына қадалып тұрған қатерлі снаряд жарықшасына қарамай, әуелі ауылдық кеңесті басқарып, содан соң мал шаруашылығының белсенді, алдыңғы қатарлы ұйымдастырушысы болып, туған еліне елеулі еңбегін сіңірді. Жаудың оғы ала алмаған әкесі 1964 жылдың жазында, кеңшардың қауырт шаруасының ортасында жүріп, бейбіт күнде аяқ астынан опат болғанда ол бар-жоғы төрт жаста еді…
Өткен күндерді есіне алса, көз алдына аяулы анасы Зияба келеді. Бес қызының соңынан ерген жалғыз ұлын анасы қасынан шығарғысы келмеді. Мектеп бітіре салысымен Алматыға кетуге де ана көңілін қимағаны рас, институтқа конкурссыз қабылдануға жеңілдігі болады деген сылтаумен Ноғайтыдағы «Сағыз» кеңшарының бір кезде әкесі басқарған қой фермасында ұйымдастырылған «Жас ұлан» жастар бригадасына баруға сұранады. ­Албырт жастықтың арманшыл алып-ұшқан сезімі мектеп партасынан бірден қойшылық кәсіпке бет бұрғызды, бұл да сол өткен күндерінің бір белгісі болып өмірбаянына ­жазылды. Өмірбаян демекші, мал қыстағы мен жайлаудағы кәсібін тапсырғасын, бес жыл оқып қаладан жоғары білімді тарих пәнінің оқытушысы болып оралған ол ұстаз болудың үлкен сынағынан өтті. Мектеп директоры Нұрман Қорбин жас ұстазды шәкірттерге білім берудің ғана емес, оларға адами да, имани да дәріс өнегесін бере білудің өнеріне баулыды. Жас мұғалім Раукен сол жылдарда үлкен жүректі, жан дүниесі адамшылық парасатқа толы Нұрман ағадан өмірдің тағы бір зор тәлімін алған болатын. Мұндай ұмытылмас тәлім оған бұдан соңғы жылдарда, ақпарат, баспасөз саласындағы жетекшілік қызметіне де ізгі табын қалдырып, көмегін тигізді. Рухани қызмет саласының басшысы білікті ұйымдастырушы бола білуімен қатар қоғам тәрбиесіне жауапты қалам кәсібіне бет бұрған жас мамандарды адами өнегеге де үйретуші болуы керек екендігін ісімен дәлелдейтін.
Кейіннен, араға жылдар салып облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры болып қызмет істеп жүрген жылдардың бірінде Раукен Отыншин өзінің ұшқан ұясына, ұстаздыққа баулыған ағасының орнына барып тағзым еткені бар. Жалғыз барған жоқ, республика мен облыс көлемінде әр саланың басында, бел ортасында жүрген бұрынғы шәкірттерді де арнайы шақыртып өзімен бірге ертіп келді.
Республикада ғана емес, шет ­жерлерде де кәсібімен, іскерлік мәртебесімен атағы жер жарған саясат, ғылым, мәдениет, өнер саласын­дағы талай дүлдүл түлектерді қанаттандырған аудан орталығындағы үлкен мектепте отыз жыл бойы басқарған ­Республика халық ағарту ісінің үздігі, аяулы да ұлағатты ұстазға арналған «Тау тұлғаға тағзым» атты ізгілік шарасын өткізді. Мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Әр жылдары тау тұлғалы ұстаздан білім-тәлім сабағын алған өнерлі шәкірттері танымал әнші, күйшілер мектептің, мәдениет үйінің сахналарында ұстаздың рухына бас иіп келген жүздеген шәкірттің жүрегінде Нұрман ағаның бейнесі қайта жаңғырды. Бұл рухани шараның жаңғырығы облыстық телеарнадан тәрбиелік мәні зор хабар болып телеэфирге шықты…
Телеэфир демекші, өркениет ­аясында телекөріністік ақпарат пен танымның көкжиегі соншалықты кеңіген мына ­заманда телеарнаның бұрынғыдай бір сағаттық жаңалық хабарын берумен шектелуіне болмайтыны осы қызметті алғаш қолына алған жаңа басшы Раукен Отыншиннің көңіліне тыншу бермеді. Бұл 2007 жыл ­болатын. Телеғимаратта хабар жазатын студияның санын көбейтіп, жаңа байланыс техникалық станцияның қуатын арттыру, облыста телеэфир таратылымының мекендік желісін көбейту, телекөріністік хабар берудің тәулік аясындағы уақытын 14 сағатқа дейін көбейтуді шешудің қаржылық мәселесін ­облыс басшылығының алдына ол батыл қойды. Көп ұзамай орталық арна басшылығының қолдауымен бұл шаруаның бірқатар ісі оң нәтижемен тиянақталды. ­Заманауи жаңа қондырғылар камералар іске қосылды, оқиға орнынан тікелей эфирге шығу мүмкіндігі жүзеге асты. Телехабарлардың мазмұндық, тақырыптық тұрғыдан сапасы артты. Мұның бәрі айналып келгенде халыққа ақпарат берудің техникалық жақтары ғана, ал ең бастысы телеэфирдің қоғам мен адамға беретін рухани әсері қандай, өмір шындығын сол қалпында телеобъективке түсіріп, ел тынысының ақиқатын боямасыз ұстаныммен қалайша көрсете білуге болады? Биліктің ел мүддесі жолындағы тірлігінің өзекті сипатын тап басып көрсетіп, жазып, халық пен екеуінің арасына сенім көпірін орната білудің ұтымды жолдары қандай?
Ақпарат телеқұралының хабары да, бас­пасөздің күнбе-күнгі сөзі де заман үнін халыққа сендіре ала ма, міне, осы кәсіби саланың қазанында қайнап жүргендердің көңілін алаңдататын мәселе осы болса ­керек-ті. Осы тектес жайттар күн сайын Раукеннің ойын он саққа бөледі. Бұл түсінікті де, солай болуға тиісті де. Әрбір күнгі шығармашылық қызмет пен сан түрлі ұйымдастырушылық жұмыстың аясында көңілді мазалайтын қордалы ойлардың туындап жатуы заңды. Бұл заңдылық шығармашылық әлемінде сөз құралымен жұмыс істеп, өмір сүретін жандардың бойында жаңа жеңістерге бастайтын ой құлшынысын тудырады.
Осындай өрелі де өміршең ойдың құлшыныстары біздің кейіпкеріміз, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қаламгер, баспагер ­Раукен Отыншиннің әрбір жасаған азаматтық, шығармашылық қадамына дәйімде сәттіліктер әкеле берсін!..

Мәди АЙЫМБЕТОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.