«СЫР САНДЫҚТЫ» АШЫП ҚАРА…

Сарыарқаның киелі Торғай жерінде, Албарбөгеттің Сарыөзек қонысында Шопан Жетпісбайұлы Тұрғынбек 1931 жылдың 15 қыркүйегінде жарық дүниеге келді.
Бала кезі қазақ елін қынадай қырып жатқан ашаршылыққа, жаңа қоғам құру жолындағы аласапыран өзгерістерге тап болды. 1937 жылдың дүрбелеңінде әкесі Жетпісбай «халық жауы» деген жаламен ұсталып, содан оралмады. Жетім қалған балаларды анасы Әйіш асырап, бақты. Тұрғынбек өзінің кітабында: «менің анам көкірегі алтын сандық, естіген-түйгені мол адам еді» дейді. Кітабында сол кісіден естіген 96 нақыл сөзінің тізімін келтірген.
1938-1945 жылдары Тұрғынбек Көкалат орталау мектебінде оқып, оны бітіргесін үш жылдай колхозда жұмыс істеді. 1948-1951 жылдары Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып, оны ойдағыдай аяқтап, елге оралды. Сол 1951 жылы аталған мектептің пансион-интернатына тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Ол кезде мен сол пансион-интернатта жатып, 9-сыныпта оқитынмын әрі оқушылар комитетінің төрағасы болатынмын.

Жаңа келген тәрбиешімен – жас, ашық, ақжарқын жігітпен тез тіл табысып кеттік. Бізді қамқорлығына алып, ақылын айтып, үлкен өнеге көрсетті. Мен қоғамдық жұмысыма байланысты ақыл-кеңес алып, онымен жиі араласуыма тура келді. Осылайша, екеуміздің арамызда жақсы қарым-қатынас, сыйластық орнады. Сол ­жылдары ауданда ұйымдастырылған ақындар айтысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Оның сөзге шешендігі, ақындығы мектепте оқып жүрген кезден-ақ белгілі болған.
Жаспын деме, ержетерсің, тарықпа.
Шер тарқасын, шығар мұңды жарыққа.
Бала болып, әке сынын көрмеп ең,
Сол жайында баяндашы халыққа, – деген өлең жолдарын Тұрғынбек он төрт жасында жазып еді. Қостанайда оқып жүргенінде Ы.Алтынсаринге арналып ескерткіш тақта ашылды. Сондағы арнау өлеңі әлі есімізде.
1966 жылы Торғай аупарткомының жолдамасымен Алматы Жоғарғы партия мектебінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Бізге хабарласып, студенттік өмірінің басталғанын айтып, қонаққа шақырды. Бұл Тұрғынбекпен сонау 1953 жылдан кейінгі алғашқы кездесуім еді. Сол жылы Тұрғынбек Егеубаева Сапурамен отау тігіп, балалы-шағалы болды. Отбасын, шешесін жетелеп Алматыға көшіп келді. Алматыда оқыған төрт жыл ішінде қарым-қатынасымыз, сыйластығымыз беки түсті. Осында туған Азамат, Санжардың шілдеханасына қатыстық. Бізде өткен жиындарға өзі де келіп тұрды.
Жоғарғы партия мектебін 1970 жылы ойдағыдай жақсы бітіріп, жолдамамен Қостанай облыстық радиокомитетінде қызмет етті. Онда абыройлы еңбек етті. Отбасы ұлғайып, балалары өсіп-өнді. Сапура көп балалы аналарға берілетін «Алтын, Күміс алқа» белгілерімен марапатталып, «Батыр ана» атанды. Енді Тұрғынбектің алдында жаңа міндеттер: балаларды дұрыс тәрбиелеу – оқыту, білім беру мәселелері тұрды. Ол үшін Алматыға көшу керек деп шешті. Сөйтіп, Қостанайдан Алматыға көшіп келіп, республикалық радиокомитетке жұмысқа орналасты. Бұл 1974 жыл болатын. Көшіп келгесін телефон соғып, құтты болсын айтып, үйге қонаққа шақырдым. ­Осылай Тұрғынбекпен қарым-қатынасымыз қайта ­басталды, сыйластығымыз артты. Ақжарқын, ашық мінезімен, адалдығымен әрі ақындығымен әріптестеріне ұнады. Шамалы уақыттан соң радиокомитеттің қазақ бөліміне бас редактор болып тағайындалды. Осы қызметте зейнеткерлікке шыққанға дейін істеді.
Балаларын Алматыдағы жалғыз қазақ мектебіне беріп, сонау №10 а ықшамауданнан тасып оқытты. Балалары мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін, институтқа түсіп, жоғары білім алды. Олар қазіргі кезде шаруашылықтың әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Мысалы, мен білетін Аманкелді ҚазМУ-ды бітіріп, көп жылдар бойы республикалық «Теңге монитор (Экономика)» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет істеді.
Тұрғынбек пен Сапура балалардың барлығын үйлендіріп, олардан немере, шөбере, шөпшек сүйіп, өмірдің қызығын көрді. Екеуі демалысқа шыққанда Қазақстанды айтпағанда, тіпті Ресейдің Омбы, Саратов қалаларындағы құдаларына дейін қыдырып қайтатын. Біз Тұрғынбек пен Сапураның балаларының үйлену, қыз ұзату, немере, шөберелерінің шілдеханасы сияқты тойларының бәрінің басы-қасында болдық.
2007 жылы Тұрғынбектің «Сыр сандық» атты өлеңдер жинағы шығып, оның бір данасын маған да сыйлаған. Маған сыйлаған кітабында мынандай қолтаңбасы бар еді:
«Әйдерке бабамыздың әйдік ұлына.
Сөз ұғарлық азайып бара жатыр.
Қатарыңда жігіт аз, іске татыр.
Қашан барсаң жайраңдап қарсы алатын,
Таңатқан-ау, дүние тұрғанша тұр!»
07.11.2007 Тұрғынбек».
Жинақ өте көлемді, 456 беттен тұрады. ­Сонау бала кезінен осы кезге дейін жазған өлеңдері келтірілген болу керек. Өлеңдері, негізінен, Отан, туған жер, өскен орта, махаббат, замандастар тақырыбын қамтыған. Өлеңдерінің бәрі нәзік сезімге толы, мағыналы ойларға құралған. Кітап әкесіне, анасына арналған өлеңдермен ашылады.
Ақынның «Келер ұрпаққа» атты өлеңіне назар аударалық.
Жайлап алған сорлы елді құлдық сана.
«Не болады ата-ана, қатын-бала?»
Ойында жоқ ешкімнің, бар білері,
Бастықтарға бас шұлғу жалғыз ғана.
Иесі кім даланың мынау байтақ?
Ой жүгіртіп көрдік пе мұны байқап?
Иесі сен – жеткіншек, келер ұрпақ!
Олай болса, әзірлен, болма жалтақ
Шаш ал десе, бас алып, болма ақымақ.
Ел басқарсаң, сол елдің қабағын бақ.
Халық ұлы, сен оның құлы болып,
Ес жиып, ел болудың амалын тап, – деп өсиет айтады.
Тұрғынбектің арғын Жылқыайдар баба рухына арнаған бір өлеңі бар. 2011 жылы баба ұрпақтары Теке өзенінің Сарықопаға құяр жерінде ас берген. Асқа Қазақстанның барлық өңірлерінен (Алматы, Астана, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Арқалық, т.б.) 600 жүзден астам адам жиналған. Сол асқа Тұрғынбек Алматыдан әдейі барып осы өлеңді оқыған. Бұдан Тұрғынбектің үлкен азаматтығы, адамгершілігі, ел жағдайын және шежірені жақсы білетіндігі көрініп тұр. Өлең мазмұнды, терең ойлы. Өлеңнің соңғы шумақтарында елдің бүгінгі жағдайы, жердің игерусіз, иесіз қалғаны сөз болады.
Бұл жерді Жылқыайдарлар ен жайлаған.
Жесең – ет, мінсең – қанат жылқы айдаған.
Осынау жерұйықтан үрке қашқан,
Қайын жұрт қылығыңа қайран қалам!
Не сұмдық! Осы алқап жатыр иен.
Иен жерге ие болсын Баба киең!
Асыңда ауызыма өлең салған,
Уа, Баба, рухыңа басымды ием!
Бас қосқан ұлы аста, қайын жұртым.
Өзіме қатты ұнады мына ғұрпың.
Майпұшпақ бір қызыңа құрық сап ем,
Иншалла, сол қызыңнан өсті тұрқым.
Бірі едің үш жұртымның батаңды бер,
Деген бар: ақ батамен ер көгерер.
Ұрпағың қайта қоныс тепкенінше,
Есен бол, аруақ орнап, нар шөккен жер!
Міне, бұл Тұрғынбектің ел қамын жеген, шын жанашыр, ардақты да абзал азамат екенін көрсетеді. Тұрғынбектің жан жары Сапура қайтыс болғанда жазған өлеңі сай-сүйегіңді сырқыратып, көзіңе жас алдырады:
Торғайда қосылып ең мені сүйіп,
Басыңа әзер жеттім белім ұйып.
Сайраған сандуғаштай ақ-Сапура-ау,
Жатырсың қара жерге қалай сыйып?!

Бұйрық сол. Тар лақатта жатсың сыйып.
Шамам жоқ тоқтатарға жасты тыйып.
Қаладан қия бассам, алаңдаушы ең,
Қалдырдың мені қалай көзің қиып?!

Өзіңмен ашылып ед бақ-талайым.
Өзіңсіз басты мені сарыуайым.
Секілді «жесір аққу» өмір сүрмей,
Жатайын, қабіріңді аш, айналайын!

«Әудем жер жүре алмаймын белім ұйып» (Ақан)
Жанарым болар емес жасын тыйып.
Қыз-Құртқам, Ақ-Баяным, Қыз Жібегім,
Жүрермін енді қалай, қайда сыйып.

Қан ақты жас орнына жылай-жылай.
Қалайша өмір сүрем, қайтіп бұлай?
Жетінші мүшелім де алыс емес,
Қалдырмай қосағымнан ал мырза, Құдай!

Бақұл бол, он бір үйдің мәмлегері.
Алтын, Күміс алқаның ардагері.
Қозғалмас жер қозғалса, қабақ шытпас,
Бақұл бол Сарқопаның маңмаңгері!
Тұрғынбектің «Сыр сандық» өлеңдер жинағы оның өмірін жан-жақты ашады. Елмен еркін араласып, халқын қалтқысыз сүйгенін, адамгершілігі, азаматтығы өте жоғары екенін толық баяндап тұр. Сондықтан бұл жинаққа профессор Төлеухан Иман­құлдың берген «тағылымы терең туынды» деген бағасы өте орынды.
Тұрғынбектің елінің сүйікті де адал ұлы болғанын артында ұрпақтары ержетіп, бір қауым ел болғанын көріп отырмыз. Ұрпағы барда азамат есімі мәңгі жасай бермек.

Таңатқан ДОСМАҒАМБЕТҰЛЫ,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.