КІСІКИІК

Қазақ поэзиясы туралы сөз болғанда осынау аламан дүбірге өткен ғасырдың  80-жылдары келіп қосылған, бүгінде ­сауырына қамшы салдырмас сәйгүлікше талмай шауып келе жатқан ақынның бірі Болат Шарахымбайдың шығармашылығын айналып өтуге болмайды. Себебі жыр додасында бәйгеге түсіп, замана тынысын өзінше ­жырлады, дәуір лебін өзгеше танытты. Болат Шарахымбайдың қаламынан туған «Кісікиік», «Жапандағы жалғыз терек», «Жүрек шарқ ұрды» сынды өлеңдері ақынның бөлек болмысын, ерек үнін айқындап тұрғандай. Әсіресе, «Кісікиік» өлеңінде метафизикалық концепт ретінде танылатын «жалғыздық» ұғымы ерекше аңғарылады. Болат ақын бұл өлеңіндегі кісікиік образы арқылы осы жалғыздық тақырыбын көтереді. Әлбетте, әлемдік әдебиетте Даниел Дефо, Габриэль ­Гарсиа Маркес, Рюноскэ ­Акутагава сынды «жалғыздық» тақырыбын қозғаған айтулы қаламгерлер бар екені мәлім. Әлем әдебиетінде бұрыннан бар бұл тақырыпты көркемдік әлемінде бейнелеуден қазақ көркем өнері де құралақан емес.

Адамдар арасындағы жалғыздық мәселесін қазақ прозасында О.Бөкей, М.Қабанбай, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Р.Отарбаев, әрі індете дамытса, ­поэзияда А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев, Ө.Нұрғалиев, Ф.Оңғарсынова, Ж.Бөдеш, Е.Раушанов, Н.Оразалин, С.Адай, С.Нұржанов, Т.Әбдікәкімов, А.Әлімұлы, Б.Шарахымбай, М.Райымбекұлы тағы басқалардың туындыларынан да көрініс тапты. Оның ішінде Болат Шарахымбайдың жалғыздық мәселесін жырлауы тіпті өзгеше. Ақын жалғыздығы ерен поэтикалық мінезбен өрілген. Сондықтан да жан тебірентеді. Асылы, мұндағы жалғыздық сарынында ақынның ішкі ойы мен терең сезім иірімдері өзара астасып жатыр деуге болатындай. Ақын «жалғыздық» ұғымын қазақы таным өлшемімен бағамдайды. Ақын мына бір шумағында:

Боздай шапсам, дүбірімнен танитын,

Нардай шөксем, жігерімді жанитын,

Кісікиік – шыр айналған дүние,

Кісікиік – менің мұқым тарихым – деп «кісікиік» ұғымын жеке әлем, жеке адамның өмірі ұғымдарымен астастыра береді. Қазақ танымында өзіндік ойымен өзгелерден оқшау жүретін ­жандарды қашанда «кісікиік боп кеттің», «кісікиіктеніп кетті» деген тілдік оралымдар қай өңірден болмасын ұшырасады. Бірақ бүгінгі тілдік қолданыста сирек айтылатын тіркестер.

Қоғамдағы алуан түрлі құбылыстарды өзіндік көзқарасымен бағамдайтын, бағамдаумен қатар, бойын өзгелерден бөлек ұстап, оқшау жүретін жандарға бағытталып айтылатын мұндай тіркестер­дің ұлт тілінде орын алуы «жалғыздық» ұғымының метафизикалық концепт екендігін нақтылай түседі. Ал адамзат баласының санасынан берік орын алған бұл ұғымның ақындар шығармашылығынан тыс қалуы әсте мүмкін емес. Себебі ақындық пен жалғыздық бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Ақын шығармашылық адамы ретінде қашанда жалғыз. «Жан тынышын елден емес, жерден тапқан» (Ілияс Жансүгіров) ақындар «жоқ жақыным, Жасағандай жалғызбын!» (Мағжан Жұмабаев) деп дүниенің күйкі тірлігін өзгеше қабылдайды, өзгеше таниды. Жалғыздық – философияда да негізгі ұғым – категория, сөз өнерінде, сол сияқты бейнелеу өнерінде басты көркемдік эстетикалық мотив. Сондықтан да поэзиялық туындыларда жапан түз, жапан сай, жалғыз тал, жалғыз кезу, жаны жалғызсырау, кісікиік болу сынды тіркестер жиі көрініс тауып келеді. Себебі шығармашылық адамы мазасы қашқан қарбалас тірліктен «жүрегі шарқ ұрып, көзі көкке шарпылып, жаны айға тарпынып» (Болат ­Шарахымбай) өзіндік әлемін іздейді, кісікиіктенеді. Ол – еркіндік әлемі, жалған дүниенің түкке тұрғысыз, құнсыз заттарынан сананың аулақтығы. Осы тұрғыдан «жалғыздық», «кісікиік» – ақын үшін еркін өмір сүрудің өзіндік дара формасы іспетті сезіледі. Ақын танымында, кісікиік – жаңа мен ескінің арасындағы күрес, дәстүршілдік пен дәлдүршіктік арасындағы айқас, ішкі бостандық символы.

Кісікиік болу – таза ниетке толы жұмақты іздеу, азат болу. Адам баласы өзін қашан азат сезінеді? Жалғыздықта қалғанда, кісікиік кейіпке енгенде. Кісікиік болу – пенделіктен қашу. Ал пенделік адамзат баласының осал тұсы. Мұны Болат ақынның:

Серік болып жаныма шер-өлеңім,

Шоғыр-шоғыр ойларға көп енемін.

Кісілігі жоғалған бұл қоғамда,

Кісікиік боп қалсам деген едім – деген жолдарынан анық аңғаруға болады. «Бірі-біріне өшігіп, қойнына тас тыққан», «ішіне қулық сақтап, әуре ететін» (Абай) алдау мен арбауға толы «кісілігі жоғалған бұл қоғамда» Болат ақынның «кісікиік боп қалуы» – пенделікті тәрк ету мен адами болмысы таза, бейкүнә күйді аңсау жөніндегі кіршіксіз таза пейіл, ақ ниет. Бұл ақынның:

Сырты мықты болғанмен, іші күпті,

Адам аз ба ұмытқан кісілікті.

Кісілік пен кішілік егіз нота,

Оны бірақ, беу, кімдер түсініпті?

 

Өксік қысса кеудеме мұң құлайды,

Жоқтаушысыз жайымды кім сұрайды?

Көз ұшында байланған көк сағымдай,

Кісікиік – тағдырым бұлдырайды– деген жолдарынан да айқын көрініс береді. Ақын ұғымында кішілік пен кісілікті ұмыту дұрыс жол емес. Кісілік – тұлғалық басты қасиеттердің бірі. Адам болу – әлеуметтік қасиет. Ал кісі болу – байырғы адамға тән табиғи қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаға тән. Бірімен-бірі тығыз байланыста болатын адами қасиеттердің жоғалуы ақын көңіліне мұң ұялатады. Ол мұң кеудені өксікке толтырады. Ақын болса жалпыадамзаттық өмір сүру салтының бұзылмауын көксейді, адамды адам етіп тұрған рухани дүниелер шытынамаса екен дейді. Соның ішінде жалғыздық құбылысының құпиясына үңіледі.

Ұлт танымындағы «өмір – өксік» бейнелі метафоралық тіркесі адамдар арасындағы екіжүз­ділік пен қулық-сұмдықтың ерекше орын алғанына қабаржыған, ақ ниетті жандар – ақындар тілінде көрініс табуы заңды. Өйткені ақын қоғамның шынайы бейнесін көркем тілмен суреттеуші. Мысалы, қоғамдағы әділетсіздік пен екіжүзділікке немқұрайлы қарауға дәті жоқ Болат ақын:

Адамдар оны бірақ түсіне ме,

Қарадай ұлып жатыр ішім неге?

Жапанда жалғыз өзім қалды екем деп,

Қалмасақ жарар еді күрсіне де.

 

Дөңгелеген дүниедей саяғым-ай,

Менің үркек әлқисса баяным-ай.

Жапан дала үстінде жалғыз киік,

Ауыртады жанымды баяғыдай,

Қайда апарып оны енді қоямын-ай!..

Тағдырымның азабын шексем мейлің,

Екіжүзді беттерге бек сенбеймін.

Кісікиік боп келгем бұл өмірге,

Кісікиік боп енді өтсем деймін… – деп өзіндік үн қатады. Ақынның бұл өлең жолдарында адамзат баласының бойындағы жат қылықтар өнер адамының, әсіресе ақындардың жалғыздыққа бет бұруының бір түрткісі ретінде танылып тұр. Әйтсе де, шығармашыл адамдардың жалғыздығы туралы жайт та өз алдына жеке мәселе. Мәселен, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлы еркін шығармашылықты көксеп, өмірінің соңында оңашаланып, адамдардан оқшауланып өмір сүргісі келді. Неге? Алайда бұл оқшаулану немесе оңашалану – шығармашылық иесінің елден безіп, мәңгілік жалғыздыққа бет бұрды деген сөз емес еді. Сол секілді, халықтан алыстап кетпесе де, қалың қауымның арасында жүріп-ақ «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап ­шыным» деп күңіренген Абайдың жалғыздығын кім түсіндіріп береді? Хакім Абай жиырма бірінші қара сөзінде: «надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбас­тығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұраншақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек» дейді. «Өзін зор есептеу» демекші, «жарамсыз қылықтардан» қара басын жоғары қоя білген адам – ұсақ пендешіліктен азат және дара, яғни жалғыз! Міне, меніңше, кісікиік – осы, кірленген, ластанған қоғамнан «сұраншақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді» адамдардан іргені аулақ салу. Десек те, өмір, әлем жайлы терең ойларға негізделген «Кісікиік» ақынның жекеленуі мен оңашалануының нәтижесі, көрінісі ғана емес. Ол рухани толысқан «толық адам» болудың басты шарты – нұрлы ақыл, ыстық қайрат, және жылы жүрек десек, оны оқығандықтың басты шарты және білімділік неден азат етуі керек деген сауалға жауап беріп алу жол іспетті. Ол – символ, кісікиік – ақын жалғыздығының символы. Одан да тереңірек айтсақ, жалғыз ақын ғана емес, қазақ еркіндігінің символы. Кісікиіктену – бұл көркем образ, жалғыздану ­образы, жалғыздыққа, оңашалануға бой алдырудың көркем ­образы. ­Асылында, жалғыздықты сезіну, оның философиялық категориясын түсіну мен ұғыну оңай емес, оның көркем образын айшықтап суреттеу тіпті қиын. Ал біз қарастырып отырған ­Болат ақын өз жалғыздығын кісікиік образы арқылы бейнелейді. Яғни ол лирикалық кейіпкерін кісікиіктендіру арқылы көрсетеді. Ал кісікиіктің өз философиясы бар, ол танымдық тұрғыдан өзіне кез келген суреткерді жақын жібермейді. Қазақ әдебиетінде осы асуды бағындырған нағыз ­суреткерлер деп Оралхан Бөкейді, оның «Кербұғы» мен «Бурасын», Марат Қабанбайдың «Кісікиік», Маралтай Райымбекұлының «Кентавр» сынды көркем туындыларын жатқызуға болады. Ал Болат Шарахымбайдың бұл тұрғыдағы топтама өлеңдері өз міндетін толыққанды атқарып тұр деуге әбден болады.

Кісікиіктік, ол – ақынның жалғыздығы («Мыңмен жалғыз алыстым» Абай), асылдың жалғыздығы (Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген, ­Жанына жолатқызбай жанды жуық» І.Жансүгіров) қас жақсының жалғыздығы, дүниенің жалғыздығы («Аспан жалғыз. Ай жалғыз. Көше жалғыз… Сана – жалғыз… Қала – жалғыз… » Н.Оразалин), қазақтың жалғыздығы («Әр қазақ менің жалғызым» С.Адай), рухани дүниенің жетімдігі. Адамның рухани болмысының күйреуінен жалғыздыққа жетелейді, өмірі тек жабығу мен құлазудан тұрады. Адам көңілінің құлазуы кейде адам атаулыдан аулақтауға, жалғыздыққа жетелейді.

Тіліміздегі «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыз жігіт жарымас» деген сияқты, т. б. паре­мио­логиялық бірліктерден және «Жарылқаса жалғыздық, Қайда жүрді жаз сайын? (Ғ.Орманов) сынды өлең жолдарынан байқалатын жалғыздық туралы халықтық ұғым-түсінік ақын Болат Шарахымбайдың көркемдік танымында ерекше қырынан айқындала түседі. Болат Шарахымбай туындыларындағы «жалғыздық» концептісінің психологиялық аспектісі: дүниеден аулақтану, жапанды жалғыз кезу, кісікиік болу фреймдері арқы­лы танылады. Философиялық аспектісі тағдыр («кісікиік – тағдырым бұлдырайды»), болмыс («кісікиік боп келгем бұл өмірге»), тазару, жаңа өмір іздеу («кісікиік боп енді өтсем деймін») фреймдерімен беріледі. Мысалы:

Таулар қалып, соңында дала қалып,

Көз ұшында бір тасқын барады ағып.

Жапан дала төсінде жалғыз киік,

Жан ұшыра жүгірер бебеу қағып.

 

Дала мылқау, далада жел де мылқау,

Азапқа сап жанымды өртедің-ау!

Енді тоқтар екенсің қайда барып,

Кісікиік келбетті тентегім-ау – деп толғанады ақын.

Ұлт танымында «жалғыздық» ұғымы кейде «жат болу», «тасбауыр болу» ұғымдарымен де астасатыны аңғарылады. Ал ақын Болат Шарахымбай туындыларында адамзат баласынан біржолата безінуді, бұл дүниені талақ етуді анық танытатын тілдік қолданыстар кездеспейді. Керісінше, «дала мылқау, далада жел де мылқау, Азапқа сап ­жанымды өртедің-ау» деген жолдары өзінің адамзат ортасынан аулақтануды емес, әдебі мен әбіреті бөлек, қырбат қарым-қатынасты іздейтіні, жаңа бір өмір белесін аңсайтыны аңғарылады. Ал аңсау, аңсап қана қоймай іздеу, іздену – даму. Сол мақсатта «қырандай көкті кезеді», «құландай қырда ­жортады».

Ақын «Жапандағы жалғыз терек» өлеңінде:

Мына жұрт не біледі, не біледі?

Кеудемді кәләміш-мұң кеміреді.

Жан едім тұла бойым көне мүсін,

Қырандай көкті кезген көңіл еді.

 

Мына жұрт не біледі, не біледі?

Көңілім жақсы сөзге семіреді,

Көрігім жаман сөзден сөгіледі,

Топанда жалғыз қайық тербетілген,

Жапанда жалғыз терек егіледі…

… Мына жұрт не біледі, не біледі? – деп ­сауал тастай отырып, онда ақын адамның неліктен жалғыздықты қалауының, не себепті кісікиіктенуінің жауабын береді. Олай болса, Болат Шарахымбайдың «мына жұрт не біледі, не біледі?» деп сауал тастай отырып, оған жауап іздеуі ой үстіндегі ақынның бір мезеті. Өз ойымен жеке-дара бетпе-бет келуі, «кеудесін кемірген» ой-мұң жетегінде көкке самғауы, алуан түрлі ойлармен шарпысуы, жезкиіктей тебініп ­жауап қайтару сәті.

Ақын «өлең үшін жаратылып», «көңілі қырандай көкті кезетін», «көрігі жаман сөзден сөгілетін», «көңілі жақсы сөзге семіретін» нәзік сезім иесі ретінде тек жан тазалығын қалайды. Ендеше, жамандықтан ары ада, жаны таза, кірпияз ақынның қоғамда етек алған келеңсіз құбылыстарға назы, өкпесі қара қазандай болуы заңдылық. Мұны төмендегі өлең мәтіні айқын сездіреді.

Жүрек шарқ ұрды,

Ішек сымдай тартылды.

Уақыт деген бір ұры,

Ұрлап алды жалтымды.

Көзім көкке шарпылды,

Жаным айға тарпынды,

Тарпынайын деді ме,

Тұлпардың жасы моншақтап,

Қайғының көзі аршылды.

Қайнарлы бұлақ сарқылды,

Сұмырай келіп су құрып,

Соқыр етті қартымды,

Нодыр етті халқымды.

Кебенек қылды салтымды,

Ебелек қылды даңқымды.

Қағынан жеріп қасқа жер,

Қарадай жаным алқынды.

Басы барды дал қылды,

Кегі барды қан қылды,

Жетесізге жол беріп,

Қомағайға қол беріп,

Қорқақ етті әркімді,

Шорқақ етті мәртімді,

Адыра қылды нарқымды,

Дабыра қылды парқымды.

Алдырсам мені кім дейді,

Қазаққа берген антымды.

Ширыққан еттей шыдамы,

Тастүлек қырдың шұбары,

Шұбалаң құйрық мұнары,

Кім тыңдайды зарпымды?

Жүрек содан шарқ ұрды,

Ішек сымдай тартылды…

Адамның жатқа айналуына, жалғыздыққа ұмты­луына, кісікиіктенуіне не себеп? Негізгі түрткі не? Мұндай түйткілді сауалдардың жауабы ақынның жоғарыдағы өлеңінде нақты берілген. Ақын – қоғамның үні. Сол себепті де үнсіз қала алмайды. Ақын ойы, көзқарасы өлең-жырда көрініс табады.

Әркім өзі көргісі келгенді ғана көреді, өзі қабылдағысы келгенді ғана қабылдайды, өзі түсінгісі келгенді ғана түсінеді, өзі естігісі келгенді ғана естиді. Басқаша болуы әсте мүмкін емес. Егер адам мұндай болмаса, поэзия да болмас еді. Сондықтан да қоғамдағы данагөй «қарттың соқыр болуын», «тұлпардың моншақтаған жасын» көріп, мұндай келеңсіздіктерді мүлдем қабылдай ­алмай, қаламағандықтан жаны толас таппай, ақын кісікиіктеніп, «жүрегі шарқ ұрады», «ішегі сымдай тартылады».

Әлбетте, «жалғыздық» пен «кісікиік» ұғымының ара жігі алшақ емес. Өзара жақын ұғымдар. Ал жалғыз бен жалғыздық лексемалары өзара түбірлес болғанымен, көркем туындыда қолданылу мақса­тына сай мағыналық бояулары да өзгеше ­болып келеді. Қай поэзиялық туындыда болмасын жалғыз сөзі көбінесе «бір өзі», «тек қана» мағынасында аңғарылса, кейбір тұста «жалғыз» лексемасы «жалғыздықты» анығырақ танытады. ­Болат Шарахымбайдың «Кісікиігінде» жалғыздық пен жалғыз лексемасының мағыналық бояуларының ара жігі айқын көрінеді. Мысалы:

Арша еті арса болып жүгірген,

Борша еті бордай болып үгілген,

Аспандағы жақұт жырдай шашылған,

Жалғыздыққа мүжілген;

 

Адамдар оны бірақ түсіне ме,

Қарадай ұлып жатыр ішім неге?

Жапанда жалғыз өзім қалды екем деп,

Қалмасақ жарар еді күрсіне де.

Ал ұлттың жанын, қоғамдық қатынастарды қыран құс көтерілер биіктіктен түсінуге, ұғуға, сол арқылы мәселе көтеріп, образдарды ашу үшін ақын «жалғыздықпен» қауышуы тиіс. Сонда өлең – нағыз өнерге айналады, жүрекке (оқырманға) жетеді. Міне, сол себепті де ақын үшін кісікиік образы ­жанына жақын образ.

Аңғармастан оның терең мәнісін,

Аңғал сұрақ қойдың, досым, тағы шын.

… Кісікиік – қасарысқан қасқа өмір,

Кісікиік – менің болған намысым.

 

Одан әрі айтайын,

Айтайын да байқайын,

Басқалардан шығар ма екен «пай-пай» үн.

Кісікиік – бебеулеген шерлі өмір,

Кісікиік – кеудемдегі айқайым.

Ақын өлеңінен орын алған мұндай тіркестер жалғыздықтың себептері мен қасірет-кесапатын жете таныта түсетіндей. Сондай-ақ бұл – осы дүниедегі кісікиік ақынның өзі. Бұл – ақын Болат Шарахымбай поэзиясының стилдік ерекшелігі, жыраулар поэзиясынан бастау алған қазіргі қазақ поэзиясындағы ерек құбылыс.

Ақын Болат Шарахымбай туындыларында орын алған «кісікиік» ұғымында ұлт тіліндегі «жалғыздық» туралы ойлардың ізі жатыр. Ал ерекшелігі: оның «Кісікиігінде» орын алған «жалғыздық» ұғымы материалдық байлықтың құны көк тиын, ит түгіне тұрғысыз деген ой ­тудырады. ­Болат ақынның «Кісікиігінде» адам баласының өзінің ойымен жеке қалу сәті көрініс табады. Жалғыздық бақытсыздықтың соңы ма деген ­сауалды кесе-көлденең қояды. Сондықтан Болат ақынның «Кісікиігі» бүгін болмаса ертеңгі күні «жалғыздық» ұғымының кең көлемдегі туындыларға арқау ­болуы­на түрткі жасары даусыз.

Ерлан ҚАСЕНОВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің доценті,

филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.