ШАРБОЛАТ- ШАҢҒАРАЕВ

Көпбалалы отбасында дүниеге келген дарабоз балуан, Айтжан жастайынан күрес десе ішкен асын жерге қоятын. Ат тоқымындай ғана Қарасу ауылынан  елге танымал көптеген балуандар шоғыры шықты. Солардың ішінде Айтжанның орны ерекше болды.  Әлем кубогінің иегері, Еуропа чемпионы, КСРО жеңімпазы, КСРО кубогінің иегері және де көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Айтжан Шаңғараев қазақ спорт тарихында аты айшықталып қалған ірі балуандардың бірі. Елімізде самбо күресінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан талантты балуанның жекпе-жегін сол 1970-80 жылдары тамашалаған жанкүйерлер әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Жолбарыстай жылдам, арыстандай айбатты Айтжан қарсы келген балуанның  жауырынын кілемге жапсырып, көрерменнің көзайымына айналған. 

Айтжан 1963 жылы Алматы облысы Іле ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. Ағасы Нұрғожа артынан ерген інісінің күрес десе делебесі қозатын талабын байқап, 11 жасынан күрес залына жетелеп алып келеді.
Талантты ұл көптеген елге белгілі ­балуандар секілді күрестегі алғашқы жолын қазақ күресінен бастайды. Қазақ күресіндегі қырқа шалу, жамбасқа салу, жотадан лақтыру секілді айла-әдістерді жақсы меңгергенінің пайдасын кейінірек ірі сайыстарға түскенде көреді.
Ауыл-аумақтарда өткен дүбірлі жарыс­тардың бәрінде алдына жан салмаған ­талантты балуан, ауыл халқының мақтанышына айналады. Көптің көзайымы болған дарынды жас, өмірдегі асқақ арманы әлем аренасында өнер көрсетуді мақсат етеді.
Ол кезде үлкен күрестің дәмін тата бас­таған жас дарын, жолдың алыстығына қарамай жаттығуға қажетті киім-кешектерді қолқор­жынына толтырып алып Қарасудан Алматыға қарай қатынайтын-ды. Жаттығудан кешігіп қалмау үшін, автобус күтіп қаншама тыпыршып асығатын. Иә, күн сайын ауылдан қалаға қатынау жасөспірім бала үшін оңай емес еді.
ҚазМУ-дың спорт залында інісі Қайрат екеуі бапкерлері Темірхан Досмағанбетовтың әрбір айтқан ақыл-кеңесін бұлжытпай орындап, бозкілемде жаттығуын шыңдай түседі. Бірінің қолы бірінің күртешесіне тисе болды көз ілеспес жылдамдықпен әдіс жасауға ­тырысады. Құйындай ұйытқыған қым-қиғаш, айла-тәсілдер дамылсыз жасалынатын.
Тілерсектен іліп алып шалғанды ­Айтжан асқан шеберлікпен жасайды. Міне, бапкерінің «жаттығу аяқталды» деген сөзін тыңдай сала қос бауыр, қос балуан, шүмектеп аққан терге шомылып құшақтасып кілемнен шығып келеді.
Осы сәтте болат тұяқ балапандарын баулыған ата қыран секілді, тарланбоз жас таланттарының күресіне көңілі толған бапкері қияқтай қара мұртын сипап, ризашылықпен арқаларынан қағып қоятын.
«Жаттығуда ысылсаң, жарыста қысыл­мас­сың» демекші, жаттығуда жан терің шықпай, жеңіске жету мүмкін емес екенін қос балуан жақсы біледі.
Міне, осындай маңдай тер мен талмас талаптың нәтижесінде Айтжанның алмаған асуы болмады. Бала күнгі арманының орындалар сәттері де жетті.
Айтжанның ата-анасы теміржолшылар. Әкесі Тұрар елге қадірлі қарапайым жан болатын дейді көзін көргендер. Көпбалалы отбасының отағасын сұм ажал 53 жасында алып кетіп, бар салмақ Нұрбала анаға түскен. Өмір қиыншылығын жеңе білген қайсар ана 4 ұл, 4 қызды аяғынан нық тұрғызып, қа­тарға қосады. Аялап өсірген ұл-қыздары өмірде өз орындарын тауып, ата-ананың парызын өтеді. Шаңғараевтар отбасындағы ұлдардың төртеуі де спорт десе ішкен астарын жерге қоятын ел мақтаныштары болып өсті. Нұрбала ана балаларының алып келген әр медалін мұқият сандыққа санап салып, рет-ретімен қаттап қояды екен. Әрбір өткен жарыстардан талантты балуан жүлдесіз үйге оралмайтын. Мақтау қағаздарын қолына алып, жүгіріп үйге кіргенде анасы Нұрбала маңдайынан сүйіп жатса, әкесі Тұрар маңдайынан иіскеп риза болып, батасын беріп отыру Шағараевтар отбасында жақсы бір қалыптасқан әдетке айнала бастаған еді.
«Алып – анадан туады» демекші, сайдың ­тасындай балуандарды дүниеге әкелген Нұрбала ананың арманы жоқ десе болғандай. Сол кездері ауыл халқы Орталық мәдениет үйінде Шаңғараевтар отбасымен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Үй іші диплом, мақтау қағаз, кубоктардан жайнай түсіп, бейне бір спорт мұражайына айнала бастайды.
Әрине, Шаңғараевтар отбасындағы спортшы балалардың арасынан оза шапқаны Айтжан болатын. Айтжанды ағасы Нұрғожа 11 жасында күреске жетектеп әкелгеннен ­бастап, талантты балуан асқар-асқар белес­терге көтерліп, табысты өнерімен ел ­намысын абыройлы қорғайды.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, баланың бойындағы бар талантын көріп, аша білген бапкер нағыз білгір, маман жаттықтырушы болып саналатыны белгілі. Айтжанның бойындағы хас балуанға сай, айрықша қасиеттерін жазбай байқаған сол кездегі ҚР еңбегі сіңген бапкер Темірхан Мінайдарұлы Досмағанбетов Айтжанды бірден өз қанаты­ның астына алып, жаттықтырып, әлемдік аренаға алып шығады. Білікті жаттық­тырушының қарамағына түскен Айтжан күннен-күнге шеберлігі артып, самбодан Қазақ­станда өтетін ірі жарыстардың бәрінде дерлік топ жарады. Айтжан спортпен ­айналыса жүріп, оқудан қол үзбеді. Білім мен спортты ұштастыра білген дарынды жас алға қойған мақсатына адымдай қадам жасайды. Негізі, Айтжанның нағыз ­балуан ретінде қалыптасқан кезі – студенттік шақ. Қазақ мемлекеттік заң факультетінде білім нәрімен сусындай бастағаннан-ақ спортта толағай табыстарға жете бастайды.
Айтжан 1976 жылы Жуковский қа­ла­сында жасөспірімдер арасында өткен КСРО біріншілігінде 42 келі салмақ ­бойынша қарсылас шақ келтірмей алтын алып, алғашқы ірі жеңісінің жемісін көрді. Әрине, әр балуанның өмірінде ең бір есте қалатын сәтті жекпе-жегі мен сәтсіз жекпе-жектері болатыны заңды. Өмірінің өткелді сәттерінің бәрі бозкілемде өткені анық. Өз өміріндегі ең қиын да ауыр белдесу Айтжан үшін 1981 жылы Қарағандыда өткен КСРО чемпионаты болған екен. Әр республиканың үкілеп қосқан 18 балуаны КСРО чемпионы атағын кеншілер жерінде сарапқа салады.
Сонда Айтжан жартылай ­финалда әлемнің екі дүркін чемпионы Андрей Ходыревті 3:2 есебімен ұтып, финалда өз жерлесі, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Қанат Байшолақовпен кездеседі. Арпалысқа толы айқаста Айтжанның жұлдызы жанып, Одақ чемпионы ­атанады. Сол жекпе-жекті тамашалауға келген халықта есеп болмаған екен. Иін тіресіп қызықтаған сол бәсекеде спорт кешеннің ішінен Айтжанға бір адам жанын салып жанкүйерлік етіпті. Зал толы халық өз жерлестері Қанат Байшолақовқа жанкүйер болып жатқанда, көп ішінен бөлініп шығып, Айтжанның жігерін жебеген адам самбо күресінен ҚР еңбегі сіңген бапкер Мерей Қойшыбеков екен. Сол бір жанкешті белдесуді Мерей ағамыз әлі күнге дейін ұмытпай, әсерлеп тұрып айтады.
Айтжанның есінде қалған тағы да бір тартысты өткен жекпе-жек – КСРО кубогі үшін өткен байрақты сын. Сол дүбірлі жарыс алдында бапкері Темірхан Мінайдарұлы: ­«Айтжан қалайда кубокті Қарасуға әкелу керек» деп жігерлендіріп, қайраған екен. Бапкерінің тамырын дөп баса білгенінің арқасында Айтжан 48 келіде қарсылас шақ келтірмей, жартылай финалдан көрінеді. Ресейдің Калинин қаласында өткен КСРО кубогі жолындағы жарыстың жартылай сынында Айтжан әлем кубогінің иегері, грузин Сосо Ростиашвилимен кездеседі. Тәжірбиелі балуанмен түскен белдесуде қазақтың қайсар ұлы Айтжан бар шеберлігін салады. Ұтымды сәттің бірінде жотадан асыра лақтырып, ұпайын еселейді. Сол әдіс Айтжанды финалға алып шығып, соңғы белдесуде атышулы әлем чемпионы Нұрислам Халиулинмен күш байқасады. Соңғы дем, соңғы белдесу. Ұтқыр-ұрымтал тәсілдер үздіксіз қолдануда. Барлау арқылы өрбіген күрес текетіреспен аяқталып отырады. ­Дегенмен, көптің көңілінен орын алған Айтжан төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңіске ие болады.


Испанияның Лехона қаласында өткен Еуропа чемпионатында КСРО құрамасының құрамында Айтжан чемпион атанады. Әрине, ол кезеңде КСРО құрамасына ену орындалмас арман. Ал Айтжан КСРО құрама сапында өнер көрсетіп қана қоймай, әлем аренасын бағындырып, өзін мойындатқан сұрапыл балуан еді.
Ұлттық құрамада күресетін әр балуанның мінез-құлқы әртүрлі болатыны сөзсіз. Мысалы, бірі сөзі ауыр салмақты болса, бірі ақжарқын әңгімешіл болады. Кейбірі ұйқышыл болса, әлдебірі асқа жақын келеді. Ал әр балуанның бабын таба білу – бапкер үшін басты міндеттің бірі.
Айтжанның ерекше қасиеттері туралы сөз еткенде, сол кездегі бапкері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Михаил Шепетюк талантты балуанның еңбекқорлығы мен қандай іс болмасын өзі бастаған жұмысын аяғына дейін абыроймен аяқтауға барын салатын тиянақтылығын ерекше айтады.
Айтжанның туып-өскен ауылы Қарасудан елге танымал бірталай ­балуан шыққан. ­Мысалы, Айтжанның тай-құлындай тебісіп бірге өскен сыныптасы, әрі жолдасы Мәден Қалиеков ­самбодан жастар арасында әлем чемпионы, КСРО чемпионатының жүлдегері атанса, Мәденнің туған ағасы Эдик Қалиеков самбодан спорт шебері. ­Сонымен қатар ауылдасы ­Валентин ­Погодин да жастар арасында КСРО біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алған балуан. Ал спорт шеберлері, ағалары Нұрғожа Шаңғараев пен Нұрлан Бейсебаевтар ауыл таланттарын спортқа баулыған, ауыл спортының алғашқы қарлығаштары болып саналады. Ал Айтжанның үлкен ағасы Алға ауыл жастарының қолына алғаш болып былғары қолғап кигізген спорт шебері.
Кезінде дзюдо күресінен ұлттық құраманың тізгінін ұстаған, Алматыдағы Олимпиада ізбасарларын даярлайтын орталықтың директоры Бостан Жаңбырбаев, кезінде күрес кілемдегі қарсыласы, әрі жолдасы Айтжанмен күні бүгінге дейін бір үйдің тетелес балаларындай аралас-құралас ­бауырдай әрі ажырамас достардай болып келе жатқанын мақтанышпен айтады.
Иә, әр адамның өзінің өмірдегі алға қойған арман-мақсаттары болады. Негізі, өмірде жар таңдау мен мамандық таңдау оңай емес деп халық ішінде дұрыс ­айтылса керек. Әрбір азамат өзінің сүйіктісін іздегенде таңдау дұрыс болмаса өмірінің мәні мен мағынасы болмайтыны хақ. Сол секілді мамандық таңдау да адам үшін өте жауапты сын. Ал Айтжан Шаңғараев жарды да, мамандықты да дұрыс таңдай білген, ел қадірлеген берекелі отбасы, қазақ спортында аты қалған атақты балуан.
Міне, арада жылдар жылжып, айлар алыстап кетті. Бүгінде балуанның маңдайын ақ шалып, ел ағасы атанған кез. Айтжан күн еңкейе бергенде ауыл шетіне қарай аяңдап барады. Бала күнгі ақ таяқты ат қылып мініп сабалап жүгірген туған жердің ой-шұқырына дейін өзіне таныс. Айтжанға ауылдың бір топ доп қуалаған балалары жарыса келіп, амандасып жатыр. Балуан кейбірінің қолын алып, кейбірінің арқасынан қағып, риза болып жатыр. Содан кейін, баяғы ауыл шетіндегі айыртөс шоқының басына қарай бет алды. Қасына ілескен ауылдың қара домалақ жасөспірім балалары соңынан қалар емес. Міне, жас кезінде желдей есіп шапқылап жүгіріп шығатын шоқының басына алқына жетіп, айналаға көз салып тұр. Ауыл көркіне тамсанып, сәл тамашалап тұрғаннан кейін, апайтөс ардагер балуан қасында маңдайы тершіп өзгелерден бұрын жеткен қыр мұрын, шымыр келген қара баланың қос қолынан ұстап, мойнына бір-ақ көтеріп алды. Кім білсін, күні ертең бұл бала атақты атасы Айтжандай қазақтың атын шығарар дарабоз балуан болып шығар…

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.