ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕНІҢ ТІЛІМ

 Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елімізде сан ұлттың басын қосып, ұйыстырып келе жатқан Елбасының сарабдал ­саясатына бас иеміз. Әр халықтың өз ана тілі бар. Ұйғыр тілі – менің  таусылмайтын байлығым. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Өз тарихымды танып-білдім. Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Себебі біздің болмысымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені тіл – ата-бабамыздан бізге қалған аманат. Тілдің көмегімен өнерді, білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. Қазақта «Өнер алды – қызыл тіл» деген мәтел бар. Осы құдыретті сөздің астарында қаншама терең мән мен мағына жатыр. 

Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан. Ұлтым басқа ­болса да, тілегім бір екенін үнемі ұмытқан емеспін. Қанымыз басқа болса да, жанымыз бір. Себебі қазақтай дархан халық жер бетінде жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Себебі қасиетті мекенді пана тұтқан әрбір өзге этнос өкілі өзінің салт-дәстүрін, ана тілін де ұмытқан жоқ. Өйткені қазақ халқы бізге осындай мамыражай жағдай жасады. Соның арқасында орыс, татар, ұйғыр, шешен, бәрі-бәрі емін-еркін өз тілдерінде сөйлеп, ән салып, би билеп жүрміз. Татулықтың туы биікте желбіреді деп осындайды айтсақ болады. Қазақ көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды. Осынау бақытты сәтті көруді бұйыртқанына шексіз қуаныштымыз.
Ел басына қиын-қыстау күн туғанда құшағын жайған қазаққа біз мәңгі қарыздармыз. Қасиетті жердің қасиетті халқы қиындық көрген біздерге отын-су, тамақ, киім-кешек беріп, қайырымдылық көрсеткен. Кейін ауылға сіңісіп, үйреніп кеткен. Егер қазақтар болмаса, біз бұл жерде өмір сүре алмас едік. Бүгінгідей бақытты күнді көре алмасымыз анық. Сондықтан Қазақ еліне мың алғыс!
Қазақстандықтардың қамқорлығын ешқашан ұмытуға тиісті емеспіз. Бұл – атамыздың сан мәрте қайталап, құлағымызға әбден сіңірген сөздері. Атамыздың отбасымызға аманат етіп қалдырған ең басты құндылығы да – осы. Дүние-мүлік емес, ең бастысы, «қазақтардың қамқорлығын ұмытпаңдар» деген сөздерін өсиет, аманат ретінде кейінгі ұрпақтарға сабақтай береміз. Осылайша, қазақ халқының қамқорлығын біздің ұрпақтарымыз да біліп өсетін болады.
Ұлтты сыйлағандықтан, оның тіліне деген сый-құрмет те жоғары болуы керек. Өз басым қазақтың тілін, дәстүрін қатты құрметтеймін. Мемлекеттік тілімізде еркін сөйлегім келеді. Күнде таксиде, дүкенде, үйде қазақша сөйлеуге тырысамын. Кейбір қазақ достарыма қарағанда, мемлекеттік тілде жақсы сөйлеймін. Ол менің азаматтық міндетім деп білемін. Кейінгі ұрпағыма да осы өсиетті айтып жүретін боламын. Қазақтай қамқорлық танытқан халықтың тілін де, салт-дәстүрін де сыйлап, құрметтеуге міндеттіміз.
Қанымыз ұйғыр болса да, жанымыз қазақ. Біздің тілегіміз ортақ. Қазақстан – алтын бесік. Сол бесікте бәріміз тербеліп өсіп келеміз. Бұл бесіктен қанат қаққан әрбір ұлт қазаққа тек алғыс қана айтады. Себебі қазақтың кеңдігі мен ақылдылығының арқасында біз өз ата-салтымызды, дәстүрімізді ұмытпадық. Егер қазақ бізге осындай мамыражай жағдай жасамағанда, Елбасының сарабдал саясаты болмағанда біздің күніміз не болары белгісіз еді. Ендеше, қасиетті қара жерді басып жүргеніміз, әуелі, Жаратқанның арқасы десек, екінші қазақ ұлтының арқасы. Сол үшін біз қазақ еліндей киелі жерімізді, қасиетті тілімізді құрметтейік.

Махинур СМАЙЛОВА
Талғар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.