ЕҢ АЛҒАШ ҮЙРЕНГЕН СӨЗІМ – «АНА»

Қазақ тіліне, қазақ елінің болаша­ғына бір адамдай уайымдайтын, ел ертеңі үшін тіл білуді бірінші орынға қойған отандасымыз Владимир Коломиннің тіл туралы ой-толғауын оқырманға ұсынғымыз келеді. 

Тіл білуіме өзімнің өскен ортам себеп болды. Қазақтың арасында өскендіктен тіл меңгеру соншалықты қиындық туғызған жоқ. Қазақ ­балаларымен асық ойнап, доп қуалап жүріп өстім. Алғашында достарыммен бір-екі ауыз сөзді үйрендім. Одан кейін сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде жазып, еркін түсінсем деген ой туды. Кейін сөйлем құрап, тіпті мақалдатып сөйлейтінді үйрендім. Мектепке барғанымда қазақ тілін аса ыждағаттылықпен оқуға ден қойдым. Ұстаздар талап еткендіктен емес, өзімнің ниетім болғандықтан. Нәтижесі жаман емес. Мектеп бітірген соң да қазақ тілін ары қарай жетілдіруді қолға алдым. Әлі күнге дейін қазақ тілінен меңгермеген тұстарды үйрену үстіндемін.
Байқағаным, жастар қазақ тіліне қарағанда ағылшын тілдерін тез әрі жетік меңгеріп алады. Ал қазақ тілін оқуда, көбінесе, қызығушылық таныта қоймайды. Мұның бір себебі – жас мамандарды жұмысқа қабылдаушы мекемелердің көбі ағылшын тілдерін білуді талап етіп, мемлекеттік тілге аса мән бере қоймауында шығар. Сол себепті де жарқын болашаққа ұмтылған жастарымыз келешегіне қолайлы бағытты таңдайды. Меніңше, мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жекеменшік жұмыс орындарында да ең алдымен ­сұ­ранысқа ағылшын тіліне қарағанда мемлекеттік тіл ие болу керек. Сол себепті де тіл білуді, үйренуді әрбір адам ең алдымен өзінен бастап, кейін қоғам болып, соңында мемлекет ­болып шешу керек деп ойлаймын. Бірақ бұл ертең-ақ шешіле қоятын оңай мәселе емес. Ол үшін белгілі бір уақыт керек.
Өз басым ең алғаш айтып үйренген қазақ тіліндегі сөз «Ана» еді. Осы сөзді айту арқылы менің қазақ тіліне деген махаббатым оянды. Бұл сөздің құдыреті мен қасиетіне барлығы бас иетіні анық. Ана деген біреу ғана болса, Отанымыз да жалғыз екенін ұмытпауымыз керек. Кейінірек «рақмет», «оқасы жоқ», «кешіріңіз» деген сөздерді үйрендім. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқу, мақал-мәтел жаттау, жаңылтпаш айту арқылы сөздік қорымды молайтып келемін.
Орталық Қазақстанның шырақ­шысындай болған айтулы тұлғалардың бірі Әлжаппар Әбішев деген мықты жазушының «Мәди» атты романын оқып шықтым. Жазушы қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы, қазақтың белгілі композиторы, әнші-ақыны Мәдидің өмірін зерттегені қызығушылығымды арттырды. Оның шыншылдық, адалдық жолындағы күресін оқырманға жақсы жеткізген. Негізі, қазақта мықты ақын-жазу­шылар көп. Олардың жазған дүниелері де керемет. Ертеңімізді ойласақ, кітап оқиық дегім келеді.
Тіл білу үшін біздің мемлекетте ешқандай кедергі жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Ең бастысы, адамның ниеті болса болғаны. Тіл білмеуді тілге деген құрметтің төмендігі деп ойлаймын. Біз қазіргі уақытта біреуге ­былай істе немесе мынауың дұрыс емес деп айта алмаймыз. Бір адам екінші адамның айтқанымен жүре ­алмайтыны белгілі. Тіл білуге деген құмарлық әр адамның жүрек түкпірінен шығуы керек. Қай ұлттың өкілі болса да, өз тілінде сөйлей алуы міндетті. Алайда туған жерін, өскен елін, Отанын сыйлауды да ұмытпағаны абзал. Өз елінің ­патриотымын деген жеке тұлға қазақ тілін білуі тиіс.
Біраз жыл бұрын бір үлкен компанияда жұмыс істедім. Сол кезде іссапарға жиі шығатынбыз. Басшылар мені көбіне қазақи ауылдарға жіберетін. Менің тіл білетіндігім осындай тұстарда көп көмегін тигізді.Ол кісілермен емін-еркін сөйлесіп, олардың пікірлерін тыңдап, өз ­ойымды дұрыс жеткізе алатын қабілетімнің барына өзім де қуанатынмын. Тағы бір мысал айтатын болсам, досымның тойында болдым. Тараздықтар тойға жоқ дегенде 500 адам шақырады екен. Соның ішінде жалғыз орыс ұлтынан мен ғана болдым. Қалған қонақтың бәрі 100 пайыз қазақ. Бірақ мен қысылып, өзімді жайсыз сезінген жоқпын. Бір қызығы, маған сөз кезегі келгенде қазақша тілек ­айтып, көпшілікті таңғалдырдым. Сол кезде тойға келген барлық қонақ қол соғып, «Бәрекелді!» айтып, орындарынан тік тұрды. Олар орыс баласын қазақ тілінде тап-таза сөйлейді деп ойламады. Олар да, мен де қуанып, бір-біріміздің қолымызды алып, тойды ары қарай жалғастырдық. Былай қарасақ, тіл білудің пайдасы көп. Тіл білу арқылы жеткен жетістігімді марапатпен, қызметпен есептеу әсте дұрыс емес деп ойлаймын. Отан алдындағы перзенттік парызым – қазақ тілін меңгеру. Осы менің ең үлкен жетістігім.
Тағы да қайталап айтамын, қазақ тілі – менің өз тілім. Өз басым жұмыста да, ағайын-туыстың, дос-жаранның ортасында да қазақ тілін еркін қолданамын. Достарымның 70 пайызы қазақ. Менің ойлау қабілетім көбіне қазақ тілінде жүзеге асады. Мен тек бір мақсат үшін, мансап ­немесе бас пайдам үшін тілді пайдаланбаймын. Егер солай істейтін болсам, азаматтығыма үлкен сын болар еді.
Қай жерде кіндік қаның ­тамса, сол елге қызмет етуің керек. Ең ­бастысы, адамдармен тең дәрежеде араласу керек. Қоғамға деген мейірім, жанашырлық, махаббат адам бойынан өшпесе деймін.

Жазып алған
Еңлік КЕНЕБАЕВА
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.