ИНСПЕКТОРЛАР АҢ ЕМЕС…

Қазақстанның «Қызыл кітабы» ең алғаш Ғылым академиясының ұсынуымен 1978 жылы жарық көрсе, соңғы рет 1999 жылы ­басылып шыққан. Міне, осы соңғы ­жарияланымына еліміздегі ­жойылып бара жатқан аңдардың 128, құстардың 58, қосме­кенділердің 3, балықтардың 18, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрін бес санат бойынша енгізген. Ал бұл тіршілік иелерін қорғау «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесіне міндет­телген. Осы мекеменің Алматы өңірлік басқармасының басшысы Ролан Әнуарбекұлы Тілеу­лесовке жолығып, табиғат әлемін қорғау ісі қалай жүзеге ­асырылып отырғанын сұраған едік.

– Ролан Әнуарбекұлы, сіздердің алдарыңызға қандай міндеттер қойылған?

– Біздің міндетіміз «Қызыл кітапқа» енген аң, құсты, балықтарды және өсімдіктер әлемін қорғау. Олардың қатары, өздеріңіз білесіздер, аз емес. Ондап, жүздеп, мыңдап саналады. Бақылайтын аймағымыз 123 миллион гектар жерді құрайды. Бұл биік таулы аймақтар, шөл далалар, ондаған көлдер мен жүздеген өзендерден құралған. Оның үстіне Президент жарлығымен екі жылдан бері аң, құстарды және балықтарды көктемгі аулауға мораторий жарияланды. Сонымен, біздің жұмысымыз да, қорғайтын тіршілік иелері де тіпті көбейді.

– Бұл жұмыстарды атқару үшін басқарма инспекторларының техникалық қамтылуы қалай?

– Техникалық қамтылуымыз жақсы ­деуге ­болады. Атап айтқанда, инспекторлар жұмыс киімімен, оқ өтпейтін кеудешемен, қол кісен, шоқпар және қарумен толық қамтылған. ­Сондай-ақ іссапарда пайдаланатын жол талғамайтын 12 көлік, азық-түлік, төсек орындарын таситын әскери 4 ­«Кунг» жүк көліктері және моторлы қайықтар бар. ­Жалпы инспекторларымыздың денсаулығы мен жеке бас қауіпсіздіктері бірінші орынға қойылған. Бұл бағытта оларға лекциялар оқылып, тиісті мамандардың нұсқау-кеңесі беріледі. Мәселен, браконьерлерді ұстаған жағдайда құрамдағы инспектордың қайсысы тінту шараларын жүргізеді. Оны қанша қашықтықтан, қаншасы қорғап тұруы керек, осының бәрі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Инспекторлар үнемі спорттық-дене тәрбиесі жағынан дайындықта болады. Олар әр маусым сайын аттестациялау­дан өтеді.

– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда браконьерлік деректер өсті ме, әлде кеміді ме?

– Осы жылдың 4 айында 7 қылмыстық іс қозғалып, қылмыстары дәлелденіп, іс сотқа жолданды. Бұдан бөлек 30 әкімшілік іс қаралып, шара қолданылды. Жалпы жағдайды сараптасақ, браконьерлік деректер өткен жылмен салыстырғанда азайып келеді. Бұл, біріншіден, біздің инспекторлар жұмысының нәтижесі. Бұған Президенттің жариялаған мораторийі де әсер етті деп ­ойлаймын. ­Сондай-ақ осы көктемдегі екі-үш айға жарияланған ­карантин шарасы да браконьерліктің төмендеуіне септігін тигізді.

– Дамыған Еуропа елдерінде табиғат әлемін бақылау аймақтары тұтастай картаға түсіріліп, интернет жүйесімен бейнебақылау камералары арқылы да жүзеге асырылады. Ал біздің елде мұндай жетістікке қашан жетеміз?

– Биылғы жылы комитет пен біздің басқарма бірлесіп, осы табиғат әлемін қорғаудың «жаңа тұжырымдамасын» жасап, министрлікке ұсындық. Кеңес үкіметі кезінде «Охотзоопром» мекемесі өзін-өзі қаржыландырып тұрған ­мекеме болған. Мысалы, ақбөкенді қорғап, санын миллионға дейін жеткізіп, содан кейін оларды жоспарлы аулау шарасын жүргізіп, етін тұтынушыларға сатқан. Бұдан миллиондап пайда тапқан. Сол сияқты басқа аңдарға қатысты осындай шараларды мезгілінде жүргізіп отырған. Яғни тұтынушы аңға шығып, уақыт шығындамай-ақ аң етін пайдаланған. Сол сияқты «жаңа тұжырымдамада» біз көптеген мәселені қамтыдық. Онда туризммен айналысудан бастап, рұқсат етілген аң, құс түрлерін, балық аулау, олардан алынған өнімдерді өңдеп, тұтынушыға жеткізу секілді ондаған саланы қамтыған ­жиырма шақты қызмет түрлерін көрсетуді ұсынып отырмыз. Тіпті «Охотзоопромның» қосалқы шаруашылықтары мен өндіріспен ­айналысуын жолға қою қарастырылған. Егер осы «жаңа тұжырымдама» қабылданса, онда болашақта біз де бейнебақылау жасауға, басқа да ­техника мен ғылымның жетістіктеріне жетеміз деп ­ойлаймын.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында ақбөкен­дердің жылдан-жылға азайып бара жатқаны туралы дабыл қағылды. Дәл қазіргі таңда осы ақбөкендердің жағдайы қалай? Басқа да аң, құстар көбейді ме, әлде азайды ма?

– Жоғарыда өзіңіз келтірген табиғат әлемінің «Қызыл кітапқа» енген түрлерінің азаю қаупі сақталып тұр. Дегенмен, қорғаудың нәтижесінде кейбірінің өсуі байқалады. Мәселен, ақбөкен осыдан 5-6 жыл бұрын 100 мыңның ­айналасында қалса, қазіргі таңда 340 мыңға жетті. Арнайы қорықтарда бағылып жатқан құландар да өсіп жатыр. Қазіргі таңда Қытай, Ресеймен шекарамыз жабық. Енді ақбөкеннің мүйізіне сұраныс болмаған соң, оны ату дерегі де азайды. Егер кеденіміз бен шекарамызда тыйым салынған заттарды мүлде өткізбейтін болса тапсырыс болмайтын еді ғой. Сол сияқты Президенттің аң, құс атуға мораторийі жарияланғалы бері барлық аң, құстың өсу үрдісі байқалады.

– Жоғарыда биылғы жылы жеті қылмыстық істі сотқа өткізгендеріңізді айттыңыз. Осы ­деректерде браконьерлер қарумен болды ғой. Олар құтылып кету үшін инспекторларға оқ атып, қарсыласқан шығар. Жалпы осындай деректерде инспекторларды мемлекеттік марапаттауға ұсыну жөнінде Үкіметке ұсыныс жасала ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Шынында да, біздің инспекторлар күнделікті жұмыстарында қауіп-қатердің ортасында жүреді. Мысалы, құмда жүргендерінде қарақұрт немесе жылан шағып алуы мүмкін. Немесе жауын-­шашын, бұрқасында табиғи апатты жағдайларды ­бастарынан өткереді. Ал, браконьерлерді ұстау барысында, ­шынында да, үлкен қауіп-қатерге бастарын тігеді. Ал ­оларды ұстаған соң, айыппұл салынады, ­кейде ұстаған балықтары тірі болса өзен, көлге жіберіліп, өліп қалса, балық шаруашылықтарына өткізіліп, олардың техника, қару-жарақтары мемлекет мүддесіне тәркіленеді. Мәселен, күні кеше ғана ­Алматы облысының аумағында Іле өзенінде браконьерлік топты ұстадық. Олар Түркістан облысында тіркелген жол талғамайтын 3 үлкен көлікпен, қуат күші 40 болатын 2 қайықпен қашқан. Инспекторларға оқ атқан. Амалсыз ­инспекторлар да табілдік қарудан оқ атып тоқтатқан. Сонда олардан 450 кг балық, 2 тоқ соқтыратын құрылғы, тыйым салынған тор, мылтықтар тәркіленді. Сондықтан осындай жағдайда, шынында да, ­инспекторларды мемлекеттік марапатқа ұсынған орынды деп есептеймін. Болашақта оған да қол жеткізерміз. Бұл бағытта комитет пен министрлікке хат ­жазып, ұсыныс жасаудамыз. Әзірше біз осындай қарулы браконьерлерді ұстаған жағдайда 3 айлық көлемінде сыйақы беріп жатырмыз. Ал әкімшілік шара қолданылғанда 1 айлық көлемінде сыйақы береміз. Дегенмен, адам өмірі ақшадан қымбат қой. Біз болашақта соған жеткізбеудің амалдарын жасауымыз керек.

– Жұмыстарыңызды ғылыммен байланыс­тыру жағы қалай іске асып жатыр? Жойылу қаупі бар аң, құстарды көбейтіп, табиғатқа қайта жіберу шарасы жүргізілуде ме?

– Жоғарыда айтқан «жаңа тұжы­рымдамада» бұл мәселе жан-жақты қарастырылған. Онда жұмысымызды жаңғырту мәселесі қамтылған. Ол бойынша ақбөкендерге арнайы құрылғы ­орнатылады. Сол бойынша киіктердің ­миграциясы бақыланып, оларға қауіп төнген жағдайда жақын жердегі инспекторлардың смартфондарына ақпарат түсетін болады. Ол құрылғы сирек құстарға да орнатылып, бақылады. Сол сияқты Жамбыл облысының аумағында дуадақтың тәлім бағын аштық. Сонда инкубаторда жұмыртқадан балапандарын шығарып, өсірудеміз. Кейін өз тамағын тауып жейтіндей жағдайға жеткенде табиғатқа босатамыз.

– Өткен жылы электронды БАҚ-тың бірінде жолбарысты көбейту туралы ақпарат тарап еді, ол мәселе жүзеге асты ма?

– Иә, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. ­Алматы облысы Балқаш ауданында Іле өзенінің ­бойынан жер бөлініп, «Резорвация» жасалуда. Біткен соң жолбарыстар әкеліп, олар арнайы күзетіліп, табиғи жағдайда өсіріліп, көбейетін болады. Яғни табиғат әлемін қорғау бізде де еуропалық стандарттарға сәйкестендіріліп келеді. Жалпы табиғатты қорғаудың мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл бағытта насихаттық жұмыстарды жүргізуде БАҚ-тың қызметі ерекше деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыста­рыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан

Нұрболат Абайұлы

Суретті түсірген:Азамат Құсайынов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.