Намыс пен жеңіс

1-1-12«Ел мерейін үстем ет, Азиада!» деп тілек айтқанбыз VII Қысқы Азия ойындары басталар алдында.
Алла Тағала біздің сол тілегімізді қабыл етті. 27 ел қатысқан дүбірлі додада Қазақ елінің абыройы асқақтады, мәртебесі артты. Үшінші орынды иеленсек те шүкіршілік дегенбіз. Құдайдың құдіреті – бірінші орынға көтерілдік, көш басынан көріндік. Жеңістің аты жеңіс емес пе? Айдарымыздан жел есті. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды.
Досты да, дұшпанды да таңғалдырып, таңдай қақтырған бұл жеңіс қалай келді өзі? Сөз жоқ, бұл – ең алдымен, спортшылардың табан ақы, маңдай тері. Спортшыларымыз намысшыл екен. Жеңіс жалауы желбіреуі үшін бар күш-жігерлерін салды. Берместі алмай қоймайтындай айбат танытты, қайрат көрсетті. Ақырында дегендеріне, көздеген мақсаттарына жетті. Өздері ғана қуанышқа кенелмеді. Қазақстан атты бүкіл елді, тұтас мемлекетті шаттық шуағына бөледі.

Қазаққа о баста қысқы спорт түрлері өгейлеу көрінетін. Дегенмен де хоккей, коньки, шаңғы спорты… басқалары бар, бізге пәлендей бөгделігі жоқ екен. Игеріп кетуге болады екен. Бұған Азиадада тәп-тәуір жетістіктерге жеткен Жібек Арапбаеваның (фристайл), Диас Кенешовтің (биат­лон), Айжан Раушанованың (шайбалы хоккей), шорт-тректе өнер көрсеткен қазақ жігіттерінің және басқа да қандастарымыздың шеберліктері дәлел. Басқасын айтпағанда, біз өзі спорттың ауыр түрлері саналатын бокс пен күресіңді де шебер меңгерген қазақ емес пе едік. Олардың жанында шаңғы жарысы, коньки спорты… не тұрады, тәйірі. Оның үстіне табиғат қазақ жерін барынша жарылқаған. Төрт ай қысымыз бар. Қарға да, мұзға да кенде емеспіз. Бүгінгі заманға лайық спорт нысандарының да қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Тек керегі – бар ықыласпен қолға алу, мемлекеттің мүдделігі.
Биыл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы. Той жылын қуаныштан көзге жас алдырған, тебірентіп, толқытқан, асқаралы асуларға ұмтылдырған тамаша жеңістен бастадық.
Қуана білудің өзі – ізгі қасиет. Бұл жай қуаныш емес, ел қуанышы ғой. Қалай шаттанбассың, қалай мақтанбассың. Азиада табысы қазақтың мерейін асырды. Бір өлең жолы бар еді ғой: «Қазақтың нағыз шырқаған кезі» дейтін. Солай болып тұр. Қазақтың қазір өрге тасы домалап тұр. Қазір қазақтың бо­йын намыс кернеп тұр. Қазақты биіктерге жетелеп тұрған –Тәуелсіздік құдіреті, сірә.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.