БҰЛ ҚАЙ РЫБАЛКО?
тарихи әділеттілікті қалпына келтіру керек

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА!

Біз бала күнімізден «Шымкент облысының Түлкібас ауданынан шыққан С.Т.Бреусов, К.Д.Грицынин, П.Ф.Шевцов және И.И.Рыбалко ­деген 4 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды» деп жаттап өстік. С.Т.Бреусовтың есімі өзі туып-өскен Высокое (қазіргі Шақпақ баба) ауылындағы жалпы орта мектепке, П.Ф.Шевцовтың есімі өзі оқыған Түлкібас станциясындағы жалпы орта мектепке, И.И.Рыбалконың есімі өзі туып-өскен Балықшы (қазіргі Балықты) ауылындағы жалпы орта ­мектепке беріліпті. Ал К.Д.Грицыниннің есімі өзі туып-өскен Ванновское (қазіргі Т.Рысқұлов) ауылындағы бір көшеге берілген екен ­(сонымен қатар К.Д.Грицыниннің есімі ол ерлікпен қаза болған Украинаның Репки поселкесінің бір көшесіне берілген. Сондай-ақ украиндар оның есімі өзінің туған селосындағы көшеге берілген деп жазып қойыпты. – С.Ш.). Себебі бұл ауылдағы мектептер Абай, Лермонтов және ­Ломоносов есімдерін оған дейін-ақ иеленген болатын.

Біз өз ауылымыздан шыққан И.И.Рыбалконы мақтан тұтып, мектеп алдына оның құрметіне қойылған ескерткіш-бюст ­алдына естелік үшін фотоға түсетінбіз. Мектебімізде екі музей болатын. Бірі – «Әскери Даңқ музейі» ­болса, екіншісі – өлкетану музейі еді. Біздің мектептің музейлері Одақ көлемінде аты шыққан мектеп музей­лері қатарына жататын. «Әскери Даңқ музейінде» де И.И.Рыбалкоға арналған бұрыш ­болды. Ауылы­мыз­дың бас көшесі – Ленин ­атында ­болса, сол көшенің 218-үйінде «Здесь жил Герой ­Советского ­Союза И.И.Рыбалко» деген тақтайша ілулі тұра­тын. ­9 ­мамыр қарсаңында мектеп оқушылары сол үйге барып тағзым етіп, И.И.Рыбалконың ескерткіші мен ауыл орталығындағы «Белгісіз жауынгер» ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қоюшы едік.

Біраз жылдар бұрын біздің мек­тептің сайты (сілтемесі: http://mektep.ucoz.kz/) жұмыс істеп тұрды. Сол ­сайтта И.И.Рыбалконың өмір­баяны (бұрынғы «Даңқ му­зейін­дегі» өмірбаяны) ­былайша көр­сетілген еді: «И.И.Рыбалко Оңтүстік Қазақ­стан облысы Түлкібас ауданы Балықты ­ауылында туған. 1938 жылы Балықты жетіжылдық мектебін бітірді. Сол жылы ­Сергеевка МТС-дегі тракторшылар курсына оқуға түсіп, сол жылы тракторшы мамандығын алып шығады. И.И.Рыбалко өте еңбекқор, өз ісін жетік білетін ­механизатор болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін, екі айдан соң И.И.Рыбалко Түлкібас ауданының әскери комиссариатының шақыруымен Қызыл Армия қатарына шақырылды. Соғыс алдындағы тракторшы ­ма­мандығы ­майданда іске асты, ол танк жүргізуші болды. 1943 жылы анасы қайтыс болды. Сол 1943 жылы Қызыл Армия Украинаның қалалары мен селоларын азат еткенде, алыстағы Қазақстан жеріндегі ата-анасы ұлының қаза болғандығы жөнінде «Қара қағаз» алды. И.И.Рыбалконың әкесі 1956 жылы қайтыс болды. 1961 жылы ­Сайрам аудандық әскери ­комиссариаты И.И.Рыбалкоға Кеңес Одағының ­Батыры атағын беру ­туралы, 1943 жылы 17 қарашадағы грамотасын алды.

 

И.И.Рыбалкоға Кеңес Одағының ­Батыры Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, оң жағалауда берік пландарын (плацдарм – С.Ш.) құру кезінде ерлік пен батырлық үлгісін көрсеткені үшін берілді. И.И.Рыбалкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген соң мектеп, партия және комсомол ұйымдары жоғары ұйымдарға мектептер И.И.Рыбалко есімін беруге ұсыныс жасады. Түлкібас аудандық партия комитеті және атқару комитеті бұл ұсынысты қанағаттандырып, Балықты орта мектебіне Кеңес Одағының ­Батыры И.И.Рыбалконың есімі берілді. 1962 жылы 23 ақпанда Кеңес Одағының Қарулы Күштерінің 43 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры И.И.Рыбалконың грамотасы ­салтанатты түрде мәңгілік сақтауға мектепке тапсырылды. Мектептегі Әскери Даңқ клубының мүшелері И.И.Рыбалконың туыстарын іздеп тапты. Олар Гришина Вера ­Зиновьевна, Састөбе поселкесінің тұрғыны және ­Зверева Анна ­Зиновьевна ­Шымкент қаласы, Толстой көшесі №159 үйде тұрады. Олар, сонымен қатар И.И.Рыбалконың алғашқы ұстазы мен жолдастарын тапты. 1967 жылы мектеп алдына Кеңес Одағының ­Батыры И.И.Рыбалконың ескерткіші орнатылды». Тәуелсіздік жылдарындағы оқушыларды білмеймін, біздің кезімізде мұны білмейтін мектеп оқушысы болмайтын.

2014 жылы 9 мамыр қарсаңында білгім келіп, Түлкібас ауданынан шыққан Кеңес Одағы Батырларының өмірбаяндарын әліпби ретімен ­Уикипедиядан тауып алып оқи ­бас­тадым. И.И.Рыбалкоға келгенде күтпеген жағдайға тап болдым. Онда «Иван Игнатьевич Рыбалко (25.05.1925-26.04.2000) – Воронеж майданы 3-танк армиясы 9-механикаландырылған корпусы 69-механикаландырылған бригадасының пулемётчигі» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бала кезімізден 1943 жылы қайтыс болып кеткеніне өкініп, қайғырып өскен мен әлгі жерде сең соққан балықтай ­болып отырып қалдым. Содан кейін ары қарай қарасам, И.И.Рыбалко ­Башкирияда туып, Уфа аудандық әскери комиссариатынан әскерге аттанған екен. 1944 жылы кіші лейтенант курсын, соғыстан кейін жоғары оқу орнын бітіріп, 1951-1973 жылдары әскер қатарында қызмет етіп, подполковник шенімен отставкаға шыққанын көрдік. Оның есімі Уфа қаласындағы №113 мектепке берілгенін оқып-білдік. Екі Рыбалконың өмірбаянында да «1943 жылы 17 қарашада Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, оң жағалауда берік плацдарм құру кезінде ерлік пен батырлық үлгісін көрсетті» ­деген ұқсастық ­болды. Содан кейін, өзіміздің Рыбалконы іздедім. Өкінішке қарай, Кеңес Одағының ­Батыры атағын алған 4 Рыбалконың біреуі ғана Иван ­Игнатьевич ­болып шықты. Қалғандарының аты-жөні бөлек. ­Содан күмән пайда ­болып, түлкібастық басқа үш батырдың өмірбаяндарын оқыдым. Бір сөзбен айтқанда, ол үшеуі де Түлкібас ­ауданына қатысты болып шықты. Сол күннен бастап, «біздің мектебімізге уфалық И.И.Рыбалконың есімі неге берілді?» деген сұрақ пайда болды.

Ауылға барған сайын осы сұрақты біледі-ау деген бірнеше кісіге қойдым. Бірақ татымды жауап таба алмадым. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарымды Ресей Федерациясының «Память народа» сайтынан іздеп отырып, солармен бірге ауылдасымыз И.И.Рыбалконы қоса іздеу барысында сол сұраққа жауап таптым. Сайтта КСРО-ның әр аймағында әр жылдары туған 6-7 ­«Рыбалко Иван Игнатьевич» бар екен. Соның бірі – Кеңес Одағының Батыры, уфалық И.И.Рыбалко (1944 жылға дейін қатардағы жауынгер – С.Ш.) болса, бірі – біздің жерлесіміз, 1923 жылы туған, 1942 жылдың ­маусым айында Сайрам АӘК-нан әскерге аттанып, 1943 жылдың желтоқсан айында із-түзсіз жоғалып кеткен жаяу әскер (ешқандай да танкист емес! – С.Ш.) сержанты И.И.Рыбалко екен. 1953 жылы 22 қаңтарда оның әкесі – ­Игнатий Федорович Рыбалко Түлкібас АӘК-ға баласын іздеп сұрау салған екен. АӘК тарапынан жасалған сол сұрау-анкетасына 1963 жылы 29 қаңтарда ғана «Пропал без вести» деген жауап беріліпті. Осы сұрау-анкетасында 1943 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап хабар-ошар үзілгені көрсетілген. Баласының хабарын ала алмай, 1956 жылы өмірден өткен И.Ф.Рыбалконың арман арқалап кеткенін сезінуге болады.

Осылайша, біздің көңілде пайда болған күмән шындыққа айналып, Балықты ауылы түгілі, Қазақстанға қатысы жоқ уфалық Кеңес Одағының ­Батыры И.И.Рыбалконың есімі біздің мектепке берілгені анықталды. Бұл жаңалық соңынан тағы да сұрақ туды. «Қай И.И.Рыбалко есімі қалай, қашан, неге берілді? Соғыста хабар-ошарсыз кеткен, әскери ­марапаттары да жоқ қарапайым ауылдасымыз И.И.Рыбалконың есімін беру туралы қаулының қабылдануына негіз болған ­тарихи анықтама қандай? Оны кімдер және қалай даярлаған? Екі Рыбалконы шатастыру орын алған ба, әлде біліп тұрып осындай қадам жасалған ба?» ­деген сұрақ маза бермейді. Шатас­тырды дейін десем, 1953 жылы әкесі толтырған анкетада «пехотинец» деп тұрған И.И.Рыбалконың 1960-жылдары «танкист» болып кетуі күмән туғызады. Себебі бұл кезде Кеңес Одағының ­Батыры И.И.Рыбалконың өмірбаянында оның танк армиясында (бірақ оның өзі танкист болмаған – С.Ш.) қызмет еткені белгілі болатын. Оның үстіне, 1943 жылы 17 қарашадағы «марапат қағазында» оның 1925 жылы Башкирияда туғаны (фотоны қараңыз) тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осы күндері мен өзімді алданған ұрпақ өкілі ретінде сезініп жүрмін…

Мүмкін, бізді мазалап жүрген сұрақтың жауабын табуға Түл­кібас ауданының әкімі Нұрлан Мархабатұлы Байғұт, аудан әкімінің ­аппараты, Түлкібас аудандық әскери ­комиссариаты, Түлкібас аудандық білім бөлімінің басшысы Қадырбек Ержан Изтайұлы көмектесер…

Біз, ауылымыздағы мектепті бітірген бірнеше буынды алдаған осындай ­тарихи қателіктің түзетілуін, ешқандай негізсіз берілген И.И.Рыбалко есімін алып тастап, мектебімізге Түркібасы тауында орда тіккен Естеми қағанның немесе ширек ғасырда қазақтың екі еседен астам көбеюіне өз септігін тигізген Д.А.Қонаевтың есімін беру туралы ­бастама көтереміз. Әрине, ­ауылдасымыз И.И.Рыбалконы ­ауылдан кеткен барлық жауынгерлер сияқты құрметтейміз, бірақ тарихи шындық одан да жоғары тұратынын ұмытпайық!

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

тарих ғылымының кандидаты,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.