АҚМАРЖАН ЖЫР

Баян Бекетова – 80-жылдары үлкен әдебиет айдынына желкенін жайған ақындардың бірі. Оның бірде алмастай өткір, бірде күн шуағындай жылы, тау бұлағындай мөлдір, нәрестенің еңбегіндей үлпілдеген нәзік те сыршыл жырлары оқырман назарын өзіне бірден аударады. Әйел әлемінің сан қырын, адам жанының нәзік иірімін бүкпесіз жырлаған, жан тербер ойлы өлеңдері ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоқайласар тұсындағы талғампаз оқырманның жүрегіне жол тапқан ­санаулы ақындардың біріне айналды. Баян Бекетованың шығармашылығы жөнінде М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, А.Нысаналин, Т.Медетбек, Р.Ниязбек К.Ахметова, Е.Раушанов, т.б. көптеген көрнекті ақындар мен сыншылардың мақала жазып, шығармашылығына оң баға беруі – соның дәлелі.
Баян Бекетова – қазіргі заманғы қазақ поэзиясында өз қолтаңбасы бар, шығармашылық дүниетанымы қалыптасқан ақын. Сонау студент кезінде «Аудитория» (1984 ж.), «Қарлығаш» (1986 ж.), кейін (Күміс күйме» ­(2001ж.), «Қыз-ғұмыр» (2001 ж.) топтама жыр жинақтарына енген алғашқы ­қадамынан-ақ қалың жұртшылықтың назарына іліккен ақын туындылары өрелі ойымен, айшықты өрнегімен бедерлі. Оның «Үмітім менің» (1992 ж.), «Жалғыздық» (1994 ж.) «Сәмбі тал» (2001 ж.) «Көлбастау» (1994 ж), «Мен сені сағынғанда» ­(2005 ж.), «Ұйықтамайды жұлдыздар» (2010 ж.) сынды жинақтарының қайсысы болса да Баянның жүрегі қалаған дүниені ғана жырлайтын өнерпаздық мұратына, өмірлік кредосына адалдығын айқындайды. Ол ешқашан да өнер-өлеңнің қасиетін түйсінген адалдық биігінен бір сәт те аласарған, шығармашылық бағамынан ауытқыған емес.

Баян қаламы қарымды журналист ретінде Тәуелсіз еліміздің ұлттық баспасөзі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өркендеуіне, туған тіліміздің дамуына қызмет етті. 1984 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ­журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінде редактор, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі» газеттерінде әр жылдары аға тілші, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2002-2007 жылдары Алматы қаласы әкімдігі аппаратының Тіл басқармасында бөлім бастығы болды. Кейінгі жылдарда мемлекеттік құрылымдарда туған тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қолданылуын қадағалайтын жауапты қызметтер атқарды. Туған тілдің мәртебесін көтеріп, тұғырын бекітуде де ақын қыз шын жанашырлық ­танытты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде істеген еңбегі бағаланып, «Тіл ардагері» медаліне ие болды. Ол 2000-2005 жылдар аралығында ­руханият көкжиегін кеңітіп, қыз-келіншектерге арналған әдеби-танымдық «ЖАҢА Шолпан» атты журнал шығарды.
Ақмаржан жырдың иесі, ақын Баян өнегелі отбасын құрып, сәбилі болғаннан кейін де қолынан қаламын ­тастамады. Қайта ширыға түсіп, оқырманына «Сәмбі талын» ұсынды. ­«…­Бір қолымда қаламым, бір қолымда қазаным, тербетем де бөпемді өлеңімді жазамын» дейтіні де осы тұс. Қалам қасиетті болса, иісі қазақ үшін қара қазан одан да қасиетті!.. Ол қаламын суытпай, ақындық жолынан айнымай, қашанда туындыгерге тиесілі ар жүгін абыроймен биік көтеріп, талмай ізденіп, бойдағы дарын көзі жылдар өткен сайын ашылып, кеңейіп келеді.
Сезімнің ұясы – жүрек, жүректен шыққан сөздің ғана жүрекке жететіні де сондықтан. Бірақ ол сезім суық ақылмен емес, нұрлы ақылмен үндескенде «сылдыраған келісімге» ие болмақ. Баянның шығармашылығында мұндай өлеңдер жетерлік. Сондықтан оны сезімнің ақыны дейміз. Оның замандасы, әдебиет сыншысы, ғалым Қайрат Раев өз мақаласында: «Өлеңін ыстық сезімге орап ұсынатын ақын Баян Бекетованы бұл күні оқырманы көрінбей кетті деп іздейді» деп жазуының жаны бар.
Баян оңтүстік өңірдегі Шаян (қазіргі ­Бәйді­бек би) ауданына қарасты Боралдай ауылында дүние есігін ашты. Бұл өлке – алты алашқа аты әйгілі ұлы батыр әрі әділ би Бәйдібек бабамыз бен дана Домалақ анамыздың жатқан жері, әруақтар тербетіп жататын қасиетті ақ бесік… Ауылының шығысында таң шапағымен асқарлана, ­айбындана түсетін қасиетті Қаратаудың соңғы сілемі – Қос Тұра, солтүстігінде бастауын қасиетті Қошқар атадан алатын арнасы кең, бұйра толқынды ­Боралдай өзені, солтүстігі мен батысында жоталы шексіз дала. Көктем кезінде кілемдей жайнап, пүліштей құлпырған сол даланың қырларында қырмызы қызғалдақ қаулап қауыз ашып, өрттей жанып жататын. Өзен бойын жағалай өскен көркі көз суыратын сәмбі талдың сұлулығы мен мұндалап, жиде ағаштарының жұпары аңқып тұрар еді. ­«Перзент – топырағынан» деген қағидалы сөз бар. Ендеше, осындай жерде туған Баянның жаны сұлу болмауы, ақын болмауы мүмкін емес еді.
Жүрегім атқып қуанам,
Төбесін көріп ауылдың.
«Эйфельден» биік мұнарам –
тұратын екі Тұрадан,
«Қостұра» деген тауым бұл.
…Алғаш қараған айнамсың,
Арман қанатын жайғам шын,
Мұраттарыма байламсың,
Мейірі шексіз анамдай,
Түлектеріңе қорғансың,
Шылбыры келіп оралып,
Түп-қазығына байлансын…
Ақынның махаббатқа толы өлеңдеріндегі өр мінез бен ғаламат күш те, сұлулықты көркем сөзбен суреттейтін талғампаздық та сол топырақтан жұққаны аян. Құлақ түріңізші:
Біздің Қағба – Қаратау мен қара өлең –
Сонда тұр ғой көк кеңістік, көп әлем.
Қасіретін қасиетке жеңдірген,
Мәңгі көктем – көнермейтін көне әлем.
Қызықтырмай қойса, жарқ-жұрқ жасылың,
Кешір, кешір, о, жасампаз, жаңа әлем.
Біздің өкпе сол әлемнен алар дем,
Біздің ауру сол әлемнен алар ем.
Қасиет пен қасіреттен тұратын,
Қасиеті қасіретін жуатын,
Қасиетті сол Қағбамда қалар ем.
Қызықтырмай қойса, жарқ-жұрқ жасылың,
Кешір, кешір, о, жасампаз, жаңа әлем.
Біздің Қағба – Қаратау мен қара өлең…
Қалай, төбе құйқаңыз аздап шымырлады ма? Өлең жайлы пікірді сіздің құзырыңызда қалдырғым келеді оқырман. Бұл – қысқарған нұсқасы…
Баянның шығармашылық өлкесінде ­ерекше орын алған символикалық мәні терең бір бейне – Сәмбі тал. Ақынның жаңа ғасыр басындағы жыр жинағының «Сәмбі тал» деп аталуы да кездейсоқ емес. Баян, онымен қатар Гүлнәр Салықбаева, Гүлнәр Шәмшиева, Шәмшия Жұбатова, Нәзкен ­Алпамыс­қызы секілді қазақ поэзия әлеміне келген уақыты рухани құндылықтар мәнінен айырылып, күнкөрістің аса бір қиындаған, ел санасын сарсаңға түсірген ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы мен жаңа дәуірдің алғашқы он шақты жылы нағыз сын кезең болды. Рухани дүниелердің аяқасты болғаны соншалық, кітап шығару қол жетпес арманға айналды. Басылымдардың таралымы азайып кетті. Есесіне, қалталылардың тасы өрге домалап, әлжуаз дүниелер көптеп басылып жатты: жасын жырдың алдын ораған қасаң жырлар төрге озды; жалған мадақ пен жағымпаздыққа құрылған одалар өрге шықты. Баян осы кезеңде тарих дауылы шайқалтқан Қыз-ғұмырды өзіне бала кезден етене ­таныс, көзге ыстық, көңілге жақын Сәмбі тал бейнесінде шеберлікпен астас­тыра суреттейді. Ақын жырларының осындай қайталанбас нәзіктігі жайлы ақын Мұзафар Әлімбаевтың мақаласында да айтылады. Қадыр Мырзалиев те «Баянның өлеңдері қазіргі ­заманда қаптап кеткен сұлу сөздердің жиынтығынан жасалатын судыр сөзден құралған, сусылдаған арзанқол өлі өлең емес, жаныңды тітіркентетін тірі өлеңдер, сезіміңді селт еткізетін сергек өлеңдер» деп бағалайды. Білімпаз ақын Баянның шығармашылығындағы «Сәбимен сырласу», «Операциядан соң туған өлең», «Неге?», «Сүю үшін сүймеу», «Қолға түспес құстай» өлеңдеріне тоқталған. «Сәмбі тал» өлеңін оқиық:
Сұлулығы суыған әлемде,
Иілдім, сынбай майыстым.
Келін ғұмырды өткердім,
Ақ сүттей екен Ай іштім,
Көкейін тесіп көктемнің….
Сымбаты едім сынықтың –
Мәңгілік жасыл ғұмырмын.
Тұмаға тамған тұнықтың
тілімен Өлең – төгілдім!
…Ал, Сен құштарлығыма құнықтың…
Осы өлеңде көптеген образ экспрессивті тұр. «Әлем сұлу еді, сол сұлулық суыған»… Бұл – ойдың бір ұшқыны, ал екінші жағынан қарасақ, сондай әлемде өмір сүріп жатқан Сәмбі талға соның салмағы түсіп, майысады. Бірақ ол мықты, сынған жоқ, өйткені оның ішкі ділі мықты, осынша салмаққа қарсы тұр! «Келін ғұмырды өткердім» дейді ақын қыз. Сәмбі талдың келіндей иілуі өзінің табиғи болмысы. Ал осы келіндей ғұмырды өткеруінің ар жағында талай сырлар жатыр. Осы бір жол бірнеше ойдың салмағын көтеріп, бірнеше ойды ұшқындатады. Осы бар қиындықты инабатпен, үнсіздікпен жеңіп тұрған «келін ғұмыр».
Поэзия падишасы Фариза ақынның Баянның кітабына жазған алғысөзінде: «Ақындық – бұл бір академиядан оқып үйреніп алатын оқу-білім емес, бұл –Тәңірінің салты, қасиет. Бұл қасиет ақын қызға қонса, оның тұзы ащырақ» дейтіні бар. Осы атан түйе көтере алмас жүгі ауыр ойды Баян ақын бір шумақ өлеңнің бойына сіңірген және қандай шеберлікпен, көркемдіктің биік деңгейінде жеткізе білген десеңізші? Бұл жерде көркемдік компоненттер, троптар, эпитет кеңінен әрі мол қолданылғанына өлеңді талдау барысында көз жеткіздік. Бұл – ақындық қуаттылықтың айғағы. Баян «Сәмбі тал» өлеңін әдебиет айдынына ақ желкенін желбіретіп жайып, жаңадан келе жатқан 1980 жылы жазыпты.
«Қоңыр қаз» деген өлеңінде ұлт табиғатының ерекше символикалық бедері қоңыр сөзін қалай ойнатады, куә болыңыз:
Саған деген көңілде нала наз қап,
Жанарымнан жұлдызым тама жаздап.
Басу айтып отырмын ойларыма,
Жырларымды жылатып ала жаздап…
Қоңыр қазбен қоштастым қолым бұлғап,
Қоңыр кеште қоңыр ой, қоңыр мұң қап.
Қоңыр қаздар көктемде оралады,
Орала алмайтының сенің жұмбақ?
Шығармашылықтың қарапайым пенде түсіне алмас қуанышы мен азабын қатар тарту тән ақындарға. Әсіресе, ақынның өзімен-өзі ­арпалысатын сәттері бейнеленетін жыр жолдарын оқығанда онымен бірге толғанып, сол сұрақтың жауабын бірге іздейсің.
Ене бердің тірлігіме сыналап,
Жатқаным жоқ күстәналап, кінәлап.
Жанның жасы – көздің жасы емес қой,
Орамалмен сүрте салар жылап ап.
Таңданыспен мүлгіп рас, тұр алап,
Мені, сені соқпағымен сынамақ.
Өмір жолы – көше жолы емес қой,
Түрегеліп жүре берер құлап ап.
Қара мен ақтың, шындық пен жалғанның, әділетсіздік пен туралықтың, адал мен аярдың бітіспес арпалысы – оның өлеңдерінің арқауы, тіні. Орыс тілінде Мәскеуден шыққан ­«Мадонны Турана» (2007) атты түркітілдес ақын қыздар шығармашылығының ұжымдық жыр жинағында жарық көрген өлеңдерінде ұлттық шеңберден шығып, жалпыадамзаттық мәселелерді тереңнен толғаған-ды. Ал «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (№30,17.01.2020ж.) қара өлең стиліндегі «Ақдениздің самалы» өлеңдер топтамасы, кедір-бұдырсыз құйылып жатқан қара өлеңі оның әлемдік поэзияның деңгейіне көтерілгенінің айқын көрінісіндей… Біздіңше, ақынның өлеңдерін шетел тіліне ­аудару мәселесі қазіргі уақытта маңызды міндет…
Баян ақынның өлеңдеріне ден қойған адамға ақын деген халықта жас кезеңдерінің ара-жігі жоқ сияқты көрінеді кейде. Себебі олар жалындаған жас шағында да абыздай күңіреніп, ой толғайды, ал есейген шағында да болмашы нәрсеге балаша қуана алатын ғажайып сезімге ие. Оны өздері де білмейтін секілді, ал білсе… анық біліп, айқын түсінсе, ол жерде шынайы поэзия тумас еді. Шындығында да, осынау жаратылыстың жан аяғы баспаған құпиясын ашуға құштар ақын өзін, өзінің ішкі әлеміндегі ырыққа бағынбайтын асау күйдің сырын тануға келгенде дәрменсіз…
Баянның «Неге?» деген өлеңінде суреткер тұлғаның ішкі арпалысы шеберлікпен беріледі. «Бақыттан бас айналар бұла шақта», «жақұттай жарқырайтын кезінде» ақынның жүрегін НЕГЕ мұң торлап алған? «Шағаладай шарқ ұрып, шалықтайтын», шалқып тасып, алшаң басып жүруге тиіс кезде асау сезім НЕГЕ қайғыға құрықталған? Жастықтың буымен Адам түгілі, Тәңірге бас идірмейтін тәкаппар өр көңіл кенеттен НЕГЕ жаси қалған? «Қабағына Ай, көңіліне Күн түнейтін кезінде» бар тілегін алдан күткен арманшыл жүректі пешенедегі жазмышқа бойұсындырған бұғалық НЕГЕ оны ғана таңдаған?! Шынайы сезім үшін ғұмырын қиюға даяр албырт сезім адыра қалып, сұрқай өмір НЕГЕ оны қара тастай қалшитқан?! Сұрақ көп, ал жауап… Жауап осы сұрақтың өзінде, ақынның сөзінде… тек оны оқи алу керек…
Баянның:
«Сәуле ішіп, қайғы асаған, мұң жұтқан
Өз жаныма жырым ем» дейтіні сондықтан.
Ал кей өлеңде жұмбақ тылсымның өзі сыбырлап, сол кезде өлеңі өзінен-өзі төгіліп кететіндей…
Самал өзі тарап берді шашымды,
Жауын өзі жуып берді басымды…
Өмір өзі жазып берді өлеңді,
Өлең өзі қазып берді тереңді.
Тау-толқынға соғып-соғып басымды
Теңіз өзі соғып берді кемемді.
Фариза ақын Баянның кітаптарының біріне арнаған беташар тілек сөзінің соңында: «Ақын – ұлттың байлығы. Ол ұрпақтарды рухани қоректендіріп, адамгершілік пен шыншыл­дық­тың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды. Баянның ағынан жарылып жазған жыр­лары терең тамырлы ұлтымыздың рухани азығына айналады деп сенемін» депті. Ұлт мәр­те­бесінен артық, оның рухынан артық қандай байлық болуы мүмкін! Фариза ақын айтпақшы, бүгінде Баянның өлеңдері рухани азыққа айнал­ған: өзінен кейінгі бірнеше буын ақындар ҚазМУ-дың қалашығында, үлкен аудиториялардан бөлек, студент жатақханаларында өтетін туған күн кештерінде жырын жатқа оқиды, ғашық жүректер бір-біріне сезімдерін білді­реді. Кейін­гі буын ақындар одан үйрену үшін, одан оттық, ұшқын алу үшін кітабын іздеп жүріп оқиды…

Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА,
педагогика ғылымының докторы,
ҚБТУ профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.