Жүрек сыздап қоя береді…

Өмірде ақ пен қара қатар жүреді дейді пәлсапашылар. Мүмкін… Бізге салса адамзат баласының тек күндей жарқырап, ­айналасына нұрын төгіп, шуақ шашқанын қалайсың…
Қоғамдық көліктен Сүйінбайдың бойынан түсіп, Райымбек даңғылына қарай жете берген тұста алдымнан бет-аузы көгала қойдай көкпеңбек қаракөз келіншек шыға келді. Шошып кеттім… Масаң екен. Аяғы-аяғына жұқпай, тездетіп басып, теңселіп, белгісіз жаққа асығып барады. Қаңғыбасқа келе ме… Жо-оқ, ­әзір­ге оған жете қоймаған, бірақ бағыты сол жақ сияқты ма, қалай?..

Бірер ай бұрын Торайғыров пен Мұстафин көшелерінің аялда­ма­­сында қолында бір литр сұйық майы бар келіншектің өткен-кеткеннен 100 теңге сұрап тұрғанын байқап, «жүз грамдатып алыпты, үйіне аман-есен жетсе екен» деп тілеген едім. Араға 2-3 күн салып, әлгі ­ке­ліншектің біздің ықшамауданның тұрғыны екенін білдім.
Жасы 70-80, бәлкім, 60-65-ке таяған кейуананың мазасызданып, әлгі әйелді жетектеп бара жатқанын көз шалып қалды. Осы көрініс бірнеше рет қайталанды. Жақында екеуі бірге тәлтіректеп жүргенін көріп, өмірдің қаталдығына қатты налыдым. Көршілердің ­айтуынша, әлгі келіншектің жап-жақсы күйеуі болыпты, мектеп жасындағы үш баласы бар көрінеді. Күйеуі ­тастап кеткеннен кейін ішкілікке салынған тәрізді немесе ащы суға үйір болғандықтан отағасы тастап, басқа отбасына кеткен. Ал әлгі жасы келген ­кейуана анасы емес, әпкесі дейді білетіндер. Демек, мектеп жасындағы үш бала бұлардың қарауында. Оны ойласаңыз, жүрек сыздап қоя береді…
Карантин кезінде Алматы ­қа­лалық психикалық сауықтыру орта­лығына ішімдікке әуестеніп, отбасының берекесін алған 50 әйел жеткізілген. Оның 42-сі мас­кү­немдіктен, 8-і нашақорлықтан емделіп жатқаны белгілі болды.
Орталықтың нарколог дәрігері Сәния Кеңесбекова ішімдікті көп уақыт пайдаланған адамда алдымен ұйқысыздық басталып, бойын қорқыныш сезімі билеп, елес пайда болатынын атап өтті. Оның ­айтуынша, әйелдердің кейбірі күйеуіме, балама, ­шешеме қырсығып іштім десе, енді бірі өзінің маскүнем екенін мойындамай, «маскүнем көшеде құлап жатқан, үй-күйсіз жүрген адам» деп ­ойлайтынын тілге тиек етіп, адам бойындағы құмарлықты бағындыра алмай, өзін-өзі қоярға жер таппай, ақыры «кішкентай ішемін, бір ұрттаймын» деген жалған намыспен жүріп, құмарлығының арта түскенін байқамай қалады. Күйзеліске түсіп, тез ашуланатын, оны уақытша болса да ащы сумен басқысы келетіндерге ең алдымен туыстарының қолдауы қажет. ­Сонымен қатар психолог, психиатр, отбасылық психологтардың көмегіне жүгіну артық етпейді.
Cpzalmaty.kz сайтының ақпа­ратында Алматы қаласында 6212 тұрғын наркологиялық есепте тұра­тыны, оның 1200-ден аста­мы әйел екені көр­сетілген. Мас­күнемдікке салынып, дәрі­герлер­дің бақылауына алынған 4656 тұр­ғынның 1048-і қыз-келіншектер екені қынжылтады.
Бұл мәселенің тамыры тереңде жатқандай. Соңғы жағдайларға жете мән берсек, елімізде аналарға тегін көмек көрсететін, 24 сағат бойы жұмыс істейтін психологиялық көмек көрсету орталығын ашу өте маңызды. Қалай болғанда да, дәл қазіргі уақытта бізге жоғарының нұс­қауымен жиын-басқосу өткіз­геннен гөрі, бір ананы болсын жан күйзелісінен алып шықсақ, бір отбасының түтіні түзу шығары хақ. Қайткен күнде де, біз аналарымызды жауынды күннен, қауіп-қатерден қорғап қалуымыз керек.
…Түн ішінде жылаған әйелдің тұншыққан даусы құлақ түбінен ­кетер емес… Кім болса да жан дүниесі тазаланып, іштегі мұң-шері сол көз жасымен жуылып, жүрегі тыныштық тауып, атқан таңды ақ үмітпен қарсы алса екен… Ақ пен қарасы айқасқан өмірде бір-бірімізге жылылық сыйлап жүрейікші, сүйіспеншілік пен махаббат қана адамзат баласын бар ауыртпалықтан құтқармақ.

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.