АЛТЫН ОРДАДАҒЫ ӨРКЕНИЕТ ІЗДЕРІ

Өз уақытында әлемнің екі құрлығын емін-еркін билеп-төстеген қыпшақ-қазақтардың Алтын Орда империясының және басқа ұлттардың осы тектес құрған бірлестіктерінен оның өзгешелігі, ауыз толтырып айтарлық артықшылығы қандай, оны төрткүл дүние ғалымдары мен жылнамашылары және саяхатшылары қалай бағалаған. Осы ұлы империя туралы олардың кезінде жазған ой-пікірлеріне көңіл аударып, зер салып қарайық.
Заманында жарты ғаламға үстем­дігін жүргізген Алтын Орда қағана­тының салдырған қалалары мен осы құрылымның білім, ғылымға және жоғары мәдениетке деген ұмты­лы­сына, таңдай қақтырар зергерлік шебер­ліктеріне айтарлықтай үлкен мән беріп, шынайы қайран қалып әрі сол адамдар осыған байланысты өздерінің ой-тұжырымдарын жазып қалдырған екен.

Иә, олар не деп жазған екен, кәне оқиық!
Алдымен, дініміз мұсылман болған соң, араб елінің өкілінен бастайық. Ғылымға кеңінен танымал, белгілі саяхатшы Ибн-Баттута Берке ханның ордасында болып, оның тіктірген киіз үйінің ішін былай сипаттапты: «Жұма намазынан соң Алтын Орда деп аталған зерленген шатырына кіреді. Ол алтын жіптермен байланған ағаш шыбықтармен бекіген. Шатырдың ортасында алтынмен аптап, күміспен күптеген ағаш тақ бар. Тақтың аяғы саф күмістен, одан жоғары бөлігі асыл тастармен көмкерілген».
Осыған қарап, Алтын Орда хан­дарының әдемілікке құмар, безен­діруге ерекше көңіл бөлетіндігін және сол бір кездің өзінде-ақ көшпелі елде заман талабына сай жеткілікті мәдениеттің болғандығын ап-анық аңғаруға болады.
Және сол уақыттың өзінде, Алтын Орда – әдемі де ғажайып қалаларымен, өзгелерге үлгі-өнеге боларлықтай ­айтулы, сымбатты сарайларымен, түп-түзу әрі кең көшелерімен ерекшеленген және қызықтырған. Осы Ибн-Баттута жазбасының тағы бір жерінде былай дейді: «Сарайшық қаласы әсем шаһарлардың бірі. Теп-тегіс алаңда орналасқан, адамдары сабылысқан, көшелері кең, базарлары толы, кең ауқымды қала. Бірде бір қаланың үлкен адамына ілесіп, қаланың ауқымын білу үшін бір айналып шықпақшы болдық. Біз қаланың бір бұрышында тұратын едік. Таңертең жолға шыққан бір қаланың екінші шетіне талтүсте бір-ақ жеттік… Екі аралықта сансыз үй, бірде-бір бос жерді кезіктірмедік».
Осы жазбаға үңіле отырып, кезіндегі Алтын Орда хандарының және оның тұр­ғындарының өздеріне ынғайлы етіп, көрікті де көркем қалалар тұрғыза алғандығын, сондай-ақ тіршілігі қай­наған шулы да думанды шаһарларда тұра алатындығын білгендейміз. Ұлы қағанатта осындай саудасы қызған, қолөнері дамыған жүздеген қалалар орын тепкен. Осы автордың жылнамасында мынандай жолдар кездеседі: «Орда хандары Орта Азия, Иран, ­Мысыр, ­сондай-ақ ­Византиядан ғалымдар, астрономдар, дінтанушылар мен ақындарды алдыртып отырған». Осыған қарап, біздің ата-бабаларымыздың ешқандайда жабайы «варвар» емесін, қайта мәдениетке, ғылымға және өнерге әр уақытта жақын әрі таным-дүниесінің кең, ой-өрісінің терең екендігін ұққандаймыз. Қыпшақ-қазақтар құрған осы империяда әлемдегі ең алғашқы салық төлеу заңы ­қа­лып­тасқан. Қағанат құжаттарында, нақтырақ айтсақ, жарлықтарында ­мынандай жазылған сөздерді кездестіреміз: «Бүгіннен бастап және алдағы күндері кемелерімен бізге келетін және осында сауда жасайтын венециандық көпестер қазынамызға үш пайыз салық төлесін; егер сауда-саттығы жүрмесе одан ешкім сауда салығын талап етпесін. Маржан, алтын, күміс, алтын зерден бұрын да сауда салығын сұрамайтын, қазір де солай істесін». Осы жазбаға қарап отырып, сол уақыттағы қыпшақ-қазақтардың қаншалықты өркениетке жақындығын және қазіргі демократияның алғашқы қадамы осы империядан бастау алған­дығын аңғарғандаймыз. Мен қаншама жыл ерте және орта ғасыр әдебиеті мен жазбаларын, құжаттарын оқып, зерттеп қараған кездерімде, қазіргі заман­ның талаптарына сәйкес келетін өркениеттілікті сол кездердегі түрлі құрылым-бірлестіктерден кездестірген емеспін. Тіпті мың жылдық Рим ­империясы мен сол кәрі құрлықтың Ордендерінде де мынандай көрегендікті, зиялылықты байқамадым. Осыларды жазып және мысал ретінде келтіре ­отырып, тағы бір мақтанышпен айтарымыз, жер күнді айналатынын сол Алтын Орда хандары мен бектері, тіпті тұрғындары да ерте кезден білген екен. Мысал ретінде келтіре кетейік: осы даңқты қағанаттың сарай ақыны Сарықұл-Сарайдың (1321-1396) өлең жолдарында мынандай тармақтар кездеседі: «Жердің Күнді шыр айналғанындай, Жанның тартылысын ұқтырған махаббатты сезіндім».
Сонымен қатар аты аталған Алтын Орда қағанатында әйел затына зор құрметпен қарап және олардың алатын орны ерекше ескеріліп әрі мәр­тебесі жоғары болғандығын көреміз. Бұған дәлел ретінде, әлемнің әр түк­пірінен келіп, осы алып құрылымда біраз уақыт тұрған және болып кеткен өзге елдің атақты саяхатшылары мен жылнамашыларының жазып қалдырған еңбектерінен көруге болады. ­Мысалы, атақты Плано Карпини былай деп ­жазыпты: «Қыздар мен әйелдер атқа мінеді және өте жақсы шабады. Олардың, тіпті садақ пен қорамсақпен жүйткіп бара жатқанын көрдік… Әйелдер көп жұмыс атқарады: тон, киім, аяқ киім, теріден жасалатын киімдер тігеді; арба айдайды, жөндейді; түйе жегеді және осы істі жылдам әрі оңай атқара береді». Тағы бір итальяндық Рикольди дель Монтекроче (1291 ж.) өзінің жазбасында: «Қыпшақтар айналасындағы әйелдерге, әсіресе өз әйелдеріне құрметпен қарайды. Қоғамдық және үй жұмысы әйелдердің жауапкершілігінде, нені сатып, нені сатып алу керегін де әйелдер шешеді. Әйелдер тәкаппар әрі жауынгер. Олар ер адамдар секілді атқа мінеді, ер адамдар секілді бес қаруын сайлап қаладан шығып бара жатқанын да жиі көрдім. Олар күйеуіне адал» деп келтірген екен. Сондай-ақ Ордада біраз уақыт болған араб ғалымы Ибн Баттутаның жұмысында мынандай ­жолдар бар: «Бұл елде ерекше бір жағдайды көрдім: әйелдерді қатты құрметтейді екен. Олардың мәртебесі кейде ер адамдардан да жоғары тұрады. Әйелге ұдайы күйеуі еріп жүреді, оны кей-кейде қызметшісі екен деп қалады». Осы жолдарды оқи отырып, кезіндегі қыпшақ-қазақтардың отбасында және олардын құрған қағанат-хандықтарында әйел баласының қандай сыйға, құрметке ие екенін анық байқаймыз.
Біздің тағы бір ерекше қайран қалғанымыз, сол бір уақыттың өзінде-ақ Алтын Орда тұрғындары көмір жақ­қан екен. Әйгілі Марко По­лоның жазған кітабын оқып отырып, мынандай жолдарды кездестірдік: «Алтын Орданың әр өңірі қара тасты қолданады: ол тасты таудан қазып алады, ол тас шөрке секілді лаулай жанады, ол тас ағаш бөрене секілді толық жанады. Олар ұзақ жанатын болғандықтан, ағаш жағып тамақ даярлағаннан әлдеқайда оңайырақ. Олар ағаштан да көп, сондықтан оны жағу әлдеқайда тиімді». Көрдіңіз бе, сол кездегі қыпшақ елі көмірдің отын екенін біліп және оны іздеп тауып, тұрмыс-тіршілігіне күнделікті пайдаланған. Осы жазылған нақты деректерге қарап, бұдан мың жылға таяу кезеңдердің өзінде де Ұлы Даланың ел-жұрты кәрі құрлық мақтанатын өркениеттен құр алақан еместігін көреміз.
Сонымен қатар Д.Уэзерфорд «Шың­ғыс хан және заманауи әлемнің дүниеге келуі» деген кітабында әлем таныған Шыңғыс хан мен екі құрлыққа билігін жүргізген Алтын Орда ­жайында ­мынандай жолдар бар: ­«Алтын Ордада ешқандай да моңғол жоқ. Шайқасаң да таппайсың. Қайда қарасаң да қыпшақтар, қыпшақтар, тағы да қыпшақтар. Аздаған жыл уақыт өткенде моңғолдар қыпшақ теңізінде жоғалып кетті десек, демек, олардың әуел ­бастан-ақ ерекше тарихи рөлі аз болғаны ғой. Шыңғыс хан әскері жолшыбай кішігірім моңғол тайпасын өзіне қосып алуы мүмкін деп ойлаймын…». Осы кітаптан тағы бір таңғаларлық жолды оқуға болады: «Шыңғыс хан және Темучин моңғол аты емес, түркі-қыпшақ есімі. Қазақтың халық эпостары «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» және өзге де жырларда «ұлы моңғол империясы» туралы бірде-бір сөз кездеспейді. Бұл эпостарға сенсек, ортағасырлық қыпшақтарда үнемі күресіп жүретін екі дұшпан бар: қазіргі Моңғолия жерін мекендеген қытайлар мен қалмақ көшпенділері. Қазіргі моңғолдар ол жерге бірнеше ғасырдан соң барған орман тайпалары».
Ал біздің ой-түсінігіміз ескі Кеңес жүйесінің қалыптастырғаны. Содан арыла алмай әлі келеміз. Осы әлем жазушылары мен ғалымдарының шығармаларын оқи отырып, біздің түсінгеніміз, Шыңғыс ханның ешқан­дай моңғол емес (қазақы сөзбен айтқанда, аналарға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын» аңғарғандаймыз), түркі-қыпшақтардан шыққан тұлға. Ал Алтын Орда империясы заман көшінен қалмай, ғылым-білімді, өнер мен мәдениетті тең алып жүрген мемлекет болған.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.