ХАЛЫҚ ӘКІМІ

Мың тоғыз жүз тоқсан алтыншы жылдың көктемі еді ол. Талғар маңайының терең қойнауындағы көкке кенеле малынған демалыс орнының бірі. Атақтарынан ат үркетіндей айбары асқақ, сөз киесінің қызыры көкіректеріне молынан қонған ­Хамит, Ғафу, Шерхан, Сайын, Қалихан, Сәкен, Қалдарбек деп тізбектей кеп, дүниеден ертелеу көшкен олардың ізбасары Баққожа бейнелерін елестете бастасаң – әуелі уақыт шапшаңдығына сеніңкіремей дал күйге түсетінің несі екен. Ақыреттік қиямет сезіністің шарасыз ып-ыстық жасына омырауың боялатындай хал қазір жаныңды тербете қабаттаса жөнелетін секілді. Жамбыл атамыздың жүз елу жылдығы қарсаңындағы ақылдасу бас қосуына шақырылған бұдан басқа бір шоғыр ғалым, елдің селт етерлері мен белсенділер, ұзын сөздің қысқасы, кіл өңкей жақсылар мен жайсаңдар. Жұртты көп күттірмей келген бетте мінбеге көтерілген Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ол уақытта қырық алты жастағы жігіт ағасы. Бітімінің сымбат-сыны тіп-тік, жіптіктей тартымды. Күндегісін күнде жүгіріп, дене шынықтырумен айналысып, шоласы келсе кешкісін доп тебетінін жақын-жуық жүрген адамдарынан кейінтінен естідік.

Сәл ағарып селдірей бастаған ­шашын жиырма бес жылды өткеріп барып қарағанда, сәл қылаң жүгірген мөлт қара тәрізді көрінеді екен. Маңдайының едәуір кейін шегінгені ол кездегі суретінен тіпті байқалмайтын сияқты. Көз қиығын жан баласы байқай қоймаған әлденеге шалт тастаған мезетте уыты өткір қоңыр қызыл қарағы өңмен біткенге шаншылып барып инедей қадала қалатын тәрізді. Санасына жайсыздау бірдеңе қосанжарласқандай қабағына ұялаған кірбің ұзамастан жымиған уақытта атжақты жазық жүзі шырайына кіріп, табиғи қалпын сақтаған бүкіл болмысы жайдары тарта қалады. Мұнысы және әкімдік мысын танытудың айла-шарғысынан гөрі естіп-білген жайларын қабылдап, қорыту үстіндегі жауапкершілік салмағына қарай өзгеретін жан-жүйе құбылысы екеніне кейін тіпті нақ көзіміз жете түсті. Дүниенің ыстық-суығын бірдей бастарынан өткерген сұңғыла назарлар бұрынғылардың жөн-жосығына жетік байламдарын іштеріне түйіп ала қойып, кірпік қақпаған қалыптары әрбір сөзді құлақтарынан тысқары жіберместен ден қоя тыңдайтын кейіптері сыншыл. Бәлкім, олар әкім дәрежесіндегі адамдардың бірінен-бірінің несі артық деген сұраққа ­жауап іздеп, ішкі сараптары бойынша әркімді орын-орнына қойып үлгеруі бек мүмкін-ау. Жақсы мен жаманның парқын айыру – атамыз қазақтың өмірлік мұраты тәрізді кейде. Соның ежелгі сүрлеуіне үңіле түсіп барласаң – ішкі жан сарайының үйлесімі пейіл, ниет, ықылас бірлігінде ме, ондайға ендігінің жасаған тұжырымы қандай болатынынан мүлде хабарсыз екеніміз, әрине, өкінішті. Ұлттық жоралғыларға уызынан жарыған Серік Үмбетов әкім басымен қазақтың ежелгі жөн-жосығына шеберлігін анық танытуының арқасында қариялардың қатал сынынан ойдағыдай өткен еді. Бұл жөнінен ол арғы замандағы қайын атасы Ораз Жандосовқа, бергі уақыттағы қайын ағасы Балғабек Қыдырбекұлының мектептерінен ­хабары бар болса бар шығар, әкесі Әбікен ақсақалдың көшелі кісі екенін ауыздарынан тастамай айтқандарын өз құлағымызбен талай естігенбіз де. Тап мұндай анықтама мемлекет қайраткеріне жарасымы бір жағы нәш келгенімен, екінші жағынан оны толықтыра түсуді қажетсінетін жайттар да жеткілікті.
Міне, сол басқосудың бірінші бөлімінен соң көпшілік түгел жайылған дастарқанға қарай беттегендерді әкім өзі есіктің көзінен қарсы алып, бірде-бір мейманды алаламастан жеке-жеке қолын алып, ілтипат танытқан кішіктігі әліге дейін көз алдыда. Бетпе-бет ұшырасқаным бірінші рет болса да, атымды атап тұрып амандасқан ол:
– Түрікпен төрін бермейтіннің кері болып жүрмесін, төмен жақтан тиген орынға өкпелемей жайғаса бер, – деді.
– Қабылдауыңа арнайы барып, таныспақ ниетім бар еді, – деп самбырлай жөнелгенім сол еді:
– Мен сені былай да жақсы танимын, – деді.
Анау-мынау емес, облыс әкімінің өзімсіне тіл қатқаны жаныма жағып кеткенін несіне жасырайын.
Сұлтанмахмұт кейіптеген ­«талай шаштың ағарып, талай бастың қуарған» жайттың тірі куәгері қылған уақыт шіркінге дауа бар ма, одан беріде қарасаң, ширек ғасыр дегенің зырғып өте шығыпты. Жас озған сайын жиырма-отыз жыл дегенің бұрынғы ұзақтығынан жаңылып, алды-артыңды байыптап үлгертпестен өте шыққандай көрінетініне кейде өзің таңырқай абдырайтын сияқтысың. «Мың жасадым» деген Лұқпан хакімнің жосығына ден қойып, сабырға жүгіну құлқы ол кезде, тіпті ­шамалы болса, қазір ойды серік еткенімен шын ­ниетте танытқан ілтипаттарды кештетіп ­барып ұғынудың өкініші иектеп, көңілің көншімес дертке шалдыққан пендедей сергіп, серпіле алмай жүресің де қоясың. Әкімдік мысасына мінген Серік Үмбетов дәуірінің шарапатына бөленген көп жұрттың арасындағы нашар әлсізі осы жолдардың иесін қоссаңыз, ештеңеден ұтыла қоймайтыныңыз анық.
Қабылдауына кірген бетте жайма-шуақ жайдары ахуал лебі бірден тартып әкететіннің арқасында өзіңді еркін сездіретін Серік Үмбетовтің алды кең де, әрқашан қонақжай. Назарын қиғаштау қадаған сәтте сын-сипатты қазақы тұрғыдан айыруға бейіл әлгі қызғылт қоңыр ұшқын ішкі ойыңды оқып үлгерген бойда әсері бозғылт пішініне тұнып шығып, райы бір мезгіл салғырт ­тарта қалатын сықылды. Ол құбылысты жүзіне ұйытпастан жымиған кезде Серік Үмбетовке ғана тән шырай жылылығында бұрынғы өткен қазақ қарияларының айнымас мейірім тұрақтылығы тап осындай лауазым иелерінің көбінен сирек ұшырасатын ерекшелік екенін араға көп жылдарды салып барып білгеніміз кештік ете ме, етпей ме, оны кесіп айту қиын. Алғашқы кездесудің әсері солғындамай жадыда соны қалпы сақталып қалатыны, ол өзінше қызық дүние. Зиялы қауым ­алдында сонда көсіле еркін сөйлеген Серік Үмбетов әкесі Әбікеннің бір ауыз айтқан өтінішін аманаттай қабылдаған кейпіндегі тебіреністі сыртқа сездірмейтін сабыр иесі екенін аңдасақ та, әке алдындағы кішіктігі жүрек қозғайтын шынайы да шымыр. «Балам, жазушы ­деген жұрттың өтініш-тілегін ешқашан жерге тастай көрме, әрдайым мұқият бол!». Кітапқа үйір жарықтық шығар, әйтпесе екінің бірі, егіздің сыңары мұндай тілекті баласына айта қоюы екіталай.
Екі аяғы аспаннан салбырап түсе қалған ешкім жоқ дегенге келгенде шетімізден шеберміз де, төрт түлігі сай, төрт құбыласы түгел шынжыр балақ шұбар төс я биік мансап иесі ­алдында бүгежектеп, бағамызды кемітетін жағдаяттарды санаңда жаңғыртып, бейнелерді елестетіп қарағанның өзі адамға ауырлау. Кім де болсын ет пен сүйектен жаралған өзіміз секілді пенде. Тағдырдан келетін бұйрық, талайыңа не жазса сол дегенді бағы шауып, аты бәйгеден келгендер де айтады, қызыры қайтып, құты қашқан жазғандар да ­содан айналып шықпай үйірсектей беретіні әйтеуір түсініксіз. Түн ішінде тұмсығы бұзылған бөгеттің орасан сұрапыл тасқыны Қызылағаш ауылын алып кетіп, көп тұрғындар мерт болған қасіретті оқиғадан кейін кешкен халін баяндағанда Серік Үмбетов ештеңені жасырып қалмайтын шынайылығын байқатты. Оның жан күйзелісі ­облыс әкімінен гөрі ендігі еріктілердің жан ұшырған әрекеттерін еске салып, қатардағы адамдардың санатына қосылған қарапайым адамнан аумай қалса не істейсің. Кездейсоқ сұрапылдың алдында адам әлсіздігін қыбырлаған құмырсқадан бетер сезінгеннен гөрі Серік Үмбетовтің өзін жазалы санайтын құлығы он тоғызыншы ғасырдың көркем шығармаларындағы ар-ожданға жүгінетін кейіпкерлерге қатты ұқсатып жіберген сияқтанды. Алматы я ­Жамбыл ­облысында ма, әйтеуір өткізілген үлкен жиыннан кейін ұйымдастырылған аламан бәйгінің сөресіне Астана мен ­Алматыдан, облыс орталықтарынан келген адам қарасы әжептәуір шоғырланып тұрған. Қақ ­ортада Серік Үмбетовтің өзі. Әңгіме-дүкеннің үстінде өтіп бара жатқан әлдекімге оның көзі түсіп кетіп ныспысын атап жалт қаратты. Лауазымы жоғары құрдасының насай топыр көптің арасынан өзін тани қойып, қасына шақырғанына қысылып, күреңіткен кескіні арқылы толқынысын байқатып алды. Оған бүкіл еңсесімен ұмтыла ұмсынатын ыңғайда үңілген облыс әкімінің күлімдеген көзіне ұялаған мейірім шешімдер мен кесімдерге толы жұмыс барысының жауапкершілік салмағы сейілместен сезілетін сұс-айбыннан әлпеті ­лезде жайдары жайсаң қалыпқа көшіп үлгерді. Қасым Аманжоловтың өткен ғасырдың сексенінші ­жылдары басылып шыққан кітабына жазған алғысөзінде Ғафу Қайырбеков оны ауданның, облыстың ақыны емес, тұтас қазақтың ақыны ­дегенге ұқсайтын тоқтам ­сарынына араласқан ашулы ызбардың ызғары жатқанын сезінген де қойғанбыз. ­Жайдары жаратылыс иесінің: «бұл халтурщик ол халтурщигіңнен тәуірлеу» деген ел аузынан үнемі түспей жүретін сөзі ойда-жоқта есіңе сап ете қалғанда үйреншікті күлкіден гөрі өмірде көп ­елене қоймаған басқаша жағдайға үңілдіре түсуге итермелейтін құпиясы бардай көрінген.
Тәуелсіздік жылдарындағы әкімдік институтты қазақ жанына жақындата түскен тұлғалар анау деп айтатындай анталаған көп емес, қатары андыз-­андыз, қадау-қадау. Кешегі Серік Үмбетов пен Бақтықожа Ізмұханбетов, атынан түспеген жампоз Бердібек Сапарбаев, бүгінгі Нұрлан Ноғаев – бұлар қазақ ақсақалдарының жөн-жобасынан хабардар, оймен сөздің ұлттық реңкін тәуір айыра алатын дәрежеге көтерілгендер. Билік ұстанымдарына сабырмен бойлап, соны атқару үстінде қылаудай нұқсан келтірмеуге тырысатын со бойы қазақ ындынымен суарылған қайраткерлер. Қазақ жөргегіне оранып, ұлттық ділде тілі шыққандар ақырған лауазым иесі болса да, оларды жақын тұтатынның астарында қазақ өкілі ғана бойлай алатын кеңдікке көп тарапты, сан сарапты жағдайлар ­барысында көз жеткізе түскен оқиғалар жадыда. Алматы облысының Күрті ­ауданы жабылғалы отыз жылға тақаса да, одан қанаттанып шыққан түлектер облыстың жалпақ кеңістігінде жауапты қызметтер атқарып, ел аузына іліккен елеулілер қатарына қосылғанын көзіміз көрді. Ақши ауылында балалық шағын өткізген олардың жолдастық, достық құндылыққа деген көзқарастары елден-жұрттан бөлекшелеп, көптің жадына айрықша сіңірген Асқар Сүлейменовтың Созақ ұғымына жуықтайтындай. Асекеңнің рухани қатпары әлденеше Созақ ұғымынан Күрті-Ақшидің көркемдігі әлбетте, кемшіндеу, оған әйтсе де өзіндік реңк қондырған Серік Үмбетовтің әрекеті алып Ресейдің соңғы уақыттағы Ленинградтық факторына ұқсайтын тұстары ауыз толтырып айтарлықтай. Серік Үмбетовтің әкімдік қызметтегі кезін аңсаудың жөн-жобасында өзіндік салған күре жолы осы күндері кішкене сүрлеуге айналып тынғаннан сау емес. Таныс-біліс, барыс-келіс, үлкенге құрмет, кішіге ізет қазір жоқтың қасы болып ­барады. Әкімдік институт басқа-басқа қазақ жанына қаншалықты жақындағанын зерттеп, қорытынды жасайтын әлеу­меттік орталықтар бар ма, ұйғарым ­болжамдары қандай? Серік Үмбетов бейнесіндегі әкімдердің халыққа бергені не, әкімдік ­институтта ұлттық ұстаным менталитетінің қазіргі рөлі, болашағы секілді туындаған қадау-қадау сауалға ­жауап іздеу ғылыми орталықтардың шаруасы емес пе, ­керек десеңіз. Ауызекі әңгіменің келісім өрнегін келтіру үшін сөзді Сейдахмет Бердіқұловша жалғастыруға кіріскенде, қазақ деген халықтың ұлы болып туғаннан соң, оқуының аздығын Серік Үмбетовше мойындау ерлікке бара-бар құбылыс. Қазақ деген халықтың ұлы болған соң, Серік Үмбетовтің көкейіне тоқығаны ғылым-білім іздеп, дүниені тауысқан оқығандардан бір кемдігі жоқтай көрінеді кейде. Қазақ деген халық ақсақалдарының лебізін тірісінде естіп, солардың қағидасын мүлтіксіз ұстанған әкім әлемде екеу болса, біреуі – Серік Үмбетов, біреу болса – нақ соның өзі. Жер ортасы Көктөбеге келген ендігілердің көбі қазақ деген халық қарияларының жөн-жосығын көрмей өсті дегенге сене алмай абдырап абыржисың. Аты жер жарған лауазым иелерінің бірқатары ұлттық ұстаным дегенге неге екенін кім білсін, салқын да салғырт. Оны ескіліктің сарқыншағына балаудың ақыры қайырлы бола бермейтіні бесенеден белгілі. Жасың қанша ұлғайса да, балалық шағың күні кеше ғана өткендей қилы-қилы мінездер елесі көз алдыңа келеді. Естіген сөздердің ыстық табы басылмайтындай уыты әлі күнге дейін көкірегіңді қуырып, жан жүйеңді шымырлатуға жарайтын қуатын жоғалтпаған тәрізді. Баласынан үміт қып орыс оқуына берген бейшара жайындағы әңгімені тұла бойы тұнған тарих пәнінің мұғалімі Бидәулет ­Рахманов қысқа ғана тұжырып қайыратын. Қартайып қаужыраған уақытында қараусыз қалған көрінеді. Басы-көзіне қонақтаған ­шыбыннан жыбырлап өрген құртты ­елемеген әлгі әкесін аяғының ұшымен нұқып тұрып: «Это, Салықбай что ли?» дейді екен атаңа нәлет деп, сөзінің арасында өзі де кіжініп қоятын еді, жарықтық. Кеңес өкіметінің елең-алаң уағында туған әңгіме ме, жоқ, одан кейін ел ішіне тарады ма, әйтеуір, жүз жылдық тәмсілдің қарапайым шындығы жан шошытарлықтай. Бауырмал ағайыншыл сезім бірлігіне ғасырларға созылған отарлық езгі сойқандарының ешқайсысы да тұнығын лайлап, құтын қашыра алмаған қазақ деген халық қазір, басқаша кейіпке көшкеніне сенер-сенбесіңді білмей даң күйге түсетінің де рас. Көп балалы отбасынан шығып, орта мектепті толық аяқтамастан жұмысқа араласқан, колледж дәрежесіндегі білім алып кіші маман ретінде қызмет істеген, директорлықтан аудан, облыс әкіміне көтерілген, Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы, енді халық депутаты Серік Үмбетов тап осы қалпында көркем шығарманың басты кейіпкерлігіне сұранып тұрған тұлғаның нақ өзі емес пе.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
құрдасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.