Жүректің ең аяулы кілті – сенім…

Шығыс Қазақстан облысының бұрындары Ақсуат, қазіргі күні Тарбағатай деп аталатын өңірі тау жастанып, құм жамылып жатқан қасиетті өлке. Табиғаты тұмса сол өлкенің топырағында асыр салып өскен жандардың жаны нәзік, жүрегі көркем, өңі сұлу деседі. Әрине, туған топыраққа тартқан кім-кімнің де сырбаздықты, сыпайылық пен жанашырлықты да айналасынан сіңіретіні белгілі жайт қой. 

Сол Ақсуаттан түлеп ұшқан Гаухар Жұмақұлова да өнегелі отбасының тәлімін алды. Әкесі Уәли мен шешесі Күлжиянның айтуымен «өзгенің ала жібін аттамаудың» өнегесін сіңірді. Қарашаңырақта тоғыз ұл-қыз тай-құлындай тебісіп өсіп, көпшіл болудың, «адамзаттың бәрін бауырындай сүюдің» даңғайыр жолына түсті. Арман қуып Алматыдағы Аграрлық университетке экономист-бухгалтер мамандығына оқуға түскенде де ең алдымен білім алуға ұмтылды. Ширек ғасыр бойы есеп-қисап саласының кәсіби маманы ретінде еңбек етті. Осы уақыт аралығында бірнеше жерде жауапты қызметтер атқарып, абыройға бөленді. Өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман ретінде әріптестерінің құрметіне ие болды. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» қазақ әйелдерінің үлгісін көрсетіп, ардақты ана, аяулы жар, инабатты келін ретінде де көптің батасын алды.
Бүгінгі күні де қызметтестерінің арасында нәзіктіктің, сұлулықтың символы іспетті Гаухар Уәлиқызы айналасына жылу мен мейірім шуағын шашып жүрген жан. Қамқор мінезімен ешкімнен көмегін аямайтын жанашырлығы да айналасындағылардың жүрегін елжіретеді. «Жүректің ең аяулы кілті – сенім» демекші, қызметке, достыққа адал, сенімді болудың да үлгісін Гаухар Уәлиқызынан көреміз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Елу жастың биігіне көтерілген Гаухар Уәлиқызының елге сыйлы, көпке қадірлі сипатын да қалың оқырман біле жүрсін деген ниетпен, қолға қалам алған едік. Алдағы уақытта да көптің алғысын, үлкеннің батасын алып, жасы кішінің рақметін арқалап арамызда жүре берсін деген игі көңілімізді де білдіргіміз келеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.