БІЛІМ – БИІККЕ БАСТАЙДЫ
АЛ ОНЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында-ақ еліміздегі басты мәселелердің қатарында білім сапасы туралы жан-жақты тоқталып, оларды шешу жолын Үкімет пен тиісті министрліктерге тапсырған болатын. Жақында «Ұлттық қоғамдық кеңес» мүшелерімен болған алқалы басқосуда да Президент білім мәселесін тағы қозғап, бұл саланы жетілдіру туралы ойын төмендегідей түйіндеді:
«Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз».
Яғни болашақта мемлекеттік саясат білім мен ғылымға негізделе жүргізілетінін қадап айтты. Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысу азаматтардың парызы болмақ. Осы мақсатта біз білім, ғылым саласына журналистік зерттеу жасап, сан мен сапаның аражігін саралап көрдік.

САННАН САПАҒА  КӨШЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Білім және ғылым министрлі­гінің мәліметінше, елімізде қазіргі таңда 132 жоғары оқу орны бар. Бұлардың тең жарымынан астамы, яғни 65-і жекеменшік. Жалпы 19 миллионға жуық халқы бар елімізде осынша ЖОО-ның болғаны аз ба, көп пе? ­Мә­се­леге салыстырмалы түрде үңілсек, іргедегі елдің бірі – Қытайда ресми деректер бойынша 2000 жоғары оқу орны бар. Бұл елде 1,5 миллиард халық барын ескерсек, олардағы жоғары оқу орнының саны көп емес екені байқалады. Ал екінші көрші мемлекет Ресейде қазіргі таңда 1097 ЖОО бар екен. «Коммерсант» газетінің ­жазуынша, Ресейде де білім саласын реформалап, соңғы 5 жылда институт, университеттер саны 50 пайызға қысқарыпты. 2014-2019 жылдары жүргізген реформа нәтижесінде осындай оңтайландыруға қол жеткізген. Енді ресми деректерде 150 ­миллион халқы бар деп айтылатын Ресей мен біздегі ЖОО-ның арасалмағын өздеріңіз сараптай беріңіздер.
Біздің елдегі жоғары оқу орын­да­рының көптігін айғақтайтын тағы бір дерек. Өзбек ұлттық ақпарат­тық агент­тігінің мәліметінше, оңтүс­тіктегі туыс­тас ел Өзбекстанда бар бол­ғаны 100 жоғары оқу орны тірке­ліпті. Халқының саны 35 миллионнан ас­­қанын ескерсек, бұлардағы жоғары оқу орын­дарының саны да қалыпты көрінеді.

Осы арада еліміздегі 2010 жыл­дардағы деректерге көз жүгіртсек, ЖОО саны 200-ге жуықтапты. Содан бері нарықта бәсе­келестікке шыда­мағандары, активтерін сатқаны, оңтайландыру ­шарасына түс­кендері бар, жетпіске жуық жекеменшік ЖОО жабылыпты. ­Ендеше, саннан сапаға көшіп, еліміздегі жоғары оқу орындарын бір-біріне қосып, ірілендіру заман талабы екенін түсінетін уақыт жетті. Себебі біздегі жекеменшік жоғары оқу орындарының көбінің кітапханасы мен материалдық-тех­никалық базасы мемлекеттік ЖОО-мен салыстырғанда анағұрлым төмен екені белгілі. Ал мемлекеттік және ұлттық университеттердегі кітапхана, зерт­ханалардың заман талабына сай келетінін мектеп бітірген түлектер біледі. Сондықтан олар мемлекеттік және ұлттық университеттерге құжат тапсырып, грант иеленгісі келеді. Бұл заңды да. Алған теориялық білімін зертханаларда тәжірибемен ұштастырып, заманауи техникаларда машықтанып білім алған ­маман күні ертең сұранысқа сай ­болатыны даусыз ғой. Оның үстіне жекеменшік оқу орындарының жатақханасы болмайтыны да түлектердің таңдауына тұсау мәселе. Соған қарамастан еліміз Үкіметі жекеменшік білім ордаларына да мемлекеттік гранттар бөледі. Алайда олар сапалы білім бере алмағандықтан өз түлектерін жұмыспен қамтуда мемлекет бекіткен көрсеткішке қол жеткізе алмай отыр. Мұның ­сыртында кейбір жекеменшік оқу орындары диплом сатып, заңсыз әрекеттерге барғаны да әшкере болды. Бұл енді қылмыс. Қылмысқа барған білім мекемелерінің лицензиясы алынып, заңсыз әрекеттерге жол бергендер жазалануға тиіс. Мұны өз Жолдауында Мемлекет басшысы да қадап айтты.
«Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орын­дарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің ­орнына диплом сатумен айналысқан уни­верситеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш ­саламыз» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің бұл тапсырмасын Білім және ғылым министрінен бастап, ЖОО орындарының профессорлары мен барлық ұстаздар қауымы қолдауда. Ал оның нәти­жесін уақыт көрсетпек…

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙ

Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында қойылған маңызды міндеттердің бірі – жылына кемінде екі университетті әлемдік рейтингтерге енгізу болатын. Міне, осы мақсаттағы жүйелі жұмыстар нәтижесін беріп жатыр. Білім беру және оқу әдістемелеріне тәжірибе жүргізетін халықаралық QS мекемесі 2004 жылдан бері әлемнің мыңнан аса жоғары оқу орындары арасында жыл сайын сараптама жүргізіп, олардың рейтингін жариялап келеді. Бұл зерттеулерін олар жылда түлектер мектепті бітіріп, орта және жоғары оқу орындарына таңдау жасайтын жаздың алғашқы айының басында таратады. Мұның жалпы қоғам үшін екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, жастардың сапалы білім алу үшін дұрыс таңдау ­жасауына септігі тиеді. Екіншіден, жоғары оқу орындарының насихатын арттырып, беделіне әсер етеді.
Сонымен, осы халықаралық ұйым жақында жыл сайынғы зерттеулерінің қорытындысын жариялады. ­Рейтингте еліміздің бірқатар университеті үздіктер қатарынан көрінді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталған тізімге енген әлемдегі үздік 1000 жоғары оқу орнының ішінде 165 орынға көтерілген. Бұл – әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық ­мерейтойына үлкен тарту болғаны анық. ­Алматыдай алып мегаполисте орналасып, өз ­алдына айрықша қалашық мәртебесіне ие, техникалық жарақ­тандырылуы халықаралық деңгейге сай ұлттық университеттің бағындырар биігі бұдан да жоғарылайтынына сенеміз.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университеті 365 орынды ­иеленген. Бір кереметі, бұл ­рейтингке өңірлердегі жоғары оқу орындары да еніпті. Солардың бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік уни­верситеті 490 орында, ­Қа­рағанды мемле­кеттiк техникалық уни­верситетi 801 қатарда тұр. Бұл тізімді Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (541-550-орын) жалғастырған.
Соңғы жылдары елімізде техни­калық ЖОО-ның білім беру сапасын көтеріп, беделін арттыру бағытында бірқатар жұмыс жүргізілгенінен хабардармыз. Оның ішінде ­жаратылыстану және техникалық мамандықтарға басымдық берілген болатын. Соның нәтижесінде аталмыш халықаралық рейтингте Қазақ ұлттық аграрлық универси­теті 591-600 орыннан және Қазақ-Британ техникалық университеті 751-800 деңгейден көрінді.
Ал QS қорытындысы ­бойынша іріктелген үздік 1000 ЖОО-ның ­қата­рына қосылған қазақстандық универси­теттердің тізімін бұдан ары Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті 601-650 орынмен жалғап, Қазақстан менедж­мент, экономика және болжау ­институты (KIMEP) 751-800 дең­гейге тұрақтап, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 800-1000 тұғырмен түйіндейді.
Шындығын айтқанда, осыдан екі-үш жыл бұрын еліміздің жоғары оқу орындары осындай халықаралық сараптау нәтижелерінде мәртебелі мыңдыққа ене алмайтын. Биылғы нәтиже көңіл қуантады. Ендеше, осы сапаны көтеру жолында жүйелі жұмыс жүргізсе, бұдан да жоғары жетістікке қол жеткізуге ­болатынын байқаймыз.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАУ МАҢЫЗДЫ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл бедерінде жоғары оқу орнында білім алу, оның ішінде гуманитарлық салада мамандар дайындау үрдісі жүргізіліп келді. Соның нәтижесінде дипломды жұмыссыздар саны күрт өсті. Осыны байқаған қоғам жанашырларының ұсынысынан кейін ел басшылары соңғы жылдары тау-кен, техника салаларына маман дайындауға көңіл бөле бастады. Мұндай үдеріс бір кездері Қытайда да болғанын ғаламтордағы ақпараттардан білдік. Кейін олар да жұмысшы мамандарын дайындауға басымдық берген. Бұл жөнінде Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ­директоры, филология ғылымының ­докторы, профессор Дүкен Мәсім­ханұлы Қытайда да білім саласына күрделі реформа бірнеше рет жүріп, сапалы мамандар дайындаудың нәтижесінде бүгінде әлемде экономикасы қарыштап дамыған мемлекет деңгейіне көтеріліп отырғанын айтты. «Қытай елінде ­«атбекет, тілмәш болу» (Абай) емес, миллиард адамның арасында жан сақтау, нан тауып жеу өте өзекті мәселе. Сондықтан ол елдегі ата-аналар баласының боларын да, болмасын да ЖОО-ға сүйрелемейді. Қытайда жоғары оқу орнына түсу қиын болса, оны бітіріп, диплом алып шығу одан да қиын. Сондықтан өзіне сенімі жоқ бала жоғары оқу орнын оқуға ұмтылмайды. Керісінше, тоғызыншы сыныптан кейін немесе орта мектептен кейін мүмкіндігінше техникалық, кәсіптік училищелерге ­барып, белгілі бір кәсіп, өнер үйренгенді құп көреді» дейді белгілі қытайтанушы-ғалым.
Көрші Қытай жұмысшы мамандарын көбейтіп, бүгінде барлық салада өндіруші елге айналып отыр. Жеңіл өнеркәсіптен бастап, түрлі өндірістік құрал-сайман, техника, машина ­жасау секілді ауыр өнеркәсіпте де Қытай әлемде алдыңғы орындарда екені белгілі.
Бұл ретте Қазақстанда да ­жұмыс­шы маман­­дықтарына сұраныс артқанын ­уа­қыттың өзі көрсетіп отыр. Мәселен, электрик, сантехник, токарь, дәне­керлеуші, агроном, мал дәрігері деген сияқты. Бұл тізімді тау-кен, ­машина ­жасау саласы бойынша тағы да жалғастыруға болады. Сондық­тан қаптатып жоғары білімді маман дайын­дағанша жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлу қажет екенін айтады ауылшаруа­шылығы ғылымының докторы Абдолла ­Саппаров. «Бүгінде ауылдарда агроном, мал дәрігері жетіспейді. Өндіріс орындарында ­токарь, дәнекерлеуші, электрик, инженер-техниктер тапшы. Сондай-ақ жоғары санатты дәрігерлерден бастап, кіші медицина қызметкерлеріне де сұраныс жоғары. Компьютер бағдарламаларын орналастыратын, жөндейтін мамандар да қат. Бұл мамандарды төрт жыл оқытпай-ақ, бір жылда-ақ дайындауға болады ғой. Сондықтан колледждердегі жұмысшы мамандарды көптеп ­дайындау мәселесіне көңіл бөлу қажет. Бұл жөнінде жақында қоғамдық кеңес мүшелерімен бас қосуда Президент өте орынды ұсыныс айтты. Жалпы білім саласы күрделі реформаны күтіп тұр» дейді ол.
Міне, Президенттің білім саласына түбегейлі реформа жүргізу керек деген пікірін білікті ғалымдар осылай қолдап отыр. Ендеше, бұл іске бүкіл қоғам түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуіміз қажет.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.