ДҮНИЕ-КЕРУЕН

Көпжасар НӘРІБАЕВ

2020 жылғы 22 маусымда көрнекті ғалым және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор, халықаралық және шетелдік ғылым академияларының мүшесі, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, 1983-1987 жылдардағы Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрі Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
К.Н.Нәрібаев 1938 жылы 3 маусымда Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында дүниеге келген. 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін, 1977 жылы Мәскеудегі КСРО ғылым және техника жөніндегі Мемлекеттік комитетінің жанындағы Басқару институтын бітірген. 1960-1963 жылдары Мәскеу қаржы институтының аспирантурасында оқып, 1964 жылы экономика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады. 1964-1976 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болып қызмет атқарды. 1976-1983 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, 1983-1987 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып қызмет істеді. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Экономика институтында жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1990-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңсесінің Экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік Комиссиясы төрағасының орынбасары болды.
1991-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып қызмет етті. 2001-2002 жылдары Премьер-Министрдің білім және ғылым саласы бойынша кеңесшісі, 2002-2007 жылдары Алматы технология университетінің оқу-әдістемелік мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры болып қызмет атқарды. 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі, ҰҒА Қоғамдық-гуманитарлық бөлімшесі төрағасының орынбасары болды. 1980 жылы Мәскеу қаржы институтында экономика ғылымының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, 2003 жылы академигі болып сайланды.
Жоғары және арнаулы орта білім министрі болған жылдары ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында елеулі еңбек сіңірді. Республикаға ауадай қажет болған мамандықтар мен жаңа оқу ордаларын ашуға тікелей жетекшілік жасады. К.Нәрібаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы төрағасының орынбасары болған кезінде экономиканы басқаруды түбегейлі өзгертіп, қайта құру мәселелерін зерттеп, жаңа нарық қатынасына көшудің жоба-жолдарын анықтады. Оның ұсынған ой-пікірлері мен тұжырым-тәжірибелері нарыққа көшу туралы республикалық бағдарламаның негізіне айналды. К.Нәрібаев бухгалтерлік есеп негіздері, оны ұйымдастыру, есеп ақпаратын өңдеу әдістемесі, экономикадағы ғылыми зерттеулер әдістемесі, халықаралық экономикалық қатынастар, экономиканы басқару, білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша 260-тан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның 30-ға жуығы монография, оқулықтар мен оқу құралдары. Бірқатар еңбегі АҚШ, Англия, Германия, Франция мемлекеттерінде жарық көрді. Х-ХІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2000 жылы Англиядағы халықаралық Кембридж орталығында К.Нәрібаевқа «Халықаралық жыл адамы» құрметті атағы берілді. 2001 жылы осы орталық оны халықаралық аса көрнекті 500 қайраткер – «ХХІ ғасырдың негізін қалаушылар» қатарына қосты. К.Нәрібаев Отан алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Ардақты азамат, парасатты ғалымның жарқын бейнесі жүрегімізде әрдайым сақталады.

«Қазақ газеттері» ЖШС

БЕКЗАТ  БІТІМДІ  ТҰЛҒА

Алланың ісі болар, Алаштың ардақты ақжүрек перзенттерінің бірі, қазақтың үлкен ғалымы, ірі мемлекет, қоғам қайраткері, қазақ дегенде ішкен асын жерге қоятын тұлғалы перзенттерінің бірінен айрылып отырмыз.
Көбекең, Көпжасар Нәрібайұлы болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы таза, қазақ қоғамына ықпалы бар, үлкенді-кішілі оқиғалардың басы-қасында жүретін, солардың ішінде қайнап жетілген сирек жандардың бірі еді.
Өзінің экономика ғылымының докторы, академик екеніне қарамай, гуманитария саласына, әдебиетке, тілге, тарихқа, жағрафия, жалпы қазақ ортасына қажет, ұлттың ұрпағын тәрбиелеу жолында қай іске болсын белсене кірісіп кететін шоқтығы биік тұлға болды.
Мен Көбекеңді алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында көрдім. Ол кездегі Нархозда, жап-жас, бекзат бітімді, жүрісі тік, сұлу кісі факультет деканы болатын. Біз студенттерміз. Бір кездесуде сөйлеген сөзі, әңгімесі маған ерекше ұнады. Біздің ұғымымызда экономистердің бәрі экономика саласынан шықпай пікір айтады деген көзқарас қалыптасқан кез. Сол кездесуде жап-жас жігіттің өлең, өлеңнің өрісі, кеңістігі, әдебиет туралы көсіліп сөйлеп, шешіліп пікір айтқанын көріп, іштей ризашылығым оянып еді. Міне, содан кейін Көпжасар Нәрібаев үлкен-үлкен қызметтердің басы-қасында жүрді. Оншақты жыл бәріміз оқып, диплом алып кеткен әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің ректоры болды. Біреудің ала жібін аттап, біреудің сыртынан бөтен сөз айтыпты дегенді естіген емеспіз. Қаншама иықты, тұлғалы ғалымдар, академиктер, профессорлар бас қосқан ортада Көбекең сол кісілердің әрқайсысымен тіл табыса алды. Бұл қайраткерлік, қоғамды ұйыта білетін, ұстай білетін қасиеттің белгісі еді.
Мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы болып жүрген кезде Көбекеңмен жиі-жиі кездесіп, шетелге бірге шығып, ағалы-інілі болып әңгімеміз жарасып жүрді. Маған ол кісінің Алаштың ардақтылары жөніндегі терең білімі, білікті әңгімелері ұнайтын. Ұлтты тәрбиелеудің, ұрпақтың ойын-санасын бекітудің өзіндік үлгісін қалыптастырып жүрген шын мағынасындағы ғалым әрі ұстаз, қайраткер әрі Алаш жұртының ардақты перзенті дейтін биікке көтерілген санаулыларымыздың бірі еді.
Көбекеңнің басынан күнгейлі кездер де, көлеңкелі сәттер де көп өтті. Соның бірі – кешегі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұ кісі ол кезде Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрі, оның алдында орынбасары болды. Министрмін деп шалқыған кезін көрген жоқпыз. Министр болып жүрген кезде елдің бәрін тең ұстайтын.
Ол кез Горбачевтің дәуірі болды ғой. Қайсымызды індетіп қуаламады дейсіз. Қай-қайсымызды да Орталық Комитеттің бюросына, аудандық партия комитетінің бюросына, қалалық партия комитетінің бюросына салды. Сонда да сыр бермеді. Орталық Комитеттің бірінші басшысына: «Бұл дұрыс саясат емес» деп, бетіне тура қарап айтқан парасатты адамның білікті, батыл мінезі болатын. Ол үшін қудаланып, партиядан шығып кете жаздады. Қызметі төмендеді. Қанша қудаланса да Көпжасар Нәрібаев дейтін атына кір келтірген жоқ. Қазақ еліне, қазақ жұртына арнаған жұмысын жалғастыра берді, әсіресе экономика саласындағы өзінің істеп жатқан ауқымды жұмыстарын жасады.
Жазушылар одағында Көбекеңнің өзінің ұстаздары, замандастары жөнінде, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Сұлтанғали Садырбаев, Рымғали Нұрғалиев, оның алдындағы біздің ұлы ұстаздарымыз М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер туралы сөзі әлі күнге дейін құлағымда тұрады. Нағыз әдебиетішілер секілді талдау жасайды. Кейде мен: «Көбеке, сіз экономика саласына адасып кеткен жоқсыз ба, әдебиетке келсеңіз тіпті басқаша болар ма еді» дегенімде, «Нұрлан-ау, өзін-өзі сыйлаған, өзінің ұлтын жақсы көретін кез келген адам ең әуелі тілін құрметтеуі керек. Кешегі Әлихандардың, Тұрарлардың, Сәкендердің мықтылығы сонда емес пе? Олар қоғамды да, белгілі бір саланы да, атқару жұмысын да, қайраткерлікті де алып жүрді ғой. Міне, сол кісілерден үлгі алуымыз керек. Мен ешқандай жазушы да, ақын да емеспін. Бірақ әдебиетті мектепте жүргеннен бастап ессіз сүйген, кітапты көп оқыған және сол арқылы танымымды, көзқарасымды қалыптастырған замандағы ұрпақтың өкілімін. Біздің кезімізде жалғыз мен емес, менің қатарларымның бәрі әдебиетке жақын болатын» деп еді.
Ұлтқа өнеге, ұрпаққа үлгі болатын тұғырлы тұлға мына бір қиын кезеңде, ойда-жоқта бақиға аттанып отыр. Ардақты жанның артында Алаштың жұрты, мақтан тұтатын, аузынан тастамай айтып жүретін ғылыми әлемі, ой-пікірлері, өнегелі тәрбиесі қалды.
Көбекең өмірінің соңғы кезінде де белсене жұмыс істеді. Серік Пірәлиевтің шақыруымен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте «Алаштану» орталығын ашып, жетекшісі болды. Қазіргі ректор Такир Балықбаевтың кезінде «Тұлғатану» орталығын құрды. Айналып келгенде, осының бәрі ұлттық биікке көтерілген өнегелі істер болатын.
Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толу мерейтойы кезінде «Бауыржан Момышұлы қорын» құрып, соған жетекшілік жасады. Баукеңді зерттеушілердің басын қосып, даныш­пандық бітімін танытуға атсалысқан санаулыларымыздың бірі еді.
Көбекең кешегі ұлыларымыздың көзіндей еді. Енді, міне, арамыздан кетіп бара жатыр. Айтатын сөз жалғыз. Бақұл болыңыз, аға. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Алаштың жоғын жоқтай білетін адал перзенттері, ел-жұрты аман болсын. Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!

Нұрлан Оразалин,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ҰЛТ ҰРПАҒЫ МӘҢГІ ЕСІНДЕ САҚТАЙДЫ

Қазақстан халқы ғылым мен білім сала­сының қажырлы қайраткерінен, ғибратты ғалымынан, парасатты педагогынан, ұтымды ұйымдастырушысынан, білікті де білімді біртуар азаматынан айырылды.
Қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық Ғылым Ака­де­мия­сының академигі, ғылым докторы, профессор Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев – уни­верситетіміздің 1960 жылғы түлегі еді.
Дарынды азамат білім мен ғылым жолына түсіп, ғалым әрі педагог болып қана қоймай, сол саланы басқару ісінің білгірі санатына қосылды. Қатардағы оқытушылықтан ҚазКСР Жоғары және орта білім министрі қызметіне дейін көтерілді.
Министрлікті басқарып жүрген кезінде бірнеше оқу орынының ашылуына, өмірлік қажеттілігі басым жаңа мамандықтар бойынша құзыретті маман даярлау ісіне мұрындық болды. Соның нәтижесінде қазақстандық жоғары білім беру саласының аясы кеңейді, халықаралық талаптарға сай білім алған құзыретті мамандар қатары көбейді.
Қай деңгейдегі қызметте жүрсе де және қандай лауазым иеленсе де адами қалпынан айнымай, азаматтығынан арылмай, кісілігін жоғалтпай, үнемі ақыл-парасат биігінен көріне білген ол он жылдан астам уақыт қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Қазақ ұлттық университетін басқар­ды. Осы жылдар ішінде универси­те­тіміздің халықаралық беделін көтеруге, қалыптасқан дәстүрді заманауи жаңашылдық үрдістермен ұтымды үйлестіріп, білім ордасындағы оқыту шеберлігі мен ғылыми шығар­машылықты жаңа биіктерге кө­теруге орасан еңбек сіңірді. Университетімізге адамзаттың екінші ұстазы, ұлы ойшыл әл-Фараби есімін беруде және білім ордасының автономдық статусына ие болуының, дүниежүзіне танылуының ұйымдастырушысы болды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді бабаларымыз. Расында, Көпжасар Нәрібайұлы артына өлмес ғылыми мұра қалдырды. Ол елімізде ғана емес, дүниежүзіне аты мәшһүр ғалым еді. Оны тың тақырып­тарға жазылған бірегей монографиялар мен кітаптардың авторы ретінде халықаралық ірі ғылыми қауымдастықтар ерекше құрмет тұтады. Сондықтан да ол бірнеше халықаралық шетелдік Ғылым академияларының мүшесі атанды.
Ол – Қазақстанда есептеу мен басқаруды механикаландыру және автоматтандыру ісінің теориясын, ревизиялау мен бақылау негіздерін, сонымен қатар басқа да экономикалық мәсе­лелерге арналған теориялық еңбектерді тұңғыш рет қазақ тілінде жазған ғалым.
Оның қызметінің негізі Қазақстанда жоғары білім беру саласын басқаруға арналды. Бұл ісі нәтижесіз болған жоқ және мемлекет тарпынан жоғары марапаттарға ие болды, бұқара тарапынан қошемет көрді, кең қолдау тапты.
Артына ұмытылмас ұлағат қал­дырған, үзілмейтін үлгі көрсетіп кеткен қайталанбас дара тұлғаны өлді деуге болмас. Ол ісімен, мінезімен, кісілігімен, пайым-парасаты­мен жастарға өлмейтін өнегелі із тастап кетті. Сондықтан да оны ұлт ұрпағы мәңгі есінде сақтайды.

Ғалым Мұтанов,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
ректоры, академик

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДІРЛІ ҒАЛЫМЫ

ҚР ҰҒА-ның академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев отандық ғылым мен жоғары мектептің бағына туған аса көрнекті тұлға, ірі қайраткер еді. Көпжасар Нәрібайұлының Қазақстан жоғары мектебі мен ұлттық ғылымның дамуына қосқан үлесі орасан зор.
Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болған жылдары айрықша басқарушылық, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен елдің білім-ғылым саласын өрге сүйреді. Білім ордасының тізгінін берік ұстап, жас таланттарды жазбай танып, оларды тәжірибеден өткізіп білікті ұлттық кадрларды даярлады. Ол ел экономикасы қиын жағдайға тап болған 90-жылдары университетте білікті профессор-оқытушылар құрамын сақтап, сдуденттерге бар жағдайды жасап, ҚазҰУ-ды құлдыратпай ұстап тұрған, отандық білім ошақтарының көшін бастатқан нағыз білікті ректор, алысты болжайтын көреген басшы болды.
Көпжасар аға адамдық қасиеті мен азаматтық тұлғасын да биікте ұстай білген өте парасатты, мәдениеті жоғары, кісілік келбетіне кір шалдырмаған, жан дүниесі кіршіксіз таза тұлға еді. Оның тектілігі, бекзат болмысы өзін тіп-тік ұстап жүретін жүріс-тұрысынан, еңселі бой-бітімінен бірден көзге шалынып тұратын. Көпжасар Нәрібайұлын ұлт зиялысының көрнекті үлгісі, эталоны ретінде қай жұртқа мақтанышпен көрсетуге болатын. Ол қандай лауазымды қызмет атқарса да өз ұлтына адал қызмет еткен, елі мен жерін шексіз сүйген қазақтың қайраткер ұлы, аса ардақты азаматы еді. Алаштың осындай аяулысы келместің кемесіне мініп, арамыздан аттанып барады… Қош, елдің, көпшіліктің Көпжасары!
Бақұл болыңыз, асыл аға! Жаратушымыз алдыңыздан жарылқасын, жаныңыз жаннатта болсын, қазақтың қадірлісі!

Шерубай Құрманбайұлы,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,
филология ғылымының докторы, профессор

НАҒЫЗ  ЗИЯЛЫ ЖАН ЕДІ

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор, саналы ғұмырын қазақ елінің ғылым-білім саласын ұйымдастыру мен басқару ісіне арнаған ұстаз, ғалым Көпжасар Нәрібайұлы 83 жасқа қараған шағында бұл пәниге қош айтып, бақилық мекеніне аттанып кетіпті…
Көпжасар Нәрібайұлы парасатты ғұмы­рында Жоғарғы және арнаулы орта білім министрі, екі шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің рек­торы және басқа да көптеген жауапты қыз­меттерді атқарды.
Менің ең алғаш Отанға оралуыма мұрындық болған, баспаналы болуыма қол ұшын берген, ҚазҰУ-де кафедра меңгеруші болуыма сенім білдірген – Көбекең еді…
Ең ғажабы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шет елдерден Отанға оралған жүздеген қандас-бауырымыздың отбасын, ҚазҰУ-ге қатысы барына да, жоғына да қарамай, ондаған жылдар бойы тегін паналатып еді…
Дегдар болмысты академик ғылым мен білім беру саласы туралы 200-ден аса зерттеу еңбек жазды. Оның ішінде отыздан аса монография, оқулық және оқу құралдары да бар.
Алдағы күндерде арнайы сәлем беріп, Алматыға келгенімді айтып, амандасып шы­ғармын деп жүр едім…. Амал нешік, нәсіп болмады…
Болмысы бекзат, мінезі жайсаң, жаны ізгі, нағыз зиялы жан еді…
Алла өзі панасына алып, жұмақтың төрінен орын сыйлағай… Оның жарқын бейнесі туған халқы мен жаһандық ғылыми қауымдастықтың жадында әрдайым сақталатынына сенемін.

Дүкен Мәсімханұлы,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.