ӘҢГІМЕ СОҚҚЫШ

Қайран, жастық шақ! Композитор Әсет Бейсеуов, Қырымбай Мұхамедияров, Аршагүл Пірәлиева және өзге де достарымен бірге.
Қайран, жастық шақ! Композитор Әсет Бейсеуов, Қырымбай Мұхамедияров, Аршагүл Пірәлиева және өзге де достарымен бірге.

Тұрсынбек ТОКИН       

Әңгіме соққыштың шын атын ауылдас­тарының көбі біле де бермейді. Ол бұл атаққа бастауыш мектепте жүргенде ие болған еді.
Содан бері 40 жыл өтсе де оның шын атын ешкім сұрап та жатпайды.
Әңгіме соққыш та бір жақтан оралса болды. Әңгіме құмар жұрт әп-сәтте оның маңайына жиналып үлгеретін. Кейбіреулер әңгіме соққыштан «аң аулап көрдің бе?» дегенде:
– Жоқ, аң аулап көргенім жоқ. Бірақ үш рет жолаушы жүріп аң соқтым. Сол үш жайт өмірі есімнен кетпейді, – дегенде еріккен тыңдаушылар бірден елең етіп:
– Иә, қалай соқтың, айтшы, деп жабыса түседі. Осыдан кейін әңгіме соққыш өзіне ынтығып отырған жұртты көзімен бір шолып өтеді де, әдеттегі қызметіне кіріскен кісіге ұқсап баптана жайғасып, әңгімесін бастайды.
– Күздің аяқ кезі еді. Үш қазды тірідей ұстап, әрең дегенде үйге жеткіздім. Машинамен тайыншадай қабанды да соқтым. Поезбен небір семіз киіктерді де соққан кезім болды, – дегенде:
– Апырай, не дейді, бәрін де оп-оңай соға бердің бе? – деушілерге:
– Е, мен басқа аңшылар ұқсап арып-ашып, бәлен сағат аңның соңында жүреді деймісің. Құдайдың берген несібесі – бұйырған аң қанжығаға өзі оралады екен, – дейді.
– Иә, қалай?
– Қараша айының аяқ кезі. 5-сыныпта оқимын. Біздің қыстақтан совхоз орталығы 4-5 шақырым жер-тұғын. Сөмкем арқада, таң жаңа атқан кез, шағын қопаның жиегінен өте бергенімде, оншақты қаз алдымда томпаң-томпаң жүгіріп барады. Бала емеспін бе, қызық көріп тұра қудым. Әлгілер құр жүгіргені болмаса, ұшпайды. Онан сайын қызықтай қуа түсемін. Топырлай қашқан қаздарды қақ жарып өттім, ұшпайды. Еркегі болар, ең ірісіне сөмкемді жіберіп қалғанымда, басына тиіп қалпақтай түсті. Екіншісін де сөмке лақтырып құлаттым. Ентіге бастаған сияқтымын. Үшіншісіне жете беріп, кұшақтай құладым. Бұлар неге ұшпайды деп қайран болып жүрсем, құшағымдағы қаздың қанатына көзім түсіп, енді аңғардым. Түнде қопаға қонған қаздардың қанаты жауыннан су болып, таңғы суықта мұз болып қатып қалған екен. Сұлап жатқан екі қазды бәтеңкемнің бауымен байлап болғанымша, олар да тіріліп кетті. Сөйтіп, сол күні әрең деп үш қазды тірідей үйге жеткіздім-ау!
– Опырмай, мұндай да қызық болады екен!
– Ал енді қабанды қалай соқтың?
– Е, қабанның хикаясы бұдан да бетер, – деп әңгіме соққыш бабына келген күйшідей әңгімесін одан әрі жалғай түсті. Шофер болып машинаның руліне ие болғаныма жылдан асты. Совхозға келген жаңа ГАЗ- 52 жүк машинасының біріне мен де ие болғанмын. Бұл оқиға күздің аяқ кезінде болған еді. Әкеммен дос болып жүрген қартаң шопан болушы еді. Сол кісіні қыстағына апар деген соң, шопанды қасыма алып күздегі дала жолымен жүйіткітіп келе жатқанмын. Қопаның тұсынан өте бергенде бір дәу қабан алдымызға түсіп ала жөнелді. Әлгінің дәулігі тайыншадай десем, өтірік емес. Астымда жаңа машина, мен де қуып бердім. Қопа жаққа өзім ие болып, оны қырға қарай қақпалай қуып келемін. Ондағы ойым, жазыққа шықса, ентіктіріп барып соғу. Машинаның фарын жарқылдатып, бір сөндіріп, бір жағып есін шығара кудым. Көпке жетпей-ақ семіз қабан шаршай бастады. Машина әбден тақай берген кезде, ол атылып келіп тура машинаның буферінен алды. Ырсиған азу тісі темірге тигенде, шақыр етіп шыққан ащы үн кұлағымызға анық естілді. Сол сәтте құлап түскен қабанды басып өте шықтым. Қыраттау жердің жанында машина аударылып кете жаздады. Қасымдағы шал мен қабанды куған сайын иманын үйіріп келеді. Аруақ, Құдайды аузына ала отырып, маған жалынумен келеді:
– Шырағым-ай, осы харамды қайтесің, әкең жақсы кісі еді, айтқан тілімді ал, қоя бер бұл бәлені, – деп қайта-кайта жалынады. Делебем қозып алған мен шалдың жалынғанын елеп келе жатканым жоқ. Қайтсем де, Құдай кездестірген қабанды соқпай тоқтар емеспін. Жаңа басып өткеннен кейін, машинаны қайта бұрып оралсам, қабаным сүйретіле сылтып, тағы қашып бара жатыр. Опырмай, не деген жаны сірі еді! Басып өткен машинаны елемегені ме? Ақсай қашып бара жатқан қабанға тез жетіп тағы да машинаның астына түсірдім. Машина тоңқая көтерілген кезде қасымдағы шал мені рульмен қоса құшақтай алды. Қабанды қуған сәттен бастап ол кісіде үрей жоқ. Машина ой-шұқанақтардан қарғыған кезде тек иманын айтумен болады.
Машинаның бір жағы тоңқайған сәтте моторды сөндіре қойдым. Кабинадан түсіп, артқы дөңгелектің астына басылып жатқан қабанға келсем, тұмсығы сыртқа қарап, шыға алмай жатыр екен.
– Е, енді қайда қашар екенсің, – дедім де, қолымдағы таяқпен тұмсықтан пергенде, қан бұрқ ете қалды. Төбе тұсынан тағы соқтым. Әбден жаны шықты-ау деген кезде машинаны орнынан жаймен қозғап түсірдім. Қабанды соғуын соқтым, бірақ машинаға тией алатын емеспін. Қасымдағы шал маған көмектеспек түгіл, харамның маңайына жолап, оны уақыт кетіріп соққаным үшін жер-жебіріме жетіп ұрысып, сөгіп жатыр. «Жақсыдан жаман туады» деген осы да. Сенің әкеңді бүкіл ел сыйлайды. Ал сен болсаң шошқаның етіне жерік болғандай-ақ, жанымызды шүберекке түйгендей қылып осыншама уақыт қабан қуып жүргенің мынау. Енді маған оны тие, салыс деп қолқа салуыңа жөн болсын» деді де, шал насыбайын атып, менімен сөйлеспей теріс қарап отырып алды. Еңбектеніп соққан қабанымды далада тастауға қимадым. Қасымыздағы үлкен төбе ай жарығымен анық көрініп тұр. Соның басына шығып үшкір күректі қададым да, басына белгі байлап қойдым. Белгім алыстан анық көрінетін болған соң, шалды қыстауға апарып тастап, ауылға келіп ұста Заведеев деген орысты, ескі досым еді, інісімен бірге қабан жатқан жерге алып келдім. Қабанды көргенде екеуінің де есі шыға қуанды. Олар қабанды бір, мені бір құшақтап қайта-қайта сүйеді. Сол қабан Заведеев досыма қыс ортасы ауғанша азық болды.
– Ал киіктерді поезбен калай соғып жүрсің?
– Бұл оқиға тура жаңа жылға екі-үш күн қалғанда болды. Алматыдағы ағамыздың мерейтойы әрі жаңа жыл, бір уақытта өтпекші еді. Атбасардан поезға отырмақ болып келсем, бәрі де кетіп қалған. Ендігі поезд таң алдында болады деген соң, не істерімді білмей тұр едім. Бір кезде бірыңғай су жаңа вагондар тіркелген поезд тоқтай қалды.
Бақытыма орай әлгі вагондарды Алматыға апара жатыр екен. Қуанғаннан проводниктердің біріне ақысын төлеп, жайғасып алдым. Жұп-жұмсақ жаңа вагон, жүріп келеміз. Мен отырған вагон, басшының вагоны екен, рация да, телефон да бәрі ішінде. Кешеден бері поезға отырғалы ұйқым қанып тұрған соң, жол-жөнекей кездескен ұсақ разъездерді де қалдырмай, қызықтай қарап келемін. Көптен поезға отырғаным еді. Балқаш жазығының маңайында көзіме сонау алыстан бір топ киік көрінді. Қысқа қарай олар да аппақ болып ағарады екен. Жүйтки зулаған киіктер поезға қарай жақындап келеді. Жолсерікке ана киіктерді қарашы деп айқай салдым. Қасындағы серігімен олар да әйнекке жабыса қарап, жақын­дап келе жатқан киіктерді тамашалайды. Ылдиға түскен поездың жылдамдығы үдей түсті. Киіктер де жанын сала жүйткіп келеді. Олардың мақсаты – қайтсе де поезды басып озып, жолды кесіп өту.
Машинистер де киіктерді көрген болуы керек, арагідік паровоздарын шыңғырта бақыртады. Паровоз бақырған сайын киіктер үркіп кетер ме екен деп қобалжи түсемін. Қанша дегенмен киіктердің мінезіне қанық дала қазағымын ғой. Киіктер шаршап, үркіп, бұрылып кетуі мүмкін. Неде болса, олардың жол кесуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Осы ойымды жолсерікке айтып едім, ол жұлып алғандай: «Байланыс бар ғой, машинистерге өзіңіз айтыныз» деді. Байланысты қосқан соң «Киіктің алдыңғы тобына жолды кесіп өтуге мүмкіндік жасаңдар, қалғаны поезға соғылып, жаңа жылға біраз олжа болады» деп едім, оларға да керегі осы екен, жылдамдықты ірке түсті. Киіктер жақындағанда «енді жылдамдықты үдетіңдер» дедім, Осы сәтте үздік создық шаршап келе жатқан киіктің бір-екеуі өтіп болмай-ақ, басқалары поезға соғылып домалап қала берді. «Қалғандары текке қырылмасын, поезды тез тоқтатыңдар» деп айқай салдым. Айтуым мұң екен, пойыз да кілт тоқтады. Оншақты адам жапырласа сыртқа шықтық. Әп-сәте әрқайсысымыз екі киіктен сүйретіп, вагонымызға оралдық.
Алматыға жеткенше бәрін сойып үлгердік. Мінекей, сөйтіп мен поезбен-ақ аң соққан адаммын, – деді әңгіме соққыш бүгінгі әңгімесін аяқтап жатып.

ШІРКІН-АЙ, РЕВИЗОРДЫҢ СИҚЫН-АЙ

Көптен ойлап жүрген арманына жеткен жерлесімнің қуанышында шек болсайшы. Оның бар арманы не МАИ қызметкері, не ревизор болу еді. Ақыры ревизор болып, бірінші сапардан әкелген олжасын жуып отырған оған кұрдасының бірі:
– Қалай, алғашқы сапарың жақсы өтті ме? – дегенде:
– Несін сұрайсың, екінші сапарым бұдан да жақсы болатын шығар, – деп әңгімесін бастап кетті:
Ревизор кызметіне орналасысымен өзіміздің ауданға қарасты елдімекендердің бірін тексермекші болып, жұмыс бабымен алғашқы сапарға шықтым. Келген совхозымның бас есепшісі жасы елулерден асқан үлкен кісі екен. Бірден үйіне қонаққа шақырды. Келген бойда үй-ішімен жалпылдап карсы алып, ықылас көрсетіп жатыр. Көптен сағынып күткен туысын да бұлай қарсы алмас. Күтпеген жерден аңқылдаған ақ көңіл отбасына тап болғаныма өзім де қуанып қалдым. Байқаймын, жеңгей дімкәстау адам сияқты. Көбінесе ас-судың басында бәйек болып басқа бір жас келіншек жүр, ол кемпірдің сіңлісі екен. Күйеуі жол апатынан кайтқан соң әпкесінің денсаулығын ескеріп осы үйдің бір мүшесі болып қолдарына кіріп алыпты. Үш-төрт жасар ұлын әпкесі бала ғып бауырына басқан. Көп күттірмей-ақ, кешкі шай да, соңынан ет те дайын болды.
Ас үстінде аққұба әдемі келіншекке көзім жиі түсіп кете береді. Байқаймын, келішек те менін назарым өзіне ауып отырғанымды сезе ме, ара-кідік көзін қысып қалатын сияқты. Сол сәтте мен де басқаларға сездірмей көзімді қысып қалуға тырысамын. Не керек, келіншек екеуіміз бір-бірімізді түсінген сияқтымыз. Шай үстінде де, тамақ үстінде де талай көз қысысып үлгердік: Көңіл шіркін көк дөнендей жүйрік деген келіншектің көз қысқанын жақсыға жорып, енді маған ұйқы жоқ деп қоямын ішімнен. Есепші сый-құрмет көрсете отырып менің ішіңкірегенімді дұрыс көретін сияқты. Сөз арасында:
– Бірер күн жақсылап дем алыңыз, жұмыс итің ешқайда қашайды ғой, – деп қояды. Үлкен кісінің бұл ақылы да дұрыс шығар. Келіншекке қызығып, үш-төрт рөмкені тастап та жібердім. Білмеймін, арақтың қызуы ма, болмаса келіншектің сұлулығы ма, әйтеуір қараған сайын келіншек маған ажарлана түскендей көрінеді. Үй-ішінің көрсетіп жатқан сый-құрметінде шек болсайшы. Әбден түн ортасы ауғанда барып бір-ақ жаттық. Өздері жақында ғана үйге кірген екен, бөлмелері әлі бөлініп болмапты. Төсек бәрімізге залға салынды. Бұған қуанбағанда қайда қуанарсың! Төрдің ең түкпіріне маған салған, сосын үй иесі, сосын кемпірі кішкене ұлымен жалғаса жатыр. Ең арғы шетке келіншекке салыныпты. Енді жұрт ұйқыға кеткенше, өзім ұйықтап қалмасам болды. Осы оймен әр минутты санап қанша жатқанымды білмеймін. Қасымдағы үй иесі қатты қорылға басқан кезде, мен еңбектеп келіншекке бет алдым. Үй иесі ұзын кісі еді, соны ескеріп аяқ жағын алыстан айналып өтпекші болып айнала бергенімде, аяқ жақта жатқан мысықты баж еткізіп басып кеттім, шошып барып екінші тіземмен бұғалтырдың аяғын басып қалыппын. Әрі мысықтың үні, әрі аяғы ауырған үй иесі орнынан атып тұрды.
– Өй, не бұл?!
Мен сабыр сақтап бірден қулыққа көштім.
– Әй, мен ғой, аға, боса да ертең демалатын болдық, жаңағыдан… – дей бергенімде.
– Өй, өзің бір тәуір бала екенсің, – деп ұсынысымды қуана қабыл алды. Біз ішімдіктерімізді алып, ауладағы үстелге жайғастық. Ыңғайға тез көніп, түн ішінде өзімен бірге арақ ішіп отырған ревизорға қай бұғалтыр қуанбасын. Ара-кідік мені қайта-қайта құшақтап, жас балаша шөпілдетіп сүйеді.
– Өзінді маған кұдай айдап әкелген шығар. Алла жазса, аға, іні де болып кетерміз, – деп ақ көңіл байғұс ішіндегі қуанышын жасырмайды.
Мен сорлының келіншекке жете алмай жолда ұсталып ішім күйіп отырғанымды қайдан білсін. Әйтеуір, ішкі дүниемді үлкен кісіге сездірмеген боламын. Не керек, екеуміз көп жылдан кейін сағынып табысқан аға, інідей болып, таң атқанша отырдық. Ұйықтамастан таңғы шайға қайта келдік. Шай құйып отырған келіншекке аракідік қарап қоямын. Түндегі – өкінішім тарқар емес. Байқаймын, келіншек кешегіден де көзін жиі қысатын сияқты. Мен ұйықтамай қызара домбыққан көзімді жауап ретінде тағы да қысқан боламын. Көз қысуға қайта кірісіп кеткен сияқтымыз. Мен сияқты аңғал біреу айтқан екен «отыра-отыра енді таптым» деп. Сөйтсем, келіншек әпкесімен сөйлессе де, жездесімен сөйлессе де көзін қысып қала береді. Қап әттеген-ай, кешеден, бері текке әуре болыппын, көзінің анда-санда жыпылықтап кететіні бар екен. Ішіп отырып байқамаппын. Дегенмен, келіншектен қағылсам да олжасыз қайтқаным жоқ. Ақ көңіл бұғалтер ағамыз қоржыныма бір соғымдық олжа салып аттандырды ғой, – дейді мақтанышпен. Бағанадан әңгімесін қызыға тыңдап отырған құрдасы мырс етіп:
– Шіркін-ай, ревизордың сиқын-ай! – демесін бе.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.