САТИРА ЖАУЫНГЕРІ

Әзекең есімі тек маңғыстаулықтарға ғана емес, республика көлеміне белгілі сатирик жазушы журналист. Әзекеңнің сатиралық шығармалары «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Парасат», тағы да басқа республикалық баспасөз беттерінде ондаған жылдар бойы үзбей жарияланып келеді. «Әрбір әзіл сықақта юморсыз сатира болмайды. Ең өткір, ең ызалы сатираның өзінде кекесін әзілдің нышаны болуға тиіс. Әйтпесе ол сатира болудан қалады» дейді. Әзекең, оның «Жайма базар», «Ойбай ғана құдай-ай», «Түрлі-түрлі Тәнатанай» атты сатира кітаптары оқырман қауымын ыстық ықыласқа бөледі.

«Түрлі-түрлі Тәнтанай» кітабына жазған алғы сөзінде сатирик жазушы Ғаббас Қабышев: «Демек, Әзеке екі құлағына ортақ етіп айтайын. Маған әзіл сықақ әлемін бір аралатқан мына қолжазбаңа баспадан ішкі шырайына орай сырты да шырайлы боп шыға келсе, оқыған жанды «Қанша уақытым босқа кетті деп» ойлантпайтын оңды кітап болары сөзсіз» депті. Ол – «Егемен Қазақстанның» «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы байқаудың жеңімпазы.
Әзекең қарымды журналист. Ол қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Университеттегі ұстаздары Темірбек Қожаекеев, Мырзабек Жолдасбеков, Хайыржан Бекқожин тағы басқа ұстаздарын құрметпен еске алады. Бір кезде қазақ сатирасының үлкен зерттеушісі Темірбек Қожаекеев: «Сен ең алдымен сықақтан нан жейсің» деп әзілдейді екен. Әзекең 45 жыл бойы Маңғыстау аудандық «Жаңа Өмір» газетінде еңбек етті. Корректорлықтан бастап газет редакторының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.
Әзекең шығармашылық еңбек жолында 72 кітап жазды. Түрлі мамандық иелері жөнінде ой толғады. Мәселен, қырық жыл бойы басшылық қызметті абыройлы атқарған мемлекет қайраткері Төлеген Қағазов туралы эссе кітабы, Маңғыстаудың белгілі ақыны, марқұм Түмен Балтабасұлы, қазіргі кезде жасы тоқсанға келіп отырған ақсақал, атақты жылқышы, Атымтай Жомарт Есмырза Жанбыршин, атақты халық емшісі, марқұм Тұқымбай Түйебаев, «Саназар әулие» тағы да басқа тарихи, шежірелік кітаптар жазып, үлкен еңбекқорлық танытты.
Әзекең жасы ұлғайғанына қарамас­тан қазіргі кезде де қолынан қаламы босаңсыған жоқ. Әңгімелер жинағын, жаңа сатиралық шығармаларын жазу үстінде. Әзекеңнің ұлы Аллаберген де әкенің жолын ұстанып, ақындығымен танылып келеді.

Айсұлу ДҮТБАЕВА,
«Маңғыстау медиа» ЖШС
бас директоры
Ақтау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.