БІЗДІҢ БЕЙСЕН

2000 жылдың көктемі еді. Мамыр айы. Бір шаруамен 31-арнаның ғимаратына соқтым. Дәлізде ұшырасқан ұзынша келген аққұба жігіт:
– Ассалаумағалейкүм! Серіксің ғой? – деді.
– Иә, – дедім.
– Мен Бейсенмін. Бейсен Құранбек.
Ойланып, есіме түсіре алмадым.
– Кешір бауырым, танымадым, – деп едім.
– Өй, қалай, Кербұлақ, «Кербұлақ жұлдызы?» деп жарқырай күлді.
– Е-е, бауырым! – деп құшақтаса кеттік. Сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдардың басында аудандық газетке өңірдің жас таланттарының материалдары жиі басылып тұрушы еді. Бас редактор Бақыт Әлімовтей қайраткер ағамыз Күреңбел өңіріндегі қаламға икемі бар жастарды солай қолдап, қанаттандыратын. Астында Керімқұлова, Сыдықова, Сарыбаев… дегендей тегіміз басылғанына мәз едік. Соның арасында Бейсекең де бар еді. Мен тумысымнан есім-сой, сурет дегенге шорқақпын, бүгін танысқан адамыммен екі-үш айдан кейін жолықсам күмілжіп, есімін еске түсіре алмай есім шығады. Ал Бейсекең сол газетке бозбала кезімде басылған бір-екі суреттімнен мені бірден таныды.

Бейсекеңнің бұл қабілетіне кейін талай таң қалдым. Бір адам жолыға қалса «Секе, бұл бауырыңызды білесіз ғой» деп жеті атасына дейін тізіп бас­тап, қазаққа сіңірген еңбегін айтып барып бір-ақ тоқтайтын. Бей­сеннің түсінігінде жай қазақ жоқ еді, танығанның, таныстырғанның бәрін нағыз талант, жас дарын, керемет адам, тектінің тұяғы, елге еңбегі сіңген, т.б. деп мақтай жөнелетін. Төменшіктеп келген талайдың төредей алшаң басып аттанғанын көзбен көрдік. Сөйтсек оның миссиясы үміт сыйлау екен ғой. «Айтуға оңай» мен «Қарекет» Бейсекеңнің жаратылысын аша түсті, алақанымен от аялаған Прометей іспетті қуанышсыз жаураған мыңдаған жүректерге жылу сыйлады, үміт отын жақты. Жоқшылықтан қажып жылап келгендерге жанынан ақша суырып беретін. Қазақ елін шарлап жүріп бірде семинар, бірде кездесу өткізіп, спорт жарыстарын ұйымдастырып, телехабар жүргізіп, күндіз-түні тынбай еңбек етіп тапқаныңды қиналмастан өзгенің алақанына сала салатын бұл мәрттігін түсінбегендер де болды, асып-тасыған миллионер-ау деп ойлайтын. Күлетін де қоятынсың. Ал тіпті көңілге сыймай кеткенде: «Біз осы қандаймыз, ә, қазақтар?» деуші еді. Сондай бір сәтте бабаң Жамбай мен Құлжабай әулиенің жерге таласып бір-бірін атқаны әңгіме болды. «Тезек төре жер сұрай келген Жамбай батырға ақбұйымдардың жайылымынан үлес береді. Мұны естіген Құлжабай әулиені ашу буып, батырға келіп: «Ата қонысымды қаңылыға бермеймін» деп екеуі керісіп қалады. Сонда Құлжабай әулие: «Аттым» депті. «Мен омақассам сен де оңбассың, қырқымнан аспассың» дейді Жамбай батыр. Солай болады да, Жамбай батырдың қырқын беріп жатқан күні Құлжабай бабамыздың ақырғы демі шығыпты» дейді көнекөздер. «Қарашы, – деді. – Қарашы. Қазақтың екі марғасқа перзенті бір-біріне лағнет айтып опат болды. Кім ұтты?! Сол Күреңбелге Жамбай мен Құлжабай сыймас па еді?»
Үнсіз қаламыз. Сыймай емес, сыйыс­пай кетті ғой екеуі.
Бейсеке, «біз ауызбірліктің үлгісін көрсетейікші» деген бір ауыз сөзіңді Досан екеуіміз құп алдық, сол бірлік «Жетісуға» алып келді. Туған жерге титімдей пайдамыз тисін деп Алматыдағы аласапыран тірлікті ысырып, елге тарттық. Бір сұхбатыңда сол сәтті: «Баяғыда батырлар: «Аттандық!» деп ұран салса адал достары «Қайда?» деместен керегеде ілініп тұрған қаруына жармасатын болған екен» деп сипаттапсың. Бұл сапардың сәтті болуына да барыңды салдың. Әкем Әбікеннің атындағы Мәдениет үйінен тақта алынып тасталыпты, ол енді жай ғана «аудандық» екен дегенді естігенде: «Ау, Секе, сенің Алматыда мықты журналист атанып жүргеніңнен пайда не, туған жерде әкеміздің аты өшіп жатса?» деп жонды тіле сөйледің. Дос қамшысы екпінмен аз уақыттың ішінде жоғалды делінген құжаттарды архивтен тауып, Үкіметтің 1996 жылғы қаулысының көшірмесін сонау елордадан алдырып, Мәдениет үйі маңдайына «Ә.Сарыбаев» деп жаздық. Содан марқұмның 90 жылдығына айтыс өткіздік. Сол сәтте: «Ал енді әкеміз өлмейді» деп жымидың.
Мерейлі әр сәтте Досан үшеуміз суретке түсуші едік. Алқам-салқам ғимараттың жөндеу жұмысы біткені, телевизиялық «Тұмар» жүлдесі, арнаның 20 жылдығы… Ең соңғы суретке 2019-дың 8 желтоқсанында, сен жапон еліне аттанар сәтте түсіппіз. Ол жарияланбайтын сурет. Керегі не? Одан кейін таспаға баспадық. Анамыздың ернінің жылуы, әкеміздің алақанының табы қалған маңдайымыздан басқа біреудің сипағанын, мүсіркегенін қаламайтын мінез ғой баяғы. Өз анамызды сағынғанда сенің тоқсаннан асқан, жүзіне ғасыр із салған шешеңнің алдына барып маңдайымыздан сүйгізетінбіз. «Ақынның баласы келді, апа!» деп бір әңгімені бастап беріп, қарттың көкірегіндегі түйдектеліп жатқан қазынаның ұшын шығарып беретінсің. Күреңбелдің көмескі қалған талай тарихы көз алдымызға тізбектеле қалушы еді. Е, шуақты күндер еді ғой.
Сен ол кісі үшін әлі жолсапарда жүрсің, Бейсеке…
Осы қайдан сап етті, ә? Жазымыштың түртпегі Абай ағамызға бір тиіп, жеңгемізге бір тиіп жүргенде: «Жігіттер, мынау не болды, әулетімді айналдырып кетті ғой?» дедің. Аллажар айтыстық. Тілеуіміз қабыл болып, екеуі де оңалды. Ал 2018-дің желтоқсанында көңілге қайта алаң кірді. 2019-дың көктемінде көкжиекті бұлт торлады. Сол жылдың жазында найзағай ойнады. Біз бұның өткінші екеніне сенімді едік. Көптің тілеуін Көктің береріне шүбәланбадық. Өзің қарындасыңдай аялаған Әлия, Самал, Ақжелең, Саялардың, інілерің Нұрбол, Мақсаттардың жанарындағы сенім нұры сембеді. Сәрсен, Айтқали, Мәрлен, Айдарлардың да сенің аунап тұрарыңа үміті зор еді. Сол үміт пен сенімді өзің тараттың, Бейсеке. Қай кезде барсақ та: «Әй, туысқандар, қалайсыңдар, үй-іші аман ба?» деп жымиушы едің. «Келіңдерші, жақсылап шай ішейік, әйтпесе соңғы кездері ас батпай жүр. Бәйбіше шайың дайын ба?» деп дастарқанға бастайсың. Сәлден соң «Ал, сендер отыра беріңдер, мен ана тұсқа жатайын, әңгіме айтыңдар» дейсің. Белдің сырқырауы күшейсе ыңылдап әндетесің, тіпті, шыдатпай бара жатса «Мен біраз демалайын» дейсің. Қабағың шытылған сәтті бөгде адам көрмесін деген ыңғайыңды ұға қоятынбыз. «Ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі бақыт екен ғой» дейтінің осы шақ қой. Содан көптің аяғын тыйдық. Сен мына жарық дүние үшін арпалысыңды көп адам білмегенін, ызалана ыңыранғаныңды естімегенін қаладың. Ұйқысыз түндерің мен мазасыз күндеріңе тек Гүлмираң куә. Біздің білеріміз тек бергі жағы. Соның өзі орасан салмақ еді. Шынымды айтсам, соңғы бір жылда бастан өткеннің бәрі қорқынышты түс секілді. Сенім мен өлім айқасы… Жан жадыраған сирек сәттерде «Сендерді берген Құдайға рақмет» деуші едің. Ал, біз Құдайдан сенің сауығып кеткеніңді күндіз-түні тіледік. Аяқта нық тұрғанымыз ошақтың үш бұтындай бірлігіміздің арқасы екенін айтудан жалықпадық. Арманымыз көп еді, «Ер жасына кеп қалдық, қаз-қатар үй салып немере ойнатып отырсақ, шіркін» деп оның шоғын үнемі өзің қоздатып отыратынсың. Сол арманның барлығы дос есімін ел ұмытпаса деген үлкен қарбаласқа шыланып кететінін сезбедік.
2020 жылдың көктемі еді. Мамыр айы. 18-і күні таңда, сағат 8-ге он минут қалғанда аңырадық та қалдық. Көзіңді ашып, қолды қысып тұрып тағы үміт сыйладың да… аттанып кеттің.
«Өмірдің соңы – өлім. Кімнің кім екені өлген соң белгілі болады» депсің. Екіұдай ойға қалдыратын сөз… Өлді демейін, байырғы қазақтарша қайтыс болды, қайтты дейінші. Мына ғаламды дөңгелек киіз үйіндей көретін қазақ әр адам шеңбер-сүрлеуі аяқталғанда өз бастауына қайта оралады дейді. Сенің жасаған жақсылық пен жамандығың да сол шеңберді айналады, өзіңе тимесе ұрпағыңа бұйырады, жақсылық болса шапағатқа бөлейді, жамандық болса маңдайын жарады. Бабалардың өткен мен болашаққа тас атудан қорыққаны содан еді. Сенің біреуге тас атқаның есімде жоқ, бауырым, ал жасаған жақсылығыңды, төккен мейіріңді мыңдап айта аламын. Демек сен өз бабаларыңның, қалтыраған сау­сақтарын жайып бар адамға жақсы­лық тілейтін қарт анаңның ізінен жаңылмай ұрпағыңа жарқын, ықылас пен шапағатқа бөлеген жол сілтедің. Әке үшін, азамат үшін бұдан асқан бақыт бар ма. Шаңырағына құт қондырған ер ғана көпке шуақ шаша алады.
Айтарым көп еді, дәл осылай сөзден қысылам, тосылам деп ойламаппын. Лықсып келіп қысып тұр. Осы шақ пен келер шақтан басталатын сөздің бірден өткен шаққа өтіп кеткені тілге күрмеу болды ма? «Әй, туысқандар, қалайсыңдар?» деген қамшылар лебіздің жетпей тұрғаны-ай. Тілдің сөзі тоқтап, жүректің сөзі төгілер сәтте қысылғаным… Есболат тілге шешен ғой: «Көңілімнің көшесі бос қалғандай, екі досыңыз сол көшеде теректей болып теңселіп барады» депті сенің қаралы жұрт тарқап, құлазып қалған «Арайлыңда» ту сыртымыздан қарап тұрып. Рас, өксік шығып болса кеудеміз қаңырап қалардай тұншығып жүрміз.
Е, Бейсеке, азаматтығы бір биік, адамдығы бір биік, адалдығы бір биік, Күреңбеліңдей асқақ жігіт едің ғой. Таудың көк тасындай мықты екенсің, морт кеттің, үгілмедің. Шын­тағыңнан демеп әр дәрігердің босағасынан бірге аттап жүрген Ермек досың «Айкидодан алғаны ғой, сыр бермеді» деді. Рас, спорттың бекзадасы – айкидоның шебері, Биранкай айкидо федерациясының өкілі, атақты Крис Мунидің шәкірті, бірінші дан иегері екеніңді көп адам біле бермеді. Жауынгер өнердің сардары, талай жекпе-жекте мерейлі болып едің. Ақырғы айқаста да сен жеңдің. Батқан күнмен кеткен жоқсың. Арда ұлға құрмет көрсетейік деп ағылған жұртқа ешкім бөгет болмады. Сонысы үшін облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы Баталовқа көп рақмет. Тұтас әлемді тұншықтырған вирустың әлегіне қарамастан азаматтық жасап, қаралы жиын өткізді. Егіліп тұрып сөз сөйледі. Журналиске бұлай құрмет көрсетілгені әріптестеріңе, қазағыңа, мамандығыңа мәртебе болды. Жанарбек інің «Ана тіліне» жария етіп, Журналистер үйіне есіміңді беруді сұрады. Алты алаш тұтас қолдап жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында дәл өзіңдей ел сүйіспеншілігіне бөленген азамат аз. Бір кездері саудыраған қаңқасы ғана тұрған жаңа ғимараттың ішіне әр кіріп, жасанып, телеарна декорацияларының үздік үлгіде жасалуына, елдің түкпір-түкпіріндегі арналар тамсанатындай дәрежеге жетуіне сенің қосқан үлесің өлшеусіз.
Өміріңнің соңғы сәтіне дейін айналаңның амандығын тілеп жаттың. Хәл сұрай келген әкімге бізді сыртымыздан табыстап кетіпсің. Ауырып жатып та «Достарым аман болсыншы, көзімен жер шұқымасыншы» депсің. Бейсеке, сен бұл ісіңмен біздің де иы­ғымызға үлкен жүк арттың. Көтере алар ма екенбіз…
Халқыңмен бақұлдасқанда соңғы сөзің «Ризамын» болыпты. Сен ағайын туыс, сүйген жар, еліңе разы болсаң, олар саған разы. Көз жасы әлі тыйылмады. Баспасөздегі, желідегі жоқтау-жазбалар толастамады. Тоғыз айлық толғаммен дүниеге келдің, тоғыз айлық сынақпен келмеске кеттің, бауырым. Бәріміз алақанмен қалқалап, жанталаса қорғаған Үміттің әлсіз шырағы жалп етіп сөнді. Бірақ оның сәулесі талай жүректе қалып қойды, қайта маздайды, Бейсеке.
Шырағың сөнбесін!

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.