ЗЕҢБІРЕКШІ МАЙДАНГЕР

Соғыс жаңғырығы жылдан-жылға алыстап барады. Жер жаһандағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Ел басына күн туып, ер азамат етігімен су кешкен кезеңде, қазақстандықтардың Отанын қорғауға айрықша үлес қосқаны тарих беттерінен мәлім.
Сыр жерінен майданға 70 мың ер-азамат аттанып, оның 30 мыңнан астамы соғыста қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті. Ал осы өмір мен өлім белдескен қан майданға Қазалы ауданынан 10770 адам аттанып, оның 2254-і шайқастарда қаза тапқан, 2438-і хабарсыз кеткен. Ал 6178 адам аман-есен елге оралып, еңбек майданына араласқан. Біздің жерлестер де ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Сол азаматтардың қатарында ардақты ағамыз Асанхан Бисембаев та болды.

Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген, 1418 күнге созылған қанды қырғынның аяқталып, бейбіт заманда, қауіп-қатерсіз өмір сүріп жатқанымызға биыл 75 жыл. Реті келіп тұрғанда Асанхан ағамыз жайлы баяндағымыз келеді.
Асанхан Қолқанатұлы, 1925 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1943 жылы наурыз айында қызыл әскер қатарына шақырылады. 31-і Даурия бекініс ауданының 96-шы жеке артиллериялық дивизионының 6-шы жеке пулемёт-артиллериялық бригадасының 36-шы Армия Забайкалье майданының қызыләскері, ефрейтор, 122-мм гаубица зеңбірегінің көздеушісі болды.
Соғыс кезінде Жапония Германияның одағы ретінде соғысқа енуі үлкен қауіп туғызып еді. Сол себепті Кеңес Одағы Забайкалье мен Маньчжурия шекарасында күшті әскер топтарын ұстауға мәжбүр болды. Асанхан Баргин шөл даласынан, Үлкен Хинган тауларынан өтіп, жапонның Квантун әскерін жайратуға қатысты.
Майдандас досы және жерлесі Жанияз Шалболов «Асанхан Бисембаев майданда үлкен ерлік көрсеткен» деп отыратын. Майдангер жауынгерлік батылдығы үшін «ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Асекең майданнан аман-есен елге оралып, 1948 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Қызылорда облысы Қазалы аудандық астық тарату базасында есепші, экономист, кейін бас экономист қызметін абыройлы атқарды.
Бейбіт уақыттағы адал еңбегі арқасында «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, әр жылдары «Социалистік жарыс жеңімпазы» төс белгісімен, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жеңісінің мерей­тойлық медальдарымен марапатталды. Бірнеше рет жоғары өндірістік жетіс­тіктері мен көрсеткіштері үшін Мәс­кеудегі Бүкілодақтық ауыл­шаруа­­шылық көрмесіне қатысты.
Соғыс жайлы әңгімеге тартқанда, Асанхан аға онша ашыла қоймайтын. Ал өзінің забайкал-майдандас достары Айбосынов Әбжәлі, Асқаров Қайратдин, Алданбергенов Айнадин, Аяпов Кеңес, Әсербаев Айниет, Әбдіжаппаров Жетес, Баймаханов Жомарт, Бекетов Қалыбек, Бейсенов Смағүл, Бештенбеков Қалдан, Бердібаев Шындалы, Ділжанов Аяған және басқалары туралы, олардың ерліктері мен батылдығы, қайраттылығы мен шыдам­дылығы жайлы жылы лебізбен еске алатын.
Асекең асқан жомарттығымен де ел есінде қалды. Ағайындарына талай қаржылай көмек көрсетті. Ол сондай-ақ Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Әубәкір Тыныбаев, ғалым-энциклопедияшы Рахатдин Дүйсекеев, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген әділет қызметкері, соғыс және еңбек ардагері Жармедет Елемесов, белгілі ғалым-экономист, соғыс және еңбек ардагері Әбдірахман Масақбаев, соғыс және еңбек ардагерлері Сүлеймен Қалыбаев, Жиеналы Тәжкенов, Қожантай Досмамбетов, Шамша Бисембаев, Ыдырыс Қалиев, Жанияз Шалболов, Жұмағали Тұрманов, Айниет Әсербаев, Мешітбай Тастайбеков, Асан Досжанов, Рүстем Жанаев сынды танымал тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды. Ағайын-туысқа жүрегін айқара ашқан. Ешуақытта дүние-мүлікке қызықпаған.
Ағамыз 1985 жылы зейнеткерлікке шықса да, өзінің мол кәсіптік және өмірлік тәжірибесін жас мамандарға үй­ретуден жалықпады. Көпшіліктің құрметіне бөленді. Өңірде беделді кісі болды.
Асекең балаларының қызығын көріп, немере сүйіп, 1987 жылы соғыста алған жарақаты салдарынан өмірден өтті. Асыл жары Сара Есіркепқызы көп жыл Қазалы ауданының сауда саласында адал еңбек атқарды. Асекең мен Сара екеуі бес қыз, екі ұл дүниеге алып келіп, өнегелі тәрбие берді.
Майдангер, ардақты азамат өмірі – жас ұрпаққа үлгі.

Самат Қалуов,
әдебиетші-энциклопедияшы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.