БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ

Жер жәннаты – Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында жаңа сәулет үлгісімен салынған Достық үйі ғимараты 2008 жылы ашылған. Облыстық Қазақстан Халқы ассамблеясының (ҚХА) «Достық үйі» коммуналдық мекемесі 2015 жылы «Алматы облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» болып қайта құрылды. Бұл – ресми атауы.
Бүгінгі таңда мекемеде 37 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде әкімшілік басқару, этносаралық қарым-қатынасқа мониторинг жүргізу және талдау, қоғамдық, көпшілік шара өткізу мен ҚХА-ның құрылымымен жұмысты ұйымдастырушылар, сондай-ақ ғимаратқа қызмет көрсету бөліміндегі техникалық мамандар бар.

Ортақ шаңырақ аясында 23 этно­мәдени бірлестіктің кеңесі, облыстық Қазақстан Халқы ассамблеясының хатшылығы, медиация кабинеті мен «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Бірлік» жастар қауымдастығы жұмыс атқарып келеді. Аналар, Қоғамдық келісім кеңестері мен жетекші журналистер, «Парасат» тіл жанашырлары клубы және тілдерді оқыту орталығы да осында. Алматы облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ облыстық ҚХА құрылымының консультативті-талдау мекемесі. Топ құрамында қарым-қатынас саласын зерттеумен айналысатын заңгер, этнолог пен тарихшылар, философ пен психологтар бар. Аталған топтың қызметі ҚХА-ның Қазақстан қоғамындағы ынтымақты нығайтудағы саяси және азаматтық институт есебіндегі маңызын күшейтуге ықпалдасу мен жалпыұлттық ынтымаққа қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ негізгі міндетіне облыстық ҚХА қызметіне мемлекеттік, этносаяси бағыттағы өзекті мәселеде ғылыми-сараптамалық қолдау көрсету және конфессияаралық қарым-қатынастағы ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестіру де кіреді. Бейбітшілік пен этносаралық ынтымақты дамытуға үлес қосу үшін қоғамның жас буын өкілдерін тарту да маңызды. Сол себепті 2014 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ҚХА кафедрасы ашылған. Онда елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық үлгісіне сәйкес, студенттер қауымдастығын толеранттылық рухына баулу жұмысы жүргізіледі. Кафедра ғылыми-сараптамалық топтың базалық алаңына айналып, түрлі дөңгелек үстел, семинар, конференция өткізіп тұрады. Атап айтқанда, «Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім – Қазақстанның жемісті дамуының негізі» атты семинары және «ҚХА: 20 жыл бейбітшілік пен ынтымақ» ғылыми тәжірибелік конференциясы өткізілді.
Алматы облыстық ҚХА жанынан 2002 жылы жаңа қауымдастық бой көтерген. Ол – «Бірлік» жастар қауымдастығы. Жас­тар қауымдастығын құрудың мақсаты – облыста жұмыс істейтін этникалық жастар ұйымдарын біріктіру. Қауымдастық қызметі жас ұрпақтың интеллектуалдық, рухани және дене дамуына ықпал етіп, жас ұрпақ арасында патриотизм мен азаматтық түсінікті қалыптастыруға бағытталған.
Қоғамды біріктіруді қамтамасыз етуде нақты кепілдеме беруді негіз ететін ұйымдардың бірі – «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі. Алматы облыстық ақсақалдар кеңесінің құрамына негізінен бұрын ұлттық мәдени орталықтардың төрағасы болған, ұзақ жылдар бойы сол орталықтарды құрған және этникалық диаспоралардың белсенділері енеді. Ерен еңбегі үшін оларға «Ұлттық мәдени орталықтардың Құрметті төрағасы» атағы берілген. Қазіргі таңда өңірдегі ақсақалдар кеңесінің төрағалық қызметін Ермек Келемсейіт абыроймен атқарып отыр. Кеңестің басты міндеті – ұрпақ жалғастығын қамтамасыз ету, жас ұрпақты азаматтық бірлік, халықтар достығы, толеранттылық пен патриотизмге тәрбиелеу. Аталған кеңес мүшелері жеке тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға тәлім-тәрбие беруде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бұған қоса, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуге арналған түрлі шараға да барынша атсалысып, қомақты үлес қосуда. Аналар қауымы да Алматы облысының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысады. 2013 жылы облыстық ҚХА жанынан Аналар кеңесі құрылған. Оның алғашқы төрайымы болып Мейрамгүл Бақтиярова сайланып, кейіннен оны Несіпжамал Баймадиева алмастырды. Облыстық ҚХА жанындағы консультативті-кеңес мекемесінің негізгі жұмысы – балалар мен жастардың отбасындағы, қоғамдағы толерантты мінез-құлқын қалыптастыратын аналарды қолдау. Кеңес мүшелерінің білім деңгейі жоғары. Еңбек және ұйымдастыру қызметінде айтарлықтай тәжірибеге ие. Олар өңірдегі нәзікжандарды балаларға тәрбие беруге белсенді түрде қатысуға тартып, көмекті қажет ететін жасөспірімдер мен отбасыларға психологиялық тұрғыдан жәрдемдеседі. Кеңестің ұйымдастыруымен аймақ тұрғындары арасында кеңінен танымал болып үлгерген отбасылық түрлі мәдени-демалыс және спорт мерекелері өткізіліп тұрады. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесі мен қиындықтарын шешуге қатысып, ел аумағы және шетелдегі баламалы ұйымдармен әріптестікті реттейді.
Елбасы Н.Назарбаев жетекші журналистер мен сарапшылар клубын құру идеясын БАҚ-тың бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайту ісіне ықпалдасуға бағытталған құрылым есебінде атап көрсеткен болатын. Сондай клубтың бірі Алматы облыстық ҚХА жанынан 2009 жылы құрылды. Оның мүшелері – облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының Бас редакторлары, өңірдегі этносаралық қарым-қатынастар мен конфессияаралық келісім мәселесін жазатын тілшілер мен аталған мәселенің сарапшылары. Клубтың негізгі міндеті – мемлекеттегі толеранттылықты, азаматтық бірлікті, патриотизм мен рухани-мәдени ынтымақты нығайтуға ықпалдасу. Клуб ішінде түрлі тақырыпты қамтитын отырыста өзекті мәселе талқыланып тұрады. Сонымен бірге клуб ҚХА облыстық хатшылығымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, этносаралық келісімді нығайту мен мемлекеттің этносаяси бағытын түсіндіруге арналған конференция, дөңгелек үстел ұйымдастыруды ұдайы жүзеге асырып отырады.


2011 жылы елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясына осы институтты дамытуды жүктеген болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, әр өңірде медиация орталықтары жұмысын жүргізіп отыр. Алматы облысында 67 медиация кабинеті ашылып, 272 кәсіби емес және 22 кәсіби медиатор жұмыс жүргізуде. Облыстық ассамблеяның ұйымдастыруымен «Медиация негіздері» тақырыбында шеберлік сыныптары, «Этносаралық медиативтік біліктілік» және «Даулар мен жанжалдарды реттеуге арналған медиация негіздері» атты семинар, тренинг өткізіліп тұрады. Сондай-ақ осы сала бойынша 2016 жылы 190, ал 2017 жылы 110 адамға арнайы сертификат табысталды.
«Парасат мемлекеттік тіл білгірлері» клубының құрылуы – Алматы облыс­тық ҚХА мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жұмысының нәтижесі. 2015 жылы құрылған клубтың төрайымы – Лилия Кущ. Клуб мүшелері мемлекеттік тіл қолдану саласын ұлғайту және тарату мақсатында қоғамдық орындарда әртүрлі этнос өкілімен байланыс жасап, конференция мен дөңгелек үстелді мемлекеттік тілде жүргізеді. Клубтың барлық жиыны ҚХА облыстық хатшылығының тікелей қатысуымен ұйымдастырылады. Олар өңір тұрғындарының шығармашылық қабілетін ашуға және дамытуға, мемлекеттік тілді оқуға деген талпынысты арттыруға бағыттай отырып, әртүрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне қажетті барлық жағдайды жасайды. ҚХА-ның жыл сайын өткізетін «Наурыз тойы – дәстүрлі мереке», облыстық «Абай оқулары» байқаулары «Парасаттың» мақтанышына айналды. Сонымен бірге Алматы облысының барлық ауданындағы әртүрлі этнос өкілі қатысып, мемлекеттік тілдің мерейін арттыруға үлес қосып жүрген «Мемлекеттік тіл – мәртебеміз» атты іс-шара да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Эмиль ҚҰРБАНОВ,
әзірбайжан
диаспорасының
өкілі

– Ұлтым әзірбайжан болса да, ата жұртым – Қазақстан. Осы өңірде туып-өстім. Президентіміз Н.Назарбаев «Біз ұлтына және діни наным-сенімдеріне қарамастан, әрбір отандасымызға салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін әр ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз» деген болатын. Елбасының осы бір сөзін басшылыққа ала отырып, Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлт өкілі мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, ұлттар бірлігін сақтауға бір кісідей үлес қосуы керек.
«Парасат мемлекеттік тіл білгірлері» клубының мүшесімін. Мұндағы әрбір адам тіл білсем, үйренсем деген ниетпен аталған клубқа мүшелікке тіркелген. Олардың беталысы жаман емес. Күніне жоқ дегенде бес сөз үйренсеңіз, сіз үшін бұл үлкен жетістік болары анық. Біз өзге ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінде тұрып жатқандықтан қазақ тілін меңгеруге міндеттіміз. Өз басым қазақ тілінде жақсы сөйлеймін. Тіпті достарымның басым көпшілігі қазақтар. Қай жерде жүрсем де тіл мәртебесіне аз да болса өз үлесімді қосып жүруге тырысамын. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқимын. Үнемі газет-журналдарды қазақ тілінде оқуды әдетке айналдырдым. Қарап тұрсам, бұл әдетімнен пайда таппасам, зиян көріп жатқан жоқпын. Ең бастысы – қазақ тілін жүрегіммен жақсы көремін. Одан шыққан нәтиже үшін қуанамын. Замандастарымды, аға-әпкелерімді қазақша сөйлеуге, тілді сыйлауға, құрметтеуге шақырамын. Егер қазақ тілінің мәртебесін біз, жастар арттырмасақ, біз қазақша сөйлемесек ұрпақ алдында мәңгі қарыз болып қаларымыз анық. Сол үшін, қасиетті халықтың бізге жасаған жақсылығының қарымтасын тіл үйренумен, салт-дәстүрді жаңғыртумен қайтарсақ деймін.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.