ҰЛЫ РЕФОРМАТОР

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор

Өркениетті елдер үшін ресми немесе бейресми БАҚ бетінде Мемлекет басшысы туралы ашық әңгіме айту, тіпті ол туралы пікірталастардың өрістеп жатуы – заңды да қалыпты құбылыс. Құдды сол сияқты біздің елде де ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы тәуелсіздік алған күннен бері оңды-солды әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Бұл ретте оңды тұрғыдан, жанашыр ниетпен айтылып жүрген сыни пікірлердің жөні мүлде бөлек, әрине. Яғни ел дамуына, береке-бірлікке, ұлт болашағына, мемлекет тағдырына, ұлттық қауіпсіздікке, ұлт руханиятына деген алаң көңілмен айтылған жанайқайларды Елбасы да, ел халқы да дұрыс қабылдайды. Ал ел ішіне ірткі салу, ел тыныштығын бұзу, сол арқылы айрандай ұйып отырған елдің ойран-асырын шығарып, зорға жеткен тәуелсіздіктің тамырына балта шапқысы келетіндердің тірлігі – жалғыз Елбасы үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің тағдыры үшін, ел болашағы үшін, Қазақстанда жасап жатқан күллі халықтың амандығы мен мүддесі үшін аса қатерлі құбылыс.
Жасыратыны жоқ, кейінгі кездерде осы соңғы топтағылардың, әсіресе әлеуметтік желі беттерінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевты, бүгінгі қазақ билігін күйелеуі жиілеп, үгіт-насихат белсенділігі тым артып, қоғамның орнықтылығы мен ел тыныштығына жиі әсер ете бастады. Осындай кезде құдайшылдығымызды айтып, халықты шамалы сабырға шақыру мақсатымен, Елбасы және оның Қазақстанды басқарған 30 жылы туралы өз ойларымызды ортаға салу мақсатымен қолымызға қалам алып отырған жайымыз бар.

Жалпақ жаһанға мәлім болғандай, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезіндегі кеңестік жүйенің жаппай ыдырауы мен идеологиялық бос кеңістік жағдайында өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елі бейне аса қауіпті бір құз жартастың жиегіне таяп қалғандай күйде еді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметі 70 жыл бойы желбуаз ақпармен, әсіре қызыл ұранмен қалыптаған тұтас қоғам бөлініп-жарылудың, қырықпышақ күйге түсудің аз-ақ алдында тұрды. Солшылдар, оңшылдар, нешетүрлі ұлтшыл-радикал топтар – бәрі де елдің қоғамдық және экономикалық құрылымының қандай болуы керектігі туралы айтысқа көшті. Бәрі де өз уәждерін дәлелдеуге тырысып, күнде жаға жыртысып жатты. Қарайған халық жаппай көшеге шығып әлеуметтік, ұлттық, экономикалық әділеттіліктің орнауын талап етумен болды. Шешілген шешендер мен көсілген көсемдердің бәрі тек өз айтқандарын ғана дұрыс санайтын. Тіпті олардың кейбір уәждері мен талап-тілектері де былайғы жұрттың құлағына әжептәуір жағымды естілетін. Дей тұрғанмен, солардың бәрінің сөзін қорыта келсеңіз, әбден шатысқан және кереғар түйінге айналатын. Ал ол түйін барған сайын шиеленісе келіп, тәуелсіз жас мемлекетті тұншықтыру қаупін тудырар еді. Басқаша айтқанда, бұл кезде саясат экономиканы шаң қаптырып, мүлде атойлап алға шығып кеткен болатын. Тура осы мезгілде ел тізгінін қолына алған Н.Ә.Назарбаев бәріне де сабырмен қарап, бәрінің де ығын, тілін тауып, қоғамның жалпы ыдырауының, саяси көзқарастардың бөлшектеніп кетуінің алдын ала білді. Ол сенімді экономикалық негіз болмайынша кез келген үндеу-шақырулардың елдің тығырыққа тірелуіне ғана алып келетінін басқалардан бұрыны­рақ әрі тереңірек түсінді. Өкінішке қарай, Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жылдардағы ұстанған саясаты мен тиімді реформалары елімізді болжап білуге болмайтын құрдымнан құтқарып қалғанын көбіміз әлі де жете пайымдай алмай келеміз.
Демек, Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіздік­тің алғашқы кезеңінде-ақ Мемлекет басшысы ретінде, әсіресе экономи­калық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздік пен жалаң ұраншылдыққа қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Сондай аса маңызды шешімнің бірі һәм бірегейі кеңестік-социалистік жүйеден мұра болып қалған жоспарлы экономикадан бас тартып, қазақ мемлекетін бірден нарықтық қатынасқа көшіруі еді. Бұл туралы Елбасының сол кезең туралы: «Кейде адамдарды еркінен тыс, қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді» дегенін осы күндері еске алатын болсақ, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа дүние екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйіндіреді.
Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап-ақ, қандай да бір экономикалық бағдарламалар мен саяси реформалар, тек тыныш та орнықты қоғамы бар, береке-бірлігі жарасқан халқы бар елде ғана мүмкін екендігін айқын сезінді. Сондықтан ол айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, ылғи да әліптің артын бағып, сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.
Осылайша, Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қаты­настың тепе-теңдігін орнықтырды. Дегенмен де, Елбасының мейлінше салмақ­талған бұл ұстанымын жұрттың бәрі бірдей және бірден қабылдай да қойған жоқ. Алғашқы кездерде қазақтардың да, сондай-ақ ұлтшыл-радикалдардың да қарсылықтарын еңсеруге тура келді. КСРО кезінде «Халықтар достығының лабораториясына» айналған, жергілікті халық – қазақтардың азшылыққа ұшыраған аумағында ұлтаралық қақтығыстар отын тұтатудың мүмкіндіктері, әрі оны әдейілеп қоздырудың түрлі амалдары мен сылтаулары жеткілікті болатын. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын республикада шиеленісті жағдайлар мен тұрақсыздық тудыруға әрекеттенгендер де, ұлтаралық факторларды пайдаланғысы келетіндер де табылмай қоймады. Мұндай жағдайға да Елбасы лайықты жауап таба білді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, оны елдегі тыныштық пен берекенің шы­рақ­­шысы ете білу Н.Назарбаевтың көре­ген­­дігі мен даналығының бірегей көрінісі еді.
Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармаумен бірге, оған жету үшін де жалаң ұран көтеріп, жақсы атақ, арзан ұпай жинауға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді шебер әрі сарқа пайдаланып, елді эволюциялық жолмен тұрақты түрде ілгері жылжыта бергенді дұрыс санады. Қазақ елінің мүмкіндіктері мен мүддесіне толық сәйкес келетін өзіндік бағыт-бағдарды тандай отырып, дамудың қазақстандық жолын іздестірді. Сондай-ақ қазақстандық даму жолынан өзге, әлемде сынақтан сәтті өткен даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бірде-бірін жоққа шығармастан, керісінше, олардың Қазақ елінің мүдде-мүмкіндіктеріне сәйкес келетіндерін қажетінше пайдалана білді.
Елімізде дамудың өзіндік жолы таңдалып алынғанымен, мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасу мен дамуы өзімен бірге шешілуі қиын мәселелердің де тұтас шоғырын сәт сайын алға тартып отырды. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты кедергілердің бірі – тоталитарлық жүйе кезінде қалыптасқан бюрократизм мен масылдық психология еді. Бұл атаулы індеттің тәуелсіз, демократиялы ел мүдделерімен мүлде қиыса бермейтіндігі сәт сайын көзге ұрып тұрды. Ескі жүйенің елесі мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларынан белгілі бір дәрежеде көрініс беріп те жатты. Мұның өзі экономикалық реформаларды жүргізу мен шаруашылықты басқарудың ескі тәсілдеріне бой ұрушылықтан ғана байқалып қойған жоқ, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет асырайды дейтін қасаң түсінігінен де көрініс тауып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің байсалды саясатының арқасында жеңіп, еңсере білді.
Н.Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның билік тізгінін қолына алған күннен бастап ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір күрделі реформаларды тиімді жүргізе білді. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақ елі үшін тәуелсіз ел болу жолындағы көптеген қиындықтарды еңсеру, әлемдік қауымдастықтағы лайықты орны үшін күресу жылдары болды. Ол үшін кейбір жағдайларда алға ұмтылып, өзін таныту үшін пәрменді де қатал шешімдер қабылдауға тура келді. Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен кез келген мәселені өте сәтті шеше білді. Оның басты себебі – Қазақстанның айқын мақсаты, қуатты да қоғамды ұйыстыратын ұлттық идеологиясының болуында еді. Осының бәрін жүзеге асыру үшін заманауи геосаясаттың тілін меңгеру, қағаз жүзіндегі емес, нақты дипломатия қажет еді. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі Қазақстан сырттағы біреулер дайындап берген сценарийді жүзеге асырамын деп уақытын зая етпей, нақты іспен айналысу керектігін уақытында түсіне алды.
Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.
Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ереже­лерді қабылдауға, президенттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дүние жүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда отыз жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәртебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстанның тұңғыш Президентінің атымен байланыстырылуы да заңды құбылыс. Сондай Қазақстан қоғамының бұдан былай да Елбасы идеяларының төңірегіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған дамудың қазақстандық жолы ең әуелі тұрақты әрі әлеуетті экономика құрып алмайынша, қоғамдық-саяси дамудың баяу жүретінін және оның ауырға соғатынын бүгінгі күнгі кейбір елдердегі ахуал да дәлелдеп отыр. Саясаттың алға шығып кетуі экономикада және халықтың әл-ауқатын көтеруде қиыншылықтар келтіріп, халықтың жаппай наразылығын туғызғанын, елді тұрақсыздыққа әкеліп соқтырғанын және солай болатынын тарих та алға тартып келеді.
Тарихтан белгілі болғанындай, ұзақ уақыт отарлық езгіде болған елдердің көпшілігінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда әртүрлі әлеуметтік топтар мен мүдделер және көзқарастар арасында түрлі деңгейде қайшылықтар болатындығы жасырын емес. Оларға дер кезінде тоқтау қойылып, мәмілеге келмегендіктен, сонымен бірге дамудың дұрыс жолын таңдай алмағандықтан аталған мүдделер мен көзқарастар қақтығысқа ұласып, оның өзі мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, елдің өркенді дамуына кесірін тигізіп жатады. Азия мен Африканың кейбір елдерінде бұндай қақтығыстар мен жанжалдар әлі күнге дейін жалғасуда. Кек кекті тудырады дегендей, сонау бір жылдары басталған түрлі қақтығыстар әлсін-әлсін қайталануда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұндай қақтығыстардың басталып кету қаупі біздің елде де болды. Оның алдын алу Қазақстанның өзіндік даму жолының нәтижесінде ғана мүмкін болды.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында тәуелсіздік алған Африканың оннан астам мемлекеті 2000 жылы өздерінің 40 жылдық тарихын саралап қорытындылағанда тәуелсіздіктен кейінгі жылдарды «мүмкін­дікті пайдаланбаған уақыт» деп бағалауы олардың тәуелсіздіктен кейінгі дамудың дұрыс жолын таңдай алмағандығынан дерек береді.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ елінің алдында да сын-қатерлер аз болған жоқ. Экономиканың тұралауы, халықтың әл-ауқатының төмендеуі, саяси дағдарыс, т.б. алдымыздан атойлап шыққан алғашқы сынақтар еді. Бжезинскийді қоса есептегенде, көптеген шетелдік саяси-сарапшылар Қазақстанның болашағы туралы «көп өтпей күйрейді» деген рәуіште ғана болжам айтумен болды. Бірақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұндай болжамдарды ұзаққа апармай теріске шығарды, Қазақстан тұрақты дамудың сара жолына түсті. Тіпті ТМД шеңберінде Қазақстан ең жоғарғы әлеуметтік-саяси көрсеткіштер бойынша алға шықты.
Қазақстан ортадан жоғары кіріс деңгейі­не жиырма жылға жетпей-ақ қол жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев елді бас­қарған жылдары жан басына шаққан­дағы ішкі жалпы өнім 10 есеге өсті, 1990 жылғы 1600 доллардан 2018 жылдың соңында 10 мың долларға жетті. 2006 жылдың өзінде Қазақстан кіріс көлемі ортадан жоғары елдер тобына еніп үлгерген болатын.
Осылайша, Қазақ елі Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен әлемде жоғары беделі бар қуатты мемлекетке айналды. Оның жарқын көрсеткіші ретінде – еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде төрағалық етуін мақтанышпен айтуымызға болады. Бұдан тыс Елбасы көптеген табысты жобаларға бастамашы болу арқылы өңірлік мәселелерде ерекше рөл атқарып отырды. Сол арқылы ол тек біздің өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде де бейбітшілікті нығайтуға ауқымды үлес қосып келді. Атап айтқанда, Азия­да, Спартакиада, OБCE төрағалығы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, ШЫҰ, Әлемдік дін көшбасшылары сьезі, ЭКСПО-2017, т.с.с. халықаралық іс-шараларға мұрындық болып, Қазақ елінің атақ-абыройы әлем жұрты алдында асқақтай түсті. Әсіресе Н.Назарбаевтың Сирияда бейбітшілік орнату мен қатерлерді азайтуға арналған бітімгершілік ұстанымы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алды. Ең бастысы, ол ұзақ жылдарға созылған шиеленістің түйінін шешті.
Кез келген елдің Президентінде өз елінің Конституциясы жүктеген президенттік міндеттерден тыс, алдына қойған бағдарламалары болады. Ал президенттің бағдарламары көбінде елдің саяси-стратегиялық, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық, т.с.с. салаларын жақсартуға, жаңғыртуға бағытталады. Сол шеңберде қал-қадари тер төгеді. Ал Н.Назарбаев Қазақ елінің Президенті ретінде, өзінің ауқымды да өзекті бағдарламалары арқылы елдің саяси-стратегиялық, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық салаларын жаңғыртумен, дамытумен ғана шектелмей, туған халқының адал перзенті ретінде, мынадай ұлы үш міндетті мойнына алып, абыроймен орындап шықты: 1. Астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіріп әкеліп, орнықтыруы; 2. Көршілерімізбен шекарамызды бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп алуы; 3. Алыс-жақын шетелдерден бір миллионға жуық қандас­тарымызды Отанға оралтуы.
Тәуелсіз ел құрудың қат-қабат қиын­дық­тарымен қатар жүзеге асырылған осынау ұлы игіліктердің әр біреуін жеке-жеке «ғасырлық жеңіс» деп бағалауға толық негіз бар.
Әсіресе жаңа астананы салу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н.Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қазақ қоғамында мүлде екіұдай пікір туғызғаны есімізде. Қазақстан Президентінің бұл шешімі елдің іші-сырты мүлде күтпеген, тосын жағдай болды. Өйткені бұл кезде Қазақ елі тәуелсіздігіне жаңадан қол жеткізіп, қиын кезеңнің күрделі сағаттарын бастан өткеріп жатқан-ды. Әсіресе экономикалық дағдарыс жан-жақтан қыспаққа алып тұрған болатын. Дәл осындай бір қиын-қыстау кезде астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын жүрек жұтқан ерлік деп бағаламасқа амалыңыз жоқ.
Ел астанасының көшірілуі мен салынуы, сондай-ақ оның рекордтық деңгейде аса қысқа мерзімде жүзеге асуы әлем жұртын таң қалдырған оқиға болды. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақ­стандықтардың әлеуметтік опти­мизміне қолдау жасау үшін өте маңыз­ды еді. Жаңа елорда елдің өт­кенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуы­ның нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің құдіреті мен мүмкіндіктерін әлемге паш етті. Жаңа астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды.
Әлемдік тәжірибеде астаналардың, саяси орталықтардың ауыстырылуы нәтижесінде түбегейлі өзгерістерге қарқын берген экономикалық-әлеуметтік даму серпіні және саяси жаңаруы туралы аз айтылмайды. Осы тәжірибені растағандай біздің жаңа елордамыз да қуатты, өркенді және барша қазақстандықтарды біріктіретін, сонымен бірге халық жүрегіне патриотизм рухын егетін бірегей ұлттық идеяға айналып келеді. Өйткені Астана – жаңа Қазақстанның күш-қуаты, барлық қазақстандықтардың үміті мен болашаққа деген сенімінің символы бола алды. Жаңа астана – Елбасының өз қолынан шыққан бірегей туынды. Астана мен Елбасы есімі ел назарында егіз ұғым болып қалыптасты. Өйткені жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның жаңа астанасының салынуын еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасының қазақ мемлекеттілігін қарышты қадаммен дамытып, бүкіл әлемге таныту жолындағы ерен ерлігі деп айтуға да толық негіз бар. Олай болса Елбасымыз өз қолымен ірге тасын қалап, өз қолымен еңсесін көтерген Елордамызға «НҰР-СҰЛТАН» деп, Елбасы есімінің берілуін тарихи дамудың табиғи шешімі, халықтың қалауы деп бағалаған орынды.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз Қазақ елін аяққа тұрғызып, дамудың даңғыл жолына салған отыз жылға таяу уақытта, тек қана экономиканы дамытумен, елдің ішкі-сыртқы саясатын қалыптаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Сонымен бір уақытта ел тұрғындарының отаншылдық сезімін күшейту, ұлттық рухын көтеру мақсатымен «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» секілді жалпыұлттық гуманитарлық-мәдени бағдарламалар арқылы ұлттың арғы-бергі тарихын түгендеп, мәдени мұраларын жинақтауға кең жол ашып, үлкен мүмкіндік жаратып берді. Бұл бағдарламалар өз кезегінде қазақстандық патриотизмге серпін бітірді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, елдегі экономикалық қиыншы­лық­тарға қарамастан, Н.Назарбаев Қазақ елінің болашағы үшін «Болашақ» атты ау­қымды бағдарлама жасап, еліміздің талантты жастарын әлемнің озық елдерінен ғылым-білім алуға тұрақты түрде жіберіп отырды. Соңғы жылдары Қазақ елі осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген жастардың игілігін көріп, жемісін жей бастады.
Ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасы­ның ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, отыз жылға таяу уақытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең бола­тындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қазақ­стан­ның даму жолы» ретінде әлемдік қауым­дастық тарапынан жаппай мойындалды. Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұшта­сып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр.
Міне, осындай сан-салалы ізденістер мен нәтижелі дамудың арқасында даму­дың «Қазақстандық жолы» және «Назарбаев моделі» қалыптасты. Елімізде саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар та­бысты жүргізіліп, аз уақыттың ішін­де әлем­дегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды.
Осы тұста айтпай кетуге болмайтын Елбасының тағы бір ерен ерлігі мен даныш­пандығының, ел тағдырына шын жаны ашитын көшелі көсемдігінің жарқын бір мы­салы – әлі де билік басында отыра беруге заңдық және денсаулық, қажыр-қайрат тұр­ғысынан толық мүмкіндігінің бар екен­дігін, тіпті 2020 жылғы сайлауда да Қазақстан халқының басым көп бөлі­гінің қолдап дауыс беретіндігін біле тұра, Н.Назарбаевтың саналы және ақылды түрде өз еркімен отставкаға кетуі. Елбасы­ның бұл қадамын не үшін «ерен ерлік, ел тағдырына шын жаны ашитын көшелі көсемдік» деп бағалап отырмыз? Өйткені «жаман айтпай жақсы жоқ», егер біздің елде Өзбекстан сценариі (И.Каримов­тың кенеттен қайтыс болуы) қайта­ланар болса, Қазақ елінде біз ойлап бол­майтын, мүлде күтпеген қиын да күрделі жағдай орын алуы бек мүмкін еді. Біріншіден, осы жағдайдың алдын алу мақсатымен; екіншіден, шынайы демо­кратиялық сайлауға жол ашу мақсатымен, президенттік қызметінен өз еркімен кетті. Ол қызметті еліміздің «Ата заңына сәйкес» ҚР Сенатының сол кездегі төрағасы Қ.К.Тоқаев уақытша атқаруға кірісті. Артынша елімізде Президент сайлауы өтіп, басым дауыспен Қ.Тоқаев ҚР Президенті болып сайланды. Қысқасы, Елбасы Қазақ елінің билік тізгінін саналы да ақылды түрде сенімді қолға табыс етті. Ұлт болашағы мен ел тағдыры үшін жасалған бұл таңдаудың өте дұрыс шешім болғанын Қ.Тоқаев өзінің бір жылдық президенттік қызметі барысында тұтас Қазақстан халқы мен күллі әлем жұртына дәлелдеп берді.
Осының бәрі – Елбасының көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс. Шын мәнінде, Нұрсұлтан Назарбаев – «жаңа мемлекеттің негізін қалаушы» ретінде ел алдына мәңгілік мұраттарды көздейтін асқақ мақсаттар қойып, сол мақсаттардың шыңына шығара білген бірегей тұлға.
Бұл – әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш, абырой және биік мәртебе.
Сондықтан бүгінде дүниежүзіне кеңінен танымал, абыройы асқақ тәуелсіз Қазақстан Республикасы – оның негізін қалаушы, құрушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағдырлы шешімдер қабылдай білетін, шынайы демократияны қолдайтын, ұлы реформатор, әлемдік деңгейдегі саяси көшбасшы екендігінің әрі ұлы, әрі нақты көрсеткіші.
Нұрсұлтан Әбішұлының дана, көреген, салиқалы саясатының арқасында Қазақ­стан барлық қиындықтардан аман-есен шығып, дүниежүзі таныған абыройлы елге айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлы – «елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (М.Қасымбеков), бүкіл елімізге қамқор көшбасшы болып, әрбір қазақстандықтың жүрегінен терең орын алған ұлт көсемі.
Н.Назарбаевқа сенім артқан елдің үміті ақталды. Отыз жылда Ел мен Елбасы бір ұғымға айналып үлгерді. «Елбасы» ұғымын ең алғаш рет ұлы суреткер, Алты алаштың абызы Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Н.Назарбаевтың тамаша бір жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш инаугурация рәсімі кезінде өзінің Мемлекет басшысына арнаған тілек сөзінде қолданған болатын. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкіл халықтық атауға айналды. Шындығына келгенде, еліміздің Тұңғыш Президентіне Елбасы атағын еліміздің Парламенті емес, өкіметі емес, халық өзі берген-тұғын. Ел Пар­ламенті оны тек заңдық тұрғыдан бекітті. Тәуелсіздік туының берік қолда екендігіне ел халқының сол кезде-ақ көзі жеткен еді.
Мемлекетімізді құрушы, тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, ұлы реформатор, ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Назарбаев әрқашанда тәуелсіз Қазақ елінің төрінде Ұлт көшбасшысы ретінде жарқын істердің жаршысы болып жасай береді деп сенеміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.